24.01.2023, 07:14
1202
Қит етсе қазақтарға тіл тигізіп шыға келетін «кекірігі азған» басқа ұлттар мен қазақ тілділерді кемсітетін орыс тілділер көбейіп барады. Осыған дейін «қазақ тілінде жауап бермеймін» деп журналистердің қойған сұрағына қазақша жауап беруден бас тартқан Динара Егеубаева өткен аптада Алматыда жиналған «диван сарапшыларының» конференциясында «Қаңтарда көшеге шыққандар маргиналдар. Мен маргинал емеспін, Алматыда өскен кореннаямын» деген пікірімен тағы қазақ қоғамының ашуына тиді.
Негізі аталмыш жиында Динара ханым қаңтар оқиғасына қатысты өз зерттеулерін жария етіп, баяндама жасайды деген соң қаңтар оқиғасының бір зерттеушісі ретінде тың деректер естиміз деген үмітпен барғанбыз. Алайда сөзін бастамай жатып алаңға шыққандарды маргиналдар атауы көңілімізді су сепкендей басты. Шыны керек, «қымбатшылық шымбайымызға батты ер адам ретінде тапқан таянғанымыз бала-шағаны асырауға жетпей барады, алаңға жиналған халықтың негізгі талабы қымбатшылықты ауыздықтау» деген соң сол кездері інім мен жолдасыма еріп, ереуілшілерді қолдап, өзім де адамдар жиналып жатқан жерге барғам. Алайда кейін алаңдағы жағдайлар бақылаудан шығып, бейберекеттік орын ала бастаған тұста үйге қайтып келген едік. Сонда сол кездері нақты талабымен шыққан жақындарым, оларды қолдаған мен де маргиналмын ба?!
Википедияны ашып сол сөздің мағынасына да үңіліп көрдік. «Маргина́л, маргина́льный челове́к, маргина́льный элеме́нт (от лат. margo — край) — человек, находящийся на границе различных социальных групп, систем, культур и испытывающий влияние их противоречащих друг другу норм права, ценностей и так далее. Чаще всего маргиналами называют сильно опустившихся людей, находящихся на грани люмпенизации: алкоголики, наркоманы, бомжи, проститутки» дейді.
Жеке басым өмірімде алкогольді ішімдікті татып көрген емеспін, бомж дейтіндей емес, үйім бар тұрып жатқан, наркотиктік заттарды қолыма да ұстап көрмегем. Жезөкшелік туралы айтып ауыз ауыртудың қажеті жоқ. Қит етсе алаңға шыққандарды жезөкше, бомж дей беру әрекеті жалпы қаншалықты дұрыс? 1986 жылы да алаңға шыққандарды наркоман деп айыптаған болатын. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейтін қазақ қоғамында қашаннан бері қалауын айтқан қазақтар наркоман, жезөкше атанатын болған?!
Осы орайда соңғы кездері өзін қаңтар оқиғасының шындығын айтушы ретінде танытып жүрген Динара ханым жалпы қаңтар оқиғасына қатысушыларды қолдап жүр ме, қорлап жүр ме?! Негізі «қазақтың тамыры ауылда» деп, ауылдан шығып, елімізді дамытуға үлес қосып жүргендер көп екенін ескерсек, Динараның қалада туғанын мақтаныш етіп, ауылдан келгендерді кемсітіп тұрғаны да байқалады. Бүгінде сайлауға қатысуды көздеп, белсенділік танытып жүрген Динара ханым мұндай сыңаржақ, біржақты пікірімен депутаттық мандат алса, қазақ тілділерді кемсітумен одан сайын күніміз қараң болып қалмай ма… Қазақтың тілін білмейтін адам оның құқын қорғайды дегенге сену де өте қиын. Онсыз да бір ауыз сөзімен бүкіл қазақты Ресейдің аяғына жығып берген бір депутаттан әзер құтылғанда...
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР