Бұл күнге де жеттік-ау...

Мариям МАҚСАТ

17.06.2022, 18:00

1571

Павлодар облысында ауыл, кент пен көше атауларын қазақшаландыру мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Ресми дерек бойынша, мемлекеттік тілде атау берілген көшелердің саны 50 пайызға да жетпейді. Алайда жақында бұл статистика жақсара түспек. Себебі облыс орталығындағы 17 көшенің атауы бірден қазақшаға ауысады. Бұл сәтті облыстың ұлтжанды азаматтары бір жыл бойы күтті.

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де Павлодар облысындағы кейбір атаулар кеңестік кезеңнен бері «жабысып» келеді. Басқасын былай қойғанда, қала іргесіндегі мыңдаған тұрғыны бар кент әлі күнге дейін Лениннің есімімен аталады. Қоғам белсенділері әупірімдеп жүріп осыдан бірнеше жыл бұрын Павлодар қаласындағы Ленин көшесінің атауын Астана қылып өзгерткен еді. Сол тұста талайдан бері тас қамал болып келген ең ұзын көше – Кутузов та Тәуелсіздік даңғылы болып өзгерді. Бірақ елбасы тақтан түскен күні, әп-сәтте Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып шыға келді.

Жалпы, соңғы бес жыл ішінде өңірдегі 607 көше мен 26 елді мекеннің атауы ауысқан екен. Соның нәтижесінде, 126 ауылдық округтің 65 пайызы, 352 ауылдың 68 пайызы, 3523 көшенің 49 пайызы қазақша аталатын болды. Яғни, облыстағы көшелердің жартысына жуығы ғана мемлекеттік тілдегі атауға ие.

Таяу уақытта олардың сапына тағы 17 көше қосылады. Өткен жылы қоғамдық тыңдау кезінде көпшілік көшелердің атауларын ауыстыруға қатысты ұсынысты қолдаған болатын-ды. Оны республикалық ономастикалық комиссия да бекітті. Алайда игі істің соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Оның себебін облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медет Тауасқан түсіндірді.

— 2021 жылдың мамырынан жылдың соңына дейін елімізде көше атауларын қайта атауға мораторий жарияланды. Жыл басында қаралы қаңтар оқиғасы болып, 17 көшеге қазақша атау беру кейінге шегерілді. Былтыр бастау алып, осы себептерге байланысты тұралап қалған жұмысты қайта қолға алып жатырмыз. Енді облыстық мәслихаттың бекітуін күтеміз, – деген-ді Медет Тауасқан.

Жақында облыстық мәслихат нормативтік-құқықтық актілердің ашық порталында тиісті қаулының жобасын жариялады. Соған сәйкес, Мир көшесі – Олжабай батыр, Урицкий көшесі – Генерал Смағұлов, 1-я Южная көшесі – Бірлік, 2-я Южная көшесі – Кәукен Кенжетаев, Парковая көшесі – Мұқағали Мақатаев, Донецкая көшесі – Мағжан Жұмабаев, Кубанская көшесі – Қалмұқан Исабай, Совхозная көшесі – Рафиқа Нұртазина, Таганрогская көшесі – Қазанғап би, Ангарская көшесі – Нағымбек Нұрмұхаммедов, Читинская көшесі – Аманжол Шәмкенов, Декабристов көшесі – Қамар Қасымов, Юннатов көшесі – Дихан Әбілев, 1 және 2 Советов көшесі – Генерал Бәкіров, Зыряновская көшесі – Қабдыкәрім Ыдырысов, Саянская көшесі – Алма Әжібаева, Лесная көшесі – ағайынды Дүйсембиновтер көшесі болып аталады. Демек, Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев, Кәукен Кенжетаев, Қалмұқан Исабай, Дихан Әбілов сынды қазақтың біртуар тұлғаларының есімдері әспеттелетін болды. Тек бұл көшелердің шағын, қысқа екені көңілге қаяу түсіреді. Қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жандарға ондаған ғана үйі бар қиылыс көшелерді емес, орталықтағы Лермонтов, Толстой, Максим Горький сынды көшелерді берсе де артық етпес еді. Жә, бастысы, сең қозғалды. Әлеуметтік желілерде дүйім жұрт бөркін аспанға атып, қуанып жатыр. Бұл, шынымен, ұлтжанды азаматтар көптен күткен жағымдық жаңалық!

Алайда әдеттегідей, «қаппаса» да «үріп» қалатындар табылып жатыр. «Көше атауларын ауыстырудың не қажеті бар?», «Атауларды қазақшалаған соң, жолдар бірден жөнделіп, коммуналдық желілер жақсарып қала ма?», «Бәрі болып, көшелердің атауларын өзгерту қалып еді», деген сыңайдағы пікірлерді де көз шалып қалды. Олардың арасында қаракөздердің бары өкінішті-ақ. Бірақ «Ит үреді, керуен көшеді», деген жақсы сөз бар. Жеке бастың, әкімдіктің, монополист компаниялардың проблемаларының барлығын көше атауларына әкеп тіреудің қажеті жоқ. 50 пайызға жетер-жетпес қазақша көшелердің қатарына арда азаматтардың атымен аталатын көшелерді қосу — ата-бабалар жүктеген аманатты орындау, болашақ ұрпақ алдындағы парызды өтеу деп білу керек.

Тегтер: көше атауы қазақ тілі мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 01.07.2022, 13:46
Мәжит Шәріпов "Қазатомөнеркәсіп" басшысы қызметінен кетеді
Жарас КЕМЕЛЖАН 01.07.2022, 06:51
Атағы таудай, азабы көлдей
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 30.06.2022, 08:37
Бибісара МАТ қойды!
Сайт әкімшілігі 29.06.2022, 15:13
Қазақстанда 80 мың киікті атуға рұқсат берілмек
Сайт әкімшілігі 29.06.2022, 10:07
Е.Қошанов: бизнеске де, Үкіметке де ашық әрі түсінікті салық жүйесі қажет
Жарас КЕМЕЛЖАН 29.06.2022, 08:39
Орыс мектептерін қаржыландыру – Ресейге қызмет ету

Аңдатпа


  • Бибісара МАТ қойды!
    30.06.2022, 08:37
  • Ажалға апарған адал еңбек
    30.06.2022, 08:26
  • Үкіметке қымбатшылығың «бес тиын»
    29.06.2022, 08:34
  • Әкімдердің қауқары жетпей ме?
    29.06.2022, 08:30
  • Орыс мектептерін қаржыландыру – Ресейге қызмет ету
    29.06.2022, 08:39