01.02.2023, 07:28
1401
Бұл сайлау, шын мәнінде, қызық болайын деп тұр. Партиялық тізім бойынша парламентке өтетіндер қазірдің өзінде белгіленіп қойылды. Аз күнде олардың аты-жөні жәрия етіледі. Қазір мәжіліс сайлауына қатысатын партиялар съезд өткізуге дайындалып жатыр. Ал біздің айтпағымыз басқа...
Бұл – мәжілістің сегізінші шақырылымы. Бұл сайлаудың қызық болатын себебі, енді кез келген адам тәуелсіз кандидат ретінде өз-өзін ұсына алады. Енді бір мандаттық округтен бәсекеге түсетіндердің мылтықсыз майданы басталады. Нақты айтқанда, сайлаудың 70 пайызы партиялық тізім бойынша, ал 30 пайызы мажоритарлық, яғни өзі-өзін ұсыну арқылы өтеді. Бірақ бұл 70/30 саны дұрыс дей алмаймыз. Жалпы, екеуі де 50/50 болуы тиіс. Сонда ғана сайлау бәсекесінде әділеттілік орын алады.
Ал сайлауға Қазақстан бойынша қанша адам қатысады? Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәлімдеуінше, «Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, сайлаушылардың тізімін жинақтады. Оған алдын ала тұрғылықты жері бойынша бөлінген 11 970 406 сайлаушы кірді. Сайлаушылардың ең көбі – 1 177 507 сайлаушы Түркістан облысында, ал ең азы – 138 277 сайлаушы Ұлытау облысында тіркелді, – деді Константин Петров.
Әрине, осы уақытқа дейін әкімшілік ресурс арқылы мәжіліс сайлауында бәйгені шаппай алып жүрген биліктің партиясы болып келген Amanat бұл жолы тағы басым дауыс ала ма? Жоқ, әлде, билік басым дауысты алып бере ме? Қалай айтқанда да, оларда мүмкіндік мол. Қазір аманаттықтар партиялық тізімді жасақтау үстінде. Партияның атқарушы директоры Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, мәжіліс сайлауына ұсынылатын үміткерлерді таңдаудағы басты принцип: ашықтық, әділдік және жаңару болып отыр.
–Бүкіл процесс ашық өтеді. Ең белсенді, білімді, білікті азаматтар партиялық тізімге енуі керек. Оған қоса, әртүрлі жас өкілдері, жастар, әйелдер, түрлі мамандық иелері болуы тиіс. Партия тізімінде жаңа есімдер көп болады, – деді Amanat-тың атқарушы хатшысы. Ал Amanat партиясы алдағы уақытта партиялық тізім бойынша, қанша үміткер ұсынады? Тәуелсіз кандидат ретінде өз-өзін ұсынатындардың саны қанша, мұның барлығы алдағы партия съезінде анықталатын болады.
Ал осыған дейін «қызыл коммунистер» болып, аты өзгерген Қазақстанның халық партиясы мәслихаттарға 600-ге жуық кандидат ұсынуды жоспарлап отыр. Олардың 40 пайызы бір мандатты округтер бойынша қатысады.
Сайлаудың ең қызығы, жоғарыда айтқанымыздай, бір мандатты округтен түсетін кандидаттарға қатысты болып отыр.
Бұл жолы мәжіліске баратын депутаттарының саны кеміді. Бұрын 107 болатын. Қазір – 98. Ассамблея атынан баратындар қысқарып, сенатқа кетті. Өз-өзін ұсынатындар егер сайлауға қатысатын болса, алдымен, 1 миллион теңге шамасында жарна төлейді. Жарнасын төлер. Өтпей қалса, бұл қаржы қайтарылып беріледі. Бірақ ең бір қызығы, билік мықтылардың барлығын бір мандатқа таластырып қойып отыр. Өйткені берілетін орын аз. Нақты айтар болсақ, Алматы мен Түркістан облысына – 3 мандат, Астана қаласы, Шымкент қаласы, Қарағанды облысы, Жамбыл, Алматы облысына – 2 мандат, қалған аймақтарға 1 мандаттан бөлініп отыр. Қалай айтқанда да 3 миллионға жуық халқы бар Алматы қаласы үшін бұл өте аз. Ең бір алаңдатарлығы, кілең мықтылар бір мандат үшін таласайын деп тұр. Бізге жеткен кейбір ақпараттарға қарағанда, Алматы қаласындағы №5 бір мандаттық аумақтық сайлау округінен Мұхтар Тайжан, Тоғжан Қожалы, Динара Егеубаева, Арайлым Назарова сынды танымал белсенділер сайлауға түседі деген болжам бар. Ал Алматы қаласындағы №4 сайлау округінде «Намыс» партиясын құрып, утильсбор мәселесін көтерген Санжар Боқаев, үш шақырылымның депутаты болған, жасы 70-тен асқан Серік Әбдірахманов сынды мықтылар сайлау көрігін қыздырмақ. Ал Астана қаласынан әзірге, мәлім болғаны, Арман Шораев пен бұрынырақта сенатор, бірнеше рет Президент сайлауына үміткер болған Уәлихан Қайсаровтың есімі аталып отыр.
Бір мандаттық сайлау округі бойынша сайланатын кандидаттың сайлау қорының мөлшері 49 млн теңгеден аспауға тиіс. Ақша табылар, үгіт-насихат жұмысы басталар. Бірақ өз-өзін ұсынған белсенділердің қайсысы депутат болады? Әңгіме мынада: билік барлығын бір мандатқа таластырып қойып отыр ғой. Халық қайсысын таңдайды? Онсыз да халықтың дауысы осы мықтылардың арасында бөлініп кетейін деп тұр. Екі ортада өз-өзін ұсынған белсенділер бір мандатқа таласып жатқанда, әкімшілік ресурс арқылы Amanat партиясының кандидаты өтіп кетіп жүрмей ме? Алаңдайтынымыз да – осы. Онсыз да тәуелсіз кандидаттарға қатысты әртүрлі шабуылдар, арандатулар болуы мүмкін. Сондықтан белсенділер қауіпсіздігін ойлауы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент сенатының отырысында «бірнеше аптадан кейін саяси науқан басталады. Кандидаттар үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Олар дауыс жинау үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Бұл – қалыпты демократиялық үдеріс. Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай шектеу қойылмайды. Заңға қайшы келмейтін барлық іс-әрекетке рұқсат беріледі. Дегенмен бір нәрсені бәріміз қаперде ұстауымыз керек. Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек. Тағы да айтқым келеді: үміткерлер қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болғаны жөн. Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізеді. Әрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс, — деп қадап айтты.
Ал мәжіліс сайлауына кандидаттарды тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады. Өздерін тәуелсіз санайтын талай мықтылар бәсекеге түспек. Әлі де үміткерлердің саны артады. Анығы, бізге ойын ашық айтатын, билікке бағынышты емес кандидаттың депутат болғаны керек.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР