Дағдарысты ауылдан жауап

Қайыр РАХМЕТУЛЛИН

09.04.2021, 08:46

2748

Академик, Қазақстан ғалымдар одағының президенті

Оразалы Сәбденнің «Жас Алаш» газетінде (№4, 14.02.2021 жыл) жарияланған «Қазақстан халқына, ҚР президенті  

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хатына»

      Құрметті академик!

     Сіз биліктің елді біліп те білмей шыңыраудың жиегіне әкелгеніне шыдай алмай, шыңнан секіріп кетуге шақ жүргеніңізді түсінемін. Біз қантөгіссіз келген тәуелсіздіктің жемісін ұқсатып, дұрыс теріп жей алмадық. Бірден-ақ адасудан бастадық.

        Шетелдік барлау қызметі «Қазақстанның ауыл шаруашылығын құлату керек» деп мақсат қойса, дәл осылай істеуге болар еді. Ауылда тұратын 7 миллион халықтың 1 миллионға жуығы ғана шаруа қожалығы  маңайына топтаса алып, қалған жері де, тракторы да жоқ 6 миллионы мал азығының тапшылығынан қалаға көше бастады. Бүгінде 1500-ге жуық ауылдың жұрты ғана қалды. Үкімет ауылдағы қалың бұқараны, қалалардағы миллиондаған халықты ұмытып,  «экспортқа ет шығарамыз» деп елес қуып кетті. Ауылды қолдауға бөлінген миллиардтаған қаржы ауылға жетпей, талан-таражға түсті. Ауылдардағы мектептерді, медпункт, учаскелік ауруханаларды жауып болып, жастарға «Дипломмен – ауылға!» деп ұран тастап, одан әрмен адасты. Оңтүстіктің жастарын көшіреміз деп, солтүстік облыстарда арнайы салынған жаңа ауылдарға қоныстанғандар қайыра көшіп, үйлердің бос қалғанын баспасөзден білдік. Жұмыс жоқ. Күнкөріс – мал өсіру ғана. Сонда олар шөпті қолмен жұла ма? Қылмысты жекешелендіруден бастап, агроөнеркәсіп кері кетті. Нәтижесінде республика өзін-өзі асырай алмайтындай халге келіп, азық-түліктің 70-80 пайызын шетелден сатып алып отырмыз. Коронавирус пандемиясы «дамып кеттік» деген жалған пердемізді ашып тастады. Індет бұдан әрі жалғасса, аштық есік алдында тұр. Жан сақтау үшін ең бірінші мәселе азық-түлік өңдіру екенін көрсетті. Ал азық-түлікті өңдіретін сала – ауыл шаруашылығы терең дағдарыста. Осындай жағдайда не істемек керек?

Мен республика ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару туралы соңғы үш жылда негізгі идеяны қайталай отырып, «Қазақстан заманы», кейінде «Қазақстан  дәуірі» аталған газетте тоғыз мақала жарияладым. Қайталауға осы үш жыл ішінде президенттің (Назарбаев – Тоқаев), премьер-министрдің (Сағынтаев – Мамин), ауыл шаруашылығы министрлерінің (Мамытбеков – Шөкеев – Омаров) кезекпен ауысуы да себеп болды.

Ауыл шаруашылығының құлдырауы, ауыл халқының қалаға жаппай көшуінің басты себебі мал азығының тапшылығы болғандықтан, үкіметке қосымша реформа жасауды, қажет еткен өңірлерде (немесе ауылдарда) ауыл тұрғындарына жемшөп өңдіріп сататын мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құруды ұсындым. Бұл – мәртебесі (статусы) бірдей сол бұрынғы совхоздардың баламасы. Айырмасы – мал бірыңғай жекеменшік қолында. Мамандығым – агроном әрі зоотехник. 1961 жылы Қарқаралы зооветтехникумын, 1970 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітіргенмін. Үкімет реформаны қолдап, мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құрса, он мыңдаған отбасылық қосалқы шаруашылықтар пайда болып, ауылдың тұрмысы көтеріледі. Жастар елге оралады. Агроөнеркәсіп өркендеп, қалаларда азық-түлік қатері сейіледі. Бұл үшін жер толықтай мемлекет меншігінде болуы тиіс. Ол үшін:

  1. Жер шетелге сатылмауы, жалға да берілмеуі керек.
  2. Жер қазақстандықтарға да сатылмауы, жалға ғана берілуі тиіс. Оның өзінде 49 жылға беру артық мөлшер, 10 жылға дейін шектеу керек. Жерді 49 жылға жалға алған адамдар өз қажетін өтесе бопты, оның потенциалын толық пайдаланбай, лаждап отыра береді. Жердің құнарлылығын сақтап, пайдалану технологиясын бұзбаса, жалға алу құқын қайыра ұзартуы тиіс.
  3. Үкімет әртүрлі амалдармен жекеменшікке өтіп кеткен жерлерді мемлекетке қайтарып алуы керек.

 Әлбетте, біз мұндай тұжырымға, қорытындыға қалай келдік? Тарқатып көрейік.

Кереғар реформа. Кері кеткен тұрмыс

Ауыл шаруашылығын жекешелендіру ізгі ниеттен гөрі мемлекетті арандатуға көбірек ұқсады. 50-60 мың қой өсірген совхоздар көп болды. Солардың директорлары малды тегін таратып беретін жауапкершілігі бар адамдар таба алмай, бір үйдің екі баласына екі отар қой берген жағдайлар да кездесті. Бұрын қар қалың түсетін қыстақтарға совхоз 150-200 тоннаға дейін шөп үйіп беретін. Енді меншігіне 1000-ға дейін қой алған шаруа қожалықтары өзіне тиген жалғыз трактормен ондай шөпті қайдан дайындай алсын. Аштан қырылғаны, бартері т.б. бар, алды 3-4, арты 7-8 жылда малдан айырылып, қыстауларын тастап, бет-бетімен көшіп кетті.

Бүгінде осы алғашқы тараудан аман қалған шаруа қожалықтарының өзінің малы азайып, жай шаруаның қатарына түсті. Қожалық иелері қалған малын балаларына ауызша еншіге бөліп беріп, үкіметте тіркеулі тұрғандықтан, амалсыз біріктіріп бағып отыр. Жекешелендіруден алған тракторлары тозды. Осыдан 25-30 жыл бұрын егілген көпжылдық шөп азды. Өнім бермейді. Тұқым шаштырмай, жылда қырқып ала берген соң, табиғи шөп те сиреді. Амалсыздан гектарынан 70-80 келі түсетін ойдым-шойдым жерлерді де шауып жүреді. Гектарынан тоннаға дейін өнім беретін көпжылдық шөп көзден бұл-бұл ұшты. Егін егеді деп, жабайы долбармен бір-екі танаптан бөліп берген егістік жерінде қурай өсіп тұр. Бұрын өзінен артылған шөпті ауылдағы жай шаруаға сататын. Енді сатпақ түгіл, өз малына азық дайындау уайым болып қалған.

Міне, шаруа қожалықтарының жағдайы осындай болғанда, жері де, тракторы да жоқ ауылдағы қалың бұқараның күнелтуі туралы айтудың өзі артық. Бұл ауыл тұрғындарын жаппай қалаға көшуге мәжбүрледі. Жұмыссыз, малы аз отбасылардың балалары ашығып, соғым да соя алмай, тәлтіректеп қалды. Елдегі қалыптасқан осындай күрделі жағдай, саясаттың терістігі, мемлекеттік анархия авторды мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру идеясына әкелді.

Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын қалай құру керек?

Ол үшін күнделікті бас қатыратын күрделі шаруасы жоқ, «жұлдыз санап» отырған ауыл әкімдіктерінің штатын қаз қалпында пайдалану керек. Төтесінен айтқанда, ауылдық округті статусын сақтай отырып, мемлекеттік мал азығы шаруашылығына айналдыру керек. Шаруашылықты құрғанда штатты толықтыру қажет болатыны өзінен-өзі түсінікті. Ауыл әкімі шаруашылықтың директоры лауазымына тағайындалуы тиіс.

Бүгінде малы азайып, ыдырау үстіндегі ұсақ шаруа қожалықтарына бір-екі танаптан бөліп берілген егістік  жерлерді қайтып алып, осы шаруашылыққа бекітіп беру керек. Шаруашылық дәнді дақылдан жемдік арпа егіп, екі танапты арпа-көпжылдық шөп ауыспалы егіс жүйесін қалпына келтіруі керек. Шаруашылықтың міндеті – ауыл бұқарасына мал азығын дайындап сату. Шөп – тауар. Қалыптасып алған соң, мемлекетке салмақ салмайды. Табиғи шабындықпен тіршілік етіп отырған орта шаруа қожалықтары бұл санатқа кірмейді. Жаңа техникасы бар олар өздері де ақшаға мал азығын сатып алуға ұмтылмайды. Астық қоймалары қалпына келтіріліп, таразылар орнатылуы тиіс.

Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру мынандай өзгерістер әкеледі:

  1. Меншіктің қай түрін болсын мал азығы тапшылығынан қауіпсіздендіреді. Ауылдар алма-кезек жұтамайтын болады.
  2. Жастарды жұмыспен қамтиды. Жастар елге оралады. Еңбек өтілінің  түзіліп, қартайған шағында зейнетке шығу мүмкіндігінің нақтылануы олардың болашаққа деген сенімін арттырады.
  3. Ауылға жан кіріп, күлкі оралады.
  4. Тұрмыс пен жұмыссыздыққа байланысты қалаларда туындауы ықтимал әлеуметтік шиеленісті сейілтеді.
  5. Ауылдың мал өсіру мүмкіндігі кеңейіп, тұрмысы түзеледі. Мәселе қазіргідей жемшөпке емес, еңбекке келіп тірелуі керек.
  6. Шаруа қожалықтары ұқсата алмаған, ел көшкен соң иесіз қалған егістік жерлер қайта айналымға кіреді.
  7. Шаруашылық жұмыскер-қызметкерлері үшін (бұрынғы совхоз сияқты) тұрғын үйлер салады. Қазіргі жағдайда жекелеген адамдар мен шаруа қожалықтары ауылға енді қайтып үй салмайды. Ауыл өздігінен құриды. Бұл мемлекеттің араласуынсыз бұдан былай ауылдың келешегі жоқ дегенді білдіреді. Сондықтан шегінерге жол жоқ.
  8. Жемшөп, үй-жай мәселелері шешіліп тұрса, шетелдерден оралатын қандастар солтүстік облыстарға ынтамен қоныстанып, сіңісіп кетеді.
  9. Солтүстік аймаққа көшіре алмай жүрген оңтүстіктің жастары да ойланып, қауырт қозғала бастауы мүмкін.

Көпжылдық шөп мол өнім беретіндіктен, мал азығының өзіндік құны арзандайды. Бұл ауыл тұрмысының тез көтерілуіне әкеледі.

Мен мемлекеттің қаржы тапшылығын еске алып, әуелі 10 тәжірибелік мал азығы шаруашылықтарын құруды ұсынған едім. Олардың үшеуін жабылған Қазыбек би ауданында (ұлы адамның атамекені, ел-жұрты тозып кетті, исі қазақ оның аруағына ұятты), төртеуін Ресеймен, үшеуін Қытаймен шекарадағы аудандарда. Мәселенің көкейкесті екеніне көз жеткен соң, реформаны одан әрі өрістету керек. Бұдан қаржы аяуға болмайды. Аталған шаруашылықтарды құруды техникасы аз, мал азығы тапшылығын көріп отырған ауылдық округтерден бастаған жөн.

Түсіндіру қиын болып тұр

        Бүгінде жоғары биліктегілер түсіне алмай жүрген екі мәселе бар.

Біріншісі: «Америка, Батыс Еуропа сияқты дамыған елдерде халықтың 4-5  пайызы ауылда тұрып, мемлекетті азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Қазақстанда да солай болуы тиіс» деген жаңсақ ұғым. Шешуші фактор – қолайлы табиғат, оның ішінде су екенін түсінбейді. Ол елдерде жерасты суы мол. Өсімдік тамырымен қажетінше ылғал алып тұрады. Аспаннан да жауады. Сондықтан мол өнім береді. Ал Қазақстанда боз даланы 100 метр қазсаң да, су шықпайды. Қар суы мен аспаннан қанша ылғал түседі, соның көлеміңде ғана егін, шөп алады. Жердің құнарын да су «жасайды». Ол елдерде ылғал көп болғандықтан, өсімдіктердің өлген тамырлары мен жерүсті қалдықтары шашау шықпай, қара шірікке (гумусқа), яғни органикалық тыңайтқышқа айналады. Ал Қазақстан жағдайында өсімдік қалдықтары шірімей, сол құрғақ (клетчатка) күйінде жатады. Күн сәулесімен ыдырап, ұсақталып, дауылдарда ұшып кетеді. Сондықтан жер байымайды. Аталған елдердегідей мол өнім бермейді. Осыны пайымдауға өресі жетпеген үкімет ауылдардың жаппай көшуін ақтап,  Қазақстандағы 18 миллион халықтың 5 пайызы қалса да жеткілікті деп есептейді. Тамақтың 70-80 пайызын шетелден тасып ішіп отырғаны қаперінде жоқ. Сол дамыған елдердің адамдарын бүгінгі Қазақстан билігі істеп отырғандай «өз күніңді өзің көр» деп, қазақ даласына қоя берсе қоңыз теріп кетер еді.

        Екіншісі: Үкіметтің ауыл тұрғысындағы теріс ұстанымы және урбанизация туралы.

Мен «Қазақстан дәуірі» газетінде ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару туралы «Айсбергті айналып өткісі келмеген кеме суға кетеді» деген жетінші мақалам шыққан соң (2019 жыл), «жаңа» президент Қ.Тоқаевтың атына арнайы хат жазып, газеттің екі данасын жолдадым. Президент әкімшілігі ол хат пен газеттерді ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдапты. Министрлік маған қайтарған көлемді жауабында (05.07.2019 ж. №1-20-10 (12665) ВК-ТЖ-Р-1608) аталған ұсыныстарым туралы «Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құруға қатысты» деген арнайы тақырыпша беріпті. Онда мал азығын өңдірудің қазіргі деңгейі мен алдағы жоспарларын айта келіп: «… Сонымен қатар министрлік қажетті есептерді енгізген жағдайда мемлекеттік мал азығы бойынша шаруашылықтарды құру тұжырымдамасын қарастыруға дайын», – депті. Содан бері үкіметте бұл тұрғыда қозғалыс болмаған соң, тағы да арнайы хат жазып, ілгеріде айтқан тоғыз мақаланы президент Қ.Тоқаевтан бастап, өкіметтің бес тармағына қайыра жолдадым. Президент әкімшілігі, парламенттің қос палатасы мен үкімет оларды тағы да ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдап, жауап беруді тапсырыпты. Министрлік жауап қайтарып (16.11.2020 № 2-1-1) ЖТ-Р-100), аталған ұсыныстар туралы: «… Сонымен бірге жемшөп өндірісі бойынша мемлекеттік шаруашылықтарды құру жөніндегі мәселе қолданыстағы нарықтық саясатқа және «еркін, саламатты бәсекелестік» үшін жағдайлар жасауға жауап бермейді», – депті. Бірінші вице-министр А.Сапаров қол қойған. Ал алғашқы хатқа министр С.Омаров өзі қол қойған. Бір министрліктен екі түрлі жауап. Министр С.Омаров жағдайды түсініп отыр. Бірақ лауазымы одан жоғарылар мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру нарықтық саясатқа қайшы деп, «иығынан басып» қойған. Үкімет мал азығын халыққа тегін таратпайды ғой. Ақшасына сатады. Қала халқын нанмен қамтамасыз еткендей. Жұмыс жоқ. Сонда 1 миллионы шаруа қожалығы маңайында, 1 миллионы көшіп кетті дегеннің өзінде, қалған 5 миллион ауыл бұқарасы малына азықты қайдан алуы керек? Үкімет халыққа осы газет арқылы жауап берсін. Осы сұрақты президент аппараты, парламент, үкімет, ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер біріне-бірі неге қоймайды? Қала халқына азық-түлікті кім өндіреді?

Біліксіз үкімет жекешелендіруден бергі 25 жылда осыны талдап түсіне алмай, ауылдың шырқын бұзып, малын жемшөптен қағып, жаппай қалаға көшуге мәжбүр етті. Мұны урбанизация деп, бірін-бірі жұбатып жүр. Бірлі-жарымдап ерсілі-қарсылы көшіп жатса, ол – урбанизация, өзіндік көшу. Ал біржақты, жаппай көшіп жатса – ол жерде әлдебір жайсыздық бар деген сөз. Ол – жұмыссыздық, күнкөрістік мал өсіру үшін жағдайдың жоқтығы, мал азығының болмауы. Мен өзім де осы себеппен сондай ауылдардың бірінен қаланың шетіне көшіп келіп отырмын.

Осылайша «бос қалған жерге ие бол» деп орыстарды (Ресейді), жалға сұра деп Қытайды өзіміз шақырып отыр емеспіз бе?

            Құрметті академик!

Сіз ашық хатыңызда «Қазақстанның бренді астық, сүт болуы керек» деген екенсіз. Мен тәжірибелі ауыл тұрғыны болғандықтан, сәл толықтыра түсейін. Бренд – астық, ет – сүт болуы керек. Себебі тек қана сүт өндіруден түсетін табыс ауыл тұрғындарының күнкөрісіне жетпейді. Астықтың өзіне есеппен, сын көзімен  қараған дұрыс. Орталық, шығыс аймақтарда көптеген егістік жерлер жел эрозиясына ұшырап, бетінде қиыршық тастар ғана қалған. Біз келер ұрпаққа зақымданбаған, бүтін жер қалдыруымыз керек.

Сіз ауыл туралы жаныңыз күйіп: «Қысқаша айтсам, қазір халқымыздың 1/3 бөлігі кедейшіліктің күнін көруде. Әсіресе ауылда. Бәріміз де ауылдан шықтық, ауылға барсаң жүрегің ауырады, кедейшілік пен бір дәрменсіздік байқалады», – дейсіз.

Ауылдың күнкөрісі – мал өсіру ғана. Бірақ ауылда сенімді, жоспарлы түрде ешкім мал азығын өндірмейді. Толық «хаос». Шөп қасқалдақтың қанындай. Аз болған соң қымбат. 3-4 сиыры бар отбасы не істейді? Шөпті сатып алмаса малы өледі. Малын сатып жіберсе өзі өледі. Жұмысы жоқ отбасы шөпке  ақшаны қайдан табады? Азығы қымбат болған соң, малдан табыс жоқ. Өзін-өзі ақтамайды. Бірақ елмен араласпайтын, зерттемейтін, сұхбаттаспайтын үкімет осыны түсінбейді. Тіпті президент аппараты, парламент, үкімет болып, бастарын қосып, істеген істері мен ұстанып келген бағыттарының дұрыс-бұрыстығына талдау жасап, талқыламайды да. «Отписка» жазады.

«Біз өзі қайда бара жатырмыз? Бізді қайда апара жатыр?» – дейсіз. Біз келдік. Көзімізді ашсақ – құздың жиегінде тұрмыз. Бізді осында алып келді. Сіздің көп сұрағыңызға жауап «Жас Алаштың» (№4, 14.02.2021 ж.) сол 3-ші бетінде, ашық хатыңызбен қатар басылған режиссер Ермек Тұрсыновтың «Олар мемлекет. Біз елміз. Ажырасуға рұқсат жоқ» деген мақаласында тұр. Сол сұмдық эссені биліктегілер оқымайды ғой. Ай, оқымайды-ау! «...Қазақстаннан халық кетіп жатыр. Бірақ ең жаманы – көшу туралы шешімді ең алдымен ең ақылды адамдар, болашағынан үміт беретін жастар, іс білетін мамандар қабылдап жатыр. Сонда бұл мемлекетке өзі қандай адамдар керек?» – дейді. Өнер адамы болған соң, олармен араласып тұрады ғой. 2018 жылы – 74 мың, 2019 жылы – 45 мың, 2020 жылы 100 мың адам  шекара асқан («Қазақстан дәуірі», №8 25.02.2021 ж.). Бұл – ұлттың сапалы бөлігі «жоғалуға» бет алды деген сөз. Олардың ұрпақтарының көбі қазақ болып қайтып үйірге қосылмайды. Ал «кете алмайтындардың» әңгімесін үлкендер, біз де естіп жүреміз. Үкімет жаппай аштық басталып кетпеу үшін тұрмысы төмен отбасыларға 24 мың теңге жәрдемақы төлеп отыр. Одан көпке қаржысы жоқ, бәлкім. Пайызсыз кредит ұсынады. Бірақ жұмыссыз халықтың оны қайтаруға да шамасы жоқ. «Аштан өлгеннен алысып өлген артық» дейді. Содан кейін түзеліп кетерміз деп үміттенеді.

«Үріп ішіп, шайқап төгіп» отыратын мүмкіндігіміз болып еді.

«… Шыңдығында, біз ұтылдық. Өз елімізді ұтысқа тігіп,  ұтылып қалдық», – дейді режиссер Тұрсынов.

 Бұдан артық айту мүмкін емес.

Тегтер: ашық хат экономика қоғам әлеумет

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 09:18
Тілі 7-бапқа байланған ел
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.05.2021, 07:41
Билік транзиті болмады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 12.05.2021, 07:03
Ким қазақты қайтсін...
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 15:28
Өзін «ақпын» деп ресми тілде ақталған Жоламанова қазақ тілін менсінбей ме?!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 11:39
Мұхтар Түменбай: Бұл әзілдейтін нәрсе емес!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 10:08
Риддердегі өрт: полиция тергеу бастады

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06