Дос Көшім: Қазақтың барлығы ұлтшыл!

Сайт әкімшілігі

28.01.2022, 19:27

3224

Белгілі журналист Дина Елгезектің әлеуметтік желідегі ұлтшылдық мәселесі туралы жазбасы ешкімді бей-жай қалдырмаған шығар. Әріптесіміз көтерген мәселелер төңірегіндегі сұрақтарымызды белгілі қоғам қайраткері, «Ұлт тағдыры» ұйымының жетекшісі Дос Көшім ағамызға жолдадық.

— Дос аға, Қазақстанда ұлтшылдар, олардың ұйымдары бар ма?

— Қазақтың барлық мәселесі – «Ұлтым» деген сөздің маңында жүреді. Біз сол сөзге арқа сүйейміз, біз сол сөзбен бірігеміз, бірімізді біріміз табамыз, біз сол сөзбен жауға шауып, сол сөзбен болашақты бағалаймыз. Сондықтан, әрине, Қазақ елінде ұлтшылдар бар. Мен айтудан, жазудан жалықпаймын – қазақтың барлығы ұлтшыл! Ұлтшылдық біздің қанымызда!

Барлығы ұлтшыл елдің ішінен «ұлтшыл» ұйымның пайда болуы нонсенс сияқты, бірақ, мойындаумыз керек, «Алаштан» бастап, бүгінге дейін ұлтшыл ұйымдар болды және болатын да сияқты. Әңгіме, олардың өздерін ұлтшылдардың ұйымымыз деп атамағанында шығар… 90 жылдардағы ең ірі қоғамдық-саяси күш – «Азат» қозғалысын ұлтшыл ұйым емес деп ешкім айта алмайды. Әрине, біз Әділет министрлігіне құжаттарды тапсырғанда («Азатты» тіркеу үшін оның Жарғысы мен Бағдарламасын түзетуге, толықтыруға тура келді. Бұл жұмыс, сол уақыттағы қозғалыстың бір орынбасарлығы, менің еншіме тиді. Бұл нағыз ұлттық бағыттағы бағдарлама болатын) 30 жылдардан кейін Кеңес одағында ресми идеология есебінде қалыптасып, негативті сипат беретін «ұлтшыл» сөзінің орнына «Азаматтық «Азат» қозғалысы» деген терминді алдық. Меніңше, одан кейін де өмірге келген түрлі құрылымдар нақты ұлттық бағыттағы ұйымдар болды. Ал «ұлт патриоттары» деген терминге келетін болсақ, оның авторы қазір арамызда жүр. Бұл «ұлтшыл» деген анықтамасы бар ұйымдарды тіркемейтін кезеңде (қазір де «ұлтшыл» деген сөз қосылған ұйым тіркеуден өте алмайды. Сондықтан «Ұлт тағдырының» куәлігінде де «ұлт патриоттары» деген сөз тіркесі бар) ойлап табылған жасанды термин. Шынымды айтсам, маған да ұнамайды. «Ұлтшыл» дегеннің өзі нағыз патриот емес пе? Бірақ заңды тіркелу үшін осыған баруға тура келді. Айта кету керек, ұлтшылдық бағытта, Мұхтар Шаханов ағамыздың бастамасымен «Халық рухы» деген саяси партия құруға да талпыныс болды, бірақ Қазақ елінің билігі ол партияны тіркеуден бас тартты.

— Ұлтшылдардан құбыжық жасау кімге керек?

— Ұлтшылдық деген ұғымға берілген анықтамалар жеткілікті. Солардың ішінде маған орыс ұлтшылы В.Распутиннің «Менің анам бар. Мен анамды жанымдай сүйемін. Мен үшін ол – ең ақылды, ең сұлу, ең әділ, ең тамаша жан. Бірақ менің өз анамды жақсы көруім басқа аналарды жек көру дегенді білдірмейді. Мен барлық аналарды сыйлаймын, бірақ өзімнің анам маған ерекше жақын» деген сөздерін жоғары қоямын. Сенің ұлтың – сенің анаң. Анасын жақсы көрмейтін адам жоқ шығар.

Ұлтшылдардан құбыжық жасау ұлтсыздардың барлығына керек. Оның ішінде билік те бар, өздерін оппозициямыз деп атайтын жандар да жетерлік. Ал қоғамдық өмірде «ұлтшыл» десе, қабақтарын тыржитатын екі үлкен топ бар деп ойлаймын. Оның біріншісіне – орыстанған қандастарымыз жатады. Ленин айтпақшы, «…обрусевшие инородцы всегда пересаливают по части истинно русского настроения». Бұл бейшаралар өздерін ешқашан орыстанған қазақпыз деп атамайды, өздерінің ұлтсызданғанын мойындамайды, ұлттық мәселеге келгенде олардың барлығы — «қазақ тілінің маманы», «қазақ мәдениетінің білгіші», «қазақ тарихының атасы». Бұл – барлық отаршылдыққа ұшыраған ұлттардың трагедиясы. Тек бізге тереңірек өтіп кеткен. Ең қорқыныштысы, бұлардың басым көпшілігі – оқыған, өздерінше, зиялы қауымның өкілдері. Олар орыстық мәселені жан-тәндерімен қорғайды, сондықтан «ұлтшылдық» деген сөздің олар үшін құбыжық көрінуіне таң қалуға болмайды. Екінші топ – мемлекеттік шенеуніктер, қызметкерлер, бастықсымақтар. Бұларды түсінуге болады, олардың тіршілігінің көзі, өмір сүру шарты – орыс тілі. Сондықтан олар үшін сол өмірдің нәрін өзгерткісі келетін жандар – ұлтшылдар – нағыз құбыжықтың өзі. Оларға дем беріп отырған және соларға сүйеніп отырған топ – біздің билік иелері. Олардың да басым көпшілігі метрополияның тәрбиесін көріп, орыс мәдениетімен сусындаған, орыс тілінде білім алған, орыстықтан басқаны білмейтін көр соқыр жандар. Олар үшін қазақ халқының жеке ел болып, дербес шаңырақ көтергені – Сырдарияның теріс аққаны сияқты қабылданады. Қысқасы, ұлтсыздардан құралған билік ұлтшылдардан өз биліктеріне төнген қауіпті көрсе, оппозициямыз деп жүрген жандар, соңғы уақытта, ұлтшылдарды өздеріне бәсекелес көретін сияқты. Бұл 2019 жылғы сайлауда анық көзге түсті. Ұлтшылдар отыз жылдық авторитарлық жүйенің үміткері Тоқаевқа қарсы сайлауға түсу керек деген шешім қабылдағаны сол-ақ екен, бұрын тек қана тіл мен оралман, мәдениет мәселесін көтеріп жүрген ұлтшылдардың билікті ауыстыру мәселесін қолға алғанын және олардың ұсынған үміткерінің, шын мәнінде, халықтың (қазақтың) қолдауына ие болғанын көрген оппозиция шалқасынан түсті...

Өзінің ұлтын сүйетін жандардан Құбыжық жасаушылардың ішінде өзіміздің қазақтар да бар. Бұл – мемлекеттік идеология өтіп кеткен, қазақ ұлтшылдығын радикалды іс-қимылдың иелері деп ойлайтын жандар. Олардың басым көпшілігі – кеңестік психологиядан арыла алмаған адамдар. Олардың ой-пікірлерін осы отыз жылда өзгертуге де болар еді, егер біздің мемлекетте ұлттық идеология болса… Олар әлі күнге дейін «ұлтшыл» деген сөзді өз мағынасында қабылдай алмайды, кейбіреулері сол «ұлтшыл» деген ұғымды өздері құбыжыққа айналдырып, сол құбыжықтан өздері қорқып, «ұлтшыл» сөзін айтуға ауыздары бармай, қазір жасанды, «ұлтжанды» деген сөзді қолданайық деп жүрген қалтырауықтар.

Ұлтшылдықтың екі түрі бар екенін де ұмытпайық. Біреуі – өзінің құрып бара жатқан ұлттық құндылықтарын сақтау бағытындағы позитивті ұлтшылдық та, екіншісі – басқа ұлттардан өздерін жоғары қоятын негативті ұлтшылдық. Қазақ ұлтшылдығы әрқашан позитивті ұлтшылдық болып табылады.

— Ұлттың сөзін сөйлегендерді билік неге ұнатпайды?

— Ұлтшылдар «қазақ бол!» дейді. Қазақ болу – айтқан сөзде тұру, дініне берік болу, иманды болу, әділдіктің жолында жанын беру, т.т. Өздері билеп отырған халықта мұндай қасиеттердің болуы билікке қалай ұнасын? Ұлтшылдар ұлттың тілін ұлықтаса, билік (президенттен бастап) бұрынғы метрополияның тілімен сөйлейді, қазақ тілін мойындағысы келмейтін билікке бұл қалай ұнасын? Ұлтшылдар дінімізге берік болайық дейді, бұл талап «құдай жоқ» деп келген атеистерден тұратын биліккке қалай ұнасын? Бір сөзбен айтқанда, қазақ ұлты құрған елді, қазақ ұлтының, ұлтшылдарының күресімен тәуелсіздік алған елді бұрынғы Мәскеуге қызмет еткен, компартияның сенімді жауынгерлері болған жандар басқарып отырғанда, ұлттың сөзі билікке ешқашан жақпайды деп ойлаймын.

Путин Қазақстан орысша сөйлейтін ел деді, біз осы анықтамадан қашан арыламыз?

— Анықтамада қателік жоқ. Шындығында да біз – орысша сөйлейтін елміз. Мүмкін, осыны мойындағанда, көзімізге шұқып көрсеткенде ғана осы анықтамадан, біздің намыссыздығымызды көрсеткен шындықтан құтылудың жолын іздейтін шығармыз. Бірақ қазіргі биліктен қайыр жоқ екені белгілі. Бар үміт – жастарда.

Латын әліпбиіне көшу – парламенті отыз жылда ана тілінде бір ғана заң қабылдаған елді осы тығырықтан алып шығатын жол ма?

— Жоқ. Латын әліпбиіне көшу – қазақтың дыбыстық жүйесіне негізделген қазақ әліпбиіне көшу ғана. Бізде 1939 жылдан кейін қазақ әліпбиі болған жоқ. Қазіргі әліпби – орыс-қазақ әліпбиі. Орыстың дыбыстық жүйесін толық енгізіп, оған қазақтың төл дыбыстарын қосып жасаған атала әліпби. Бізге сол жылдары дыбыстау аппаратымыз шығара алмайтын дыбыстар мен өмірі көрмеген әріптерді енгізді. Бұл – Кеңес одағындағы «тілдік жоспарлау» деп аталатын, кейін барлық республикаларды орыс тіліне көшіріп, ұлттық тілдерді құрдымға кетіруге бағытталған тілдік саясаттың бірінші кезеңі болатын. Меніңше, 1991 жылы қайта келген Тәуелсіздік қана бізді бұл апаттан аман алып қалды. Ал елді тығырықтан екі мәселе алып шығады деп ойлаймын. Оның біріншісі – Англия, Франция, Германия, Жапония, т.т сияқты ұлттық негіздегі мемлекет құру, екіншісі – әділетті қоғамның қазіргі жалғыз үлгісі – демократиялық институттарды орнату, оларға жұмыс істеткізу.

Сұхбаттасқан

Қайрат Шідебай

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:05
«Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:00
Не істеу керек?
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 17:36
ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 16:30
Ораз Жандосов Бағдат Мусиннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 15:27
Тоқаев Қырғызстанға барады
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 18:47
«АМANAT» партиясы референдумды қолдау мақсатында Қонаев қаласы тұрғындарымен кездесті

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56