«Экстің» пайдасынан зияны асып кеткен жоқ па?!

Сайт әкімшілігі

01.02.2023, 07:32

1471

Жақында қырғызстандық депутат Дастан Бекешев «Қырғыз Республикасы президенті қызметінің кепілдіктері және Қырғыз Республикасының экс-президентінің мәртебесі туралы» заңға түзетулер енгізу туралы ұсыныс айтып, экс-президенттерді «көңілдес әйелге» теңеп, өткір мәлімдеме жасады. «Біздің елімізде экс-президенттер мемлекеттің «көңілдес әйелі» секілді, ал оны салық төлеушілер асырауға мәжбүр», деген депутат экс-президенттерге бюджет есебінен және өмір бойы мемлекеттік күзет беру тым артық екенін, мемлекеттік күзеттің тек алғашқы бес жылы ғана тегін болуы керектігін айтты. Сондай-ақ экс-президенттердің мемлекеттік резиденцияда тұру құқығы туралы бапқа да өзгеріс енгізуді ұсынды. Көрші елде батыл қозғалып жатқан бұл мәселе бізге де тым таныс.

Мәселен, кеше ғана Назарбаевтың кеңсесі көліктік қызметтерге биыл мемлекеттің 65 млн теңгесін жұмсайтыны белгілі болды. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы лот сипаттамасында «Тапсырыс беруші – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесі» мемлекеттік мекемесі; 1) мінездеме – Астана қаласында автокөлікпен Көліктік қызмет көрсету жөніндегі қызметтер; жоспарлы сома – 61 млн теңге; 2) мінездеме – Алматы қаласында автокөлікпен көліктік қызмет көрсету жөніндегі қызметтер; жоспарлы сома – 4,4 млн  теңге», – делінген хабарлама соның айғағы. Сондай-ақ лот сипаттамасында бұл қаржы бір жылға бөлінетіні көрсетілген, бірақ техникалық сипаттамада автокөлік 2023 жылдың наурызынан желтоқсанына дейін қолданылатыны айтылған. Кеңсе жеке пайдалануға арналған, кем дегенде, бес көлікке тапсырыс бермекші. Жеке автокөлік 2008 жылдан бергі уақытта шыққан седан немесе жол талғамайтын көлік болуы керек. Сондай-ақ қызметтік пайдалану үшін кемінде, төрт авто, қызметкерлер үшін кемінде, бір кезекші авто және шағын автобус сатып алу көзделген. Бұл – тек Астанада жүріп-тұру үшін қажетті көліктер. Ал Алматыда кезекшілік қызмет көрсету үшін кемінде, екі автомобиль қажеттігі көрсетілген.

          Одан бөлек, тек 2023 жылы экс-президенттің кеңсесін қаржыландыру үшін бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінбек. Ал келесі жылы 1 994 569 000 теңге, 2025 жылы 2 154 435 000 теңге қарастырылған көрінеді. Барған сайын көлемі ұлғайып бара жатқан бұл миллиардтар бюджетке айтарлықтай салмақ екені сөзсіз. Осындайда еске түседі, кеңсе шығынының жыл сайынғы өсімі ауыз толтырып айтарлықтай. Билік басындағылардың шығындары үнемі жыл санап өсіп отырса да, қанша қымбатшылық болып жатса да қарапайым халықтың шығыны дәл осылай ескеріле бермейтіні өкінішті.

Жасыратыны жоқ әлеуметтік желіде Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібайға қатысты да наразы пікірлер жиі жазылады. «Зейнеткерге баспасөз хатшысы неге керек», деген пікірлерден халықтың бүгінде Назарбаев кеңсесіне қатысты, оның қызметкерлеріне қатысты, назар аудартып отырған миллиардтардың қайда бағытталатынын білгісі келетіні байқалады. Алайда мұндай мәліметтер еш жәрия етілер емес, тіпті, Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жоюы нені білдіретінін, нақты Назарбаев қандай қызметтерден қағылғанына да жауап беретін жан жоқ. Соған қарап, осының барлығы халықты алдаусырату емес пе, деген күдік те жоқ емес. Өйткені Назарбаевтың кеңсесі ешқандай қаржылық есеп жарияламайтындықтан, мемлекеттен бөлінген миллардтардың қайда кетіп жатқаны да түсініксіз.

 Қырғызстандық депутаттай, елімізде оны ешкім ашып айтпаса да экс-президентіміздің жай ғана тұрмыс-тіршілігі, жүріс тұрысының ел бюджетіне айтарлықтай салмақ салып тұрғанын ішіміз сезеді. Тіпті, оның жүріп өткен жолын, жасаған әрекетін одан әрі қамтамасыз ету де ел бюджетіне салмақ салып тұр. Мәселен, экс-президент салдыртып, бүгінде шығындары  алаңдатпай қоймайтын Орта Азиядағы ең үлкен мешіт саналатын, 235 мың адам бір уақытта құлшылық жасай алатын, 10 гектар аумаққа орналасқан мешіт шығыны. Кезінде ҚМДБ-ға хабарласқанымызда «Қазіргі таңда ҚМДБ жаңа мешітті толықтай өз қарамағына қабылдап жатыр. Сол сәттен бастап барлық шығынын, коммуналдық төлемдерін діни басқарма өз мойнына алады. Әрине, діни басқарманың ол мешітті күтіп баптап ұстауға материалдық мүмкіндігі жетпейді. Ол анық. Сондықтан алдағы уақытта мемлекет есебіне өткізілуі мүмкін», деген еді. Демек, он гектар аумақты күтіп ұстау үшін біраз қызметкерлер керек екенін ескерсек, алдағы уақытта мұның сіз бен біздің салық есебімізден өтелуі әбден мүмкін.

Саясаттанушы Санжар Боқаев кезінде «Нұр Отанның» бір күндік бюджеті – 18 млн теңге болғанын айтқан еді. Осы уақытқа дейін Назарбаев Зияткерлік мектептері мен университетінің де шығынына таңдай қағып, бас шайқап келдік. Елдің әлеуметтік жағдайы жыл санап төмендеп бара жатқан тұста мұндай шығындар халықты алаңдатпай қоймайды. Назарбаевтың өзіне арналған шығын түгілі, ол бастаған дүниелер де ел бюджетін қанап-ақ келеді. Экс-президенттің көңіліне қашанғы қарар екенбіз?!.

Тегтер: президент экс саясат пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:19
Алматы облысында 2-сынып оқушысын зорлау дерегі тергеліп жатыр
Сайт әкімшілігі 12:13
ЖСДП фракциясы Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қарсы шықты
Сайт әкімшілігі 11:57
Әлихан Смайылов премьер-министр қызметін сақтап қалды
Сайт әкімшілігі 11:10
Тоқаевқа жаңа премьер-министрдің кандидатурасы ұсынылды
Күлтегін БЕК 10:31
Ассамблея жабыла ма деп жүрсек...
Жарас ШӨКЕ 05:37
Үкімет кетті, «Халық әртісі» мен Қошанов қайта оралды

Аңдатпа


  • Үкімет кетті, «Халық әртісі» мен Қошанов қайта оралды
    05:37
  • Айтыскер, блогер һәм тренер
    05:34
  • Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
    05:32
  • Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
    29.03.2023, 05:46
  • Нұртай Базарұлы, зейнеткер: Қарағұсованың заңына қарсылық білдіремін
    29.03.2023, 05:44