Билікте ұлтшылдарға неге орын жоқ?

Батыр ЖАСҰЛАН

15.10.2020, 09:40

940

Қырғыз бүлігіне қатысты сан түрлі болжамдар айтылып жатыр. Бірі «кландық  топтың кесірі» десе,  екіншілері  «халықтың саяси еркіндікке ұмтылысы» деп баға беруде. Ал үшіншілері «бұл тартыстың ішінде ұлтшылдылар мен радикалды сақалдылар жүр» дегенді айтады. Бірақ қалай десек те, көршіміз үшін жанымыз ауырады, оның үстіне, қырғыз тартысынан да қазақ халқы мен билігі сабақ алатыны сөзсіз.  

Өйткені келер жылы бізде – парламенттік сайлау. Сондықтан бізде де саяси күрес қызуы мүмкін. Десек те, Қазақстанды қырғыздармен салыстыруға мүлде болмайды. Оның себептеріне тоқталу да – парыз. Рас, қырғыз үкіметінің басына оппозицияның белсендісі Садыр Жапаров келді. Бірақ беларусь бүлігі мен қырғыз төңкерісі басталғалы бері, «мұндай жағдай Қазақстанда қайталана ма?» деген сауалдар көбейді. Бірден айтайық, бұл мүмкін нәрсе емес. Бірақ бір нәрсе айқын, соңғы екі-үш жылда Қазақстанда ұлттық сананың талап ету деңгейі жоғарылады. Ұлтжандылар көбейді, ұлтшылдардың саны өсті. Орысша ойлайтын билік  мұны айқын түсіне бастағанымен, олар қазақша сөйлейтіндерге қарай, қарапайым қадам жасай қойған жоқ. Моратарий жарияланған бес жылдан кейін ғана барып, қазір қайтадан елдімекендерге тарихи атаулар беріле бастады. Бірақ әлеуметтік желіде «ұлтжандылар билікке келсе, коммунизм елесінен арылар едік» деген пікірлер қазір көп айтылуда. Алайда дәл қазіргі жағдайда қазақ қоғамының мемлекеттік басқару жүйесіне таза қазақша сөйлеу несібесі бұйырмай тұр. Демек, келер жылғы парламенттік сайлауда парламенттің басым көпшілігін ұлтжандылар иеленеді деу де артық. Неге? Сонда бұл жуық арада жүзеге аспайтын нәрсе ме? «Қазақ ұлтшылдары билікке келе  ме?» деген  арман қағиданы тұжырымдап қрасақ, мұны бірнеше  жікке топтап қарастыруға болады.

Ұлтжандылардың назарын аудартқан  соңғы аптадағы оқиға қазақ мәселесінің біздің қоғам үшін түйін әрі қиын болып тұрғанын аңғартқандай. Ол  – Марғұлан Боранбайдың ісі. Қазақ мәселесін орыс тілінде тұрақты көтеріп жүрген бұл қайраткер өткен аптада қамалды. Оны қаматқан үш ұлттың өкілі. Олар: коммунист, қазақ – Әлжан Исмағұлов, Аружан Саинға тиесілі «ДОМ» қорының заңгері, орыс – Юрий Юрин, кәріс – Владимир Ким.

Мұны осыдан бірер ай бұрын қазақ халқына тіл тигізіп, маймылға теңеген  Кирилл Божко деген рудныйлық азаматтың ісіне жауап деп қарасақ болады. Божко қамалып, артынан кешірім сұраған. Сондай-ақ «Қазақстан Ресейге қосылуы тиіс, Қазақстандағы орыстар дискриминацияға ұшырап жатыр» деп дәйексіз ұранын үнемі қайталайтын Ермек Тайчыбеков. Ол да жақында қамалды. Тиісті орындар ұлтжанды Марғұлан Боранбайдың да басын идіріп, сағын сындырғысы келеді. Демек, біздің билік осылай тепе-теңдік саясатын ұстап отыр.

Бұдан шығатын қорытынды, билік Қазақстанды тұрып жатқан сан түрлі этностардың тату-тәтті өмір сүруге деген ерекше  ұмтылысын  ескере отырып, негізгі мемлекет құрушы ұлттың басымдылығын айқын көрсеткісі келмейді.

Қазірдің өзінде елімізде демографиялық саны жағынан 70 пайыздан асып кеткен қазақ ұлтының маңайына басқа этностар топтасуы тиіс. Осылай болуы керектігін жоғары биліктің шенеуніктері іштей мойындағанымен, оны жария түрде ашық  айтқанды қаламайды.

Содан келеді де, «қазақ мәселесі» жинақтала түседі. Ол тілдің түйткілі, ауылдың жағдайы, көпбалалы аналардың проблемасы, жалақының аздығы, несие мәселесі болып жалғасып кете береді.

Демек, Қазақстандағы тұратын халықты екіге бөлу елдің көз алдында жүріп жатыр. Ақпараттық кеңістік орыстілділердің ықпалынан арылмайынша, жағдай шешілмеген күйі қала береді. Бізде қазақтілділер мен орыстілділердің ой-арман, мүдде, мақсаты екі басқа.

Сондықтан Конституцияның 7-бап, 2-тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөз тіркесі алып тасталмайынша, қазақ мәселесі ешқашан шешілмейді.  

Бұдан шығатын қорытынды, орысқұл билікке ана тілінде емес, көрші Ресей тілінде сөйлеу  өте тиімді. Өз жерінде тұрып, өзгенің тілінде сөйлеу шенеуніктерді өз халқынан қашықтатады.  Осыдан кейін, ондай атқамінерлерде қарапайым халықты тобыр деп санайтын астамшылық көзқарас қалыптасады. Мұндай жағдайда «халықтың үнін еститін үкімет» қалыптаспайды.

Сондықтан да қазақ тілінің мәртебесі жайлы бастама көтергендерді  билік біржақты талап деп қабылдап, олардың мәртебесінің биік болуын қаламайды.  Өйткені олардың өзінде «мемлекеттік тіл – менің мәселем!» деген жанашырлық сезім жоқ.

Әрине, жоғары билікте халықтың ортасынан шыққан қайраткер азаматтар бар. Бірақ мансапқа қолы жеткен соң, олар халықтық мүддеден алыстап кетеді. Өйткені шенеуніктік орта бөлек, ол бюрократиялық менмендікті қалыптастырады.

Сондықтан ұлтшылдардың, орысша айтқанда, «нацпаттардың» парламентке немесе билікке ұмтылуы  немесе құқын талап етуі олардың ойынша, арандату болып саналып,  ел арасына жік түсіреді.

Қазір әр жерде «Тіл майданы» қозғалысы құрылып, оның белсенділері мекемелердің маңдайшаларындағы жазудың мемлекеттік тілде болуын және тұтынушыға  қызметтің қазақ тілінде ұйымдастырылуын талап етіп жүр. Мұның барлығы амалдың жоғынан… Билік істемегенде,  бұқара өзі қолға алды.

Ең бір ойлантатыны, бүгінгі билік тілге қатысты бастама көтергендерге қырын қарап отыр.  Мысалы, «Тіл майданы»  республика бойынша митинг өткізбек болғанда, тыйым салды. Ал жануарларды сақтауға қатысты жиынға рұқсат берді. Қисынсыз. Демек, бүгінгі билік ұлтжандылардың саясат мінберіне шыққанын мүлде қаламайды.

Қазақ мәселесіне қатысты жайттарды мұнан ары да тізбелеп жаза беруге болады. Мысалы, Украина, Беларусь және Қырғызстанда қаржылық олигархиялық топтардың басшылары халқымен бірге. Халық оларға сенеді, сайлауда дауыс береді, соңынан ереді. Тіпті араздасып, төбелеске дейін баруы мүмкін. Өз мүддесін көздеп, билікке келгенімен, бәрібір мемлекеттік мүдде биік тұрады. Ал біздегі қаржылық олигархиялық топтар қазақтілділер емес. Негізінен, орыс тілінде сөйлейтіндер немесе Қазақстанның табиғи байлығы арқылы дәулеті тасып, ақшасын шетелге асырғандар.  Ал жоғарыда біз атаған үш елдің байлары өз елінде тұрады. Не болса да, өз халқымен бірге. Сайлауды да бірге өткереді. Мейлі билікке ұмтылсын, сотталсын, бостандыққа шықса да өз мемлекетінде өмір сүреді. Біздің соңғы 30 жылдағы авторитарлық, бюрократиялық жемқорлық жайлаған жүйе өзі байыды да, халық кедейленіп қалды. Ал тұрмысы төмен халық кімге сенерін білмейді. Тұлға жоқ, ал қарапайым халықтың арасынан ұлтшыл қайраткер шыққанның  өзінде, оның ақшасы жоқ.  Ал  біздің орыстілді ескі жүйе осы уақытқа дейін ұлтшылдықтың қоғамда көрініс таппауының  бар амалын жасап келді. Ұлттық идеологиямыз – «Қазақстан – 2030» деді. «Алдымен, экономика, сосын саясат» деді. Билік отарсыздану процесін жүргізбеді. Өйткені ұлтшылдар мен ұлтжандылардың талабы – «бір ел, бір тіл, бір мемлекет».  Бір тілді мемлекет болу туралы ұлтшылдардың талабы кешегілерден сабақтастықты иемденген бүгінгі билікке де «мұра» болып қалды.  Бірақ  ұлтшылдардың мақсаты біреу болып қала береді: біз қашан ұлттық мемлекетке  айналамыз?

… Жоқ әлде, осы сауалмен әлі де өмір сүре береміз бе?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 24.10.2020, 10:30
Жемқорлық: 9 саяси қызметкер отставкаға кетіп, 33 басшы жауапкершілікке тартылды
Сайт әкімшілігі 24.10.2020, 10:25
"Борат" фильміне қатысты АҚШ-тың Бас консулы алматылықтарға жауап берді
Сайт әкімшілігі 23.10.2020, 10:09
Алда - сайлау! Қамдана беріңіз!
Сайт әкімшілігі 23.10.2020, 09:30
Путин Таулы Қарабақтағы қақтығысқа қатысты пікірін айтты
Әділ АҚЫЛБАЙ 22.10.2020, 10:38
Жириновскийді түсінде шошытқан Жаңа Түрік империясы елес емес
Сайт әкімшілігі 22.10.2020, 09:33
Не тілі, не жері жоқ қазақ қайтіп күн көрер?

Аңдатпа


  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16