Елді де, президентті де алдаған ба?

Отставкіге кеткен Шөкеевтің өтіріктері шыға бастады

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

22.11.2022, 05:50

635

Түркістан облысында әкім ауысса, жағдай 180 градусқа өзгеріп шыға келеді. Жаңа әкіммен бірге жаңа кадрлардың келетіні айтпаса да түсінікті. Бұрынғы әкімнің бастамалары далада қалып, шенеуніктер тайлы-тұяғымен «жаңа Түркістанды» бастайды. Енді, міне, әкім кетсе, статистикалық мәліметтер де құбылып кететін дәрежеге жеткен сияқтымыз.

Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды әкімдікте өткен алқалы жиында өңірдегі ауыз суға қатысты жағдайды талқылады. Осы жиында айтылған мәліметтерге қарағанда, Түркістан облысында 831 елдімекеннің 712-сі немесе 85,7 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жоспарға сәйкес, 119 елдімекен ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек. Оған 21,7 миллиард теңге қажет екен. Биыл 21 нысанға 5,1 миллиард теңге бөлінген. 10 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалғаны келер жылға өтпекші. Нәтижесінде, 23 елдімекен ауыз сумен қамтылып, облыста ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 87 пайызға жетеді.

– Тұрғындарды ауыз сумен, газбен, инфрақұрылыммен қамту – басты міндет. Облысты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі апта сайын тұрақты түрде қаралып тұратын болады. Түйткілдер болса, бірлесіп шешу жолын табайық. Ауыз су мәселесін терең талдап, аудан, қала әкімдіктері, басқармалар немесе облыс әкімдігі деңгейінде шешілетіндерін нақтылап берген жөн. Арнайы жоспар құрып, жүйелі жұмыс істеуіміз керек, – деді Дархан Сатыбалды.

«Облыста ауыз сумен қамту 85 пайызды құрады», деген мәліметтің құлаққа біртүрлілеу естілгені рас. Себебі бұған дейінгі әкімнің тұсында атқамінерлер елдің құлағын 90 пайызға үйретіп қойған еді. Енді кімге сенерімізді өзіміз де білмей отырмыз.

2021 жылға дейін облыстың статистикалық мәліметтерінде ауыз сумен қамту деңгейі 80 пайыздың шамасында болатын-ды. Не түлен түрткенін кім білсін, 2021 жылдың маусымында елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингінде сол кездегі облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев ауыз сумен 2023 жылы қалаларды 100 пайыз, 2025 жылы ауылдық елдімекендерді 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланғанын мәлім етті. Өңір басшысы сол жолы Түркістан облысында 60 нысанның құрылысына бюджеттен 12,7 миллиард теңге бөлінгенін, жыл қорытындысы бойынша облыстың ауыз сумен қамту деңгейінің 93,3 пайызға жететінін мәлімдеп жіберді. Осы жылдың күзінде Шөкеев республикалық басылымдарда жариялаған мақаласында облыста орталық­тан­дырылған ауызсумен қамту ету деңгейі қалаларда – 98,9 пайыз, ал ауылдық елді мекендерде 92,1 пайыз деген мәліметтерді келтірді.

Ауыз суға қатысты дау биыл сәуірде облыстық мәслихатта көтерілді. Сессияда облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылары 2021 жылдың қорытындысы бойынша, облыста ауыз сумен қамтамасыз ету қалада 99,4 пайызды, ауылда 93,3 пайызды құрайды деген ақпарат берген болатын-ды. Депутаттар Есеп комитетінің Түркістан облысындағы тексеру қорытындысы бойынша өңірде ауыз сумен қамту деңгейі 2020 жылы 71 пайызды құрағанын алға тартып:

— Сонда бір жыл ішінде көрсеткіштің 90 пайыздан асып кеткеніне сенуге бола ма? деген сауалды көлденеңдетті.

Жиында ауыз суға бақылау жасайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев облыс әкімдігі ауыз сумен қамтуды облыс тұрғындарының саны бойынша, ал Есеп комитеті елдімекендердің саны бойынша есептегенін мәлім етті. Алайда бұл  ашық күнде елді адастыру еді. Себебі Есеп комитетінің қорытындысында ауыз сумен қамтудың облыстағы 2 миллион 018 мың халықтың саны бойынша есептелгендігі «тайға таңба басқандай»  жазылған болатын.

Енді, міне, Шөкеев кеткен соң, облыстың атқамінерлері ауыз суға қатысты статистиканы сол баяғы сексен пайыздың соқпағынан қайта бастағанды жөн көрді. Сонда Шөкеев пен оның айналасындағылар осы уақытқа дейін президентті де, үкіметті де 93 пайызбен алдап келген болып тұр ғой.

Айтпақшы, Есеп комитеті жоғарыдағы тексеру қорытындысын биыл ақпанда жариялаған болатын. Осы қорытындыға қарағанда, Түркістан облысында 2019 жылы 19,9 мың тонна көлеміндегі ірі қара мал етінің экспортына 19,8 мың тонна көлемінде тірі мал экспорты қосылып жазылған. 2019-2020 жылдары өңірдегі ауыл шаруашылығы тракторларының саны 6,6 мыңға артық көрсетілген. 2020 жылы сүт өнімдеріне қатысты мәліметтер де асыра жазылған (1,5 есеге немесе 844 тоннаға).

Түркістан республикадағы барлық ауыл шаруашылығы өнімдерінің 12,5 пайызын өндіреді. Облыста соңғы жылдары ауыл шаруашылығы экспортының көлемі өскен. Алайда өнімдердің дені сыртқа шикізат күйінде кетеді. Оларды қайта өңдеуге мән берілмейді. Мәселен, 2020 жылы қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты тек 1,3 мың тонна күнбағыс майы, 1,5 мың тонна жануарларға арналған жемшөп қоспалары, 0,17 мың тонна макарон ғана. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты көлемінің небәрі 0,6 пайызын құрайды екен.

  2018-2020 жылдары облыста бар-жоғы мақта жинайтын 5  техника сатып алынған. Ал мақта-тоқыма кластерін құру жөніндегі жол картасында жеңілдікпен кредит беру мәселесін пысықтау ғана қарастырылған. Бұған не айтасыз?

Шөкеевтің кезіндегі көзбояушылықтар, көпірме цифрлар үшін енді кім жауап береді?

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 08:55
Назарбаев – елдің өткен шағы
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 13:45
Екібастұздағы тұрғындардың шығынын компания өтейді – Серік Жұманғарин
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 12:20
Екібастұздағы жылу орталығын өзге өңірлерден келген бригадалар жөндеуге кірісті
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 09:27
НАТО Украинаға көбірек көмек көрсетуге уәде етті
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 09:04
Серік Жұманғарин мен Юрий Ильин Екібастұзға барды
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 17:42
Тоқаев пен Макрон Елисей сарайында келіссөздер жүргізді

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43