Ертең соғыс басталса...

Қайрат ШІДЕБАЙ

19.04.2022, 05:00

3251

Егер Ресей Қазақстанға қарсы соғыс ашса, қазақ жерінде тұратын орыстар мен қазақ «ватниктері» кімді қолдайды?

Қазақстандық журналист, құқық қорғаушы Сергей Дуванов Exclusive журналына берген сұхбатында осы тақырыпты және Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасындағы өзекті мәселелері жөніндегі ойларын ортаға салыпты. Сонымен, Дуванов не дейді?

«Геббельс радионың көмегімен бүкіл Германияны «Зиг хайль!» деп айқайлауға мәжбүр етті. Қазір ресейлік телевидение тура соны жасап жатыр: Путин режимінің сойылын соғатын жоғары санаттағы кәсіби-демагогтарға төтеп беру оңай емес. Міне, осындай тіс қаққан майталман мамандарды Ресейдің ішінде және алыс, жақын шетелдерде үгіт-насихат жүргізу үшін пайдалануда… Қазір біздің еліміз ядролық қарудан бас тартқанда, әлемнің мықты деген мемлекеттері Қазақстанға қауіпсіздік жөніндегі берген кепілдік мәселесін көтеруіміз керек».

Ертең соғыс басталса...

Қазір Путиннің Қазақстанға тиісуге мұршасы келмейді, Украинадағы соғыстан оның қолы босай қоймайды, бұдан бөлек, Ресейге салынған санкциялардан басы қатып жатыр. Сондықтан Кремльмен қақтығысқа жете қоймаспыз, деген үміт бар. Құдай қолдап, солай болса, дұрыс болушы еді. Дегенмен Қазақстан мен Ресей арасында шиеленіс болуы мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды.

Егер ондай ахуал орын алса, онда 2014 жылы Украинадан Қырымды тартып алған жағдай қайталануы мүмкін. Айталық, солтүстіктегі 2-3 облысты мекендейтін қазақстандық орыстар Кремльдің көмегіне жүгініп, өздерін «қазақ ұлтшылдығынан» қорғауды сұрайды. Міне, сол кезде Қырымда болғандай, бұл облыстарда «жасыл адамдар» (эвфемизм – 2014 жылдың басында Украинаның егемендігін бұзып, Қырымдағы стратегиялық нысандарды басып алған ажырату белгілері жоқ әскери киім киген орыс сарбаздары. – Ред.) пайда болады және олар аймаққа басып кірудің тұрақты плацдармына айналады. Ал бұл, өз кезегінде, елімізде қорқыныш және болашаққа сенімсіздік атмосферасын тудырады. Қазақстан тарапынан жасалған кез келген қадам жағдайды одан сайын ушықтырып, күш қолдануға себеп болады. Мұндай жағдай соғысқа жетелейді, ал қазіргі жағдайда оны ұтуға шама жете қоймас.

Бұдан да қиын жағдайды жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Алматы мен Нұр-Сұлтан әуежайлары маңына десант түсіріледі де олар бір түнде орыс солдаттарын жеткізетін ұшақтарды қабылдауды қамтамасыз етеді, сөйтіп, таңға қарай екі астанамызды да басып алады. Сонымен іс бітіп, ешқандай соғыстың қажеті де болмай қалады. Осылай, тұяқ серпуге де шамамыз жетпей қалады: таңертең ұйқыдан оянғанымызда, қаланы орыс десантшылары басып алғанын көретін боламыз.

Қазір біз Қазақстан армиясы деп жүргенімізді әскер деп айтуға ауыз бармайды. Тіпті Ресейдің басып кіруіне дайындалған Украинаның өзі 8 жылда күші басым агрессорға тойтарыс беруге қауқар жинай алмады. Ал бізде бұл жылдарда ешкім соғысқа дайындалған жоқ.

Әрине оқиғалардың басқаша өрбуі де мүмкін, бірақ бізге оны қарастырып жатудың қажеті жоқ. Өйткені біздің әңгімеміз «Егер Путиннің орыстары келсе, қазақстандық орыстар не істейді», деген мәселенің аясында өрбиді.

Бұл сұраққа жауап беруді қазақстандық орыстардың әртүрлі екенінен және олардың орын алып жатқан оқиғаларға көзқарастары да әртүрлі екенінен бастайық. Қазірдің өзінде олардың қауымдастығы бірнеше тарапқа бөлінген. Олардың біріншісі – Путинді және оның Украинаға жасаған агрессиясын риясыз қолдаса, екіншілері –  Путиннің империялық амбициясына үзілді-кесілді қарсы. Ал үшіншілері –  «құтқарушылардың» Украинадағы айуандығын көріп, мұндай жағдай бізде де қайталануы мүмкін деп, зәре-құты қалмай, қорқып отыр. Украинадағы жағдайды басшылыққа алған олардың басым көпшілігі шиеленісті жағдай орын ала қалса, Қазақстаннан кете бастайды.

Алғашқы екі топқа келетін болсақ, Путинді қолдайтындардың бір бөлігі сөзіміздің басында айтылған «жасыл адамдарға» айналады: соларға көмектеседі, тіпті соларды қолдап, соғысқа кіріседі. Олар –  біз «ватник» дейтіндер, яғни империялық сана-сезімнен, пиғылдан арыла алмаған адамдар. Міне, дәл солар қазір машиналарына Z әрпін жабыстырып алып, қала көшелерінде ойқастап жүр. Әлеуметтік желілерде олардың көпшілігі өз көзқарастарын ашық білдірмейді, қорқады: Путинді қолдау Украинадағы соғысты қолдау ретінде көрінеді, ал оны қазір Қазақстан халқының басым көпшілігі айыптап отыр.

Путиннің әрекеттерін теріс қабылдайтын орыстар, бүгінгі Украинадағы орыстар сияқты, мүмкіндігінше, қазақтармен бірге агрессияға қарсы тұрады.   Бүгінде бізде Қазақстан үшін қолына қару алып, соғысқа аттануға дайын қанша орыс тұратыны туралы нақты дерек жоқ. Қазіргі билік тәуелсіз әлеуметтануды жоюға әбден тырысып бақты, бірақ Қазақстанда ондай орыстар бар, мен оларды өз маңайымнан да көріп жүрмін, Украинадағыдай, соншалықты көп болмаса да, олар аз емес. Ол жақтағы орыстар 8 жылдық соғыс жағдайында өздерінің түпкілікті таңдауын жасап, ұлттық тұрғыдан болмаса да азаматтық ұстаным тұрғысынан украиндық болып үлгерді.

Атап айтарлығы, таңдауды тек орыстар ғана емес, Қазақстанда тұратын басқа этностар да: ұйғырлар, татарлар, дүнгендер, әзірбайжандар, т.б. да жасайды.  Бірақ ең қайғылысы, мұндай қарама-қайшылық қазақтардың да арасында бар. Мәселен, кейбір қазақтар аузынан көбігін шашып, Қазақстан Путинді және оның Батыспен қақтығысқа жетелейтін саясатын қолдау керек, деп көкиді. Сондықтан бүгін біздің қоғам Ресейдің реваншизмін бағалауда екі антагонистік лагерьге бөлінген бірі –  Путиннің Украинадағы соғысын қолдап, АҚШ бастаған Батысты жау көрсе, екінші тарап украиндықтарды қолдайды және Ресейге экономикалық санкциялар жариялаған ұжымдық Батысқа оң көзқарас білдіреді.

Дәл осындай жағдай Қырымды тартып алғаннан кейін Украинада орын алып, қазіргі күнге дейін жалғасып келеді. Сондықтан Ресей тарапынан қандайда бір күш қолдану әрекеттері орын алатын болса, идеологиялық «майдан шебі» қазақстандықтарды бір-біріне айдап салуы мүмкін. Ал мұндай жағдайдың арты азамат соғысын тудыруы ғажап емес. Құдай оның бетін ары қылсын.

Қазақстандағы империалистер хақында

Ал енді Ресей «қорғаймыз» деген желеумен соғыс ашуы мүмкін Қазақстан орыстары туралы мәселеге ойыссақ. Олардың кейбіреулері қысым көргені, жапа шегіп жүргені туралы әңгіме қозғағанды, ұлтшылдық, тіпті нацизм туралы әңгіме қозғағанды ұнатады. Бұл «империялық сананың, пиғылдың» сарқыншақтары. Желіде видео таралған, онда орыс әйел «қазақ ұлтшылдығы» жүйкесін жұқартқанына наразылық білдіреді. «Аялдамаға шықсаң болды, – дейді сөзін бастаған қасқа, ол жерде гыр-гыр-гыр». Әлгі әйел маңайындағылар өзін сөз қылатындай көреді екен, міне, осы дүние оның жүйкесін тоздырып, ызасын келтіреді екен. Ол тіпті солай болу керек екенін ұқпайды. Өйткені ол адамдар өзінің мемлекеттік тілінде сөйлейтін елде тұрады. Олардың не айтып жатқанын білгің келе ме, тілді үйрен, қаламасаң, үндемей тұра бер, саған ешкім соқтығып жатқан жоқ қой. Бірақ империялық сана-сезім иелерінің бір ерекшелігі бар –  олар өздерін әлемге білім, ізгілік, өркениет сыйлаушы ретінде қабылдайды, ал өздері тұратын елдің тілін үйрену қажеттігін жергілікті тұрғындардың өздеріне жасалған жақсылықты бағаламаушылығы ретінде қабылдайды.

Ең бір қызығы, міне, сол адамдар Қазақстаннан басқа елге қоныс аударса, барған жерін көпке дейін жерсінбейді, барған ортасындағы өмірге сіңісе алмайды. Көпшілігі қайтадан үйренген еліне, яғни Қазақстанға қайтып келіп жатады.

Менің өзімнің туысқандарым Сібірде тұрады. Бұрын мен оларға жиі барып тұратынмын. Сонда бізде тұратын орыстардың табиғаты, дүниетанымы мүлдем бөлек екенін байқаған едім. Соны қалай айтарымды, жеткізерімді білмей отырмын. Біздегілердің бір-біріне деген сыйластығы жоғары, құрметі биігірек пе?! Сондықтан Қазақстанға қайта оралғанда, олар империялық сана-сезімнен арылу қажеттігін түсінуі керек.

Кеңес Одағында ер жеткендер өзіміздің елдің ядролық держава екенін, бізден барлығы «қорқатынын және сыйлайтынын» мақтан тұтатын. «Әлемнің бізден қорқатыны» мақтан тұтатын дүние емес екенін кейін түсіндік, бірақ көпшілік сол бұрынғы әлемде қалды. Әлі күнге дейін арамызда «Бұл не болды өзі, бұрын бүкіл әлем бізден именетін, қорқатын еді, қазір басқа елдердің көлеңкесінде қалдық», деп шамданатындар да бар.

Міне, сондықтан «Ресейдің еңсесін тіктеу үшін саяси сахнаға Путин шыққанда», импершілдердің күні оңынан туып, көңілі көтеріліп қалды. Қазір ресейліктердің 80 пайызы, атап айтарлығы – орыстар ғана емес, басқа этнос өкілдері де Украинадағы соғысқа қолдау білдіріп, Путиннің қолтығына су бүркуде. Ал Ресей-Украин қақтығысын реттеу бойынша келіссөздер басталғанда, олар әлеуметтік желіде өздерінің көшбасшысына тарпа бас салып, соғысты жеңіске жеткенше жүргізуді талап етті. Яғни бүгін ресейліктердің басым көпшілігіне тек жеңіс қажет, олар Путинге жеңілісті  кешірмейді.

Ресейліктердің мұндай көңіл-күйі бізге де кесірін тигізуі ғажап емес. Өйткені өз идеологиясында фашистік үлгілерді пайдаланатын ресейлік билік үшін адамгершілік, ізгілік қасиеттер тосқауыл бола алмайды. Бүгін ол (Путин) Қазақстанның стратегиялық серіктесі, бірақ ертең барлығы күрт өзгеріп кетуі ғажап емес. Бір жыл бұрын ешкім Ресей Украинаға қарсы соғыс ашады деп ойлаған жоқ қой. Күні кеше ғана экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннен сұхбат алдым. Ол бүгін Қазақстанға қаруланып қана қоймай, шұғыл түрде Еуропаға барып, ядролық қарудан бас тартқанымызда, әлемнің жетекші мемлекеттері Қазақстанға берген қауіпсіздік кепілі мәселесін көтеру керек дейді. Осы келісімді қаузап, оның өзектілігін көтеріп, барлық күш-жігерімізді кепіл-мемлекеттердің өз міндеттемелерін растауына жұмсау керек.

Қазақ «ватниктері»

Кейбір қазақ саясаттанушылары, атап айтқанда, Болат Сұлтанов «біз Ресей мен Қытайдың арасында орналасқанымызға қуануымыз керек, солардың арқасында, Батыстың тепкісіне түскеніміз жоқ», – дейді.

Мүмкін қатты айтатын шығармын, бірақ бұл саясаттанушы кеңес насихаты аясында тәрбиеленген: оның пайымдауынша, Батыстың бар білетіні – бізді өз дегеніне көндіріп, айтқанын істету. Тәуелсіздіктен кейінгі 30 жылда Қазақстан идеологиясының риторикасы өзгеру керек еді, ал ол болса, әлі КСРО мен Батыс бастаған «қырғиқабақ соғыстың» окопында отыр. Оның пайымынша, Ресей бізді Америка мен Батыстың гегмониясынан құтқарады-мыс.

Атап айтарлығы, мұндай ұстанымды басшылыққа алған жалғыз ол емес. Мен танитын қазақтардың арасында, олардың ішінде білімді азаматтар да бар, «ватниктер» де аз емес! Қарапайым қазақтар туралы айтпай-ақ қояйық! Мен қазір таксиге отыруға қорқам. Әрбір екінші таксист, ұлтына қарамастан, мейлі ол қазақ, орыс, татар, ұйғыр болсын, жол бойы Путиннің ақылына, батылдығына тамсанып отырады. Міне, Ресейге деген дәл осындай табынушылық әскери қақтығыс бола қалған жағдайда орыс және орыс емес «ватниктердің» бір бөлігі Украинадағыдай, өз отандастарына қарсы соғысады деген ойға жетелейді. Донбаста да украиндықтар тұрады, бірақ 2014 жылдан бастап, олар өз отандастарына қарсы оқ атуда. Ендеше, бізде басқаша болады деуге ешбір негіз жоқ.

Қазіргі Ресей телевидениесі орасан зор күшке ие, үгіт-насихаты керемет. Соның арқасында, халық Путин билігінің саясатын бірауыздан қолдап отыр.

Біз неге ақпараттық соғыста жеңіліс тауып отырмыз деген мәселеге келетін болсақ, бізде пісіп-жетілген, өзіміздің кәсіби телевидениеміз жоқ. Сондықтан халық Ресей арналарынан көзін алмайды, көретіндері орыстың бағдарламалары. Ал олар фильмдер мен көңіл көтеретін бағдарламалардан бөлек, Ресей агрессиясын насихаттайтын өте күшті үгіт-насихат жүргізеді. Бір қызығы, Германияда тұратын посткеңестік елдерден қоныс аударғандардың 90 пайызы Путиннің әрекеттерін қолдайды. Ол феноменнің өз қисыны бар: олардың барлығы дерлік Ресей телеарналарын көреді. Гаджеттің бастырмасын бассаң болды – Путин қасыңда. Тек Германияда ғана емес, орыс әлемінің тең жартысы Ресейдің еңсесін тіктегенін қалайды, демек Украинадағы соғысты қолдайды. Адамдардың Путинді, Украинадағы соғысты қолдауының екі себебі бар. Олар – кремльдік БАҚ-тың керемет күшті үгіт-насихаты және ішкі фактор – адамдардың, әсіресе аға ұрпақ өкілдерінің империялық сана-сезімнен арыла алмауы.

Тегтер: Ресей Украина Қырым Донбасс саясат пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 09:53
Бүгін Қазақстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну басталды
Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 08:57
ҰҚК Қазақстан мен Ресей шекарасында қалыптасқан жағдайды түсіндірді
Әділ АҚЫЛБАЙ 23.09.2022, 08:47
Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 16:16
Прокурор Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:53
Сайлау-2022: бюллетендерде барлығына қарсы дауыс беру мүмкіндігі болады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:48
Қазақстан президенті үміткеріне қойылатын талаптар айтылды

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41