Біз бұларға қалай сенеміз?

Мемлекет те, оның асырап отырған блогерлері де өтірік соғады

Әділ КЕМЕҢГЕР

10.06.2021, 08:44

834

«Қазақстан билігі, елдегі барлық мемлекеттік органдар дәстүрлі БАҚ-тарды ынталандырудың орнына қасақана блогерлерді төрге шығарып, ақшасын соларға шашуда. Сол себепті жалған, фейк ақпараттың маңызы шынайы ақпараттан кем емес дәрежеге жетті. Оның себебі де, нәтижесі де – мемлекетке деген жаппай сенімсіздік», – деген екен саясаттанушы Данияр Әшімбаев exclusive.kz басылымына берген сұхбатында.

Сонымен, Әшімбаевтың айтпағын сараласақ, ол былай дейді:

– Қазақстанның ақпараттық кеңістігі эволюциялық жолмен өзгерді. Өйткені айтуға болмайтын, тыйым салынған тақырыптар ауқымы барған сайын көбейе берді. 90-жылдармен салыстырғанда мемлекеттік баспасөздің хабарламалары тек ресмилене берді. Осыдан 15-20 жыл бұрын премьерлер, министрлер мен әкімдер баспасөздің алдына өзі шығып сөйлесе, қазір мемлекеттік шенеуніктердің сөйлесу форматы дайын баспасөз хабарламалары, баспасөз қызметтерінің көмегімен алдын ала жазылған сұхбаттармен ғана шектелетін болды. Осылайша мемлекет шұғыл ақпарат көзі ретінде баспасөз кеңістігінен қашып кетті, ал баспасөз қызметтері тарататын ресми ақпарат ешкімге керек емес.

Баспасөздің орнын әлеуметтік желілер деген феномен басты, саясаттың бәрі фейсбукте. Ол жағынан дәстүрлі баспасөз жолда қалды. Блогер деген шықты, барлық салада бәрін білетін білгіштер. Бұл жағдайда дәстүрлі баспасөзді әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге итермелеудің орнына ақпараттық саясатқа жауап беретін органдар мен меморгандардың баспасөз қызметтері блогерлермен жұмыс істей бастады. Мәселен, олар көбіне блогерлерге арналған баспасөз-турларын ұйымдастырып, блогерлердің беделін қолдан көтеруге тырысады. Біз тіпті ресми, шынайы деген ақпараттың өзіне сенбейтін болдық. Өйткені мемлекеттік органдар манипуляцияға, статистиканы бұрмалауға, жалпы, ақпаратты жасыруға тым бейім. Ресми билік фейк деген нәрсе шындық боп шығуы мүмкін.

Әйгілі Челахтың ісін алайық. Тергеу былай дейді, бірақ халықтың ойы басқаша. Содан-ақ мемлекеттің ақиқатшыл, ашық, шындықшыл емес екенін көресіз. Мемлекеттік органдар жалған айтса, ақпаратты жасырса, онда фейкке сенбегенде қайтесің?

Қазір мемлекеттік органдар сынға сын ретінде қарауды да қойды. Біреу оларға сын айтса, оны хайп дей салады, бәсекелестер мен жаулардың саяси тапсырысы дей салады. Әлеуметтік желілер шыққалы біз бақылаусыз, реттеусіз мол ақпараттың астында қалдық. Енді не істеу керек? Меніңше, мектепте логиканы, ақ-қараны ажырату мен сыншыл көзбен ойлау пәндерін енгізу керек.

Мынау екпе салу науқаны неге кідіріспен әрең жүріп жатыр? Өйткені денсаулық сақтау министрлігінің ешқандай беделі жоқ. Ол ведомство не десе де, қоғам сенбейді. Министрліктің шенеуніктері қол жеткізген бар жетістігі – сапасыз медицина, мекемелер жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмау, жаппай жемқорлық. Карантиндік шараларының өзі халық денсаулығын қорғауға емес, басқа мақсатта ұйымдастырылғандай әсер қалдырады. Халық маска тағуға дайын, бірақ басқасына – аурудың белгілері туралы хабарларға, емдеу шараларына, вакциналарға, дәрігерлер мен министрлік басшыларына еш сенбейді. Оның үстіне денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылары бастап кеткен медицинаны жаппай коммерцияландыру бағытын қазіргі басшылар да жалғастыруда.

Мемлекет вакцинаға қарсы айтылған қаптаған сынның ешқайсысын мардымды дәйектермен терістей алмады. Тіпті екпенің екінші кезеңінің өзін біресе 45 күн, біресе 90 күн деп, елді әбден шатастырды. Әлемде жоқ қайдағы бір карантиндік шараларды ойлап табады. Екпеден кейін қандай асқынушылықтар болатыны туралы сұрақтарға да министрлік жауап бере алмады. Былтыр коронавирустан 20 мың адам қайтыс болғанын шегінетін жері қалмағандықтан әрең мойындады, бұл олардың жасап қойған ресми статистикасындағы саннан төрт есеге көп. Осыдан кейін ол адамдарға өз денсаулығыңды қалай сеніп тапсырмақсың? – деген сауал тастапты сарапшы.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 10.06.2021, 08:49
«Медаль алғыш» Мамин міз бақпай отыра бере ме?
Батыр ЖАСҰЛАН 08.06.2021, 08:45
Мәскеудің лас ойынына біз неге араласуымыз керек?
Әділ АҚЫЛБАЙ 04.06.2021, 08:57
Әй, «Самұрық-Қазына»! Халықтың ақшасын қашанға дейін шаша бересің?
Сайт әкімшілігі 04.06.2021, 08:44
Сең қозғалған секілді
Батыр ЖАСҰЛАН 03.06.2021, 09:02
Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
Қылыш СЛАМЖАН 02.06.2021, 09:12
Сенат ашаршылыққа арнап кітап шығарды

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02