"Екіншінің" екпіні Едігедей болмады

Махамбет САПАРМҰРАТОВ

21.01.2021, 11:26

2608

      Ғибраты мол, ғұлама жазушы Ғабит Мүсірепов қойын дәптеріне жазып қалдырған: «Туған елін ең жақсы көретін адам елінің ең бір болымсыз кемшілігіне де  ең қатал сын айту керек. Әттең, соны біз істемей отырмыз» (Күнделік. Алматы: Ана тілі, 1997. 109-бет),  деген  қанатты сөздері мақаламыздың маңдайына  сұраулы сөйлемнен тұратын тақырып қоюға түрткі болды. Атан түйеге жүк болатын салмақты, сұрапыл сұраққа  жер-көктен жеңіл-желпі жауап іздемей-ақ,  көңілге түйгендерімізді тарқатып көрейік. 

      Қанша айтқанмен президент Тоқаев көлеңкеде жүріп, «күнге»  қарап өскен кісі ғой,  екі тізгін, бір шылбырды  қолға ұстағанда,  жыл келгендей жаңалық сезілмеді.  Үлкен орын  кішкентай адамдарды кішірейтіп,  үлкен адамды  үлкейтіп жібереді екен.  «Би екеу болса, дау төртеу болады»  деген бекер, ақша бұлттың ар жағынан  әлсіз  себелеген Ай сәулесі алып Күннің өткір нұрына  көміліп, жұтылып  кетіп жатқаны болмаса… Екінші президенттің екпіні Едігедей болмады,  қоғамда қордаланған  қатпар-қатпар қойыртпақтарды  қопармады,  үлкен кісі  мен үзеңгілестерін  жалғап тұрған желі үзілмеді,  өзіндік тоқсан тоғыз  жақсы қасиеттерінен айырылып, өзгенің тоқсан тоғыз түрлі  кемшілігін үйреніп,  ит әуреге түсіп,  беті  «хош, есен болға»  бұрылып бара жатқан елге «әу»  демеді.  Басқасын айтпағанда,  президент қатынданған қазақ телеарналарының  тіршілігінен мүлдем бейхабар болып шықты.  «Қосылайық», «Әкемізге қалыңдық», «Әкемізге тұзақ» т.б. сорақы бағдарламалардың сорпасын сапырып отырған,  ұлтсыздануды көксеп,  мұртын майлап жүргендерге  «бұл не бассыздық»  демеді. Сонымен,  өмір-өзен бұрынғыдай, өз арнасынан  ауытқымай,  асып-таспай,  жұртты әбігерге салмай,  алдыңғы арбаның соқпағымен жүріп келеміз. 

        Президент Тоқаев билігінің  ақын Қадыр Мырза Әлі  айтқандай: «Бабаларым шоқ басқан табанымен, Бірдей екен жақсысы  жаманымен».   

      Бір жақсысы:  биліктің қурайдан май тамызған  мақтаншақтық идеологиясының  домна пешіндей,  қызуы басылып,  қарқыны бәсеңдеді.  Отыз жыл бойы асыққаныңыз не  алға озамыз деп аптығып, ақыры аяғында,  артымыз көрініп қалды.  Еңді ғана есімізді жиып, «мақтаншақ, бекер мал шашпақ» бес дұшпанның бетіне  тура қарай бастадық.  «Мақтаншақстанның» берген сыбағасы: көзбояушылық, жоқты бардай етіп көрсету, өтірік ақпар беру, жасырып жабу,  тыраштық,  көңілжықпастық, елді босқа үміттендіру т.б.  толып жатқан қойыртпақтарға  көміп тастады.  Мақтана-мақтана масқара болдық: «Барысқа айналамыз», «Мәңгілік ел», «Ұлы даланың жеті қыры» т.б.  ұранға айналған  қиял-ғажайып ертегілер естен шығып, ұмытылып барады.  Рухани жаңғырудың нәтижесі де керемет:  «Әкемізге тұзақ», түбімізге жетпей тынбайтын  қатынталас,  байталас  түрік сериалдары т.б.  деңгейіне көтерілді.  Осындайда, қауашығымызға қайдағы бір қиямпұрыс ой келеді: әлдекімдер әдейі ұлтты іштен ірітіп жатқан жоқ па екен деген.  Құдай сақтасын!

      Бір жаманы:  қазақ тілі – мемлекеттік тіл деген дардай аты болмаса,  мақтаныш тұтатын  маңызға  ие бола алмай келеді.  «Мен», «мен» деген тұлпар мініп, ту алған Махамбетке жарасады, қалғандары  ергежейлілер»  (Рақымжан Отарбаев)  демекші,  қазақ тілінің «мен ғана» дейтін заманы  тумай-ақ қойды.  Ресми тілмен төсекте басы,  төскейде малы қосылып,  қашанға дейін жүре берер екен?  Үкімет үйі, парламент, президент әкімшілігі,  министрліктер қазақ тілін үйренетін  республикалық орталық штабына айналып, тіл қадірін білмейтін кадрлар қоймасы сияқты.     

      Бір жақсысы:  жемқорлық пен  парақорлыққа қарсы күресте  жаңа бетбұрыс жасалып жатқаны байқалады.  Бірақ буыны қатпаған баладай әлсіз.  Жемқорлыққа жол ашып,  ұры-қарыны қолдан көбейтіп алып,  енді күресіп жатқан сиқымыз мынау. «Бандиттің маскасын»  киіп, тәуелсіздік кіріп келгенде, «бөліп ал да, жей бер»  деп,  бата берген  кісілердің әлі көзі тірі.  «Қолдарынан жетектеп темір торға тоғытамын», дегені бос сөз болып шықты.  Ауыл мен Ақорданың арасын жалғап тұрған жемқорлықтың жібек баулы,  алтын жалатқан арқаны, әл-әзірше, үзілетін емес. Арқамызға аяздай бататыны: кеше ғана өткен сайлауда мандатқұмар мансапқорлар арын сатып тапқан ақшаларын қара басының қамына  жұмсап, елге адал қызмет етеміз деп, ант беріп жатыр. Ант-су ішу адамның адалдығын білдірмейді.

      Бір жаманы:  ауылдық жерлерде тіршілік ететін 8 млн тұрғынның тең жартысы  әлі күнге ауызсуға жарымай отыр.  Ұлт саулығын айтып  ұлардай шулағаннан не пайда?!  Көлді көпірік толтырып, шынды өтірік өлтіріп жатқан заман болды ғой.  Отыз жылдан бері  бәрін қатырып жатырмыз деп  «рапорт» бергіш  әкімқараларды  аямай жазалайтын уақыт жетті.  Айтыңызшы, ауыл адамдары  жолсыз, газсыз, жарықсыз т.б.  ілдәлдалап  күн көрер-ау,  ал ауызсусыз мүлдем құрып бітпей ме?

      Бір жақсысы: мұғалім, дәрігер, мәдениет, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақылары өсіп, көңіл күйлері көтеріліп қалды.  Беретіні көп,  айлықтан басқа алатыны  жоқ,  байғұс баланың күйін кешкен мұғалімдерге  кеш те болса құрмет көрсетілді. Онсыз да ішіп-жейтіні бастан асатын  полиция, сот, прокурор, мемқызметкерлердің айлық-жалақыларын бірнеше есеге арттырып тастағанда, ешкім мұғалімдерден ұят болды-ау демеп еді.

      Бір жаманы:   кадрларды іріктеу,  таңдау және оларды орналастыруда  отаншылдық рухы, мемлекетшілдік, тазалық т.б. қасиеттері мүлдем ескерілмеді.  Бәрі стихиялы түрде, қазақы менталитетпен жауапкершіліксіз жүргізілді.  Жас-кәрісіне қарамай,  елді жаппай дипломдандыру мемлекеттік саясатқа айналып,  сорақысы сол – можантопай кадрлардың қатарын көбейтіп жіберді. Елдің көсегесін көгертпейтін, масылдыққа бейім,  жемқорлыққа жақын, байлыққа құмар,  шала сауатты кадрлар  өзінің де, біздің де сорымыз болады-ау деп ойламадық. 

       Бір жаманы:  қит етсе қазақты кінәлап,  мысын басып, жігерін жасытып,  намысын таптап,  өзгелер үшін өзегін жұлып беруге дайын мақтаншақ биліктің  «біздерде мынандай бар» деп  ойлап тауып,  оңаша  отау көтерген  ассамблея артық саусақ секілді.  Оны аз десеңіз, құшағымызды айқара ашып,  кеше ғана өткен сайлауда  «асылтұқымды»   диаспора өкілдерінің тоғыз   «данасын»   төбемізге көтеріп,  парламент төріне отырғызып қойдық.  Ешбір елге ұқсамайтын ерекше ел екенімізді  мақтанышпен тағы бір рет дәлелдедік. Тамағымызды ішіп,  табағымызға түкіріп кетпесін деп тілеңіз. 

       Көріп отырғанымыздай, «табанымен шоқ басқан»  Тоқаев билігі тыңнан түрен салған тұңғыштың «томпақ» тұстарына тіреліп, «жақсысы мен жаманы»  таразы басын  теңселтіп тұр.  Бұл баяғы  бір орында тапжылмай тұратын Брежнев «вагондарын»  еске салады.  Тәйірі-ай, вагонда тұрған не бар, гәп алға сүйрейтін алып  локомотивтің ақауында болып тұр ғой.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.03.2021, 11:18
Тоқаев Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы туралы айтты
Батыр ЖАСҰЛАН 05.03.2021, 09:23
"Жер кодексіне" түбегейлі өзгерістер қажет
Әділ КЕМЕҢГЕР 04.03.2021, 11:01
Қазақтан келін алған Раудың басы дауға қалды
Күлтегін БЕК 04.03.2021, 09:33
Айырқалпақтылардың «айрықша» президенті
Әділ АҚЫЛБАЙ 04.03.2021, 09:18
Байқа, билік, байқа, полиция! Ертең заңгерлер митингіге шығады
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 15:44
Жомарт Ертаев тағы 9 жылға сотталды

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44