23.06.2022, 15:20
3596
Президент Қ.Тоқаев мырзаның Ұлытау облысында 16-мамырда өткізілген Құрылтайдағы сөзінен екі үзінді:
1. «Кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар. Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз елміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе».
«Стан» туралы. Ол – парсының көне сөзі. Сан елге тарап, ол жерлерде қым-қиғаш түсіндіріліп, Ресейде тіпті «жұмыс алаңы» дегенге дейін құбылтылған. Біз де құр қалған жоқпыз, «қырманның бір тұсы, шеті...» дедік.
Ал дұрыс мән-мағынасы не?
«Бір тайпаның: мекені, аймағы, елі» (Н.Оңдасынов. «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік». «Қазақстан» баспасы. 1974 ж.)
Демек, «Қазақстан» – «Қазақ елі»!
«Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде… шекараны бекіттік… Осындай жағдайда...».
Біздің ғана емес, тәуелсіздік алған республикалардың ешқайсының шекара көлемі Совет Одағының құрамына кіргенге дейінгі қалпынан да өзгерген жоқ, замани сипат-талапқа орай қайтадан бекітілді.
«Республика» сөзіне тоқталсақ, ол – латын сөзі. «… государство, форма правления, при которой высшая государственная власть принадлежит выбранным на определенный срок органами власти...» («Словарь иностранных слов», издательство «Русский язык». Москва. 1988 г.)
Бұл сөз де аз «септелмеген», алайда «мемлекет» делінген оң түйін сақталды.
Енді қазіргі «Қазақстан Республикасы» деген атауға назар салсақ, ол «Қазақ елінің мемлекеті» (қазақ мекенінің, аймағының мемлекеті) болды. «ҚССР» атын тәуелсіздігімізге лайықтап өзгерту баспасөз бетінде талқыланғанда көпшілік «Қазақстан»; «Қазақ елі»; «Қазақ республикасы» деу жөн болады десті, бірақ билік құлақ асқан жоқ. Қ.Тоқаев мырза да арырақ үңілмей, қабатталған қатені – «Қазақстан республикасы» («Қазақ елінің мемлекеті») күйінде сақтамақшы.
2. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек».
Жә, тарихи дерек не дейді?
Баршаға белгілі оқиға: 1991-жыл. Желтоқсан айының 7-күні. Беларуссияның ұлттық паркі – Беловеж қорығы, Викули санаторийі. Осында: Ресей президенті Б.Ельцин, Украина президенті Л.Кравчук, Беларусь Жоғары кеңесінің төрағасы С.Шушкевич нөкерлерімен жиналып, кеңесіп, 8-күні Совет Одағының ыдыратылғанын ресми жариялады.
Ол үштік ТМД (Тәуелсіз мемлекеттер достастығын) құру туралы шешім жасап, Ельцин: – Суверенитетті әлі алмағандарың алыңдар, қанша керек болса, сонша ала беріңдер! – деді.
Суверенитет – мемлекеттің ішкі еркіндігі. Одақтас рспубликалар оны 1990-жылы ала бастаған. Біздің Жоғарғы Кеңес (төрағасы — Е.Асанбаев) 1990-жылы желтоқсандағы сессиясында суверенитеттігімізді ресми түрде жариялады. 16-күні.
«ГазетаRU» тілшісі Д.Тельманов С.Шушкевичпен сұхбаттасып, мән-жайды біліп, соңында кеңеске Н.Назарбаевтың келмегенін естігенін айтып, оның неге келмегенін сұрапты. Шушкевич былай депті: «Келіссөзге Қазақстан президенті Назарбаевты қатыстыруды жөн көрдік те, досы Ельцин оны телефонмен іздестіріп, тауып алып, бізге қосылуға шақырды: «Нұрсұлтан, кел, біз мұнда маңызды мәселелерді шешпекшіміз», деді. Дауыскүшейткішпен сөйлесті, біздің естіп отырғанымызды айтты. Назарбаев: «Иә, барамын. Ұшаққа жанармай құйып жатыр, қазір ұшамын, жетемін!» деді. Ол бізге келген жоқ, Горбачевқа барды. Ол жалпы жағдайдан хабардар еді. Біздің бе, Горбачевтың ба, – қайсымыздың жығарымызды болжай алмай сасқан. Михаил Сергеевич оны қайткенде өзіне қаратып алуды көздеді, Анатолий Лукьяновтың орнына КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы етуге уәде беріпті. Шығыстың қу қайраткері, мен «ақылды» демей, «қу» деп отырмын, Назарбаевтың бізден сырт айналғаны сондықтан».
А.Лукьянов Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитеті – ГКЧП – бүлігі бойынша тұтқындалған.
Сонымен, ақырында «көсем» Горбачев далада қалды да, пиғылдасы Назарбаевтың оған сенуден, дәмелі лауазымын күтуден күдері үзіліп, тәуелсіздікті ең соңында алып қайтты.
Біздің Жоғарғы Кеңес (төрағасы – Серікболсын Әбділдин) 1991-жылы, желтоқсан айындағы мәжілісінде республикамыздың тәуелсіздігін ресми жариялады. 23-күні.
Қ.Тоқаев мырза айтқан Декларацияның «тұңғыш қадам» екенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, мемлекет шегіндегі белгілі күндер (даталар) Өкіметтің шешімімен бекітілгенде ғана заңды болатыны анық. Яғни бізде «Республика күні» 23-желтоқсан болуы қажет. Бірақ билік оны ескерудің орнына «түзетіп», желтоқсанның 16-күні «Қазақстанның тәуелсіздік күні» болып жарияланды. Ол өзгеріс, әрине, Назарбаевтың ұсынуымен жасалды. Кейбіреулердің айтуынша: «Алматыда 1986-жылы желтоқсан оқиғасы басталған күнді есте сақтау ойластырылған». Меніңше, керісінше, өздері кінәлі қанды оқиға күндерін көлеңкелеу үшін өзгертті.
Назарбаев кейінде: «Біз тәуелсіздікті ата жолымен алдық, ақылмен алдық», деп шықты. Уәйда!.. Ата жолымыз Беловеж қорығынан басталған болды ғой?! Ақыл – Горбачевтың уәдесі екен-ау?!.
Ол – 1993-1994-жылдары «Комсомольская правда» газетінің тілшімен сұхбатында: «Тәуелсіздікті басқалар алып жатқан соң, біз де алдық» десе, Мәскеудің мемлекеттік университетіндегі (МГУ) кездесуінде: «Совет Одағын сақтап қалу үшін менің ақырғы патроным қалғанша соғысқанымды өздеріңіз білесіздер» деді.
Таққа отырғанынан бастап мадақталып, көреген, кемеңгер, «ғасыр ғұламасы» аталған, Қазақстанның экономикасын дамытқаны әлемді тамсантып, «Модель Назарбаева» (ақын Олжас Сүлейменов) делінген «тарихи құбылыс иесі» Назарбаевтың кім екені биылғы ақпан айында шынайы да ашық айтылды: Англия парламентінің мүшесі Маргарет Ходж ақпанның 3-і күнгі мәжілісте «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» сөйлеп, Қазақстанның арамақшалы 28 байына санкция салу керектігін айтып, аттарын тізіп берді. Оның теңжартысы – елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулеті. «Көшбасы», әрине, Әбішұлы. Үш қызы және күйеубалалары: Тимур Құлыбаев пен Қайрат Шәріпбаев, інілері: Самат Әбішев пен Қайрат Сатыбалды, ең кішілері – Дариғаның ұлы Айсұлтан. Олардың Англиядағы дүние-мүліктерінің жалпы сомасы 330 миллион фунт стерлинг екені! 1 ф/с = 626 тенге.
Міне, қадырлы оқырмандар, Қазақстанның тәуелсіздік алуында Назарбаевтың «аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқаруы» (Қ.Тоқаев) осындай. Шәкірттері, ымдас-жымдастары оның аты-жөнін халықтың талабы бойынша жаңартылған Конституцияға жазбауға мәжбүр болған соң, енді «Республика күнін» жаңартып, соған тықпалап отыр.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР