Борат тудырған боран офшорға жасырылған капиталды теңселте ме?

Тоқтар ЖАҚАШ

27.10.2020, 03:06

1499

Белгілі комик Саша Барон Коэнның «Борат – 2» фильмінің сиквелі әлеуметтік желілерде біраз дүрбелең туғызды. Жалпы, Ресейдің кино сыншылары «актердің бұл жұмысы АҚШ-ты әжуалайтын «қисық айна» түрінде түсірілген» деген пікірде.

Әлеуметтік желілерде «Борат – 2» фильмінің астары емес, визуалды түрде көрсетілген кадрлар қызу талқыға түсті. Бюджеттік мекеме қызметкерлері парақшаларына көк тудың суретін қойып, «Мен туымды мақтан тұтамын!» челленджін бастап кетті. Түркияға қоныс аударған қылмыс әлемінің серкесі «Дикий Арман» Саша Барон Коэнге іздеу жариялады. Бір топ белсенділер Алматы қаласындағы АҚШ консулдығының алдына жиналды. Ақтөбе қаласының түрғыны түн жарымында облыс әкімдігінің алдына келіп, «Борат – 2» сиквелі бойынша әкімнің ел алдына шығуын талап етті. Астана қаласындағы белсенділер де ұлт намысы үшін атқа қонды. Қалалық әкімдікке барып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазды. Көпшілік сыртқы істер министрлігін үнсіз отыр деп айыптады. Оған сыртқы істер министрлігі: «Борат – 2 фильмі – коммерциялық жоба. Фильм авторлары Қазақстан билігінің ресми наразылығын арандатып, фильмге жақсы жарнама жасауды көздеп отыр. Арандатушылық мақсатта Қазақстан халқын, оның мемлекеттік рәміздерін мазақ етуде. Наразылық нота жолдау мағынасыз, өйткені оның адресаты жоқ. Неғұрлым дүрліктіре берсек, фильм авторлары соғұрлым көп пайда табады. Үлкен пайда табу авторларды фильмді жалғастыруға итермелейді. Негізінде, фильмде нәсілшілдік пен ксенофобияның айқын формасы бар. Біздің азаматтарымыздың ашық нәсілшіл шабуылдарға наразылығы әділ», – деген мазмұнда мәлімдеме таратты.

Ал шын мәнінде, жағдай осылай ма еді? Наразылық нота жолдауға адресат неге жоқ? Қазақстан үкіметінің наразылығы қалайша фильм авторы үшін пайда көзіне айналуы мүмкін?

Біздегі шенді-шекпендінің, тіпті сыртқы істер министрлігінің «үндемейік» деуінің астарында не жатыр? Сол «құпияға» біз де бойлап көрелік.

Саша Барон Коэн – Ұлыбритания азаматы. «Диктатор», «Шпион», «Уақыт сақшысы» және т.б деген секілді көптеген фильмде ойнаған. Үздік рөлдері үшін «Алтын глобус», Эмми сыйлықтары мен Чарли Чаплин сыйлығын иемденген. Ұлыбритания мен Батыс киноөнеріне еңбегі сіңген белгілі тұлға. Ал біздегі биліктің төңірегінде жүргендер бүкіл капиталы мен қаржысын Ұлыбритания мен батыстағы офшорларға жасырған.

Америкалық Global Finance Integrity ұйымының зерттеуінше, Қазақстан жыл сайын офшорларға 16 млрд доллар ақша шығарады екен! Ресей бұл мәселеде бізден артта қалған. Орыстардың жыл сайын офшорға шығаратын ақшасы, шамамен 10 млрд доллардың айналасында. Ал офшор дегеніміздің  заңсыз ақша ағыны екені белгілі.

«Капитал» басылымы бүкіл әлемдегі офшорда қазақстандық 64 азаматтың реестрін жариялады. Қазақстанның байлығы негізінен, Британ Виргин аралдары, Кайман аралдары, Кук аралы мен Сингапурда жасырылған. Тізімде «Сулпак» компаниясының қожайыны Алмас Сұлтанғазин, «Батыс калий» компаниясының бас директоры Владимир Чумашкаев, «Қазақстан қағазы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Юрий Богдай, «Еуразиялық банк» АҚ басқарма мүшесі Нұрбек Аязбаев, «Кәсіпқор» холдингінің директоры Айбек Байсақалов, Verny Investments ЖШС директоры, Kassa Nova АҚ басшысы әрі Форте банк директорлар кеңесінің мүшесі Тимур Исатаев, «Еуразия қаржы-өндірістік корпорациясы» акционері Александр Машкевич секілді көптеген адамның аты-жөні жазылған.

Бірақ бұл айсбергтің тек төбесі ғана. Зерттеу нысанына шабақтар ғана ілігіп, шортандары тереңге кеткен. Яғни, шетелге жасырылған қаржының артында белгілі саяси тұлғалар, беделді «сұр кардиналдардың» отыруы әбден мүмкін. Қазір Ұлыбританияда сырттан келген байшыкештерден қыруар қаржыны қайдан тапқанын дәлелдейтін құжаттарды талап етуде. Ондай болмаған жағдайда кез келген капитал тәркіленеді немесе «қатырылады». Саяси реформалары сөз жүзінде қалған Қазақстан шенеуніктері үшін бұл қауіпті сигнал. Кез келген сәтте жанын шүберекке түйіп, ұрлап-жырлаған дүниесінен айырылады.

Ал егер сыртқы істер министрлігі айқайлатып, шулатып, Ұлыбританияға наразылық нотасын жіберетін болса, не боларын ойлаудың өзі «қорқынышты»! Корольдік өз аумағындағы қазақстандық шенеуніктердің «пайда болу тарихы күмәнді» жылжымайтын мүліктері мен есепшоттарын тарпа бас салып, жауып тастауы мүмкін. Тіпті тәуелсіз Қазақстан тарихындағы «ақтаңдақтарды» қайта қаузап, кейбір саяси тұлғаларға Еуропаға аттап баспайтындай санкция салуы да ғажап емес. Әлемдік пандемия мен қаржылық дағдарыс кезінде жағдайдың дәл осылай ушығып кетуі біздің шенеуніктер үшін жақсы емес. 

«Ақша тыныштықты сүйеді» дейді халық мәтелі. Сондықтан саясаткерлеріміз сыртқы істер министрлігінің аузымен халыққа «жұбату сөз» арнап, осы «қауіптен» сескеніп отырған секілді. Демін ішіне тартқан өлі тыныштық...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ КЕМЕҢГЕР 09:13
Қазақ мемлекеттігіне жаһандық қауіп төніп тұр
Қайнар ОЛЖАЙ 09:05
Тіл комитетінің тісі қышып бара жатса...
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 18:42
Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 13:54
Азаматтық форум онлайн форматта өтуде
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 23.11.2020, 09:23
Сындырып, қиратудан бюджетке 48 миллион теңге шығын келген
Сайт әкімшілігі 22.11.2020, 14:49
Байбек: Nur Otan-ға 5 жыл ішінде 1,2 млн. адам жүгінді

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56