Бір мемлекет – екі идеология

Батыр ЖАСҰЛАН

05.08.2021, 08:47

5026

      19 миллионыншы қазақ  дүниеге келді. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті.

Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді», – деп жазды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше өзінің твиттерінде.

      Осыдан төрт-бес ай бұрын сарапшы-демографтар «шамамен шілде айының аяғында Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келеді» деп болжам жасаған еді. Бұл жорамал, міне, ақиқатқа айналды.

Сарапқа салсақ, 18 миллионыншы қазақ осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2017 жылдың шілдесінде Талдықорған қалалық перинаталдық орталығында дүниеге келген екен. 18 миллионыншы қазақтың есімі – Муслима. Ол 11 мамыр күні кешкі сағат 20:15-те жарық дүние есігін ашқан. Сәбидің салмағы – 3 келі 300 грамм, бойы – 51 см. Ол кезде де «қазақ көбейді» деп, бөркімізді аспанға аттық.  

       Ал Қазақстанның 17 миллионыншы тұрғынына 2013 жылдың 16 мамырында Оңтүстiк Қазақстан облысы Сайрам аудандық АХАТ органында туу туралы куәлік берілген. Сәбидiң салмағы – 3670 грамм, ал бойы – 53 сантиметр. Сәбидің есімі – Алтынбек, тегі – Есқараұлы.

       Мұның барлығы қуанышты жағдай. Рас, қазір қазақтың көбейгені керек. Ұлттың басым болғаны қажет. Таразыға салсақ, қазақ шамамен 3-3,5 жылды араға салып, миллиондық межені бағындырып, көбейіп отырады екен. Демек, демографияда қазақтың салмағы басым болып келе жатыр. Оған, әрине, қуанамыз. Бұл біршама қуанышты оқиға болып көрінгенімен, уақыт өте келе, ақырындап ұмытыла береді. Тек миллионыншы тұрғындарды іздегенде ғана олардың есімін анда-санда бір жария етіп тұрамыз.

       Рас, қазақтың саны, сапасы да артты. Бірақ халықтың әл-ауқаты артты ма?

    – 19 млн ел болдық, ал, жақсы. Енді сол небары 19-ақ млн халықты 30 жыл бойы бай қыла алмай жүргеніміз несі?Былай қарасаңыздар, бір үлкен қаланың саны ғой 19 млн деген – Пекин, Каир, Мехико секілді. Ал байлығымыз қанша? Уран, мұнай, газ, жайлы жайылымдар қайда кетті? Санаулы адамның қолында ғой! Отыз  жылда Біріккен Араб Әмірлігі, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея елінің халқы байып кетті. Олар кезінде әлемнің ең кедей елдері болған.

       Ал біз ше? Қаншама өндірісті жоғалтып алдық. Қашан адам боламыз, осы? Әлде біздің де буынымыз коммунизмді күтуі керек пе? Бізде тек олигархтар ғана жақсы өмір сүреді, анда-санда олимпиадаға барып қыдырып қайтады.

       Негізі, сол 19 млн адам өте нашар өмір сүреді. Кедейшілік басым. Соны өзгертуіміз қажет,– дейді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан.

       Ақиқатында, қазақтың саны артқанымен, тұрмысы нашар. Кедей. Оны жоққа шығара алмаймыз. Байып жатқан олигархтар, ал тақыр кедей болып отырғандар – халық. Конституция бойынша мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бірақ биліктің тілі орысша. Қазақ көбейгенмен, билік өзгерген жоқ. Билік орысша сөйлегесін, ақпарат беру де, оны халықтың қабылдауы да әртүрлі. Бір ғана мысал. Режиссер Болат Атабаев пен жас жазушы Аягүл Мантай  өмірден өткенде қазақ баласы күңіренді. Көңіл айтты. Қазақтілді әлеуметтік желінің қабырғасы қайысты. Ал орыстілді әлеуметтік желі үнсіз қалды. Оларға Болат Атабаевтың есімі таныс. Ал Аягүл Мантай… Олар  білмегесін көңіл де айтпайды, қазақша сөйлей алмағасын айта да алмайды.

      «Қазақтілді аудитория кешеден бері әлеуметтік желіде өмірден өткен біздің ұлтымыздың ұлы адамдары Болат Атабаев пен Ая Мантайды жоқтап жатыр. Ал орыстілді аудиторияда көңіл айту сирек. Танитындар ғана көңіл айтты. Бір қоғамда әртүрлі мүддемен өмір сүреміз»,– деп жазды қоғам белсендісі Тоғжан Қожалы. 

       Тоғжан Қожалының дәл осы пікірі орыстілді аудиторияның жалған намысын оятып жіберді.  «Біздің ұлтымыздың ұлы адамдары» деген сөз де оларға ұнаған жоқ. Қазір қазақтың зиялысын білмегеніне ұялмайтындар көп. Әсіресе орыстілділер қазақ аудиториясында не болып жатқанынан хабарсыз. Ал бұған кім кінәлі? Билік! Өйткені Ата заңда жазылған қазақ тілін билік мемлекеттік мәртебеге көтерген жоқ. Көтергісі де келмеді. Отыз жылдан бері қоғамда өзгермей келе жатқан бір көрініс: биліктегілердің  түрі – қазақ, ал тілі – орыс. Бір мемлекет – екі идеология. Осындай саясатты жүргізіп отырған да билік. Мұның себебін биліктегілердің орысқұл санасынан ғана іздеу керек шығар.

      Әйтпесе қазір демографиялық салада қазақтың саны күрт өсіп келеді.  Қазақстандағы орыстардың саны 3,5 миллионнан төмен түсіп, 3,478 миллион адамды құраған. Украиндар 8000-ға (256 мың) азайды. Татарлардың  саны да кеміп барады, дәлірек айтсақ, Қазақстанда 199,4 мың татар этносының өкілдері қалды. Қазір елдегі негізгі мемлекетқұрушы ұлт – қазақтар 69,01 пайызға жетті. Ал орыстар – 18,42, өзбектер – 3,29, ұйғырлар – 1,48, украиндар – 1,36, татарлардың саны 1,06 пайызды көрсетіп отыр.

       Бірнеше айдан кейін халық санағы өтеді. Байырғы ұлттың  үлесі 70 пайыздан асты делік. Қазақтың санасы  өзгеріп келе жатыр. Ал билік өзгере ме? Кешегі жүйе оқушылардың, халықтың басын ауыртып, «үштілділік керек» деді. Ал бүгінгі билік қашанға дейін бір мемлекетте қостілділік саясатын жүргізе береді?Мемлекет бір тілді болмай,ортақ мүдде болмайды.Биліктің халыққа көзқарасы өзгермесе, тілі жұтаңданады. Тұрмысы ауырлап, рухани тұрғыдан азады.

       Негізі, ұлт болудың бірнеше шарты бар. Соның ең басты және ең негізгі шарты – ұлттық тіл. Орысша сөйлейтін билік осыны түсінсе екен.

Тегтер: мемлекет идеология ұлт

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 06:56
Сайлау– 2023: Бір өкініш, Бір үміт...
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 21:37
ОСК төрағасы бір мандатты жүйе бойынша депутат болғандардың тізімін жариялады
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 20:16
ОСК сайлаудың алдын ала нәтижесін жариялады
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 16:16
Серік Күдебаевтың соты үшінші рет кейінге шегерілді
Арайлыи ЕРКЕБАЕВА 20.03.2023, 12:07
Қарағандыда өткен сайлау шумен аяқталды
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 08:27
Екінші Еxit poll нәтижесі жарияланды

Аңдатпа


  • Сайлау– 2023: Бір өкініш, Бір үміт...
    06:56
  • Оқшауланған Ресей: Путин тұтқындала ма?
    06:37
  • 13-премьер: құт па, жұт па?
    06:45
  • Қандай елде өмір сүреміз?
    17.03.2023, 05:35
  • Сайлау: Мойның жуан болса мақтан, жіңішке болса - сақтан!
    17.03.2023, 05:28