Дэн Сиопин. Шалдардың саясатқа араласуы жақсылыққа апармайды

Бар атақ-даңқты бір адамға жапсыра беру оны түбінде күлкі етеді

Рахым АЙЫПҰЛЫ

14.06.2021, 19:25

1853

Дэн Сиопин экономикалық реформаны жылдам әрі табанды жүргізгенімен, саяси реформаға келгенде ерекше сақтық танытты. Себебі саяси реформа биліктің ұшар басындағылары үшін өзі отырған бұтақты кесумен бірдей болатын. Кеңес Одағындағы саяси реформа осыны көрсетті. Бірақ Қытайдағы саяси жүйе экономикалық дамуға мүлде сәйкеспей қалып еді. «Өзі де шығайын деп тұрған көз еді» дегендей, Қытайдың саяси жүйесі адам аярлық бейшара күйде болатын. Ол тек билікті зорлықты диктатура және жағы сембейтін үгіт-насихат машинасы арқылы ғана ұстап тұрды. Ода заң дейтін заң, түзім дейтін тәртіп те жоқ. Дэн Сиопин осы жағдайды түбірімен өзгертуге бел байлады. Бірақ оның бұл талпынысы экономикалық реформадай сәтті бола қойған жоқ. Солай да ол бұл жақтан да белгілі табыстарға жетті.

1980 жылдың күзінде Дэн Сиопин Италия тілшісі Орияна Фарасиге берген сұхбатында тілші одан: «Мәдениет төңкерісі сияқты қателіктерден қалай сақтануға болады?» — деп сұрайды. Дэн Сиопин оған: «Мәселені заң-түзімнің салтанат құратындай ету арқылы мәселені шешуге болады. Біз қазір осыған дайындалып жатырмыз» — деген болатын. Және осы мезгілде ашылған ҚКПоК саяси бюросының кеңейтілген мәжілісінде Дэн Сиопин: «Сталин социалистік заң-түзімді мейлінше ойрандады. Мао Цзэдуң жолдас Кеңес Одағындай өз халқына сотсыз, сұрақсыз қырғын салу Англия, Франция, Америка қатарлы батыс елдерінде атымен болмайды деп айтқан болатын», — дей келіп, Мао Цзэдуңның осы мәселені түсіне тұра іс жүзінде заң-түзім салтанат құратын қоғам құруға талпынбағандығын сынға алды. Мәдениет  төңкерісі секілді 10 жылдық аласапыранның ащы сабағы заң-түзімді аяққа таптаудың салдары екендігін ашына айтты.

Шынында, мәдениет төңкерісінде адамдар заңның бар екендігін аздап болса да қаперде ұстаса, мемлекет төрағасы Лиу Сяочиді тобыр белсенділердің қан көшеде ат сауырына салып азаптап өлтіру сияқты тарихи трагедия болмас еді. 1954 жылы ҚХР тұңғыш Конституциясы қабылданғанда осы конституцияға қол қойған Лиу Сяочидің өзі бүкіл мемлекеттік халық құрылтайының биік мінбесінен ҚХР адам құқығының қалай қорғалатындығын таусыла түсіндірген болатын. Ол өз өміріне қауіп төнген сәтте де сол сенімнен ажырамаған сияқты. Оны қызыл көз белсенділер ортаға алып, азаптап жатқан тұста қолына осы Конституцияны алып, өзін қорғауға әрекеттенді.  Ол белсенділерге: «Мен ҚХР төрағасымын, сендер менің жеке басыма қалай қарасаңдар да өз еріктерің. Бірақ мен өзімнің мемлекет төрағасы салауатымды қорғауға тиіспін. Сонымен бірге, мен ҚХР толыққанды азаматымын. Сендер неге мені сөйлетпейсіңдер? Біздің Конституциямыз әрбір азаматтың кісілік құқығын қорғауға арналған. Конституцияны аяққа таптау түптің-түбінде заңмен қудаланады» -  деп айқайлап еді. Конституция мен заңдарға пысқырып та қарамайтын сол дәуірде қалың тобыр оны бәрібір азаптап өлтірді. Соның алдында ғана оның 70 жасқа толар мерейтойының қарсаңында Мао Цзэдуң бастаған топ оны мәңгілікке партия қатарынан шығарғандығын жариялаған болатын. 1969 жылдың 12 қарашасында Қытайдың Хынан өлкесі Кайфың қаласында оның мүрдесін пешке жақты. Ол туралы толтырған хаттамада оны жұмыссыз адам деп жазыпты. Осының бәрін Дэн Сиопин ҚХР Конституция мен заңдардың іс жүзінде жұмыс істемейтіндігімен түсіндірді. Ол: «Біздің өткендегі барлық қателіктеріміз кейбір басшылардың ой-санасындағы таным-түсініктің саяздығымен тікелей байланысты екендігі шындық. Бірақ, оның түп-тамыры заң-түзімнің жоқтығында жатыр. Егер бізде кемелді конституция мен заңдар болғанда жаман адамдар ойына келгенін істей алмас еді. Кемелді заңдар болмаса өмірде жақсы адамға да орын жоқ. Тіпті оны жаман адамға айналдырып жіберуі де мүмкін» — деп қорытты. 1980 жылы ол Қытайдың саяси өміріне жан-жақты талдау жасау арқылы мынаған көз жеткізді. Мұнда құқықтық жүйе қатты бүлінген. Ал мемлекеттік құрылымдарда отағасылық пен билік тағында мәңгі отыратын жағдай қалыптасқан. Әрине, мәңгі отыру-отырмау жөнінде де Қытай Конституциясында және ҚКП жарғысында еш нәрсе жазылмапты. Осылай кете берсе мәдениет төңкерісі сияқты саяси дүрбелеңдер қайта туындауы мүмкін. Халықтың саналы бөлігінің санасындағы мынадай сұрақтарға Қытай билігі жауап беруге дәрменсіз екен: капиталистік түзімдегі мемлекеттер табысты шешіп отырған мәселелер не себепті социализмде шешімін таппайды? Бұл сұрақтың жауабы қазірше басы ашық күйде қалыпты.

Конституция мен заңдар арқылы қоғамдық қарым-қатынасты реттеу мен моральдық-идеологиялық жақтан мәселені шешудің жер мен көктей айырмашылығы бар. Егер заңдар салтанат құрып, мәселелер түбірінен заңмен реттелетін болса, онда мәселе түпкілікті шешіледі. Оның жалпыға бірдей міндеттілік, орнықтылық және ұзақ мерзімдік мызғымастық қасиеті бар. Дэн Сиопин Мао Цзэдуң дәуіріндегідей саяси науқандармен мәселені шешуге түпкілікті қарсы болды. Ол оның мынадай 4 түрлі зарбады болатынын жіпке тізіп берді:

  • Бірінші. Өз басынан әлденеше рет саяси дүрбелеңді бастан кешірген халық саяси қозғалыстардан шаршайды;
  • Екінші. Мұндай саяси қозғалыстар бір бөлім адамдардың өмірін ойрандайды және одан зардап шегетіндердің қатары аз болмайды;
  • Үшінші. Саяси науқандар адамдардың назарын бөліп, алаңсыз тірлік, қарқынды құрылыспен айналысуына мүмкіндік бермейді;
  • Төртінші. Тарих дәлелдегендей жалпыхалықтық қозғалыстар арқылы қазіргі конституциялық құрылымға реформа жасау мен жаңа жүйені қалыптастыру да ешқашан табысты болған емес.

Конституциялық құрылымдағы қателіктерді түзету тек салиқалы саяси реформа негізінде ғана мүмкін болады. Төңкерістер, саяси толқулар тек қана мемлекет пен халыққа апат әкеледі. Бірақ көп жағдайда билік құрылымдарының қате шешімдері мен тоңмойын саясаттары осындай төңкерістер мен саяси толқуларға итермелейді. Сол себепті Дэн Сиопин қандай қиындықтар болса да, саяси реформаны қалай да жүргізу керек деп шешті. Онсыз экономикалық реформа да сәтті болмайды. Дау жоқ, осындай саяси тұжырымдар Қазақстан билігіне де мықты сабақ болуға тиіс.

Шешуші мәселе — билік құрылымы реформасы

1957 жылы Дэн Сиопин ҚКПоК секретариатының бас хатшысы болып тұрған кезінде мынадай бір мәселені ортаға қойып: «Қытайда ең үлкен қателікті кім жасайды? Ол, дау жоқ, ҚКП» — деген болатын. Шынында, билігің қанша шексіз болса, жауапкершілік те соншалық. Бақылаусыз биліктің қателікке оңай бой алдыратындығы да талассыз аксиома.

1980 жылдары іс жүзінде ең жоғарғы билікті қолына алған Дэн Сиопин: «Әр саладағы саяси реформалардың шешуші кілті партия мен мемлекеттің билік құрылымы реформасы болуға тиіс» -  деген болатын. ҚКП миллиардтан аса халықтың саяси өмірінің өзегіне айналғалы да отыз жылдан асыпты. Сол себепті саяси реформаны ең алдымен билік басындағы осы партиядан бастауға тиіс. Егер өзіңді-өзің реформаламасаң, тек басқалардың сені төңкеріс арқылы құлатып тастауын күткеннен басқа шара жоқ. 1980 жылы 18-тамызда Дэн Сиопин орталық комитет саяси бюросының кеңейтілген мәжілісінде өзінің: «Партия мен мемлекеттің билік құрылымдарына реформа жасалуы тиіс» — деген әйгілі сөзін жариялады. Оның бұл сөзі Қытай саяси реформасының бағдарламалық шешімі болып қабылданды. Ол жаңа ғана толықтай өз қолына өткен мемлекеттік машинаға жүйелі талдау жасап, партия мен мемлекеттің билік құрылымдарын, кадрлық құрылымдарын терең талдай отырып, ондағы 5 үлкен кемшілікті басына ұрып, атап берді:

  • Бірінші. Партия мен мемлекеттің саяси өмірінде ішкі саясат пен сыртқы саясатта жалпы беттік үстемдік құрған, адамдар ендігәрі төзуге болмайтын бюрократиялық құбылыс белең алған.
  • Екінші. Жеке адамның билеп-төстеуі. Әр дәрежелі билік тармақтарының ұшар басында отырғандар жеке дара шешім қабылдайды. Жекеге табыну мен жеке адамдардың партия ұйымдары мен мемлекеттік мекемелерден жоғары тұруының кесірінен партия ұйымдары мен мемлекеттік мекемелер жекелеген адамдардың қолжаулығына айналған. Сол себепті ақсақалдық пен отағасылық басқару түзімі үстемдік құрған.
  • Үшінші. Билік шамадан тыс орталықтанған. Барлық билік әр дәрежедегі партикомдардың қолына шоғырланған. Парткомның билігі белгілі бір адамның қолына көшкен. Жоғарыдан төменге қарай басқарудың қатаң және қарабайырлығы соншалық, төмендегілердің тыпыр етіп қозғалуына, тіпті еркін тыныстауына мүмкіндіктері болмайтын деңгейге жеткен.
  • Төртінші. Мемлекеттік билік іс жүзінде ғұмыр бойы отыратын орын таққа айналған.
  • Бесінші. Әр дәрежедегі билеушілер адам төзгісіз қолайлылықтар мен ерекше құқықтарға ие болып алған.

Дэн Сиопин мұндай кемшіліктердің феодалдық басқару түзіміне негізделгендігін, оны болдырмаудың ең басты тетігі партия мен мемлекеттің басқару түзіміне түпкілікті реформа жасау арқылы жетуге болатындығын тілге тиек етті. Сол арқылы заңдық тұрғыдан партия мен мемлекеттің саяси өмірін демократияландыру, экономикалық басқаруды демократияландыру, ең ақырында тұтас қоғамдық өмірді демократияландырып, осы замандандыру құрылысын табысты жүргізуге мүмкіндік алуға болатындығын қадап айтты.

1980 жылдардың басында Дэн Сиопин билік құрылымдарына реформа жасаудың қажеттілігі мен уақытының пісіп-жетілгендігін жариялап, ҚКПоК бастап, бірнеше сәтті реформаны жүргізуге мүмкіндік алды. Мысалға, партия орталық комитеті секретариатын құрып, партия төрағасы деген лауазымның күшін жойды. Орталық комитеттегі негізгі басшылардың қосымша мансаптарын түгелдей жойып, биліктің жекелеген адамға шоғырлануын тежеді. Сондай-ақ орталық комитеттің тәртіп тексеру комитетін құрып, партия ішіндегі тәртіпті күшейтсе, орталық ақылшылар комитетін құру арқылы билікке кенедей жабысқан шал-шауқандарды ҚКПоК күнделікті жұмыстарынан қол үзуге мәжбүр етті. Бірақ 80-жылдардың ортасына келгенде экономиканың қарқынды дамуына байланысты саяси реформаның экономикалық реформадан көш кейін қалып қойғандығы тағы да айқын байқалды. Егер осылай жалғаса берсе, экономикалық саладағы қол жеткен жетістіктері де селге кетері даусыз еді. 1986 жылы Дэн Сиопин түрліше орындарда саяси құрылым реформасының мақсаттары мен әдістері жайлы жалықпай айтумен болды. ҚКП 13- кезекті құрылтайының қарсаңында Дэн Сиопин саяси реформаға байланысты мынадай үш түрлі жобаны ортаға қойды:

  • Бірінші. Партия мен әкімшілік мекемелер және тұтас мемлекеттік құрылымдардың қызметін жандандыруды басты мақсат ету керек;
  • Екінші. Бюрократиялық кедергілерді жойып, жұмыстың өнімділігін арттыру екінші кезектегі мақсат болуға тиіс;
  • Үшінші. Негізгі сатыдағы кадрлар мен жұмысшылардың, диқандардың, интеллигенцияның белсенділігін арттыру үшінші кезектегі мақсат болуға тиіс;

Оғанжетудің мынадай үш түрлі әдісі бар:

  • Бірінші. Партия ұйымдары мен әкімшілік құрылымдарды бөлу;
  • Екінші. Билікті жергілікті орындарға беру;
  • Үшінші. Мемлекеттік құрылымдарды қысқартып, штатты тежеу.

Бірақ, бұл мақсаттар ішінара ғана орындалды. Әсіресе, партия ұйымдары мен әкімшілік құрылымдарды бөлу күні бүгінге дейін жүзеге асқан жоқ. Си Цзиньпин бастаған ҚКП бесінші ұрпақ билеушілері бұл жағдайды одан бетер асқындырып жіберді. Дейтұрғанмен, ішінара болса да, табысты орындалған саяси реформа ҚКП Кеңес Одағы компартиясының кебін құшудан аман сақтап қалды.

Билікті орталықсыздандырып, жергілікті орындарға беру

Биліктің орталыққа шамадан тыс шоғырлануы жергілікті билік құрылымдарының белсенділігін тежеп, басқару құрылымдарына да ерекше ебдейсіздік тудырған болатын. Бұл ең алдымен биліктің әр дәрежелі партия ұйымдарына шоғырлануының кесірі еді. Сол себепті партия ұйымдары мен әкімшілік құрылымдардың өкілеттілігін бөлумен бірге орталық пен жергілікті орындардың қатынасын реттеу, әкімшілік құрылымдар мен кәсіпорынның қатынасын реттеу, мемлекет пен жеке адамдардың қатынасын реттеу, мемлекет пен қоғамдық орындардың қатынасын реттеу арқылы билікті қайта бөліске салып, экономикалық құрылымдар мен шығармашылық одақтың еркін қанат жаюына мүмкіндік берілді.

ҚКП билікке келген күннен бастап, отыз жыл бойы билікті өз қолына жинаумен және орталықтандырумен айналысып келіпті. Бірде бір рет билікті бөлісу жайлы сөз болмаған екен. Бұл реткі билік бөлісі дәстүрлі билік құрылымының жанды жеріне ши жүгіртумен бірдей болатын. Әрине, дәстүрлі кербақпа күштер аталған реформаның табысты жүруіне айтарлықтай кедергі жасады. Соған қарамастан, ҚКП 13-кезекті құрылтайы билік бөлісінің басты принципін айқындауға қол жеткізді. Қорыта айтқанда, төменгі сатыға немесе жергілікті орындарға беруге болатын және жергілікті орындар өз жағдайына қарай оңтайлы шеше алатын барлық билікті төменге беру керек. Олар өздері шешім жасап, өздері атқарсын. Есепті жергілікті халық құрылтайлары мен партия комитеттеріне беретін болсын. Орталықтың міндеті басты бағыттар мен саясатты айқындап беру және оның атқарылуын бақылау. Қарапайым халықтың тірлігін бұқаралық ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдары заң бойынша шешетін болсын. Әрине, Дэн Сиопиннің билік құрылымдарын орталықсыздандыру реформасы айтарлықтай табысты болды. Бірақ, оның асыл арманы, ізгі мұраттары толықтай жүзеге асқан жоқ. Себебі билікті жанына балайтын жат пиғылды билік иелері аталған реформалардың толықтай атқарылуына мүмкіндік бермеді. Оның үстіне адам құқықтарының аяққа тапталуы, бір партиялы биліктің бақылаусыз тірлігі, түптеп келгенде, коммунистердің туада бар зағип қасиеттері мәселені түпкілікті шешуге мүмкіндік берген жоқ. Төменде Дэн Сиопиннің саяси реформасының табысты тұстарына ғана бір-бірлеп тоқталамыз.

Құрылымдарды ықшамдап, штатты қысқарту

Саяси құрылым реформасының басты мақсаттарының бірі билікті орталықсыздандырып, төменге беру болғандығын жоғарыда айттық. Дэн Сиопиннің жанына қатты батқаны аталған реформаның өзінің коммунистері тарапынан шынайы қолдау таппай, үнемі кедергіге ұшырап отырғандығы. Билікті төменге беру әр дәрежелі партия және әкімшілік құрылымдарының мүддесіне кереғар тірлік. Ал тапсырманы орындап, жұмысты атқаратын да солар. Сол себепті сен мына жақтан билікті таратып жатсаң, аналар оны жинаумен әлек болып жатады. Не істейсің? Дэн Сиопиннің қолданған әдісі сондай әкімшілік құрылымдардың өзінің көзін жойып, таратып жіберу болды. Тек жұмыс істемей, керісінше, жұмысқа кедергі болатын мемлекеттік мекемелерді салық төлеушілердің есебінен асырап қажеті қанша? «Молда көп болса, қой арам өледі» дегендей, бастық көп болған соң, қой өздігінен қырылады екен. Олардың араласпайтын ісі, тұмсығын сұқпайтын жері жоқ. Дэн Сиопиннің енді оларға үйлеріңе қайтып, өзіңді дұрыстап басқарып ал дегенінен басқа жол қалмады. Шынында, Қытайдың әкімшілік құрылымы сол дәуірде қазыналық түсімнің мардымсыздығына қарамастан, шамадан тыс далиып кетіпті. Семіздіктен жарылуға шақ тұр екен. «Қытайдың әкімшілік құрылымдары» атты кітаптың өзі есімде қалуынша, кірпіштің қалыңдығындай болатын. Сол кездегі бір ауданның түрлі әкімшілік құрылымдарындағы адам саны мың алты жүзден асып жығылатын. Бұл тек тұрақты әкімшілік құрылым штатындағылардың саны. Ал орталықтағы министрліктер мен  агенттіктердің қызметкерлер саны адам шошырлық. 1979 жылғы санақ бойынша бүкіл Қытайдағы партия ұйымдары мен әкімшілік құрылымдағы қызметкерлердің саны екі миллион жеті жүз тоқсан мыңнан асатын. Ал 1988 жылға барғанда бес миллион төрт жүз отыз бес мыңға жетіп, он жылға жуық уақытта бір есе көбейген. Бұл Қытайда халық санының өсуінен әлеқайда көп еді. Демек, Қытайдың он жылғы экономикалық табысын қазынадан айлық алатын мемлекет қызметкерлері жұмсап жіберді деуге болады. Әкімшілік құрылымдардың көптігі қазынадағы қызыл цифрлардың артуына әкеп соқты. Мемлекеттік әкімшілік құрылымдардың шығыны бүкіл мемлекеттік қазыналық кірістің 40% құрады. Ал кейбір өлкелерде 65%, ал басым көпшілік аудандарда 80-90% асып жығылатын. Бүкіл Қытайдағы 2100 ауданның 55% астамы дотациямен күн көрді. Ол да жетпегендіктен, мемлекет тарапынан берілетін кедейлерді сүйемелдеу, жоспарлы туу, төтенше жағдайларға берілетін ерекше қаржы көздерінде  әкімшілік шығындар ретінде жұмсап жіберу әдетке айналды. Ал олар айлығын ғана алып, қарап отырса жақсы ғой, қосымша табыс тапсам деп, басқа байлық көздеріне де қол салатын. Миллиардтаған адамның қарнын тойдыру мұң болып отырғанда, Қытайдың сол кездегі өндіріс жағдайында алып бюрократиялық жүйені асырау одан да қиынға түсті.

Бұл тек ақша жағы ғана. Одан да сорақысы, көжедей көп мемлекеттік мекемелердің өкілеттілігі де айқын емес болатын. Сол себепті бір қағаз айлап-жылдап мекемеден-мекемеге жолданып, ең соңында аяқсыз қалатын. Адамның көптігі, нақты жауап беретін адамның жоқтығы жұмыстың сапасын қалжыратып жіберетін. Екінші жағынан олар жұмыс істемесе де болар еді, ал олардың істейтін жұмысы билікке таласып, адамдарға кедергі жасау, кәсіпорындарға жұмыс істетпеу, олардың белсенділігіне қол сұғу, қалтасына қол салу, мұны соңы тұтас халық шаруашылығын туралатуға әкеп соқтыратын. Ұзақ жылдар бюрократиялық қызмет әдісіне еті үйренген жасамыс қызметкерлер жастарға да орын бере қоймайтын. Егер осылай кете берсе, барлық реформа, дау жоқ, су аяғы құрдымға кетіп, тұтас мемлекетті күйретіп тынар еді.

Осындай жағдайда Дэн Сиопинде құрылымдарды ықшамдап, штатты қысқартудан басқа таңдау қалмады. Бұл шын мәнінде бір реткі төңкеріспен парапар еді. Себебі миллиондаған адамдардың тұрақты жалақыдан қағылып, жылы орындарымен қоштасуына тура келді. Соның есебінен әкімшілік құрылымдардың үштен бірі, қызметкерлердің төрттен бірі қысқартуға ұшырады. Мұнда оларды басқа кәсіптерге баулып, басқа жол табуына мемлекет көмектесті. Ал зейнет жасына таяп тұрғандарды мерзімінен бұрын зейнетке жіберді. Кейбір аса жоғарғы лауазымдағы ықпалды тұлғаларды қолында нақты билігі жоқ атақ-дәрежелер беріп, биліктен алыстатты.

Бұл жерде мына бір жағдайды айта кету керек. Кемел жастағы немесе жас мемлекеттік қызметкерлер жайдан-жай билік орындарына таңдалмаған. Олардың басым бөлігі жоғары білімді және өз ісінің шеберлері саналатын. Тек орталық аппараттарда нақты істермен айналыспаған соң, қымбат уақыттарын босқа өткізіп жүргендердің санатында еді. Олар кәсіп ауыстырып, өндіріс және басқа да кәсіпорындарға барған соң, өз қарым-қабілетімен жұмыстарын дөңгелентіп әкетті. Тіпті кәсіпкерліктен жоғары лауазымды саяси орындарға оралғандар да аз болған жоқ. Демек, Дэн Сиопин реформасы оларға шынайы мүмкіндіктер сыйлады.

Дэн Сиопиннің штатты қасқарту реформасы негізінен қарттарға, науқас адамдарға, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүретін жалқауларды ығыстырып шығаруға бағытталды. Әрине, штаттың аздығынан кемел жастағы, өз ісін жақсы білетін қызметкерлерді де қысқартуға мәжбүр болды. Қытайда мемлекет қызметкерлері мемлекеттің қымбат байлығы саналады. Сол себепті миллиондаған жоғары білімді мамандарды бірден далаға лақтырып тастау да мүмкін емес еді. Сол себепті мемлекет олардың басым көпшілігін мемлекет иелігіндегі өндіріс орындарына орналастырып, өз мамандықтары бойынша дамуына мүмкіндік берді.

Жас келсе – іске!

Дэн Сиопиннің құрылым реформасының мақсаты билікке жан бітіріп, басқару өнімділігін арттыруды көздейтін. Партия мен мемлекеттік машинаның дөңгелегі қайткенде тез айналады? Оның жолы біреу ғана – билікке жастарды әкелу керек. Бұл жерде мына аса бір маңызды мәселе туындайды. ХХ ғасырдың 80-жылдары билікке қайта оралған өзі қатарлы осы республиканы құрысқан қарт кадрларды қайда қою керек? Олар бір кездері Дэн Сиопиннің ең сенімді қолдаушылары болды ғой. Дэн Сиопин бұлар туралы мемлекеттік қызметкерлердің зейнетке шығу түзімін заңмен бекіту арқылы сәтті шеше алды. Бұдан бұрын саяси биліктегілердің зейнетке шығуы жайлы мәселе қойылып көрмепті. Адамдардың санасына берік орнаған Қытайдың ескі дәстүрлі көзқарасы бойынша адамның жасы ұлғайған сайын даналығы арта түседі-мыс. Тіпті ХХ ғасырда ескі дәстүрлі көзқарасқа жаңа бір тармақ қосылды. Ол – коммунизм құру жолында ақтық демі таусылғанша қызмет ету. Бұл коммунистердің ең ұлы төңкерістік мұраты саналуға тиіс. Ал аталған төңкерісшіл қауым толарсақтан қан кешіп жүріп, осы республиканы құрысқандар ғой. Қисынға салсақ, оларды ақтық демі үзілгенше биліктен қууға ешкімнің хақысы жоқ. Билікке әбден құнығып алған осы топ өз еркімен билікті бере қоймайды. Тағында ғана өлуге пейіл. Міне, бұл Мао Цзэдуңнан қалған билеуші элитаның саяси логикасы. Республика құрылған алғашқы жылдары мұндай мәселе атымен болған жоқ. Себебі, ол кезде төңкерістің жеңімпаздары дерлік 40-50 жаста ғана болатын. Сол үшін бұл мәселе ешқашан күн тәртібіне қойылған емес. Енді міне, Дэн Сиопиннің алдынан шығып отыр. Дэн Сиопин бұл туралы: «Біз, қарт жолдастар, аман тұрғанда ізбасар мәселесін дұрыстап шешіп кетуге тиіспіз. Егер біз жер басып жүрген кезімізде бұл мәселені дұрыстап шешпейтін болсақ, бізден кейінгі жағдай, дау жоқ, былығады», деу арқылы оны коммунизмнің ізбасарларының қазірден дайындау керек деген биік стратегиялық деңгейге көтеріп түсіндірді. Және ол адамның қартаятындығын және дау жоқ өлімнің дәмін тататындығын айта келіп: «Мен сіздердің ұзақ жасауларыңызға тілектеспін. Бірақ, бұл өмір заңдылығы ғой», — деп жастарға орын берудің өмір заңы екендігін таусыла түсіндірумен болды. 1980 жылдан бастап орталықтағы және жергілікті жердегі негізгі басшылардың қосымша міндеттерінен айыру арқылы босаған орындарға жас және орта жастағы жаңа тұлғаларды тағайындап, қарт кадрларды ығыстырудың алғашқы табыстарына қол жеткізді. Мысалға, премьер-министр кейін ҚКПоК бас хатшысы болған Жау Цзыяң сол орайда 4 жыл бойы партияның төрағасы, орталық әскери істер комитетінің төрағасының және премьер-министр қызметін қоса атқарып келген Хуа Гопиннен премьер-министр қызметін өткізіп алған болатын (Жау Цзыяң 1989 жылы алаңға шыққан студенттерге жанашырлық білдіріп, қару қолдануға қарсы болғаны үшін биліктен шеттетілген). Әрине, мұндай әдістердің ауқымы тым тар болды және қарт кадрлар орын босатуға асыға қоймады. Жағдайды тездетіп шешу үшін 1982 жылы Дэн Сиопин құрылым реформасын жүргізіп, қызмет орындарын қысқарту арқылы біраз қарт кадрларды ығыстырып шығарды. Сол арқылы қолынан іс келетін көптеген таңдаулы жас кадрларды билік тармақтарына тартуға мүмкіндік алды. Осымен бір уақытта мемлекет қызметкерлерінің зейнетке шығу түзімін заңмен белгілеп, жасы жеткен қарт кадрларды зейнетке жіберіп, әзер құтылды. Бұл жерде бір мәселенің басын аша кету керек. Адамдар не себепті билікке құмартып, тас кенедей жабысып, айырылғысы келмейді? Гәп биліктегілердің түрліше артықшылықтарды пайдалана алатындығында. Сол себепті Дэн Сиопин зейнетке шыққан кадрларды қызметтік пәтер, көлік, көмекші, денсаулығын бақылайтын арнайы дәрігер қатарлы мүмкіндіктерден айырған жоқ.  Әрине, мұндай шаралар мемлекетке қосымша шығын әкелері даусыз. Бірақ қарт кадрлар жастарға орын беріп, олардың жұмысына килікпесе, өзіне қарсы саяси күшке айналмаса — Дэн Сиопиннің есебі толық.

Ізбасар таңдаудың да өзіне тән қиындықтары болмай қалған жоқ. Дэн Сиопиннің ойынша ендігі ізбасарлар кәсіби, білімді және қайраты қабындаған жас болуға тиіс. Мәдениет төңкерісінде тәрбие көргендерді мүмкіндігінше билікке жолатпаған жөн. Себебі олардың санасы ұр да жық науқаншылықпен әдбен уланған және сол заманның кесірінен дұрыстап білім де алмаған. Мұндайлар билікке келсе — мемлекетке сөз жоқ қауіпті болатындығын әлденеше рет ескерткен еді. Дэн Сиопиннің сол қаупі 31 жылдан кейін шындыққа айналды. Қытайдың бүгінгі басшысы Си Цзиньпин дәл сондай тұлғалардың бірі. Оның соңғы жылдары жүргізген солшыл саясаты Қытайды 40 жылдан бергі ең ауыр қиындықтарға душар етіп отыр.

Бұл жерде бір мәселенің басын ашып алуға тиіспіз. Дэн Сиопин жастарды өсірді дегенде олардың бәрі уылжыған жас, бүлдіршіндей бала екен деп ойлауға болмайды. Бұл жердегі жас деген ұғым саяси тұлалар үшін арналған салыстырмалы ұғым. Мысалға, Дэн Сиопин 1982 жылдан 1987 жылға дейінгі 50 мың кадрды негізгі саты, орта және жоғары билікке жұмысқа тартты. Ал олардың көбі 50 жастан төмен, 40 жастың айналасындағы кемеліне келіп, толысқан буын болатын. Әрине, олардың ішіндегі өте аз сандағы адамдар ғана орталық биліктің табалдырығын аттауға мүмкіндік алды. Онда да екінші, үшінші орындағы орын таққа жайғаса алды. Оларды кемі 3-5 жыл, ұзақ болғанда 7-8 жылдан кейін ғана сынақтан өткендерін құзыретті министрліктердің орын тағына өсіріп отырды.

Бірінші басшының да жеке-дара шешім жасауына болмайды

Бұрында айтқанымыздай, мәдениет төңкерісі аяқталғаннан кейін басшылық стилінде бірінші басшының билеп-төстеуі әдетке айналған болатын. Биліктің ұшар басында отырғандар өзін партия ұйымдары мен мемлекеттік билік құрылымдарының иесі санайтын. Аталған құрылымдар биліктегі жеке адамдардың меншігі, құралына айналып, олар өзін отағасындай сезініп, барлық істерге бір өзі шешім жасайтын. Осы кемшіліктерді түзеу үшін Дэн Сиопин ұжымдық басшылық түзімді ойлап тапты. Ұжымдық басшылық дегеніміз — демократиялық орталықтандыру түзімі. Маңызды мәселелерде азшылық көпшілікке бағыну принципі қолданылып, бір адамның, тіпті ол бірінші басшы болса да, айтқаны есеп болмайтын жағдай қалыптастыруды мақсат етті. Дэн Сиопин осы жобаны жүзеге асыру мақсатында партия жарғысы мен заңдары аясында аталған қағиданы шегелеп бекітуге тырысты. ҚКП 12-кезекті құрылтайында партия жарғысына өзгеріс енгізу арқылы партия төрағасы лауазымын күшінен қалдырып, бас хатшы лауазым енгізу арқылы алғашқы жүріс жасады. Мао Цзэдуңның партияны ұзақ уақыт бойы билеп-төстеп, жеке басқа табынуды қалыптастыруы, оның бет-беделі мен билігі төрағалық лауазымымен тікелей байланысты еді. Ал бас хатшы — ол да маңызды билік. Бірақ ол дәрежелес көп хатшының ішіндегі бірінші орында тұратын адам. Оған қоса, партияның шешім қабылдау құрылымы мен атқару құрылымының ара-жігін айқын ажырату, мысалға, бас хатшы мен ол тікелей жетекшілік ететін секретариаты тек қана саяси бюро шешімдерін атқаратын құрылым, онда өз бетінше шешім жасау билігі болмайды. Аса маңызды саяси шешімдерді тек қана орталық комитеттің саяси бюросының тұрақты комитеті ғана шығара алады. Секретариат ортақ  талқылап қабылданған шешімдерді ғана атқарады. Орталық комитет саяси бюросының тұрақты комитетінің мүшелерінде бір ғана билет бар. Бас хатшы да шешім жасауда басқалардан артықшылыққа ие емес. Бір ғана билетпен қатыса алады. Ұжымдық басшылық дегенде де «өз алдына би болған өңкей қиқымның» кебін кимеуге тиіс. Оның да басшылығы бар: орталықта — бас хатшы, жергілікті орында – бірінші хатшы деген сияқты. Күнделікті өмірде оларға басты жауапкершілік жүктеледі. Бұл ұжымдық басшылықты сылтау етіп, адамдардың жауапкершіліктен тайқып кетпеуі үшін қажет.

Ху Яубаң мен Жау Цзыяңдар бас хатшы болып тұған кездерде Дэн Сиопиннің партия ішінде ешқандай ресми лауазымы болған жоқ. Ол тек бас жобалаушы деп аталды. Солай бола тұра, не себепті оның жобалары мен шешімдері басты рөл атқарды? Себебі ең жоғары шешім жасайтын құрылымда ол бірінші орындықта отырмаса да, оның атақ-абыройы, партия ішіндегі ықпалы айтарлықтай салмақты болды. Ерекше маңызды мәселеде орталық комитет саяси бюросының тұрақты комитеті ортақ шешімге келе алмағанда айналып келіп сол кісіге жүгініп отырды.

Дэн Сиопин толық биліктен кетіп, үшінші ұрпақ ұжымдық басшылық тобы сайланғаннан кейін, Дэн Сиопин оларға мынадай саяси тапсырма берген болатын. «Әрбір ұжымның өз ұйытқысы болуға тиіс. Ұжымда ұйытқы болмаса, оған сенім артуға болмайды. Мысалға, Мао Цзэдуң партиямыздың бірінші ұрпақ басшылық тобының ұйытқысы болды. Екінші ұрпақ басшылық ұжымының ұйытқысы іс жүзінде мен болған шығармын. Ендігі басшылық ұжымында да бір ұйытқы болуы керек» деп тапсырды. Себебі ұжымдық басшылықтың да өз кемшіліктері болатын. Мұнда қазақы ұғымға салсақ, «сен саларда, мен салар – атқа жемді кім салар?!» деген сияқты билікке әркімнің де таласы бар, бірақ жауапкершілікті ешкімнің де өз мойынына алғысы келмейтін жағдай қалыптасуы мүмкін. Сол себепті Дэн Сиопин маңызды мәселеде ұжымдық шешім жасау, нақты мәселеде жұмыс бөлісі мен жауапкершілікті айқындау әдісін қолданды. Сөйтіп, ешкім жауапкершіліктен қашып құтылмайтындай жағдай қалыптастырды.

Партия ішіндегі тартыс ағайын арасындағы айтыс сияқты болуға тиіс

Мао Цзэдуңның дәуірінде партияның идеологиялық бірлігін қалыптастыруда үнемі «екі түрлі бағыт-бағдардың күресі» деген ұғымды жиі қолданатын. Мұнда Маоның өзі ылғи да дұрыс бағыттың өкілі салауатымен көзге түсетін. Егер оның жолымен жүрмесең, оның қуаттамасын қолдамасаң – онда оп-оңай қарсы бағыттың өкілі саналып, жазаға ұшырайтынсың, саяси карьераң сол сәтте-ақ құрдымға кететін. Сол себепті жатсаң-тұрсаң көсемге бас ұрып, оны қолдауға мәжбүр болатынсың. Екі түрлі жол, екі түрлі бағыт болған соң, онда ымыраға келу деген болмайды. Кезінде төрт кісілік топ Маоның осы саяси тәсілін шебер пайдаланып, өзіне кедергі болады-ау деген тұлғалардың бәрін Маоның саяси қарсыластары ретінде бағалап, биліктен аластатып отырды.

1980 жылдардың басынан бастап Дэн Сиопин партия тарихындағы ақ пен қараны айқындап, әр нәрсені өз атымен атауға талпынғанда дәл осы мәселемен бетпе-бет келді. Бұрын Маоның саяси қарсыласы саналып, теріс ағымның өкілдері ретінде сипатталған тұлғалар түгелге жуық нақақ жазаланып, обалды шешімдердің құрбаны болыпты. Онда маршал  Лин Биао қатарлы саяси төңкеріс жасауға талпынғандарды қайда қоямыз деген сұрақ та қабырғасынан қойылды. Бұл туралы Дэн Сиопин: «Лин Биао және төрт кісілік топ өкілдері қылмыстары дәлелденген қара ниет қаскүнемдер. Олар заңмен жазаланды. Бірақ олардың өзі де басқа бір саяси ағымның өкілдері болған жоқ. Сол себепті қандай қателік өткізді — солай ғана бағалануға тиіс. Оларды екі түрлі бағытпен саяси ағымдардың өкілдері ретінде қарастыруға болмайды. Ендігәрі мұндай ұғым қолданыстан шығарылады», — деп кесіп айтты.

Екі түрлі бағыт-бағдар, екі түрлі саяси ағым деген — бұл тек ұғымдық тұрғыдан қолданылса бір сәрі, оның саяси зардаптары трагедиялық салдарларға ұрындыратын. Саяси бағыт-бағдарларға қате және дұрыс деген таңба басылатын болғандықтан, күллі партия мүшелері бұл жайлы көзқарасын ашық мәлімдеуге мәжбүр болатын. Мұндайда кім ұлы көсемді қателікке қия алады? Көсемдікі қате болса да дұрыс, дұрыс болса да дұрыс. Ал оған ізгі ниетпен пікір айтқан адамдардың бәрі де жазаға тартылады. Тіпті саяси өлімдермен аяқталады. Бұл коммунист көсемдерінің өз саяси бәсекелестеріне қоланатын ең қатыгез тәсілі. Сол коммунистердің шекпенінен шыққан диктаторлар да өз саяси қарсыласын үнемі өлімге байлайды. Ал ешкім пікір айтпаған партия, дау жоқ, қателікке ұрынады, құлайды. Ондай диктаторлар үшін партия өзі билік басында тұрған кездегі меншікті құрал ғана, өзі өлген соң, партиясы құламақ түгілі, мүрдем қапсын, оған бәрібір.

Егер дені сау партия болса, партия ішінде пікір алауыздығы болуы заңды құбылыс. Күрестер мен айтыс-тартыстар да болып тұрады. Бірақ оған жаулық пиғылмен қарау, тек күн көсемнің қас-қабағын бағу қателіктерді одан бетер асқындыра түседі. Дэн Сиопин партия ішіндегі пікір алауыздығын жаулыққа балаудан саналы түрде бас тартты. Ол партия ішіндегі тартыстарда партия жарғысы негізінде жөнге салуды жөн көретін. Дэн партия ішіндегі басқа саяси ағымдарды ұстанушыларды олар тек заң жүзінде қылмыскер атанбаса болды, олардың соңына шырақ алып түсіп, көзін құртуды мақсат тұтпайтын. Ары кеткенде оларды биліктен кетіретін, қателігі айтарлықтай ауыр болса партиядан шығарып, өз жөніне жіберетін. Олар билікте немесе партия қатарында болмаған соң, олардың қандай саяси бағыт-бағдар ұстанатындығы оған қызық болмайтын. Мұндай ұстаным адами құндылықтарға жақын, либералды және пенденің жеке басына зардап келтірмейтін.

1978 жылдың соңында Дэн Сиопиннің билігі бекемделе түскен шақта ол бірінші кезекте төрт кісілік топты қаралаудың саяси науқанын дереу доғаруға бұйрық берді. Ендігі шаруа олардың ісін құқық қорғау органдарына тапсырып, ашық сот арқылы қылмыстарын дәлелдеу. Сол үшін істің байыбына бармайтын қарапайым халықты шулатудың қажеті шамалы деп білді. Ал сол төрт кісілік топтың сойылын соғып, солардың қолдауымен билікке келгендерді билік тармақтарынан тұтастай аластап, қылмыс жасағандарын сотқа жөнелтті. Бұлай жасау жалпы халықты аттанысқа келтіріп, оларды қаралап-жалалаудан әлдеқайда өнімді еді.

Ол Мао тағайындаған ізбасарлары, «екі әйтеуіршілермен» күресте ерекше ұстамдылық және ақылдылық танытты. Дэн Сиопин оларды асығып-аптықпай, ақырындап биліктен тайдырып отырды. Олар билікте қалған күнде де, еш нәрсе ықпал ете алмайтын әйкелге айналды. Соңында өз еркімен биліктен кетуге мәжбүр болды. Және оларды биліктен тайдыруда бет-бедел, атақ-абыройына нұқсан келмес үшін оларды өз еркімен биліктен кететіндей жағдайға жеткізді. Ал олардың биліктен кету жөніндегі өтінішін арнайы қарап, заңға сәйкес шешім шығарып отырды. Мысалға, бір кездері партияның төрағасы болған Хуа Гопин Дэн Сиопиннің билікке қайта оралуы кезінде және мәдениет төңкерісінің қателіктерін жоюға бағытталған шаралары кезінде көптеген кедергілер жасағаны көпшілікке аян. Бұл шынында қылмысқа парапар қателік. Бірақ ол төрт кісілік топты жоюда ерен еңбек сіңірді және Дэн Сиопиннің билікке қайта оралуы кезінде өз келісімін берді. Оның білім-білігінің, қарым-қабілетінің жеткен жері сол. Бірақ, адам ретінде қара ниет қаскүнем деуге келмейтіндігін Дэн Сиопин жақсы білетін. Сол себепті оны биліктен кетірген кезде бұрынғыдай «партияға, социализмге қарсы элемент» деген сияқты ат қойып, айдар таққан жоқ. Тіпті оның соңына шырақ алып түсіп, сары ізіне шөп салған да жоқ, қайта оны басында саяси бюроның мүшелігіне, кейін орталық комитеттің мүшелігіне дейін төмендетті. Дэн Сиопин өмірден өткеннен кейін де, Хуа Гопин орталық комитеттің мүшелігінен зейнетке шығып, қарттық өмірін алаңсыз өткерді. Әрине, саясаткер ретінде Дэн Сиопин өз қарсыластарына тым мейірбан, кеңқолтық болды деуге келмес, бірақ ол бір партия ішіндегі саяси күрес өліспей беріспейтін күрес болады деуден аулақ болды. Қолыңнан келсе, өз қарсыласыңды биліктен кетір, одан әрі оның тамырына балта шауып, өмір сүру құқығынан айырудың қажеті жоқ деп білді. Артықша қысастық, қолды қанға бояу, түптің-түбінде өзіне, болмаса ұрпақтарына таяқ боп тиерін айқын сезетін. Дэн Сиопин өзі ерекше сенім артқан екі бірдей ізбасарымен болған арақайшылық кезінде басы артық дау-дамайға барған жоқ. Дэн Сиопин оларды буржуазиялық иедологиямен күресте дәрменсіз болды, ой-сананы еркіне жіберді деп кінәлады. Оларды биліктен кетірерде «мансаптан босатылды» деген сияқты қатқыл терминдерден гөрі «өз еркімен жұмыстан босатылды» деген сияқты либерал терминдерді қолданды. Ху Яубаң партияның бас хатшылығынан «өз еркімен» кеткенімен, саяси бюроның мүшелігін сақтап қалды. Ал Жау Цзыяң Тиан Ан Мын қырғынында студенттерге жанашырлық білдіріп, қару қолдануға қарсы болғандықтан, «партияны бөлшектеді» деген ауыр айып тағылды. Бірақ Дэн Сиопин оны биліктен кетіргенімен, ол жүргізген экономикалық және саяси реформаларды теріске шығарған жоқ. Және оған табанды болуды дәріптеді. Егер ол екеуінің саяси бағыт-бағдарын сын тезіне алғанда Дэннің саяси қарсыластары оның ондаған жылдан бергі жүргізген дұрыс саясатын түбірімен теріске шығаруға дайын отыр еді. Дэн ол екеуінің саясат пен экономикадағы шұғылалы жетістіктерін жоғары бағалай отырып, реформа мен сыртқа есік ашу саясатының жалғастылығын, саяси өмірдің тұрақтылығын сақтап қалды.

Билікпен ың-шыңсыз, сәтті қоштасу

1978 жылдың соңындағы ҚКП 11-кезекті орталық комитетінің үшінші жалпы мәжілісінде Дэн Сиопин іс жүзінде ең жоғары билеуші дәрежесіне көтерілгеннен кейін оның билігі мен атақ-абыройы үздіксіз өсіп отырды. Осымен бір уақытта ол билік сахнасындағы мансабынан біртіндеп бас тарта бастады. 1980 жылы ол премьер-министрдің орынбасары мансабымен қош айтысты. 1981 жылы партия төрағасының орынбасары қызметінен бас тартты. 1987 жылы партия орталық комитетінен шегінді. Ал 1989 жылы ең соңғы мансап баспалдағы — орталық әскери істер комиетінің төрағасы қызметімен қош айтысып, толығымен зейнетке шықты. Мұндай стратегиялық шегіністі кез-келген саясаткер оңайлықпен жасай алмайды, оның маңызын түсініп те жетпейді. АҚШ-тың 37-президенті Ричард Никсон: «Дэн Сиопиннің дәл мұндай биліктен ың-шыңсыз табысты түрде біртіндеп шегінуі қандай типтегі билік үшін болса да, ерекше құбылыс болды. Тіпті дамыған елдердің өзінде де билік ауысу тартыссыз аяқталған жоқ. Мысалға,  Францияда Шарль Де Голль өз ізбасары Жорж Помпидудің билікке келуіне қарсы болды. Англияда  Уинстон Черчилль өз ізбасары Энтони Иденге қарсы шықты. Германияда Конрад Аденауэр өзінің ең іскер қаржы министрі Людвиг Эрхардқа күн көрсетпеген болатын»  — деп  еске алады.

Дэн Сиопиннің әр реткі шегінісі табысты түрде бір реткі ілгерлеу болатын. Былайша айтқанда, ол шегініс жасау арқылы ілгерлеп отырды. Ілгерлеу барысында шегініс жасап, ілгерлеу мен шегіністі сәтті тоғыстыра білді. Өз басым жоғарыда Ричард Никсон айтқан саясаткерлер де шегініс жасаудағы кеңдік пен дархандық кемшіл болды деп ойлаймын.

1980 жылдың күзінде Қытай мемлекеттік кеңесінің кадрлық құрамында үлкен өзгеріс орын алып, Хуа Гопин, Дэн Сиопин, Ли Шианниан, Чын Юнь, Шүй Шиаңчиан, Уаң Жын, Уаң Рыңжуң және Чын Юньгуй қатарлы 8 ақсақал бір уақытта мемлекеттік кеңестің құрамынан шегініп шықты. Дэн Сиопин мұны биліктегі ақсақалдардың қосымша міндеттерінің көптігі, жүгінің ауырлығы биліктің тым орталыққа шоғарландыруын шешу үшін қажет болды деп түсіндірді. Мұның ішінде биліктен өз еркімен кеткен Чын Юньгуйден басқасы мемлекет кеңесіндегі міндетінен бас тартып, басқа мансабын сақтап қалды. Дэн Сиопин 1977 жылы билікке қайта оралғаннан кейін өз мансабын бір рет те өсірген жоқ. Аталған мансаптың өзін Маоның тірі кезінде өзі берген болатын. Тіпті Мао берген партияның бірінші орынбасар төрағасы  деген мансабын да қайтып алған да жоқ. Ол көрер көзге Хуа Гопин, маршал Ие Жианиңнен кейінгі үшінші орыннан көрінетін. Бұл рет ол премьердің орынбасар мансабын өз еркімен тапсырғанда партия төрағасы Хуа Гопиннің премьер-министр мансабын тапсыруы да заңды көрінді. Және партияның басқа да жоғары лауазымды ақсақалдарының үкіметтегі өзінің қосымша мансабын тапсыруы ешқандай талас тудырған жоқ. Бірақ Хуа Гопин мансабы осы жолдан кейін үздіксіз құлдырай берді де, кейін партия төрағасы деген мансап жойылғанда, ол мүлде жұмыссыз қалды. Дэн Сиопиннің бұл реткі шегінісі Маоның ізбасарларын биліктен толық шеттетіп қана қоймай, реформаға кедергі болып жүрген шал-шауқандарды да өзімен бірге ала кетті. Мұндай шегіністі данышпандық демей, не дейміз?!

1981 жылдың маусым айында Хуа Гопин партия төрағалығынан және орталық әскери істер комитеті төрағалығынан «өз еркімен» босатылғанда Қытайдағы ең жоғары биліктің символына айналған осы орынға өз кешірмелері, атақ-даңқы, қабілет-қарымы және сіңірген еңбегін бағалағанда басым көпшілік бұл орынға Дэн Сиопин ғана лайықты деген тұжырымға келді.  Бірақ Дэн Сиопин бұл орыннан саналы түрде бас тартып, партияның төрағалығын Ху Яубаңға берді де, өзі әскери істер комитетінің төрағасы болды. Ал орын тақ кезегінде Ху Яубаң мен Ие Жианиңнен кейінгі сол баяғы үшінші орынға жайғасты.

Адамдардың бәрі Маоның ізбасарларын биліктен аластатудағы ең басты еңбек Дэн Сиопинге тиесілі екендігін жақсы білетін. Міне, Хуа Гопин мансаптан кеткен соң, саясаттың заңы бойынша бұл орынға Дэн Сиопин бару керек еді. Бірақ Дэн Сиопин бұл орынға өзінен әлдеқайда жас басқа адамдарды ұсыну арқылы Маоның ізбасарларымен күресудің мақсаты өзінің солардың билігін көздеп отырмағандығын жұртқа әйгілеу, әрі күрестің мақсаты партия мен мемлекеттің болашағы мен тағдырына қатысты болғандығын дәлелдеу еді. Егер Дэн Сиопин іс жүзіндегі ең жоғарғы орын таққа жайғасқанда, оның жұрт алдындағы образы мен абырой-беделі, дау жоқ, төмендейтін еді. Оның осы бір шегінісі басқа шалдарға да игі ықпал жасады. Ол өзінің осы әрекетін: «Біз, шалдар, базардан қайтып бара жатқан адамдармыз, сол себепті жастарға орын беріп, ізбасарларды осы бастан дайындауымыз керек» — деп түсіндірді. Хуа Гопин биліктен кеткенде Дэн Сиопин 80 жасқа толған болатын. Былайша айтқанда, сексеннің сеңгіріне шыққан өлмелі шал. Ол мансапқа қайта оралысымен-ақ, ғұмыр бойы отыратын орын таққа жанымен қарсы болды. Және осы бір ескі феодалдық әдетті жою үшін жан сала күресті. Егер осы жолы ең жоғарғы орын таққа өзі жайғасып алғанда, басқаларға «зейнетке шығыңдар» деп не бетімен айтады? Дэн Сиопиннің бұл жолғы шегінісінен соң, басқа шалдарға шегінбеуге жол да қалмаған болатын.

Дэн Сиопиннің бұл жолғы стратегиялық шегінісі оған саяси және экономикалық реформада басты стратегиялық маңызды мәселелерді кеңінен ойлауға мол мүмкіндік берді. ҚКП 12-құрылтайынан кейін ол партия мен үкіметтегі барлық мансабынан бас тарту арқылы Ху Яубиң мен Жау Цзыяңды алдыға салып, өзі перде артында жағдайды үнсіз бақылап отырды. Бірақ, ол армияны өз қолынан шығарған жоқ. Тарихшылар оның осы шешімі өте ақылдылық болды деп есептейді. Себебі кейінгі саяси толқулар кезінде, әсіресе, Тиан Ан Мын қырғыны кезінде ол осы мансабынан пайдаланып, жағдайды бақылаудан шығарған жоқ және саяси-қоғамдық жағдайды қалыпты арнаға түсіруге мүмкіндік алды. Бірақ ол өзі: «Менің бұлай істегенім шын мәнінде табысты болған жоқ (билікті перде артына тұрып басқарды,  билікті уысынан шығарғысы келмеді» деген сияқты алып-қашпа сөздерді меңзеп отыр) — деген болатын. Бірақ, «былай істесем, табысты болар еді» деп те айта алған жоқ.

1987 жылы ҚКП 13 құрылтайында Дэн Сиопин орталық комитет мүшелігінен шегініп,  орталық әскери істер комитетінің төрағасы лауазымын сақтап қалды. Сонымен бірге ол ҚКП мен ҚХР құруда ерен еңбек сіңірген барлық шал-шауқанды биліктен толығымен шеттетуге қол жеткізді. 1985 жылдың өзінде билік басында санаулы ғана шалдар қалып еді. Бұл жолы сол ең соңғы топты да өзімен бірге ала кетті. Ол құрылтайдағы сөйлеген сөзінде өзінің орталық әскери комитетін басқарғынымен, орталық комитет пен мемлекеттік кеңестің күнделікті тірлігіне араласпайтындығын ашық мәлімдеді. Бірақ осы реткі құрылтайдың бірінші жалпы мәжілісінде: «Дэн Сиопин жолдас партия орталық комитеті саяси бюросының тұрақты мүшелігінен бас тартқанымен, ол кісінің партия мен мемлекеттің ең шешуші маңызды шешімдер кезіндегі рөлі өзгеріссіз қалады. Партия мен мемлекетке ол кісі әлі де керек» — деген күлкілі шешім қабылдады. Біздегі «Президент маңызды кадрлық шешімдерде Елбасымен ақылдасып отырады» деген сияқты.

Дэн Сиопин партия ішіндегі Маоның ізбасарлары, «екі әйтеуіршілдерден»  құтылғаннан кейін, реформаның ең басты кедергісі өзінің байырғы қолдаушылары қарт коммунистер болғандығын терең сезінетін.  Оларды өзінің көзі тірісінде толығымен биліктен кетірмесе, кейінгі буынға үлкен кедергі болатындығын дұрыс бағамдаған ол қарт коммунистерді топ-тобымен биліктен шеттетіп отырды. Әрине, сол барыста өзі де біртіндеп шегініс жасады. Дэн Сиопиннен басқалардың көбісі биліктен кетісімен өз ықпал-күштерін бірден жоғалтатын. Ал Дэн Сиопин өз ізбасарларын шынайы реформаторлардан таңдап қойғандықтан, өзі биліктен кеткен 30 жылдан астам уақыттан бері оның жобалары мен идеялары өзінің өміршеңдігін жойған жоқ. Тарих  ҚКП оның жолынан ауытқыған күні қырсыққа тап болатындығын осы күндердегі Қытай қоғамының шындығы айқын дәлелдеп отыр.

Дэн Сиопин саясат сахнасынан біртіндеп көрінбей кетуді армандады

1988 жылы 5-қыркүйекте сол кездегі Чехословакия президенті Густав Гусакты қабылдағанда өзінің біртіндеп саясат сахнасынан көрінбей кетуді армандап жүргендігін ашық айтқан болатын. Тарихта билеушілердің көбі, әсіресе, диктаторлар өле-өлгенше таққа кенедей жабысып, айырылмауды армандайтын. Дэн Сиопин не себепті биліктен кетуді армандады? Абырой-беделдің тым асқақтап кетуі саясаткер үшін ауыр жүк екені даусыз. Сол себепті тамшылап жинаған беделін шелектеп төгіп алмай тұрған кезде жолын тапқаны жөн болатындығын Дэн Сиопин ойлап жете алды. Ал бұдан да маңыздысы оның  биліктегі салмағының тым ауырлап кеткені партия мен мемлекетке тікелей зиян тигізе бастаған еді.

1984 жылы Дэн Сиопин айналасындағыларға өзі туралы басы артық  қолпаштауларды жаны сүймейтіндігін ескерткен болатын. Және ол: «Бұл менің кішіпейілсінгендігім емес, бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне саятын аса маңызды мәселе» — деп түсіндірді. 1989 жылы ол Гонконгта өзіне «қастандық жасалыпты, науқастанып, хал үстінде жатыр екен» деген сияқты қауесеттердің кесірінен құнды қағаздар нарығында күрделі жағдайдың қалыптасқандығын естіп-білді. Ал көптеген мемлекеттер өздерінің Қытайға қаратқан саясатын оның денсаулығы мен өлі-тірілігіне қарай өзгертіп отыратындығына да көз жеткізді. Мұндай саяси салмақ кісіні мансапқа мастандырып жіберуі әбден мүмкін. Бірақ Дэн Сиопин осы жағдайдан қауіп етіп, ерекше қобалжыды. Ол бір елдің тағдырын бір-екі адамның абырой-беделіне телу қуанарлық жағдай емес, тіпті ерекше қауіпті іс деп ойлады. Осылай кете берсе, ол өзі өмірден кеткен соң, бұл ел жібі үзілген батпырауық сияқты белгісіз әлемге бағыт алуы мүмкін. Мұндай жағдайда шет елдіктер дипломатиялық қарым-қатынастарды қайта реттей бастайды. Ал қарапайым халық мына шал кеткен күні дүние төңкеріліп түседі, саясат өзгереді деп алаңдайды. Мүмкін билікте таққа таласқан қырқыс басталады. Бұл мемлекет пен жеке адам үшін де үлкен трагедия. Дэн Сиопин мұндай трагедияның басты жауапкершілігінің өз мойнында қалатындығын, сол себепті одан ертерек бой тасалау керек екендігін жақсы түсінді.

Бой тасалаудың ең басты тәсілі – өзі жер басып жүрген кезде, алжымай тұрған, ақыл-есінің дұрыс шағында билікпен ертерек қоштасу керек деп шешті. Заң салтанат құрып үйренбеген конституциясы мен заңдары оп-оңай құбылып отыратын шығыс дәстүріндегі елде биліктің ұшар басынан аман-сау төмендеу оған шығудан онша жеңіл бола қоймайды екен. Дэн Сиопиннің биліктен шегіну арманына күмән келтірмесек те, әйтеуір бір нәрсе кеткізбесін кеткізбес қып, етегінен тартты да отырды. Бұл оны қатты ыңғайсыз жағдайда қалдыратын. Ол ғұмырлық мансапта отыратын жүйені өзгерткенде өзі де бір адым артқа шегініп отырды. Бірақ ол бәрібір де ең соңынан кетуге мәжбүр болатын. Ол осы бір жүйе алмасудың өлара шағында биліктің ауысуын бақылауға, жүйенің жалғастылығы мен орнықтылығына кепіл болуға мәжбүр болды. 1980 жылы Италия тілшісі Орияна Фараси: «Сіз биліктен қашан кетуді жоспарлап жатырсыз?» — деп сұрағанда, ол: «1985 жыл» — деп жауап берді. Дэн Сиопин 1985 жылы қарттардың бәрі биліктен кетіп, толығымен жастар келеді. Одан соң менің де билік басында қалғаным жарамайды деп ойлаған шығар. Бірақ өмір шындығы олай болмады. 1986 жылға келгенде ол өзі уәде еткен мерзімнен бір жыл өтіп кеткен болатын. Америкалық журналист Майк Уоллес Дэн Сиопиннен биліктен қашан кететінін тағы сұрағанда, ол 1987 жылы шақырылатын ҚКП 13 құрылтайын меңзейді. Дэн Сиопин адамдардың оның биліктен қалуы мен кетуіне соншалықты дәрежеде маңыз беретіндігіне ерекше назар аударды. Біреулер оны биліктен ертерек кетіп қалса екен деп армандайды. Ал біреулер билікте қала тұруын айтып, «сіз кетсеңіз бүкіл Қытай қоңыз теріп кетеді» дегендей емеурін білдіреді. Әрқайсының өз қисыны бар. Сол себепті ол ҚКП 13 құрылтайында орталық комитет құрамынан шегініп, әскери істер комитетінің төрағалығын сақтап қалу арқылы күнделікті жұмыстан толығымен қол үзіп, біртіндеп көрінбей кетудің алғашқы қадамын жасады.

Ол биліктен жартылай кеткеннен соң, көп өтпей Тунисте саяси өзгеріс орын алды. Тунис ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, өзін «Тунистің өмірлік президенті» атаған Хабиб Бургиба 1987 жылы 7-қарашада биліктен тайдырылды. Сол кездегілердің еске алуынша, Дэн Сиопин Тунистегі жағдайға ерекше мән беріп қадағалапты. Көңіл-күйі алай-дүлей болып, мазасыз күй кешті деседі. Ол Хабиб Бургибаның тағдырынан мына бір шындыққа көзі жеткізіп, былай деген болатын: «Шалдардың саясатқа араласуы жақсылыққа апармайды. Хабиб Бургиба Тунистің ұлт-азаттық қозғалысының көсемі еді. Абырой-беделі де асқақ болатын. Бірақ ол ізбасар мәселесін ойласпады. Сол себепті басқалар оның ізін басуға мәжбүр болды». Салыстырмалы түрде айтқанда Дэн Сиопин кәнігі саясаткер ретінде Тунис президентінен әлдеқайда ақылды болды. Ол сонау 80 жылдардан бастап ізбасар мәселесімен ден қоя айналысты. Ал Бургиба тақтан тайған 1987 жылдың өзінде бұл үрдіс толық аяқталмапты. Ойланбаса, асықпаса, болмайды екен. Ал сонда үзілді-кесілді қашан кеткені жөн? Хабиб Бургибаның сабағы Дэн Сиопинге алжымай тұрғанда, аман-сау кеткеннің жөн екенін ұқтырды. Егер алжып қателік өткізсе, абырой-беделім бар екен деп, аузына келгенін айтып отырса, халықтың одан теріс айналарына дау жоқ. Ал оны біреулер пайдаланып, өзін жарға итеріп жіберуі де мүмкін. Дэн Сиопиннің өз айналасындағыларға жоғарыдағы ойларды еркін айтып отыруы оның әлі де алжи қоймағандығының белгісі еді. Шынында, ол сол кездегі барлық коммунист көсемдерден сергек және ақылды болды. Әрине, өзінің ес-ақылы дұрыс, денсаулығының барында биліктен кетіп құтылуы керек. Ізбасарлардың да әуселесін байқап көруге мүмкіндік алады, сыннан өткен саясатының да сабақтастығын сақап қалады. Тіпті түк істемесе де, дені сау, қақшаң қағып халықтың алдында көрініп жүрсе, басқалардың да көңілі тоқ жүреді. Ең ақылды шешім де – осы.

Сұңғыла саясаткер ретінде ол түпкілікті биліктен кету үшін өзі жобалаған саясаттың кемесі бағыттан адаспай, межелі мақсатына қарай жылжып отырса, тіпті өзінің мүлде қажеті болмайтын болса, кейінгілер де сол бағыттан айнымаса, оған билікте отырып қажеті қанша?!

 Кейінгі жағдай ол ойлағаннан мүлде басқа болып шықты. Ол жоғарыда айтқанымыздай 1987 жылдан кейін биліктегі күнделікті шаруаға мүлде араласпаймын деп ойлаған, бірақ 1989 жылғы саяси дүрбелең оны бәрбір саяси сахнаға қайта алып шықты. Бұл туралы Дэн Сиопин: «Мұндай саяси дүрбелең ерте ме, кеш пе, әйтеуір келетін еді. Ертерек келгені кеш келгеннен жақсы болды. Біз, шалдар, жер басып жүргенде келгені тіптен жақсы болды. Біз мұндай дауылды тосып қала алдық. Әйтпесе, аталған дүрбелеңнің мәнін айқындаудың өзі қиынға түсер еді» — деген болатын. Жағдай орныққан соң, 3 ай өткенде Дэн Сиопин биліктен түпкілікті кетуге бел байлады. Ол өзіне ешқандай мансап-атақ қалдырмауын қатаң қадағалады. «Бірақ жұмыстарың болып, іздеп жатсаңдар – есігім ашық. Көмек көрсетіп, ақыл-кеңес беруден аянып қалмаймын» — деді. Ол шынында солай ойлаған шығар. Ендігәрі еш нәрсеге бас қатырмаймын, ешнәрсеге араласпаймын деп өзіне серт бергендей көрінген. Бірақ 90-жылдардың басында солшыл күштер қайта бас көтеріп, реформа кері кетті. Экономика құлдырап, халық тұрмысы нашарлай бастады. Жағдайдың күн санап күрделенуі оның ұйқысын қашырып, төзімін тауысты. Екі жылдан аса өз үйінде тығылып жатқан ол реформаны тағы бір рет жөнге салуға бел байлап, оңтүстік аймақтарды көзден кешіру арқылы өзінің әйгілі тарихи сөзін жариялады. Адамдар ол туралы ұмыта бастағандай еді. Оны шын мәнінде саяси сахнадан біржолата кетті деп ойлаған. Оның бұл жолғы тіл қатуы және мәселені қан-сөлін сорғалатып, жеріне жеткізіп айтуы Қытай сынды алып кемені тағы бір рет құрдымға кетуден аман сақтап қалды. Осыдан соң ол шын мәнінде бәрінен кетіп, Дэн Сиопин дәуірі тарихқа айналды.

Кішіпейілділік пен ақылдылық

1989 жылдың қыркүйек айында Дэн Сиопин өзінің ең соңғы мансабы орталық әскери істер комитеті төрағасы қызметін тапсырып, саясат сахнасынан қол үзді. Ол жаңа бір ұрпақ басшылық тобына өз өсиетін айтып, өзінің мансаптан кетуін үлкен науқанға айналдырып, дабыра қылмауды, өзі жайлы мақтау-мадақтарға мүлде тыйым салуды, өлгенде жаназасын барынша қарапайым етіп өткізуді қадап тапсырды. Ол: «Маған баға беруде артық мақтауға бой алдырмаңдар. Ерекше дәріптеудің атымен қажеті жоқ. Кейбіреулер мені төраға Мао Цзэдуңнан да жоғары әспеттеп әлек. Бұның арты жақсы болмайды. Мен осындайлардан өлердей қорқамын. Атақ пен даңқ өз деңгейінде болмаса өзіңе жүк болады», — деген еді.

Көптеген адамдар мұны басы артық кішіпейілсу деп түсінді. Бұл кішіпейілсу емес, нағыз ақылды кісінің тірлігі еді. Бұл типтік шығыстың даналығы, адам болудың сыры, бекзаттықтың жолы болатын. Мұны қазақ «Адамға атақ қауіп, малға семіздік қауіп» дейтін. Ал Абай атам:

«Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

             Пәлеге қалма езбемен», — дейді.

Сол себепті де саясаткерлер өзін періште бейнесінде көрсетуге әуестенбегені абзал. Айналадағы жағымпаздар өз мүдделері үшін саған сан түрлі атақ-даңқтарды жомарттықпен сыйлауға әуес келеді. Осы атақ-даңқтар күндердің күнінде тарих толқындарының тезіне шыдамай, қоқысқа тасталып жатса, халыққа да, өзіңе де обал емес пе?! Дэн Сиопиннің көзі тірісінде алған атағы тек қана бас жобалаушы болды. Бұл атақ шынайы және өзіне жарасатын. Сол сбепті де мәңгілкке сақталып қалды.

Сан ғасыр феодалдық қоғамда өмір сүріп, баһадүр хандарға, ел-жұрты үшін толарсақтан қан кешіп күресетін қаһарман ұлдарға табынып өткен халықта өзі құрметтеп, пір тұтып, табынатын көсемдеріне құдайдай сенетін әдет қалыптасқан. Көп жағдайда оларды да ет пен сүйектен жаралған пенде екендігін ұмытып кетеміз. Тіпті, өркениетті бүгінгі қоғамның өзінде биліктен түңілген қарапайым халық өздерін ғайыптан бір көшбасшы келіп, құтқарып алатындай сезінеді. Тарихтың жауапкершілігі солардың ғана мойынында сияқты. Дэн Сиопин өзін дәл осындай ұлы көсем, халық қамын жеген қаһарман санаудан барынша аулақ болды. Өйткені өзінің де бейкүнә студенттерді қынадай қырған қылмысын жақсы білетін. Әрине, оны мемлекеттің мүдесі үшін істедім деп өзін ақтағысы келуі де мүмкін. Бірақ, шындыққа ерекше құрметпен қарайтын Дэн Сиопин оның басқа да шешу жолдары бар екендігін білмей қалған жоқ. Сол бір тарихи қателіктерді кейін қалай жуып-шайғандығын жоғарыда баяндап өттік. Сол себепті де ол Мао Цзэдуңға қателігі оннан үш бөлігін, еңбегі оннан жеті бөлігін құрайды деп баға берілсе, өзіне қателігі оннан төрт бөлігін, еңбегі оннан алты бөлігін құрайды деп баға берсе де жетіп жатыр деп айтатын. Пенде болған соң, кемшілік-қателіксіз болмайды. Әсіресе, билік басында жүрген адамдар көп қателіктерге бой алдыруы мүмкін. Адамдардың ақыл-парасаты да, дау жоқ, шектеулі болады. Сол себепті біреулерге биік мансапта отыр екен деп, барлық атақ-даңқтарды жапсыра беру тек оның образын күлкіге айналдырып, сүйкімсіздендіруден басқа түк емес. Саясаттанушылар «тарих өзінің өткенімен күліп қоштасады» дегенді соған қаратып айтқан болса керек.

(Жалғасы бар...)

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 09:03
Қылмыстық істердің 68 пайызы электронды форматта қаралды
Сайт әкімшілігі 08:54
«Құрметті олигархтар» қазақ спортын құртыпты
Еркежан АРЫН 03.08.2021, 16:50
Қазақстан – Еуроодақ: сот саласындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейі
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:42
Азаматхан Әміртай: ҚазҰУ-дағы дау: студенттер жатақханасыз қалмақ па?
ІІМ ӨҚД бастығы А.Саданов 03.08.2021, 09:14
Түрмеден хат: Тұрғынбаевтың жауабы қысқа болды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:32
Түркиядағы өрт: террористік ұйым жауапкершілікті өз мойнына алды

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58