23.11.2022, 07:14
795
Қазақстанда биылғы саяси маусым Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған жолдауындағы екі аңдатпамен басталған болатын-ды. 2022 жылдың соңына дейін кезектен тыс президенттік және 2023 жылдың бірінші жартысында кезектен тыс парламенттік сайлау өтетін болды. Сәйкесінше, Конституцияға мемлекет басшысы өкілетінің мерзімін жеті жылға дейін ұзартатын және қайта сайлану құқығын бермейтін жаңа өзгерістер енгізілді. Қаңтар оқиғалары кезінде Қазақстан президенті күрделі жағдайда қалды. Бір жағынан, қоғамдағы наразылық пен ереуілге әлеуметтік теңсіздік пен көпе-көрінеу әділетсіздік әкелді. Екінші жағынан, элитаның басым бөлігі, оның ішінде, биліктегі кей күштер республика басшылығын ауыстырып, өздерінің бұрынғы ықпалын қайтару үшін реванш жасауға үміттенді. Ондай тартыс әлі де жүріп жатыр. Оппозиция әлі де ара-тұра қаралы қаңтардың құрбаны болған адамдардың жазықсыз төгілген қаны үшін билікті кінәлап, жауапкершілікті билікке артуға тырысуда. Назарбаев элитасының бұған ақшасы да, ақпараттық ресурстары да жететіні айтпасақ та түсінікті. Ел конституциясына өзгерістер енгізу жөнінде өткен референдумда президент Тоқаевтың жүйені жаңарту және реформалар жүргізіп, саяси жүйені қайта құру үшін халықтан жаңа сенім кредитін алуға тырысқаны деп қарастыруға болады. Қолындағы әкімшілік ресурстардың арқасында, Назарбаев кланының адамдары мемлекеттік мүдделерді белден баса тым үлкен табыс көріп келген бұрынғы саяси-экономикалық жүйеге демонополизация жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта біраз жүйелі жұмыстардың жасалып жатқаны анық байқалуда. Алайда саяси алаңымыз түбегейлі өзгермеді әлі. Капитал ағымын басқару жүйесін өзгертуге мүмкіндік беретін тетіктер әлі қалыптаспай тұр. Биліктің маңайындағы элиталарға «Жаңа Қазақстан» құру идеясы ұнамайды. Оның үстіне, ол «Әділетті Қазақстан» болады дегенінен қатты шошып отыр. Ескіше ойлайтындар өзгерістің болғанын қаламайды. Ескі элита жемқорлыққа негізделген майшелпегінен айырылып қаламыз ба деп қорқады. Керісінше, президентке тіреу бола алатын элитаның қатары сирек. Содан болар, Тоқаев «саботаж» деген сөзді жиі қайталайды.
Әлем шынымен әлей-дүлей боп тұр. Әлемдік саясат пен экономикадағы тұрақсыз жағдай Қазақстан үшін көптеген қауіп пен тәуекелдің сынағы іспетті. Заман шындығы қауырт қимылды, басқарушылықта қажетті шешімдерді тез қабылдап, жүзеге батыл асыруды талап етеді. Бұл жолғы сайлау науқаны күтпеген жерден басталып кетті. Оған Қазақстанның көптеген саяси субъектілері дайын емес болды. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, дауыс берушілердің 20-25 пайызы билікке де, оппозицияға да сенбей, мемлекеттен оқшау жүреді. 10 пайыздайы ұлтшыл және либералды-демократиялық көзқарастағылар, тағы 5 пайыздайы радикалды төңкерісті тілейді. Сонда қалған 75-80 пайызға жуық халық жалпы алғанда, қазіргі билікке үміт артудан бас тартпайтын бұқара болса керек.Бұл жағынан алғанда, президент Тоқаев көпшіліктің қолдауынан кенде емес. Оппозицияның арасында іліп алар көшбасшы жоқ, оппозициямыз сан-саққа жіктеледі, ұсынатын мықты бағдарламалары да көрінбейді. Қоғамның басты талабы – экономикадағы жағдайдың жақсарғаны, әйтсе де наразылық деңгейі, әзірге, сонша жоғары емес. Халық – мемлекеттен тиімді, ел-жұртқа түсінікті болатын, пайдасын тек биліктің іші-сыртында жүргендер ғана көрмейтін әлеуметтік-экономикалық саясат күтеді. Ал енді ондай саясат болмаса, президент қолдаудан тез-ақ айырылады. Әйтсе де жақын болашақта Қасым-Жомарт Тоқаевқа тең келетін саяси баламаның, әзірге, пайда бола қоймайтыны анық. Бұл сайлау осыны дәлелдеп тұр.
Енді Тоқаев жаңа жалпыхалықтық мандатына сенім артып, кешенді, күрделі реформаларын бастауы тиіс. Дәл қазіргідей аса күрделі сыртқы экономикалық және ушығып отырған геосаяси жағдайда қайта сайланып алу – биліктің тұрақтылығы үшін қажет шығар. Бұл сайлау жергілікті элиталардың демі басылуы үшін созылып кеткен билік транзитінің ақыры, аяқталғанын көрсетіп отыр.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР