Былапыт сөздермен былғанған шенеуніктер

Мариям МАҚСАТ

23.09.2021, 14:30

1587

«Үңгірдегі ұлтшылдар», «Бейшаралар», «Ақымақтар». Шенеуніктердің қарапайым халыққа айтпаған тағы қандай сөзі қалды? Қайдан шыққанын, кімнің қаржысы есебінен шалқып-тасып отырғанын естен шығаратын кейбір атқамінерлердің сөздік қоры «бай», ал әдептен мақұрым болғаны соншалық –  біреуге тіл тигізуді әдетке айналдырғандай көрінеді.

Қазіргі қоғамда шенеуніктердің басым бөлігі дөрекі қылықтар көрсетіп, былапыт сөздер айтудан еш қымсынбайтын болды. Бәрінен де ең сорақысы – оларға нан беріп отырған қарапайым халық екенін ұмытып, өздерін басқалардан биік қоюдан еш ұялмайды. Мұндай әдет, әсіресе, нәзікжанды саналатын әйелдерге мүлде ерсі көрінеді. Бірақ Павлодар облысындағы «нәзікжанды» деп айтуға ауыз бармайтын кейбір атқамінерлердің бұған бас қатырмайтыны анық байқалады.

Мысалы, тамыз айының соңғы күндері жұрттың барлығы қаланың күйбің тіршілігінен қашып, Жасыбай көлінің жағасында демалуға ағылды. Сол сәтті суретке түсірген тұрғындардың бірі әлгі 300 мыңнан астам адам оқитын парақшаға «Жасыбайда ине шаншыр орын жоқ» деп жазып, жүктеген екен. Тұрғындардың кейбірі жауапты мамандар эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағаламай отырғанына налып, қынжылыс білдірсе, енді бірі әсем табиғат аясында кең тыныстағандарға тамсана қарады. Кейбірі бұл демалыс аймағында қызмет көрсету сапасының төмен екенін сынға алды. Мұндай пікірлердің барлығы «aliluij» деген атаумен тіркелген желі қолданушысының шамына тиген болар, ол шындықты жазып, өз ойын білдірген тұрғындарды «бетпақтарға» теңеді.

«Диванда жатып алып сынаушылар, ұнамаса келмеңдер! Не бопты? Мұнымен неменеге жеттіңдер? Жасыбай туристік маусым жабылғанша жұмыс істейді. Сырттан түсіріп отырмай, көре алмасаңдар, тыныш отырыңдар. Ішің күйсе тұз жала, шырағым. Осы ғой, оңбай жүргеніміз. Ей, қайран қазағым-ай! Бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын намыстары жоқ бетпақтар», – деген пікір қалдырыпты.

Әлеуметтік парақшаларға мониторинг жүргізу барысында жоғарыда аталған аккаунт басқа емес, Баянауыл аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің білдей бір басшысы Әлия Ермековаға тиесілі екені анықталды. Яғни талай ақын-жазушы, ғұлама ғалым, өнер майталмандары дүниеге келген қасиетті Баянауыл жерінің бүгінгі идеологиясына жауапты жоғары лауазымды шенеунік беті бүлк етпестен адамдарды «бетпақ» деді.

Одан қалса, бөлім басшысының әрекеті талқыға салынған әдеп жөніндегі кеңестің отырысында да  Әлия Ермекова жазғанына өкіне қойған жоқ. «Кешіріңіздер, екінші рет қайталанбайды. Бұл іштегі жанайқайым еді», – деп жымия салды.

Кеңес мүшесі Гүлнаш Әбішева шенеуніктің айтарын айтып, тұрғындарға тіл тигізген соң, «кешіріңіздер» дей салуы қисынға келмейтінін айтты. Отырыстың нәтижесінде жұртшылықты бетпақтарға теңеген шенеунікке қатаң сөгіс берілетін болды.

Ал мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына онлайн кездесу барысында дауыс көтере сөйлеп, әдепсіздік танытқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Бұратаева ескерту алумен шектелді. «Алтын бата» балаларды оңалту орталығының басшысы Евгения Стельвага «ерекше» балалардың тісін емдеуге қатысты ұсыныс айтқан тұста шенеунік әйел «балаларды қайда апарып, қалай емдеу керектігін нұсқап айтудың керегі жоқ» деп, ұрысқа салған көрінеді. Оңалту орталығының басшысы мұндай түрдегі жауапты жанына жақын қабылдап, құзырлы органдарға шағым түсірді. Оның ойынша, сол арқылы басқарма басшысының орынбасары Этикалық кодекс талаптарын бұзды. Әдеп жөніндегі кеңестің кейбір өкілдері де солай деп есептеді. Сондықтан Гүлнар Бұратаеваға ескерту жасалды.

Жалпы, соңғы уақытта аңдамай сөйлейтін шенеуніктердің көбейгені анық аңғарылады. Өрескел мінез таныту, дөрекі сөйлеу, әдепсіздік пен мәдениетсіздік көрсету, адамгершіліктен жұрдай болу қанға сіңіп бара жатқандай. Өкініштісі, жоғары лауазымды уысына қысып ұстап алған сондай шенділер кімге қызмет етіп жүргенін естен шығарып алады.

Тегтер: шенеуніктер әдеп мемлекеттік қызмет қоғам пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.10.2021, 09:08
Халық санағы: «қолбала» мұғалімдерге жұмыс табылды
Олжас ҚЫЛЫШ 21.10.2021, 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 21.10.2021, 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Алмас НҮСІП 21.10.2021, 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31