Екі мақалаға бір жауап

Жұмабай АСАРБАЕВ

28.09.2021, 09:59

1029

         Мен «Жас Алаштың» («Лениншіл жастың» да) тұрақты оқырманымын. Жаздырып алып оқимын. Өткір-өткір өмірлік маңызы бар мақалаларды айызым қанып, астын сызып қойып оқи отырып, қаттап жинап та қоямын. Кейде өзімше пікір жазып жіберетінмін. Бірақ оның көбісі жарық көре бермейтін. Дегенмен басылымның  №71 нөмірінде (2 қыркүйек 2021 жыл) жарияланған қос мақала мені бейжай қалдырмады. Зейнеткермін, мамандығым тарихшы. Жасым 72-де.

         Біріншісі – «Қазақты қазақ сатады!» деген сіздердің тарапыңыздан берілген Елдос Тоқтарбайдың «Жетісу» телеарнасындағы «Жүрек сөзі» бағдарламасында айтқандарына берген түсініктеме-сілтемелеріңіз. Мен ол хабарды көрмеген екенмін. Елдос Тоқтарбайды  танымағандықтан, оның қай шамадағы азамат екенін біле алмадым. Шамасы, сөз саптауына қарағанда, жас жігіт болар деп топшыладым. Айтқанымдай, екі-үш күннен кейін ватсапта бір жас жігіт тап осы мәселені айтып жатыр екен. Бір өкініштісі, сұбхат алып отырған қызымыз алдында отырған азаматты таныстырмастан, бірден сұрақ-жауап түріндегі хабарын бастап кетті. Мына газеттегі сол – жазушы, әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай «Жетісу» телеарнасындағы «Жүрек сөзі» бағдарламасында бүй дейді дегендеріңе қарағанда, осы екеуі бір Тоқтарбай болар деп ойлаймын.

           Ватсаптағы сұхбатын жазушы, жас жігіт бар ынта-жігерімен беріле отырып баяндап отыр екен. Тыңдаған адамның айызы қанғандай. Тыңдап отырғанда алғашқы әсерің әп-бәрекелді болғанмен, ойлана келе, апыр-ай, тап қазір осылай қазбалап, бір-біріміздің артымыздан ши жүгіртудің қажеті бар ма еді деген ойға қалдым. Онсыз да «Ресей» телеарнасының бірімізге бірімізді айдап салып жатқаны анау. Неше түрлі тәсіл қолдануда. Оған өзіміз қосылсақ не болғанымыз? Оның үстіне С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, А.Қарасартов және т.б. жайындағы әңгімелер сонау кеңес заманынан бері айтыла-айтыла жауыр болған тақырыптар. Автор қыза келе, «… олардың әлі ұрпақтары бар. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, түрлі жерлерде қызмет етіп отыр. Неге біз соларды көрсетпейміз?» деп, өзінің ренішін де жасырмаған. Ау, қазір олардың балалары емес, немере-шөберелері қызметте шығар. Олардың не жазығы бар? Әке үшін баласы жауапты болғанын қашан естіп едік? Егер өз ұрпақтарының ар-намысы оянып, «бір кездерде әкем, атам сондай қателік жасаған екен,  сол үшін қазақ халқынан кешірім сұраймыз» деп жатса, онда оның жөні басқа.

            Автор одан берірек келіп, Ілияс Есенберлиннің үстінен Мәскеуге арыз жазған деп, тірісі бар, марқұм болып кеткені бар – бір топ жазушының атын атаған екен. Меніңше, бұл тіпті артық. Өзіңіз қараңыз, өнер адамдарының, жазушылардың, ғалымдардың арасында үстерінен арыз жазылмағаны жоқ. Тіпті «төрт рет Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған еңбегім осы арыздың кесірінен желкесінен қиылды» дегенді де естідік, оқыдық, көрдік және бұл, сен айтқандай, тек қазақтың арасында болған жағдай емес. Барлық ұлттың жан жарасы. Бұл – «қызғаншақтық, көреалмаушылық» деген қызыл ит, мерез ауру. Оны жазу бір адамның қолынан келмейді. Онымен бүкіл қауым болып күресу керек. Бірақ өтіп кеткен соң емес, дер кезінде араласу керек.

            Әлде мұндай «жаман» қылықтар қазір жоқ па? Әйтпесе, басқасын айтпағанда, З.Нұрқаділов, А.Сәрсенбаевтар қайда? З.Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атып өлтіріпті деген өтірікке сенгеннің өзінде, А.Сәрсенбаевты тал түсте жауыздықпен өлтірген жоқ па? Оны қасындағы екі азаматпен өлтіру сенің не менің қолымнан келер ме? Ол тек құзыры бар адамдардың қолынан келеді. Ал олар тым жоғарыда отыр. А.Сәрсенбаевты неге өлтіртті деп ойлайсың? Себебі ол болашақ қазақ халқының жарық жұлдызы еді. Мықты ел билеушісі болатын еді. Міне, қызғаншақтық, көреалмаушылық деген қызыл ит тағы араласты.

           Осы тәуелсіздіктің отыз жылында жеткен аз-маз жетістігіміз су шайғандай жоқ болды. Экономиканы, саясатты айтпағанның өзінде, кешегі Токио олимпиадасында спорттағы күйіміз не болды? Жерге қарап қалдық қой. Қарыштап дамыған елде сондай бола ма? Бұл жерде де қызғаншақтық, көреалмаушылық деген қызыл ит араласқан сияқты. Әне, ел басшымыз бар кезде қандай жетістікке жетіп едік, қазір қандай болдық деген пікір қалыптастыру үшін бірінші президенттің айналасында жүрген жандайшаптары әдейі ұйымдастырмады ма екен деген ойға жетелейді. Елбасы бұны білмеуі де мүмкін. Кейде мен елбасын аяймын. Қартайып, қариялық жасқа келіп, салиқалы сөз айтар кезде артынан қаңқу сөз ергеніне. Жандайшаптары оған жаны ашығаннан емес, ертең ол кісі кетсе, «алтын астаудан» жеп отырған жемнен айырылып қаламыз деп, өз мүдделерін қорғап отыр.

           Автор осыларды тізбектей келіп, сөздерін мынандай фактілермен дәлелдегісі келеді.  «Біз тұлғаларымыздан айырылып қалдық, асыл-жақұттарымызды білмедік. 25 мың адам атылды, 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырады. АЛЖИР-де, КарЛаг-та, ГУЛАК-та қаншама Алаш қайраткерлерінің әйелдері отырды, сотталды, атылды». Ол рас. Бұл дәлелденген нәрселер. Бірақ автор бұның екінші жағына терең үңілмеген сыңайлы.

           Сол кезеңде біздің көрші республикаларда: Қырғызстанда – 10, Өзбекстанда – 7, ал Түрікменстанда 2-ақ пайызға жетер-жетпес орыс ұлты болған. Ал бізде ше? Бізде 49 пайыз орыс ұлтын құраған (кейбір облыстарда қазақтың үлесі 29 пайыз болған). Яғни қазақ қазақтың үстінен арыз жазып көрсетуіне осы орыс ағайындардың көп ықпалы болғанын ескермей жүрміз. Оған Екатерина қатын патша билегенде қатын патшаның саясаты «қазақтарды сексеуіл сияқты бір-біріне ұр да жық, сонда бұлардың арасында алауыздық туады» деген сөзі дәлел емес пе? Сол саясат осы күнге дейін жүріп жатыр. Ауыт-ауыт теледидардан немесе газет беттерінен қазақ халқына қарсы арам пиғылдарын ашықтан-ашық айтып жүр. Олар жай адамдар емес, дума депутаттары, ірі саясаткерлер. Ішінде мемлекет басшысы Путин де бар. Олар бекерден-бекер айтып отырған жоқ. Жас мемлекетімізді теңселту, ортамыздан қара мысық жіберу әдісі. Бұл тап бүгін іске аспаса да, келешекте керек болады деген жымысқы ой. Оған еш қымсынбайды. Қайта «аналарыңды тыйыңдар» деп, бізге жоғарыдан нұсқау беруде. Ал жас министрлер, жігерсіз ел басшылары бұған қарсы уәждерін, дәлелдерін айтудың орнына бас шұлғып көне салады.

          Мен бұл жерде Е.Тоқтарбайды кінәлайын деп отырғаным жоқ. Қайта жас азаматтың архив ақтарып, ізденгеніне қуанып, риза болып отырмын. Тек мұндай мәліметтерді арнайы орындарда ғана жарияласа… Әсіресе мына ватсап дейміз, басқа да жедел тарайтын құралдарда айтылғаны жөн емес. Кейбір шала сауаттылар бұны басқаша түсініп, басқаша қабылдайды. Соның әсері болу керек, Алашорданың 100 жылдығын атап өту кезінде бір қарындасымыз (тілі орысша)  «Алаштықтардың бәрі сатқындар, оларды дәріптеудің қажеті жоқ, мен қарсымын!» деп сайрап тұр. Ішімізде осындай болып жатқанда сыртқы жауымызға не жорық?!

         Е.Тоқтарбайдың айтқандарын ватсаптан тыңдап, газеттен оқығаннан кейін мен де өз пікірімді білдіруді жөн санадым. Осы мақаланы жазып отырғанымда ойымнан екі нәрсе шықпай қойды. Біріншісі: мемлекет қайраткері, мәжіліс депутаты, Желтоқсан көтерілісі жайында шығарылған 10 томдықтың авторы Берік Әбдіғалидың интервью беріп отырғанда айтқан мына бір сөзі: «Мен Желтоқсан оқиғасын барынша қамтыдым деп ойлаймын. Тіпті сол қантөгісте «ерлік» көрсетіп, медаль-ордендермен марапатталғандардан басқа, грамота алғандарды, тіпті отгул алғандарға дейін аты-жөндерін атап көрсеттім. Ондағы ойым –келешекте мұндай оқиға қайталанбаса екен деген ой еді. ...Қайда, 2011 жылы Жаңаөзенде автоматтан оқ жаудырып, қазақтар қазақтарды қырып салған жоқ па?» – дейді.

         Екіншісі: сонау бір замандарда Қытай коммунистік партиясын басқарған секретарь Мао Цзедун орнынан түскенде бюрода бір-ақ мәселе қаралған. Маоны не істейміз? Жамандаймыз ба,  жақсылықтарын айтамыз ба деген сұрақ. Бюро мүшелері бірауыздан оның жасаған жақсылығын да, істеген жаманшылығын да айтпаймыз деген шешім қабылдаған. Қазір Қытай үлкен державаға айналды. Бірақ Мао жайында бір ауыз сөз айтылмайды екен.

           Міне, өсер елдің әрекеті. Қазақ сатқын емес. Қазаққа сатқындықты әртүрлі жолдармен енгізген. Оған дәлел – Голощекин келгеннен кейін ел аралап шығады. Қызылорда жағына барса, бір ауыл сол баяғыдай қазақи тұрмыстарымен өмір сүріп жатыр. Байы – бай, кедейі – кедей. Бірақ аштан қырылып жатқан ел жоқ. Байлар кедейлерін асырап отыр. Голощекин айқайға басады: «Мұнда Совет өкіметінің иісі де жоқ қой. Қане, бұл жерге қызыл революция орнатайық» деп. Сөйтіп, ағайынды ағайынға қарсы қойып, «сен ананы жамандап үстінен донос жасасаң, нағыз революционер боласың» дейді ғой. Ал оның арты жұтқа айналды. Ашаршылықтан қаншама адамымыздан айырылғанымызды әлі күнге санап бола алмай жатырмыз.

            Бір-біріміздің өткенімізді қазбалағанның зиянынан басқа түк пайдасы жоқ. Тәуелсіздікті аңсап, бірақ сол тәуелсіздікті көре алмай кеткен алаштықтарды дәріптеуіміз керек (алаштықтардың да арасында бір-біріне қарамай-қайшы пікірлердің болғанын жоққа шығарып отырғаным жоқ). Сондықтан астананың көрнекі жерлеріне оларға ескерткіш қоюымыз керек. Ол болашаққа апаратын жарық жұлдызға айналады. Қазақ қашанда бір-бірін «батырым» деп өскен халық. Тек ез болмайық, ағайын!

          Екінші – саясаттанушы Дос Көшімнің «Бөтен» деген мақаласы. Бұл нақты бір адам жайында, яғни атақты ақынымыз Олжас Сүлейменовтің сыртқы болмысын айқын, ашық көрсетіп берген мақала екен. Осы мақаланы оқып отырып, ойыма осыдан 38 жыл бұрын ақынымыз жайындағы бір келеңсіз әңгіменің куәсі болғаным есіме түсті.

           Ол кезде Олжастың аты аталса бір мақтаныш сезімге бөленіп, халық мақтанышы, халық батырындай көретінбіз. Себебі алдында «Аз и Я» деген поэмасы жарық көргеннен кейін түркітілдес, оның ішінде қазақ халқының жақтаушысы, жарылқаушысы жарқ ете қалғандай әсерде болдық. Мен орысшасын да, қазақшасын да алып оқыған және тамсанған жастардың бірі едім. Бірақ Олжекең жайлы әртүрлі жағымсыз сыбыс естігеннен кейін әрі-сәре күйде жүрген кезім еді.  

            1983 жылы немере інім үйленетін болып, жұбайым екеуміз келінді әкелуге бас құда болып бардық. Құдағиымыз – сол кездегі республикалық «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы Мәриям Қарақонақова. Жас та болсақ, бас құда болғасын  жақсылап қарсы алды. Жиналғандар ығай мен сығай. Үлкені – қазақ әйелдерінен бірінші болып роман жазған Сара Мыңжасарова апамыз. Сол кезде ол кісі үлкейіңкіреп қалған екен. Дегенмен ширақ. Бәрі соның аузына қарап отыр. Одан кішілері – Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова. Басқа да, маған онша таныс емес ақын-жазушылар болды. Аман-саулықтан кейін Сара апамыз «Ау, Тахауи қайда?» деп сұрады. «Тәкең кешегі пленумдағы болған жағдайдан кейін ауырып қалып, келе алмады» деп біреуі жауап берді. Апай: «Ал, пленумдағы болған жағдайды айтыңдаршы, не болды өзі, масқара болыпты ғой», – деп жан-жағына қарады. Ешкім үндей қоймады. Шамасы, мен отыр деп айтқысы келмеген сияқты. Апай: «Әй, азаматтар! Мына бала отыр деп айтпай отырмысыңдар? Қайта бұл бала (мені айтып отыр) халықтың бір мүшесі. Бұлар Олжастың шын бет-бейнесін білмегендіктен, қазақ халқының жоқтаушысы, жанашыры деп төбелеріне көтеріп жүр ғой. Білсін оның «қойдың терісін жамылған қасқыр» екенін», – деп жүйдірмелетіп айтып тастады. Содан кейін барып пленум жайында әңгіме өрбіді. Әңгімелеген адам біреу болмағандықтан, мен анау айтты, мынау айтты демей, сол жерде естігендерімді айтайын.

           Біз осы Алматыға келерден бес-алты күн бұрын Қазақстан жазушылар одағының кезекті пленумы өткен екен. Онда одақтың бірінші хатшысы О.Сүлейменовтің баяндама жасағанын, қаралған мәселелердің реттерін және жарыссөзге шыққандар жөнінде жазылған. Басқа артық ештеңе айтылмаған. Ол хабарды «Лениншіл жас» газетінен оқығанмын. Негізінде, оқиға былай өрбиді: жиналыс басталғанда көзге бірден ұрғаны – залдағы алдыңғы қатардың бос тұрғаны деп бастады әңгіме айтушы. Әншейінде алдыңғы қатар бос болғанмен, ол жерге арнайы шақырылған қонақтар жайғасатын. Баяндаманы Олжас, әрине, орысша жасады. Әдебиет жанрларына баға бере келіп, прозаның кенже қалып келе жатқаны, тіпті соңғы жылдардағы жазылғандардың (қазақша жазылғандарын айтады) ішінде іліп алары жоқ екенін айта келіп: «Мысалы, Т.Ахтановтың «Көлеңкеңмен қорғай жүр» деген романы ешқандай сын көтермейді. Менің кезекті демалыста болғанымды пайдаланып, қазақ  прозасындағы ең үздік шығарма деп Москваға беріп жіберіпті. Бұл өрескел қателік болды», – деп, бар қаһарын Тахауиға төккен. Осы кезде Ә.Нұрпейісов болу керек, сөзге араласып: «Әр одақтас республикадан бір адамнан «Алтын кітапқа» есімдері жазылады. Бізден Тахауиды ұсынғанбыз», – деді. Олжастың діңкесін құртып тұрған – Москвадағы «Алтын кітапқа» мен емес, неге Тахауи жазылады деген қыжыл ғой.

           Осы жерде мен өз тарапымнан қоса кетейін: өткен айда шыққан «Жұлдыз» журналының соңғы үш-төрт бетінде Т.Ахтановтың «Көлеңкеңмен қорғай жүр» деген кітабын сынаған мақаланы оқығанмын. Мақаланың авторы есіме түспей түр. Ол кітапты бастан-аяғына дейін іске алғысыз қылып тастаған. Басты кейіпкер – қазақ офицері кезекті демалысқа еліне бара жатқанда  соғыс тұтқиылдан басталғандықтан, әйелін бір деревнияға тастап, өзі орманға кіріп, өз бөлімшесін іздеуге шықпай ма?! Қаптаған неміс танкілеріне қарсы жолыққаннан кейін жата қалып жасырынады. Сол жатқанында әлгі танкілердің дүбірін баяғы бала кезінде үйір-үйір жылқының шауып келе жатқан шабысына теңеген жері бар ғой. Соны мықтап сынаған. Мен мына әңгімені естігенде ойыма сол мақала түсті. Яғни әдейі тапсырыспен жазылған.

            Сол сөздерді естігенде Тахауи мазасыздана бастады. Тіпті трибунаға шығып, бір нәрсе айтқысы келгендей қозғалақтайды. Бірақ оған шамасы келмеді, жедел жәрдем шақырып, сол жерден ауруханаға алып кетеді. Олжекең онымен де қоймай, қаралау сөзін жалғастыра береді. Енді Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясына ауыз салады. «Мен оның түпнұсқасын оқып шықтым, өте нашар жазылған дүние» дегенді айтады. Осы кезде Әбекең шыдай алмай, трибунаға қарай бет алады. Қызықтың көкесі осы жерде басталады. Бағанағы бірінші қатардағы бос тұрған орынға осы мекеменің жұмысшы әйелдері (бәрі еврей ұлтынан екен, себебі Олжас бұрынғы жұмысшыларды шығарып жіберіп, ылғи өз «балдыздарын» алған) тізіліп келіп жайғаса бастайды. Әбекең ұлықсат бермесе де, мінберге шығып сөйлей бастағанда әлгі әйелдер ысқырып-пысқырып, Әбекеңнің сөйлеуіне кедергі жасайды. Осы кезде Москвадан, Жазушылар одағынан келген уәкіл араласқаннан кейін барып әлгі әйелдер тізіліп шығып кетеді. Әбекең: «Әй, Олжас! Мен еш уақытта түпнұсқамды орысша жазбаймын, ал сен қазақшаны оқи алмайсың, сен неге өтірік айтасың?» – деген бір ауыз деректі сөзін айтады да, трибунадан түсіп кетеді.

           Міне, мен мына сөздерді естігенде не нанарымды, не нанбасымды білмей, әрі-сәрі күйде болдым. Нанбасқа шарам жоқ. Мүйізі қарағайдай ағаларымыз бен апаларымыз айтып отыр. Мен «солар сөйтіп айтыпты» деп, екінші біреуден естісем, оның жөні басқа. Отыз сегіз жыл бойы осы естіген  әңгімем ішімде сақтаулы жүрді. Тек Дос Көшімнің «Бөтен» деген мақаласын оқығаннан кейін барып осы өз құлағыммен естігендерімді сыртқа шығарып отырмын.

          Бұл жерде, менің ойымша, Д.Көшім О.Сүлейменовтің ақындығын сынап-мінейін демеген. Олжас кеңестік дәуірде поэзиядан өз орнын алған азамат. Бұл жерде Олжекеңнің өз ұлтынан, қазақ халқынан бөлінуі.  Яғни бөтен бағытты, бөтен жолды ұстануы сөз болып отыр. Қандай да бір зиялы деп жүрген азаматымыз қандай тілде сөйлесе де, өз ұлтының мүддесін қорғамаса, оны сол ұлттың өкілі деп атауға болмайды. Марқұм Сара Мыңжасарова апайымыздың  «ол (Олжас) «қойдың терісін жамылған қасқыр ғой»  деген сөзінің мағынасын енді түсінгендей болдым.

          Олжас қазір ұрпақтарына бата беретін жастан асып кетті. Қазақ  халқы одан соны күтеді, соны аңсайды. Әй, қайдам, осы жазда теледидардан қасында Мұрат Әуезов пен Төрегелді Шарманов ақсақалдарымыз бар, «Ақсақалдар...» деген хабарды орыс тілінде жүргізіп отырды. Төрегелді мен Мұраттың ол жерде не істеп жүргенін осы күнге дейін түсіне алмадым. Ал Олжастыкі түсінікті, жасы 85-тен асса да, орыс тілінің құдіретін паш етпекші.

         Мен осы екі мақалаға бір ортақ пікірімді білдіруге, өз азаматтық көзқарасымды түсіндіруге тырыстым. Себебі екеуі де бір бағытта сын-пікірлерін айтқан. Тек айырмашылығы – біріншісі өлгендердің үстінен айтылса, ал екіншісі осы кезде қасында жүрген ағасына өз ойын жеткізуге бағыттаған.

         Міне, Дос Көшім сияқты сынды тірі кезінде айта білу керек. Одан сыналған адам да көштен қалып қалмайды, сынаған адамның да мәртебесі өспейді. Бірақ келешек ұрпаққа тигізер пайдасы зор. Олар да осы бағытты ұстанатын болады.

        Сөзімді Дос Көшімнің «… Африканың мумба-юмба тайпасының тамаша ақынының қазақ тілі не болмаса ономастикасы туралы пікірін білдіруі қаншалықты орынсыз болса, орыстанған қазақтардың қазақ мәселесіне пікірін білдіруі соншалықты қисынсыз, соншалықты ақымақтық. Орыстанып, тілі мен дінін, ділін ұмытқан жандарды кемсіту не болмаса құқықтарын шектеу ойымда жоқ, тек бізге, қазақтілділерге, ақыл айтуларының ыңғайсыз екенін түсінетін уақыт жеткенін білулері керек деп ойлаймын»  деген тамашафразасымен аяқтағанды жөн көрдім.

                                                                      

Тегтер: пікір пайым саясат билік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жеңіс ТЕМІРХАН 03.12.2021, 08:49
Деміккен демократия: Қалай қазақыланамыз?
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 15:50
14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 10:05
Сауранда бірнеше жүк көліктері соқтығысты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 02.12.2021, 09:05
Тәуелсіздік күнін неге үреймен күтеміз?
Әділ АҚЫЛБАЙ 02.12.2021, 09:02
«Оператор РОП» халықтың «үнін өшірді»
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 08:26
30 жылдың қорытындысы: Қарағандылық археологтар қазақ даласының қандай құпияларын ашты

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00