Дэн Сиопин. Ұлы көсемнің ең үлкен қателігі

Догматизіммен күрес және мысық теориясы

Рахым АЙЫПҰЛЫ

20.04.2021, 09:12

1846

50 жылдардың соңы 60 жылдардың басындағы Мао Цзэдуңның әпербақан саясатының кесірінен Қытай шаруалары шыбынша қырылып жатқан кездерде өндірісті қалпына келтірудің ең ауыр міндеті Дэн Сиопиннің мойнына жүктеліп еді. Ол кезде Мао шарасыздықтан екінші шепке шегінген болатын. Партияның бас хатшысы салауатымен Дэн Сиопин: «Мәселені ең алдымен өндірістік қатынастарды реттеуден бастау керек. Демек, диқандардың белсенділігін арттыру – кезек күттірмейтін мәселе. Ал онда өнідірістік қатынастардың қандай формасын қолданған дұрыс болады? Мұнда екі-ақ өлшем бар. Біріншісі, қандай форматтағы өндірістік қатынас ауыл шаруашылық өнідірісін қалпына келтіру мен дамытуға пайдалы болады, соны қолдану керек. Екінші, халық қандай форматтағы өндірістік қатынасты қалайды, сондай форматты іске асыруға тиіспіз. Біреулер заңсыз дейтін шығар, не болыпты, заңдастырып берейік онда», — деген еді. Экономикалық теорияға жататын мұндай ұғымдарды жалпақ тілмен халыққа түсінікті болу үшін өзінің туған жері Сычуан өлкесінде кең тараған «ақ мысық – қара мысық, тышқан алса – жақсы мысық» деген халық мәтелімен бейнелеп берді. Осы мәтелді соғыс жылдарында оның әріптесі маршал Лиу Бочын үнемі ауызынан тастамайтын. Ол өз көзқарасын қарапайым халық мәтелімен бейнелеп берген соң сол кезде қалыптасқан халық коммунасының тайқазаннан бас тарту үшін: «Қазір ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін нақты жағдайды шығар түйін етуге тиіспіз. Біз өндірістік қатынаста қатып-семген бір қалыптан жазбауды доғарайық. Көпшіліктің белсенділігін қалай жұмылдыруға болады, солай істейік», — дейтін. Оның мысық теориясы ресми басылымда еркін дәріптеле бастады. Өкінішке орай, осы ақ мысық – қара мысық соңғы екі рет оның мансаптан құлауының басты себебі болды. Тіпті, оның Маомен ара-қатынасындағы бітіспес қайшылықтың білтесіне айналды десе де болады.

Диқандар көбінде мысықты тышқан аулау үшін асырайды. Диқан үшін оның түсі ақ па, қара ма қызық емес. Тышқан ұстай алса ғана асырайды. Әрине, қала халқы оны үй жануары ретінде, ермек үшін асырайды. Сол үшін де, оның түсі әдемі, сүйкімді болуы керек. Қалалы үйде ол аулайтын тышқан да болмайды. Бірақ диқандар үшін мысықтың сүйкімділігінен гөрі қатыгез және қағылез болғаны әлдеқайда пайдалы. Себебі тышқан Қытай диқандарымен әрбір тал дәнге таласатын қас дұшпан, қатыгез жау. Дэн Сиопиннің мысық жайлы тәмсілі сол себепті де диқандарға қатты ұнайтын. Мысыққа көзқарасы сияқты Мао Цзэдуң мен Дэн Сиопиннің өз халқына көзқарасы да мүлде ұқсамайтын. Мао өз халқын биліктің құралы, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын құлақкесті құлы санайтын. Ол кедей бола ма, ауқатты бола ма, оның қарны аш па, тоқ па – ол  ұлы көсемнің бас қатыратын мәселесі емес. Ол үшін ең басты мәселе – билік. Аш адам саясатпен шаруасы болмайды, олар үшін аштан өліп қалмаса соның өзі үлкен олжа. Бір тойса – шала байығаны. Ал Дэн Сиопин өзі армандаған социализмнің халқы қарны тоқ, көйлегі көк болуы керек. Коммунизмге жеткенде ішер ас, киер киім деген мүлде әңгіме болудан қалады деп армандайтын. Ол билік өз халқыңды бай-бақытты ету үшін керек деп ойлайтын. Дэн Сиопин соңғы рет билікке келгенде коммунистер құрандай әспеттейтін Марксизм туралы да Маодан мүлде бөлек түсінікпен қарады және солай түсіндірді. Ол: «Біз бір ғұмыр Марксизм туралы айттық. Меніңше, Марксизм сондай сырлы дүние емес, ол өте қарапайым нәрсе және қарапайым ғана өмірлік ұстаным» деп түсіндірді. Оның түсінігінше, дүниенің қызығын, қоғамдық байлықты азғантай үстем тап өкілдері ғана емес, қоғамның аса ауқымды бөлігі ортақ игіліктенуге тиіс. Ол және: «Социализмнің ең өзекті міндеті өндіргіш күшті дамыту және барлығы да осы өндіргіш күштің дамуы үшін пайдалы әдіс-тәсілдер ғана. Оның ішінде біз дамыған елдерден инвестиция мен техника кіргізіп жатырмыз. Міне, социализм барлық өндіргіш күшке осылай жол ашады», — деп түйіндеді. Ол тағы бір сөзінде: «Көптеген шет елдік достар: «Социализмді қалай өркендетсек болады?» — деп сұрайды. Мен оларға: «Қатып қалған ештеңе жоқ, өз жағдайларыңа қалай қолайлы солай жасаңдар. Қалай атасаңдар да мейлің. Тек өндіргіш күшті дамытсаңдар болды деп кеңес беремін», — деген болатын. Мысық теориясы оның барлық даму стратегиясының қайнар көзі болатын.

 Социализмге жаңа көзқарас, басқаша анықтама

Дэн Сиопин билігі әбден орныққан соң, көптің көңілінде «Бізге социализм керек пе өзі?! Егер, керек болса, оны қалай өркендетеміз?» деген екі сұрақ тұрды. Бұл туралы Дэн Сиопин әлденеше рет: «Біз Марксизмге және социалистік даму жолына табанды боламыз! Бірақ Марксизм міндетті түрде Қытайдың іс жүзіндік жағдайымен үйлескен болуға тиіс. Социализм де Қытайлық өмір шындығына бейімділген, Қытайлық ерекшелікке ие социализм болады», — деп түсіндірді. Дэн Сиопиннің пайымдауынша, оның Қытайлық ерекшелікке ие социализмі Мао Цзэдуңның соғыс жылдарындағы ауыл-қыстақ арқылы қаланы қоршау жолы сияқты жерсіндірілген Марксизмнің туындысы. Марксизм қатып-семіп қалған догма емес, ол әр дәуір, әр қоғамда үздіксіз дамып, кемелденіп отырады.

Дэн Сиопиннің коммунист көсемдердің айтқанына имамдай ұю, шет елдерге көзсіз еліктеуге жаны қас болатын. Оның көзқарасынша, Сталин мен Мао Цзэдуңның социализм құру үлгісінің ешқайсысы да табысты болған жоқ. Сол себепті ол реформа мен сыртқа есік ашу сынды жаңа даму үлгісін таңдап алды. Қытайлық ерекшелікке ие социализмнің ең басты ерекшелігі – өндіргіш күшті үздіксіз дамытуды және азат етуді басты мақсат етті. Одан тыс ешқандай да қалыптасқан рамка болған емес. Егер оны бір рамкаға сыйдырып бейнелеу керек болса, ешқандай рамкасыз даму моделі деп айтқан жөн болар еді. Қытайлық ерекшелікке ие социализмнің мәні социализмге байланысты жаңа бір терминді тапқырлағандығында емес, керісінше, Қытай халқының дербес, өз-өзіне қожа болуы арқылы бұрын-соңды күллі коммунист көсемдері сызған сызықтары мен шектеулерді тәрк етіп, тек өзіне ғана үйлесетін даму жолын таңдап алғандығында жатыр.

1978 жылдың соңында шақырылған ҚКП 11 кезекті орталық комитетінің үшінші жалпы мәжілісі партияның ең басты міндеттеріне стратегиялық бұрылыс жасаған аса маңызды тарихи жиналыс болды. Жиналыста Дэн Сиопин: «Қазіргі және бұдан кейінгі ұзақ болашақтық тарихи міндет – ол заманауиландыру құрылысы. Былайша айтқанда, көз алдындағы ең басты саясат. Өндіргіш күшті азат ету – төңкерістің ең басты міндеті» деп түсіндірді. Осыдан бастап қытайлар таптық күресті жыл сайын, ай сайын, күн сайын айту керек деп, өзара саяси қырқыспен өткен дәуірден береке-бірлік, қараша халықтың қамы үшін болған қарын тоқ, көйлек көк дәуірге қадам басты.

Біздің құрып жатқан социализм ешқандай қалыпқа, ешқандай форматқа келмейтін болса, онда бұл қандай социализм деген сұрақ дәстүрлі коммунизмшілдерді үнемі мазалайтын. 1987 жылы наурызда шақырылған ҚКП 13 кезекті құрылтайында Дэн Сиопин бұл мәселеге нақты жауап берді. Ол былай деді: «Кейбір жолдастар біздің мына қоғамымыз социалистік қоғам ба өзі, социализммен жүре аламыз ба және жүруіміз керек пе және біздің партиямыз еңбекші халықтың, пролетариаттың партиясы ма деген мәселені қабырғасына қойып жатыр. Мен ондайларға: Біріншіден, Қытай – социалистік мемлекет. Біз бұл жолдан айнымаймыз. Екіншіден, біз социализмнің алғашқы сатысында тұрмыз. Сондықтан, өмір шындығынан алыстап кете алмаймыз. Ал социализмнің алғашқы сатысында қанша жыл жүреміз, ол – Қытайдың дамуына байланысты. Онда тіпті капиталистік қоғамның кейбір элементтері қатар жүрсе де, ол – капитализм емес, ол бәрібір – социализм», деп түсіндірді. Социалистік қоғам қандай болу керек? Ол туралы Дэн Сиопин: «Біз бұрын социализмнің қандай болатынын білген жоқпыз. Оны қалай жолға қоюдан да хабарсыз болдық. Қазір білсек, социализм деген кедейлік емес, ол бай болу деген сөз екен», — деді. Социализмде адамдар бай болуы керек деген ұғым оның саяси ұстанымының табан тірер тиянағына айналды. Ендігәрі Қытай халқы бай, мемлекеті құдіретті елге айналуға тиіс. Дэн Сиопин: «Егер социалистік елдердің халқы ішер ас, киер киімге жарымаса, ол сөзсіз өмір сүруін тоқтатады. Біз социализмнің абзалдығы деп дәріптейміз, оның абзалдығы ең алдымен экономикалық дамудың қарқыны мен сапасынан байқалуы тиіс. Егер бұлай болмаса, қанша кеуде керіп, мақтансаң да – бекер. Даму тарихының ұзақ салқар көшінде социалистік елдердің дамуы капитализмнен баяу болса, оның қай жері абзалдық?» — деп ашынды. ҚХР дамудың алғашқы 30 жылында кедейлік пен тоқыраудан бір арылмағандығын еске алғанда ол қатты күйзелетін. Дэн Сиопин солтүстік Кореяның көсемі Ким Ырсынмен болған бір жолғы кездесуінде: «Біз неше ондаған жыл қан кешіп, күрестік. Отыз жылдай социализм құрамыз деп арпалыстық. 1978 жылдың өзінде Қытай жұмысшыларының айлық кірісі 40-50 юаньнан аспайды. Ауылдық жерлердің жағдайы одан да мүшкіл. Халық түп-түгел тақыр кедей десе де болады. Мұның қай жері социализмнің абзалдығы?!» — деп ашынды. Ол Мао Цзэдуң үшінші дүние елдері деп атайтын Африка мен Азияның жаңадан тәуелсіздік алған дамушы елдердің басшыларын қабылдағанда: «Сіздер әзірше социализм құруға асықпай-ақ қойыңыздаршы», — деп өтінетін. Төңкеріс жеңіске жеткеннен кейін, бірден социализм құруға асығу аптықпалық болады деп қарайтын. Оның бұл көзқарасы ҚХР бұрынғы төрағасы марқұм Лиу Шяочидің «жаңа демократиялық қоғамдық тәртіпті бекемдеу» идеясымен астасып жатты. Ол Қытайда төңкеріс жеңіске жете салысымен жаңа демократиялық қоғамның сатысында біраз уақыт аялдай тұрмай, асығыс-үсігіс, жалаңаш-жалпы социализмге асыққандығына іштей қатты өкінетін. Оның осы өкінішін қас-қабағынан оқып білетін айналасындағылардан оған: «Мүмкін біз социализмнен басқа жолды таңдасақ қайтеді?» — деп ұсыныс жасағандар да болды. Оларға Дэн Сиопин: «Қазіргі басты мәселе біз 30 жылдай социализммен өмір сүрдік. Оны дұрыс жолға қоя алмағанымыз, әрине, өкінішті. Бірақ артқа қайту да жарамайды. Ендігі бірден-бір жол осы социализм шеңберінде өндіргіш күшті барынша дамыту, тез арада кедейліктен құтылып, баюдың жолына түсу. Бұдан бұрын толымды болмаған социализмді армандағыдай социалистік қоғам етіп қайта құру. Өндіргіш күштерді дамыту – социализмнің ең басты міндеті, №1 парызы десек те болады. Бұл тұтас социалистік қоғамның тарихи кезеңіндегі өзекті міндет», — деп кесіп айтты. Дэн Сиопин өзегін өртеген өкінішпен Мао Цзэдуңның қатыгез саясатын қатаң сынға алған тұста: «Ұлы көсемнің ең үлкен қателігі – оның өндіргіш күштің дамуына немқұрайлы қарағандығында», — деп мәселенің талмау жерін дәп басып еді. Мао Цзэдуң мен Дэн Сиопиннің айырмашылығы да дәл осы жерде тұғын.

Қытай дамуының үш сатылы жобасы

     Мансаптың ұшар басында отыратындар көбінде айналасы өзін ұлы көсем, ұлы қолбасшы, ғасыр ғұламасы, ұлт көшбасшысы сияқты атаулармен атағанды жаны сүйеді. Бірақ, Дэн Сиопин ондай жағымпаздықтан туатын атақ-даңқтың бірін де қабылдаған жоқ. Ол тек өзін техникалық атақ – бас сәулетші деп атағанды ұнататын. Егер Қытайдың осы замандандыру құрылысын аса күрделі қоғамдық құрылыс деп атасақ, оған стратегиялық бас жобалаушының қажет болатыны сөзсіз. Дэн Сиопиннің рөлі де Қытай реформасының бас жобалаушысымен парапар болды.

Бас жобалаушының барлық ақыл-парасат, қайрат-жігерімен жобалаған туындысының ішіндегі ең маңыздысы аса сақтықпен ойластырылған Қытайдың болашақ дамуының мынадай  3 кезеңі болатын:

— Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап 90-жылға дейінгі 10 жыл мерзімде жалпы ішкі өнімді бір еселеп, адам басына шаққанда 500 АҚШ долларының көлеміне жеткізу;

— 90-жылдың басынан өткен ғасырдың соңына дейінгі 10 жылда жалпы ішкі өнімді тағы бір еселеп, адам басына шаққанда 1000 АҚШ долларының көлеміне жеткізу;

— ХХІ ғасырдың 50-жылдарына жеткенде 4 еселеп, жалпы ішкі өнімді адам басына шаққанда 4000 АҚШ долларына жеткізу;

Бас жобалаушы Дэн Сиопиннің аталған даму жобасы аса сақтықпен жасалғандығын айта кету керек. Себебі, Қытай экономикасы бас жобалаушы көрсеткен ХХІ ғасырдың 50-жылдары жететін межені әлдеқашан бағындырып қойды. 2020 жылдың 17-қаңтарындағы Қытай мемлекеттік статистикалық комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылғы Қытайдың жан басылық жалпы ішкі өнім көрсеткіші 10 276 АҚШ долларына жеткен. Бұл бас жобалаушының үстіміздегі ғасырдың 50-жылдарында жетеміз деген межеден 2,5 есеге көп. Мүмкін бірнеше жылдан бергі АҚШ-Қытай экономикалық соғысының кері ықпалы болмағанда, бұл көрсеткіш, сөз жоқ, бұдан да жоғары болатынын мөлшерлеу қиын емес. Дэн Сиопин жалпы ішкі өнімнің артып, экономиканың қарқынды дамуы мен қоғамдағы басым көпшілік адамның кедейленуін тудыратын бай және кедей болып екі үйекке жіктелуін қоғам үшін аса қауіпті құбылыс деп білді. Ол 1997 жылы желтоқсанда Жапонияның премьер-министрімен кездескенде: «Біздің осы замандандыру деп жүргеніміз Қытайлық ұғымдағы осы замандандыру. Бұл жайлы сіздер мен біздің таным-түсінігіміз ұқсай бермейді. Біз халқымыздың көбі дөңгелек дәулетті тұрмысқа жетсе дейміз. Онда да аспандағы айға қол созып отырған жоқпыз, ғасыр соңында жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 1000 АҚШ доллары көлеміне жетсе, бұл біз үшін үлкен табыс», — деген еді.

Бас жобалаушының сол кездегі межесін көптеген адамдар қабылдай алған жоқ. Себебі аталған 3 кезеңге жетуге 1980 жылдан бастап санағанда 70-ақ жыл ғана қалыпты. 70 жылда халық шаруашылығының сол кездегі деңгейімен есептегенде 16 еселегенде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімді 4000 АҚШ долларына жеткізуге болады екен. Сол кездегі ұғыммен алғанда бұл тым биік меже болатын. Бірақ Қытай 40 жылға жуық уақытта бұл межені 2,5 есе артығымен орындап үлгерді. Ол кезде АҚШ доллары не екендігін қарапайым жұрттың көбі біле бермейтін. 4000 АҚШ долларының Қытай юаньында қанша ақша болатындығына да көп адамдардың санасы жетпейтін. Сол себепті Дэн Сиопин қараша халыққа ұғынықты және қарапайым ғана ұғыммен былай түсіндірді: «Бірінші кезеңде, ішер ас, киер киімді шешеміз. Демек, аш-жалаңаш адам барынша азаюға тиіс. Екінші кезең – дөңгелек дәулетті тұрмыс. Былайша айтқанда, қоңыр қалта бақуатты тұрмыс. Ал үшінші кезеңде орта деңгейдегі дамыған елдердің деңгейіне жақындау, әлем экономикасында өз орнын қалыптастыру». Бұл жерде бас жобалаушының «жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім» ұғымын қолданып, Қытайдың осы замандандыру құрылысындағы даму өресінің өлшемі етуі экономикалық өнімділік пен халықтың тұрмыс-өресінің қатар өркендеуі сынды стратегиялық міндетті қатар алып жүруді басты мақсат еткендігінде жатыр. Қазақы ұғыммен айтқанда, үзеңгінің екі жағын нық басып отырып, аттан ауып қалмаудың қамын жасау деген сөз. Қытай «жерім кең, байлығым мол» деп мақтана алмайды. Себебі, жан санының шектен тыс тығыздығы (ол кездегі Қытайдың жан саны 1 млрд 50 млн болатын) табиғи байлық қайнарының тапшылығын тудырып, оның сарқылып бітуін тездететіндігі даусыз. Егер осы жерде өз еліміздің жағдайын еске алатын болсақ, біз — қазақтар, бұл жағынан мақтана аламыз. Егер ол ұлтымыздың ортақ игілігіне қызмет етсе. Қазақ жерінің қойнауындағы құдай берген аса мол байлық әлем алпауыттарының аңсарын ауғызып, сілекейін шұбыртып отырғаны белгілі. Қазақ елінің болашақ тағдыры, қазақ жері және оның қойнауындағы ұшан-теңіз байлық, ұлтымыздың қайта өрлеуіне қызмет ете ме? Жоқ әлде, бұл несібе басқа елдерді байытуға, сонымен қатар ұлтымыздың мүддесін сыртымыздан саудалап жүрген жеке бастар үшін, отанын да сатуға арланбайтын опасыздарды байытқанның үстіне байыта түсе ме? Мәселе, міне, осыған байланысты. Егер мемлекеттің талассыз меншігі болуға тиісті жер және оның қойнауындағы байлық көздер жат қолында болса, өз халқын тақырға отырғызып кеткен мемлекеттің де өмір сүруінің де мәні қалмайды. Рәміздер мен ерекше белгілер де мемлекеттік негіз бола алмайды. Өкінішке қарай, ұлтымыздың бүгінгі қасіреті де осыдан бастау алатын сияқты. Ұлттық байлығымыздың сыртымыздан саудалануы, келісімшарттардың халықтан құпия ұсталуы, алпауыттармен астасқан сыбайлас жемқорлықтың шектен шығуы бізді мықтап ойлануға мәжбүр етеді.

Ал Қытайдың бас жобалаушысы Дэн Сиопин бұл туралы қалай ойлады? Жан басына шаққандағы табиғи байлықтың тапшылығы Қытайдың дамуына тұсау болары сөзсіз. Ендігі үміт ғылым-техниканың дамуы мен экономикалық құрылым реформасының дамуына байланысты болмақ. Егер ғылым мен техника өндірістің дамуына қызмет етсе, экономикалық құрылымдардың тепе-теңдігі өзара сәйкесті болса, экономикалық өнімділік артып, Қытай экономикасы әлем экономикасының ажырамас құрамдас бөлігіне айналары сөзсіз. Дэн Сиопиннің экономикалық өнімділік теориясы Қытай экономикасының дамуының екінші алтын кілті болды. Бұл жерде астын сыза отырып, қайталай айтатын маңызды саясат Дэн Сиопиннің халықтың тұрмыс-өресінің өлшемі факторы Қытайлық осы замандандырудың ажырамас құрамдас бөлігі ретінде қаралып, мемлекет қуатты, халқы бай болудай түпкілікті мақсатты әйгілеп, тұтас ұлттың белсенділігі, жасампаздығы, ақыл-парасат, күш-қайнары толық жұмылдырылған, әрбір Қытай азаматы қоғамда өз орнын тауып, кірпіш боп қалануына мүмкіндік берді.

Салыстыру үшін өз еліміздің жағдайын да ескере отырайық. Біздің де бас жобалаушымыз бар. Ол жағынан ешкімнен кенде емеспіз. Олар да болашаққа таңғажайып жоба-жоспарлар жасайды. 2030, 2050 стратегиялары, дамыған 50 елдің, дамыған 30 елдің қатарына кіру деген сияқты. Өз басым, экономика, заң, саясаттан бір кісідей хабарым бар адам ретінде сол стратегиялар мен мақсат-мұраттардың қалай жүзеге асатынын күні бүгінге дейін түсіне алмай-ақ келемін. Бізді халқымыз Қытайдың 80 жылғы халқының сапасымен салыстырғанда, дау жоқ, біз озық ұлттардың қатарына жатамыз. Тіпті бүгінгі күннің өзінде біздің халқымыз ешкімнен сорлы емес. Не себепті бізде аздаған шіріген байлар, едәуір сандағы ауқатты адамдар, ал басым көпшілігі тақыр кедейлерден тұрады? Меніңше, экономикалық реформалар сонау 90-жылдары жақсы басталды да, содан кейін баяулап, тоқырап, тоқтап қалды. Ұшан-теңіз ұлттық байлығымыз кейде біздің сорымызға айналды ма деп қорқамын. Жалпыға бірдей ұғым бойынша да, Ата Заң бойынша да мемлекетіміздің ең қымбат байлығы – адам болуға тиіс еді. Ал біздің билік адамдарды проблема ретінде қарастыратынды шығарды. Олардың ең үлкен мақсаты – ұлттық байлықты қайтсем тездетіп ашамын, қайтсем пұлдап сатамын болғанға ұқсайды. Ғылым-білім, өндіріс, адамдардың жеке белсенділігі мен жасампаздығы, ақыл-парасаты олар үшін құны көк тиын. Тек шу шығармай, тыныш өмір сүрсе болды. Қытай реформасындағы 80-жылдарымен салыстырғанда біз де 30 жылды артқа тастаппыз. Биліктегілерге мықтап ойланатын кез әлдеқашан келді.

Жоғарыда Дэн Сиопиннің үш сатылы даму межесін бүгінгі Қытайдың әлдеқашан орындап қойғандығын айттық. Бүгінгі дамудың биігінен қарағанда Дэн Сиопин өте сақ, кертартпалау болғанға ұқсайды. Бірақ, Қытайдың сол дәуірдегі шындығын білетін адамдар мүлде олай ойламайды. Қытай бір дәуірлерде таңғажайып армандарға бой алдырып, ұлы жоспарларды жасап та көрген. Мао ақын адам болған ғой. Шабыты шалқып отырған бір сәтте: «15-ақ жылда Англияны басып озып, Американы қуып жетеміз» деген ұран тастаған. Нәтижесі не болды? Халық шаруашылығын күйретіп, сан миллион шаруаның аштықтан қырылуымен аяқталды. 80 жылдың басындағы Қытай ғылым-техникасы мешеу, Маодан мұраға қалған мыңдаған мәселе, халық санының шамадан тыс көптігі халықтық кірісті арттыруға мүмкіндік бермейтін. Сол үшін шындықтың бетіне тура қарай отырып, аса сақтықпен жеті өлшеп, бір кесу керек болды. Ол 10 жылға, 20 жылға қысқа мерзімдік жобаларды жасап, белсенді жүзеге асыруға кірісті. Бірақ, межені тым биік қоюдан барынша сақтанды. Абайша «ақырын жүріп, анық басуды» жөн көрді. Ойлап қараса, Қытай 30 жыл социализм құрамын деп жанталасыпты. Бірақ, халқының қарнын да тойдыра алмапты. Бір қадам алға басу үшін өзінің артта қалғандығын мойындауға тиіс. Сонда ғана алға жылжуға ынтызарлық туындайды. «Алғашқы он жыл халқымның қарнын тойдыратын он жыл болсын», — деп шешті. Одан кейінгі он жыл дөңгелек дәулетті тұрмысқа беттейтін жыл болсын. Дөңгелек дәулет дегенді халық қарапайым тұрмыстық қажеттіліктен асқан, банктерге қойып, салымшылардың қатарын толықтыруға тиіс. Осылай жүріп, соңғы жарты ғасырда орта дәрежелі дамыған елдердің қатарына жетуге тиіспіз деп топшылады. 4000 АҚШ долларлық жан басылық табыс дамыған елдер үшін түк те емес. Оларда біреуі шіріген бай, бірі орташа, енді бірі тақыр кедей болуы мүмкін. Ал қытай социализм болған соң мүмкіндігінше кедей адамдар қалмайды деп қиялдады. Әрине, бас жобалаушы осы үш сатылы даму жоспарын ғана жобалап қойған жоқ. Басқа да Қытайдың дамуы үшін айрықша маңызды жобаларды өмірге алып келді. Мысалы — «Бір мемлекет – екі қоғамдық түзім», «Гон Конг Қытайға қайтқан соң, қоғамдық түзім 50 жылға өзгермейді», «Білім беру 3 жаққа бағытталу керек. Ғылым-техника – бірінші өндіруші күш» деген сияқты сан салалы жоба-жоспарлары болды. Аталған жоба-жоспарлар бекітілгеннен кейін, Дэн Сиопин: «Бүкіл партия, тұтас халық болып, экономиканы өркендетуге ат салысу керек, бір күн де тоқтап қалуға болмайды және ешқандай кедергіге ұшырамауға тиіс. Тіпті, әлемдік соғыс қайта тұтанса да, экономиканы өркендетуді тоқтатпаймыз» — деп бір-ақ кесті. Біреулер Дэн Сиопинге «мемлекет қорғанысын қайтеміз?» деп сұрақ қойыпты. Дэн Сиопин оған: «Әрине, бұған атүсті қарауға болмайды. Бірақ, мемлекет қорғанысы да экономикалық дамудан қуат алады. Сол себепті, армия бірнеше жыл шыдай тұрсын. Алдымен экономикалық жағдайды түзеп алайық, «ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» дегендей, ақша болса, басқасы оңай. Экономикалық даму – ең басты шарт. Бәрі де осы дамудың қажеттілігіне бағынуы тиіс» — деп түйіндеді. 

(Жалғасы бар)

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 09:18
Тілі 7-бапқа байланған ел
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.05.2021, 07:41
Билік транзиті болмады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 12.05.2021, 07:03
Ким қазақты қайтсін...
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 15:28
Өзін «ақпын» деп ресми тілде ақталған Жоламанова қазақ тілін менсінбей ме?!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 11:39
Мұхтар Түменбай: Бұл әзілдейтін нәрсе емес!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 10:08
Риддердегі өрт: полиция тергеу бастады

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06