Цой қайда қарап отыр?

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

17.09.2021, 14:00

1206

Күні кеше газетіміздің оқырманы Есен Сәдуақасов шілде айынан бері астанадағы №8 қалалық емханаға бірнеше рет барып, дәрігердің көмегін ала алмай жүргеніне шағымданған. Көз дәрігерінің қабылдауына осымен бір жарым айдан бері кіре алмай жүргенін, ал ол үшін алдымен терапевтке жазылу машақатын айтып, ренішін білдірді. Жасы жетпістен асқан. Кезегін ары күтіп, бері күтіп, бір көзі көруден қалып барады екен. Жалпы, мұндай бюрократияға астаналықтардың шағымданып жатқаны бірінші рет емес. Тар шеңберлі мамандардың (узкий специалист) қабылдауына  жазылу, тегін медициналық кеңес алу мұңға айналған.

         Өйткені ревматолог, фтизиатр, эндокринолог және тағы басқа дәрігерлердің көмегі ауадай қажет болса, сіз бірден бұл мамандарға тікелей бара салмайсыз. Оған дейін алдыңызда «бірінші терапевтің қабылдауына жазылу» деген міндет тұрады. Оның өзі сізді бірден қабылдай қоймайды, кезегің келгенше белгілеген уақытты тағы күтуге мәжбүрсің. Әлеуметтік желілерде астаналықтар мұндай тәртіпті кім ойлап тапқанына налып, кезек күттіріп қойған бейберекетсіздікті жойсын деп құқығын талап етуде. Айта кету керек, бұл тәртіп осыдан алты жыл бұрын енгізілген, сол кезде терапевтік сипаттағы медициналық көмек көрсететін «жалпы тәжірибелік дәрігер» деген сөз қолданысқа кірген.    

Елордалық оқырманымыз Есен Сәдуақасов: «Терапевтке шілде айында жазылғанмын, өйткені одан өтпей, басқа дәрігер қабылдамайды. Сол кезде терапевт «көз дәрігері қазір бос емес, уақыты болғанда өзім сізге хабарласып айтамын» деп, телефон нөмірін жазып алып қалды. Алайда одан кейін ешбір хабар болмады», – деп ренішін айтты.

Хабар болмағасын Есен Сәдуақасов тамыз айында көз дәрігерін іздеп емханаға тағы барған. Бірақ бұл кезде де бәрі сәтсіз шыққан. Кабинетінде отырған көз дәрігерінің екеуі де «алдын ала жазылып қоймадыңыз» деп қабылдамай, сарсаңға салған. Бұл кезде пациенттің көзінен жас тоқтамай, мазасы кетіп жатса да, ешкім міз бақпапты. Қыркүйектің 8-і күні тағы барған екен, 17-сіне бір-ақ терапевтің қабылдауына тіркепті. Ал көзге операция жасату үшін алдымен осы мамандардың қабылдауында болып, емхананың жолдама қағазы бойынша ауруханаға жатқызу бюросы порталына кезекке тұруға қажетті құжаттарды жинауы керек. Өкінішке қарай, бұл да кезекпен, ал оны қанша уақыт күту керектігі пациентке тағы белгісіз.

Дертіне шипа іздеп, онсыз да жаны қиналып тұрған адам медициналық емді неге айлап, ауруы асқынып кеткенше күтуі керек? Еліміздің ең бірінші байлығы адам екені Ата заңымызда бекітілген емес пе?! Өркениетті қоғам ретінде адамдардың өміріне қашан жауапкершілікпен қарап, үніне құлақ асуды үйренеміз?    

Мысалы, шағым айтқан оқырманымыздың мәселесі редакциямыз араласқаннан кейін барып қана шешілді. Бірден офтальмолог дәрігердің қабылдауына кірді. Емхананың дер кезінде қабылдай алмауын №2 жалпы тәжірибелі дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Дүйсембаева: «Бізде офтальмологтар аз. Шілде-тамыз айларында 2-3 көз дәрігері ғана жұмыс істеді. Сонымен қатар жаз кезінде біразының кезекті еңбек демалысына шығатын кезі. Жалпы,  медициналық көмек көрсетудің барлық түрі бойынша кадр тапшылығы бар. Пациенттеріміздің күтіп қалатыны соған да байланысты. Жас дәрігерлер аз жалақыға жұмыс істегісі келмейді, себебі айлығы пәтер жалдаудан артылмайды. Сондықтан көп ұзамай кетіп қалып жатады», – деп түсіндірді.

Білікті мамандардың жетіспеушілігі, кейбірінің өзге елдерге кетіп жатқаны соңғы бірнеше жылдан бері бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріліп келе жатқан мәселе. Сонда денсаулық сақтау министрлігі, әр өңірдегі денсаулық сақтау басқармалары мұндай олқылықты ретке келтіре алмаса кімге керек, Цой не үшін отыр?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.10.2021, 09:08
Халық санағы: «қолбала» мұғалімдерге жұмыс табылды
Олжас ҚЫЛЫШ 21.10.2021, 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 21.10.2021, 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Алмас НҮСІП 21.10.2021, 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31