Ерлан Саиров, саясаттанушы: Мемлекеттілікті сақтау, барлығымыздың басты миссиямыз!

Жарас КЕМЕЛЖАН

19.01.2022, 10:10

1934

Жыл қанмен, қасіретпен басталды. Сөйтіп, қаңтар оқиғасы тарихта қара таңбамен қалды. Бұл күн мемлекетке де, халыққа да үлкен сабақ болды. Мейлі қандай жағдай болса да, тәуелсіздікті сақтап қалудың қаншалық қиын, қаншалық жауапты екенін осы жолы шынайы ұғынғандаймыз. Қасіретті қаңтарға баға беру әлі ерте. Ол уақыт еншісіндегі шаруа. Саясаттанушылар да бұл күнге саяси баға берудің әлі ерте екенін айтып отыр. Ашық әңгімеге мәжіліс депутаты, белгілі саясаттанушы Ерлан Саировты тарттық.    

– Ерлан Биахметұлы, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев үкімет мүшелерін тағайындады. Бірақ үкімет құрамы сол күйінде қалды десек те болады. Математикада «Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейді» деген қағида бар. Бұл өзгерту математика заңдылығынан аспаған сияқты. Әлде кадр тапшылығынан туған таңдау ма, сіз қалай ойлайсыз? Жаңа үкіметтен не күтесіз, олар Тоқаев жүктеген міндеттерді атқара ала ма?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісінде Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынды. Мәжіліс бір ауыздан қолдады. Бұл жердегі ең негізгі мәселесе президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық –саяси саласын реформалау жөнінде нақты  бастама, ұсыныстармен шықты. Ол ұсыныстар халық, қоғамның ойынан шығып отыр. Енді үкімет, осы  аталған тапсырмаларды  уақытында орындап отыруы керек. Яғни үкіметтің алдында техникалық міндет, тапсырмаларды уақтылы және сапалы орындау міндеті тұр.  Қ.Тоқаев Қазақстан экономикасын олигархтардың қолынан алу үшін, сонымен бірге елдегі әлеуметтік процестердің бәрін әділетті процеске айналдыру үшін, мемлекеттің ашықтығын қалыптастыру үшін нақты тапсырмалар берді. Менің ойымша, жаңа үкіметтің негізгі миссиясы президенттің тапсырмаларын сапалы орындап отыру. Бұл тұрғыдан келгенде үкіметтің персоналдық құрамы мемлекет басшысының тапсырмаларын ақсатпайды деген ойдамын. Министрлер өздеріне жүктелген міндетті атқара алмай жатса, президенттің және парламенттің оларды қызметінен алып тастауға толық құқығы бар. Өз басым бұл үкіметтің мәні де, мағынасы да орындаушы деп ойлаймын. Өйткені президент не істеу керек, қалай істеу керек дегенді өзінің үндеуінде соқырға таяқ ұстатқандай айтып берді. Ары қарай оны алып кету үкіметтің мойнында.

Бұл жердегі ең негізгі мәселе олигархтардың аранын тыю. Елімізде олихартық топтардың тым еркінсіп кеткендігі жөнінде біз әрқашан айтып келдік. «Көп асқанға — бір тосқан» демекші, енді оларды орнына қоятын кез келген тәрізді. Сонымен бірге сол олигархтарды халыққа қызмет еткізу мәселесі де өте өзекті. Екінші мәселе кедейшілікті жою.  Қазақстан халқы, әсіресе ауыл азаматтарының жағдайы өте төмен. Осы мәселені жедел және сапалы шешу қажет.  Үшінші, жастарды жалақысы жоғары жұмыспен қамту. Біз өзіміз «болашақ жастарда» дейміз де, оларды әлеуметтендіруге нақты жұмыс істемейміз. Төртінші, ел экономикасының негізгі күшін аймақтарды дамытуға бағыттау. Осы мәселелер шешілсе, экономика адамға қызмет етеді деген принцип орнайды.      

– Сіз шекаралы аймақтардың түйткілді мәселесін үнемі көтеріп жүресіз. Жаңа үкімет алаң-ашық қалған шекарадағы ауыл, аудандардың тағдырына араласа ма? Шекаралы аудандардан халық санының кемуінен басқа тағы қандай түйткіл бар?  

– Отыз жыл бойы біз мемлекеттің қаржысын ірі мегаполистерді дамытуға салып келдік. Әсіресе Астананы салуға қыруар қаржы кетті. Бұл бір жағынан дұрыс болды, Астананы салудың біздің мемлекетіміз үшін геосаяси мәні бар. Дегемен біз  халыққа ешқандай материалдық, моральдық пайда әкелмейтін шараларды өткізуге де әуестеніп алдық. Мәселен, «ЭКСПО», «LRT»-ны салуға кеткен қаржыны айтуға болады. Одан Қазақстан халқына нақты адамдарға ешқандай материалдық пайда келген жоқ. Өз кезегінде Қазақстанның ауыл аймақтарында, әсіресе шекаралы аймақтарда үлкен мәселе бар. Сізге бір ғана мысал айтайын, Шығыс Қазақстан облыстарының Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарынан тәуелсіздіктен кейінгі 25 жылда халықтың 55 пайызы көшіп кеткен. Шекаралы аймақ күн сайын босап барады. Бұл біздің ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен қатер. Көшкен жұрттан «Туған жеріңді тастап қайда барасың?» деп сұрадық. Олардың айтатын уәжі орынды. Аудандар жабылып қалған. Жабылған аудандарды қайтадан қалпына келтіру керек. Мысалы Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандарын қайтадан қалпына келтірсек, көшкен ауылға ел қонар еді. Аудан қалпына келсе, халық ауылына көшуге дайын. Мұны бір деңіз.

Екінші, шекаралы аудандарда интернет атымен жоқ. Ұялы телефоныңыздан қытайдың желісі ұстап тұрады. Инфрақұрылым, яғни жол мүлдем жасалмаған. Кеңес одағы қалай тарады, сол кездегі күйінде жатыр.  Кеңес кезінде салынған плотиналар, субирригациялары күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан шығыста бұрынғы аудандарды қайтадан қалпына келтіре отырып экономикалық мәселелерін шешіп беруіміз керек. Мұны неге айтып отырмыз? Шекаралы аудандардан көшіп кеткен халық Алматы, Астана сияқты ірі мегаполистерде жүр. Бұл жақта оларға ешкім әлеуметтік кепілдік бермейді, машығы төмен жұмыста еңбек етеді. Егер шекаралық аймақтарда халық тұруы үшін қажетті өтемақы, төлемдер болып, әлеуметтік инфрақұрылым жасалса, халық ол құтты, қасиетті аймақтарға қайтары анық.

   Қазақстанның территориясы үлкен, халқы аз. Біз халықты Қазақстан территориясына бірдей орналастыру саясатын ұстануымыз керек. Мемлекет халыққа шекаралы аймақта тұрудың нақты, ақылға қонымды жағдай жасауы ынталандыруы қажет. Ол экономикалық, әлеуметтік стимул. Сонда елдің шеті бос болмайды, мемлекеттің де ұйқысы тыныш болар еді.        

– Қанды қаңтар оқиғасы мемлекетке ауыр соққы, халыққа үлкен сабақ болды… Өзіңіз білесіз, бұған арандатушылар араласты. Әйтпесе, қарапайым халық өз қаласын өзі қирата ма? Осыдан кейін қолға түскен он мың адам түгел террор болып айыпталып, бәрі жауапқа тартылып соттала ма? Қырғызстанның бір композитор-әншісі ұсталып, қылмысын мойындап еді. Қырғыздар жіберген нотадан кейін ақталып, еліне ұшып кетті. Осының өзі тергеу ісінен көңілге көп күдік ұялататын сияқты.

– Біз «қаңтар  қасіретінен» үлкен, кешенді  сабақ алуымыз керек.  Ол қандай сабақ? Қаңтар оқиғасы Қазақстан республикасының мемлекеттілігін, торриториялық тұтастығын сақтап қалудың оңай емес екенін көрсетті. Яғни бір ғана шалыс қадам жасасақ, мемлекеттіліктен айырылып қалуымыз мүмкін екенін сезіндік. 5-қаңтардан 6-қаңтарға қараған түні Қазақстан президенті Қ.Тоқаев «Мен Ақордадан ешқайда кетпеймін, халқыммен біргемін» деп мәлімдеме жасамағанда, онда елімізде хаус орнап кетуі мүмкін еді.

Жаппай тәртіпсіздік, яғни террорлық оқиғаға келетін болсақ, әуелі митингілердің бәрі бейбіт болды. Нақты әлеуметтік-экономикалық талап қойылды халық өзін байсалды, сабырлы ұстады. Бірақ сол бейбіт наразылықты әртүрлі  ішкі, ірі олигархтық топтармен бірге сырттан келген террористер мен елдің ішіндегі басбұзарлар пайдаланып кетті. Сондықтан митингілер жаппай тәртіпсіздікке, терроризмге, экстремизмге ұласты. Бұл мәселелерді терең  зерттеп, зерделеу қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экстремистер мен бейбіт митингіге шыққан азаматтардың ара жігін ашу жөнінде бас прокуратураға нақты тапсырма берді.  Құқық қорғау қызметкерлері  осы мәселені зерттеп, азаматтарды тергеген кезде, біріншіден, әділеттілік принциптерін сақтап қадағалауы тиіс.

 Мемлекеттік ғимараттарға, құқық қорғау өкілдеріне қарумен шабуыл жасаған, мойнында адамның қаны бар азаматтар заң бойынша қатал жазалануы керек. Бұл аксиома.  Егер біз мемлекет болып қаламыз десек, заңға бағынуды үйренуіміз керек. «Заң қатал, бірақ заңның аты заң» деген қағидат бар.

 Террористермен экстремистерге қарсы күрес жүргізе отырып біз олардың ішінен тонаушыларды, арандап қалған азаматтарды, ұсақ  ұры-қарыны ажыратып алуымыз керек. Олар  кінәлі, бірақ  кінә дәрежесі төмендеу болуы шарт. Ал бейбіт митингіге шыққан азаматтарға көзқарас ыждаһатты болуы тиіс, олар өздерінің ойын білдіріп талап-тілектерін қойғысы келді. Осы жағының да аражігін ашып алған жөн. Яғни мемлекеттілікке қарсы қарулы шабуыл жасаған азаматтар заң алдында қатал жауап беруі керек. Бейбіт митингіге шыққан азаматтар, егер ұсақ құқық бұзу фактісі болса, әкімшілік жазамен шектелуі абзал, бірақ қылмыстық жаза қолдануға болмайды. Дәл қазір бізге керегі елді ұйыстыру, халықты біріктіру. Ол үшін қаңтар оқиғасында бейбіт митингіге  қатысқан азаматтарға құқықтық көзқарас әділетті және ізетті болуы тиіс. Менің ойымша құқық қорғау органдарының алдында кешенді және жан-жақты, терең зерттеу, зерделеу жұмыстары тұр.             

  

– Мұндай жағдайда халықты сабырға шақырып, тәуелсіздікті қорғап қалу әрбір азаматтың парызы. Дегенмен халық шынайы кінәліні білгісі келеді. Әлемжелідегі жұрт бейбіт митингінің шырқын бұзған, шетелден террористердің кіруіне рұқсат берген бірінші бүлікшінің аты-жөнін жуық арада біле ала ма?

–Президент Қ.Тоқаев террорлық шабуылдың ең негізгі себептерін атады. Құқық қорғау органдары, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің ішінде астыртын, мемлекетке қарсы  жұмыстар жасалған. Оны жалғыз ҰҚК-нің басшылығы жасай алмайды. Экстремистер Қазақстанға қалай кірді? Олар Алматының айналасында қалай көзге түспей жүрді? Олардың жаттығу жерлері қайда болды? Міне осындай сұрақтар көп.

Сондықтан меніңше ҰҚК мен кейбір олигарх топтардың бірлесіп кету ықтималдығы жоғары. Яғни бұл қаңтар оқтиғасына сол олигарх топтардың қатысы бар ма, жоқ па? Біздің құқық қорғау орган қызметкерлеріне соны анықтау керек.  

        Өйткені біздің болашағымыз үшін тәуелсіздігіміздің тұрақтылығына кімдер шабуыл жасады, Қазақстанның территориясына, тұтастығына кім өрескел қастандық жасады деген сұрақтар жауапсыз қалмауы керек. Сонымен бірге олар мұндай шабуылға қалай барды, қылмысты жасауға кім жағдай жасап берді деген сұраққа ашық жауап болуы керек. Қысқартып айтқанда тергеу жұмыстары жалғыз ҰҚК-мен шектеліп қалмауы керек. Солармен біріккен, ауыз жаласқан, астыртын жұмыс жасаған топтардың, оның ішінде олигарх топтардың іс-қимылына құқықтық тұрғыдан міндетті түрде баға берілу қажет.    

– Президент бұл оқиғадан көптеген түйткілдерді атап айтты. Алайда халықтың көкейінде бір сұрақ қалып қойғандай. Яғни біздің әскери және қорғаныс саламыздың әлсіз екендігі көрініп қалды. Сіз күштік құрылымдардан нақты қандай кемшіліктерді байқадыңыз?   

– Мемлекеттің қауіпсіздігі, территория тұтастығы, елдің болашағы үшін мемлекеттік органдар ғана жауап бере алмайды. Оған халық, билік, мемлекеттік орган – осы үштік бірге жауап береді. Осы тұста біздің азаматтардың өздеріне де жүріп-тұру мәдениетін қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Ең бірінші, әлеуметтік желіде әрбір азаматтың өзін өзі ұстау мәдениеті болуы керек. Яғни біздің құқық қорғау органдарына, мемлекеттілікке зиян келетін қадамдарға бармауға, өзара төзімді, сабырлы болуға әркім өзін өзі дайындауы керек. Бір бірімізбен бет жыртысып, жеке басымызға тимеуді үйренуіміз керек. Екінші, құқық қорғаушылардың арасындағы қарапайым полицей, қарапайым жауынгер – біздің қорғаушымыз, бауырымыз, баламыз. Олар Қазақстанның әрбір азаматының тыныш ұйқысын күзеткен қорғаушымыз екенін ұмытпаған жөн. Оларға сыйластықпен қарап, ар-ожданына тимеу, қызметіне кедергі жасамай қолдау көрсету – әрқайсымыздың парызымыз болу керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде «құқық қорғау органдарына реформа жасау керек» деп баса айтты.  Шынында құқық қорғау органдарында проблема өте көп. Мәселен бірінші деп айтайын, құқық қорғау органдарындағы қызметкерлер қазіргі заманға сай әскери техникаларды игеруі. Олардың заманға сай оқу-жаттығу деңгейі. Олардың әлеуметтік жағдайларын қамтамасыз ету. Міне осындай түйіндерді уақыт өткізбей шешкен дұрыс. Ол үшін халықтың өзі құқық қорғау орган қызметкерлеріне деген сенімі құрметі болған дұрыс. Өзіміздің полиция өкілдеріне, әскери азаматтарға көзқарасымызды өзгертпей ешнәрсе болмайды. Қаңтар оқиғасы бір жағынан бізге соны да ұқтырды. Тағы бір үлкен дүние бар. Ол – ұлттық бірлік. Ұлттық бірлік болмаса, алауыз болсақ, халық бір біріне қатыгез болса, сөз агрессиясын тыймаса, мемлекет бола алмаймыз. Мемлекеттілікке сызат түсіретін кері мінездер – адамдардың өзара түсініспеушілігі, бір бірінің пікіріне құрметпен қарамауы, бір біріне төзбеуі. Қысқасы, ынтымақ пен бірлік мемлекеттің құндылығы болу керек.  Саяси процестің «ливандық үлгісі, мемлекетті ыдыратудың югославиялық сценарий, «Ауғанстан тұзағының» ауылдары біз үшін алыс болмай шықты. Осы тұрғыда тағы бір айта кететін мәселе, Тәуелсіздіктің өз құны болады.  Біз үшін ұлттық бірлік, әлеуметтік ымыраға бара білу,  саяси консенсус мәдениеттеріне үйрену, осыған барлық азаматтарды баулу өте маңызды.

Адамзат тарихында XIX ғасырда, Европада Польшаны, Азияда Қазақстанды көрші мемлекеттер бөліп алған. Осы әрқашан біздің есімізде болуы керек. Біз мемлекеттілікті сақтай алатынымызды, жұмылған күш екенімізді әлемге, нақты көршілерімізге дәлелдей білуіміз керек. Билікке өз кезегінде, әр-түрлі саяси палитраның пайымдарын ескере отырып, парламентте, жергілікті мәслихаттарда саяси күштердің қатысуын кеңейту қажет. Мемлекеттілікті сақтау үшін, азаматтар мемлекеттің ісіне араласуы тиіс.

Ұлттық ынтымақ, ықпалдастық, өзара түсіністік қана елдің елдігін арттыратын құндылық.

Осы әрқашан есте болу қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тегтер: сұхбат мемлекеттік саясат мәселе қоғам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:05
«Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:00
Не істеу керек?
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 17:36
ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 16:30
Ораз Жандосов Бағдат Мусиннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 15:27
Тоқаев Қырғызстанға барады
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 18:47
«АМANAT» партиясы референдумды қолдау мақсатында Қонаев қаласы тұрғындарымен кездесті

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56