Бізге құр «естіп» қана отыра беретін үкімет керек пе?

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

24.11.2021, 09:05

916

Жақында танымал кинорежиссер Ермек Тұрсынов Auditorium QZ ютуб каналына берген сұхбатында «Еститін мемлекет» турасында тұшымды ой айтты. «Егер мемлекет еститін болса, ол көретін де болуы тиіс. Ал көре алатын мемлекет болса, шешім де шығара алуы керек және оның халыққа пайдалы болғаны қажет. Ол неге жай ғана естиді екен? Оның тек құлағы ғана бар ма? Көзі, тілі, миы жоқ па? Бар болғаны жай ғана естіп қоя сала ма?» – дейді. Расымен де, халыққа үкіметтің жұрт мәселесін шешіп бере алмай, оны жай ғана естіп тына салғаны керек пе?

Әлеуметтік желі қолданушысы Ержан Нұрединов үнінің билікке жетпей жатқанына қынжылыпты. «Еститін мемлекет» қағидасы жұмыс жасамайтын сияқты. Қанша рет мемлекеттік органдарды белгілеп ұсыныстар тастадым. Бірде-бір жауап келмейді. «Еститін мемлекет» емес, онда «Естімейтін мемлекет» деп атын өзгерту керек сияқты», – дейді.

Иә, әлеуметтік желілерде тиісті құзырлы органдарды жазбаңда белгілеп тұрып, назыңды айтқаныңмен, көп жағдайда кері байланыс болмай жатады. Тіпті, жанайқайын жеткізу үшін ашылған «Қазақстан – естімейтін мемлекет» деген де онлайн топ бар. Алайда біздегі билік коғамдағы проблемаға үңіліп, оның шешімін табуға емес, керісінше оны барынша бүркемелеп, жасыруға жанын салатын сияқты көрінеді.

         Халық Қазақстанда жанар-жағармай мен көмірдің қымбаттап кеткенін, қарапайым азық-түлік пен басқа да тұрмыстық тауарлардың бағасы шарықтап кеткенін айтып зар қақсап жүр. Былтырдан бері көлікке салынатын утильалым төңірегінде де қаншама рет шағым айтылғанымен, мәселе оңалмай отыр. Бұл дау мемлекет басшысына дейін жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде бизнестің автомобильдерге, бірінші кезекте жартылай тіркемелі көліктерге салынатын утильалымды қайта қарау туралы шағымы көп. Бір жүк тартқыш үшін утильалым орташа есеппен 1 млн теңге болып отыр. Жүк тасымалдаушылар үшін утильалым айтарлықтай салмақ. Бұл автопарктің жаңаруына кері әсер етуде», – деп, үкіметке бұл саладағы саясатты жетілдіруді тапсырған.

Бірақ күні кеше ғана ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің утильалым мөлшерін азайту туралы талап қойып, онлайн-петиция жариялаған қазақстандықтарға айтқан жауабы: «Қазақстандағы утильалымының мөлшері басқа елдердікімен бірдей», – деп қана құтылып отыр. Сонда Ермек Тұрсынов айтпақшы, біздің үкімет мәселені естігенімен, оны шеше алатын қауқары болмай тұр ма?

         Спорт саласында да, медицина, құқық, индустрия, мәдениет пен әлеуметте де, кино мен музыка саласында жүргендер арасында да биліктің жұмысына сын айтып жүргендер көп. Редакциямызға да әділдік таппай, құқығы тапталып жатқанын айтып қаншама азамат хабарласады. Біреулердің «аға-көкелерінің» кесірінен жолы кесіліп отырғанына қынжылады. Сонда үкіметке қарайтын әр салаға жауапты бақандай 18 министрлік, одан бөлек әкімдіктер елдегі проблемалық ахуалды реттемей не бітіріп отыр?

Шынына келгенде көпшілік жұрт формалды түрде өтетін іс-шаралардан, әкім-қаралардың ежектеп оқып тұрған есептерінен жалыққанын айтады. Себебі отырыстар мен жиында айтылатын әдемі уәделер іс жүзіне келгенде дұрыс орындалмай жатады.

Бізге, расымен, елдегі мәселені халықтың пайдасына шешумен айналысатын емес, құр естіп қана отыра беретін үкімет керек пе?

Тегтер: үкімет отставка сын пікір пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жеңіс ТЕМІРХАН 03.12.2021, 08:49
Деміккен демократия: Қалай қазақыланамыз?
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 15:50
14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 10:05
Сауранда бірнеше жүк көліктері соқтығысты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 02.12.2021, 09:05
Тәуелсіздік күнін неге үреймен күтеміз?
Әділ АҚЫЛБАЙ 02.12.2021, 09:02
«Оператор РОП» халықтың «үнін өшірді»
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 08:26
30 жылдың қорытындысы: Қарағандылық археологтар қазақ даласының қандай құпияларын ашты

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00