Есеп пен есек

Батыр ЖАСҰЛАН

23.02.2021, 09:19

1098

Соңғы аптада тәуелсіз Қазақстанның үлкенді-кішілі әкімдері есеп беруде. Жаппай есеп беру науқаны аяқталуға жақын. Бірақ ары қарай баяғы тыныш, қалыпты өмір басталады. Қысқасы, әкімдер уәдені үйіп- төгіп жатыр. Әкімқаралардың сөзіне сенсек, бәрі де орындалады. Жүзеге асады. Алынбайтын қамал жоқ.

        Кеңес заманынан қалған бір жыр бар еді: «Солқылдата соғылсын, Бесжылдықтың балғасы» деген. Сол сияқты бесжылдықта орындалатын жоспарлар елдің алдында жария болып жатыр. Қайсысы орындалады, оны уақыт көрсетеді. Бірақ әкімдердің есебінде ерекшелік жоқ. Бәрі бір-біріне ұқсас. Президент Тоқаевтың «Барлық деңгейдегі әкімдердің жыл сайынғы есебі  бірінші тоқсанда өтуі тиіс» деген арнайы жарлығы бар. Жарлықта: «Есеп беру барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, өңірді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, проблемалық мәселелер және оларды шешу бойынша жоспарлар туралы хабардар етіледі. Есеп беру кездесуін әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда онлайн-трансляция және аудан орталықтарымен және басқа да елді мекендермен бейнеконференц байланысы (техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып) ұйымдастырылады. Есеп беру кездесуі өткізілуінен бір күн бұрын және есеп беру кездесуі өткізілгеннен кейін азаматтарды жеке қабылдау өткізіледі. Есеп беру кездесуі өткізілгенге дейін мәслихаттар депутаттарын, жұртшылық, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып, тиісті қоғамдық кеңестердің отырыстарында облыстар, қалалар және аудандар әкімдерінің есептерін тыңдау өткізілсін, олардың барысында  әкім тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, аумақтарды дамыту бағдарламаларының түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу,  өңірді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындау бөлігінде жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру процесі туралы хабардар етеді», – деп атап көрсетілген. Бұл ғана емес, мемлекет басшысы «әкімдердің есеп беруі әншейін науқанға айналмасын, қордаланған проблемаларды шешу жолдары айқындалсын және жария етілсін» дегені де белгілі. Алайда ендігі сұрақ: әкімдер кімге есеп беріп жатыр? Халыққа ма, жоқ әлде жоғары жаққа ма?

       – Әкімдердің есебі алдын ала әзірленген сценарий бойынша өтуде. Маған сол есептер әкімдердің халқына емес, жоғары жақта өздерін тағайындайтын бастықтарына берген есеп секілді көрінеді. Әкімнің нағыз есебі оның сөздері мен істерінің бірлігі не алшақтығы оларды халық өзі сайлап алғанда ғана көрінеді. Олар басқалармен бірге сайлауға түссін. Бағдарламасын ұсынсын. Оны халық қолдаса, сайлансын. Содан кейін бағдарламасын орындай алды ма, жоқ па, келесі сайлауда халық өз бағасын береді. Ол үшін аймақта тәуелсіз БАҚ пен жергілікті мәслихаттарда халықтың сөзін сөйлейтін депутаттар болуы шарт. Нақты да ең тиімді механизм – осы.

Қалғанының бәрі – профанация, – дейді оппозицияда жүрген журналист Әміржан Қосан.

        Расында да, солай. Мысалы, ел алдында есеп беріп тұрған, бірақ өзі сайламаған әкімді халық орнынан ала ма? Ондай құзыреттілік жоқ. Конституцияда «биліктің қайнар көзі – халық» деп атап көрсетілсе де,  бұқара бұл мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. Мысалы, президент Тоқаев шығарған жарлықта «есеп беру кездесулері өткен соң, халық көтерген проблемалық мәселелер тізбесі тиісті интернет-ресурстарда жарияланады» деп атап көрсетілген. Алайда кездесу кезінде «жасаймыз, жасалынады, алдағы жоспарда қарастырылған» дегеннен аспайтын  әкімдер бәрін ұмытып, келер жылға дейін өз сөзінен тағы тайқып кетеді. Негізі, халық көтерген мәселелер уақытында орындалуы тиіс. Мысалы, өткен аптада болған екі оқыс оқиға қоғамның және халықтың әлеуметтік жағдайының қаншалықты деңгейде екенін көрсетіп берді. Таразда халықтың көз алдында мінбедегі елтаңба, ал шығыстағы әкім Даниал Ахметовтің медицина мекемесін аралау кезінде  топса жұлынып, есік құлап түсті.  Масқара жағдай. Адамның намысы келетін, әкімге абырой әпермейтін оқиға. Қартайған қос әкім енді ұзақ отырмайды, кетеді-ау.

      – Билік 30 жылда түк бітірген жоқ. Облыстың ең лауазымды тұлғаларының алдында осылай қирап жатса, басқа жақта не болып жатқанын бір Құдайдың өзі біледі. Экономикалық даму да, демографиялық өсім де, ұлттық идеология да жоқ. Тіліміздің есіктен сығалаған сиқы анау. Тәуелсіз сот жүйесі болған емес. Кедей халықтың саны көбейді. Қымбатшылық қысып барады. Діннің өзі саясиланып, әлдебір мекемелердің қуыршағына айналды. Ой айтып, «қой» дейтін зиялы қауым жағымпаздықпен жарысып, мадақ-марапаттың соңында жүр. Сонда Тәуелсіздіктің  30 жылдығын қалай атап өтуіміз керек, өзі? Мұның бәрі де жауапсыздықтың салдары, – дейді дінтанушы Қайрат Жолдыбай.

      Расында да, халыққа емес, сценарий бойынша жоғары жаққа  өз креслосы үшін есеп беріп қалған биліктің жалтақ әкімдері орын алып отырған түйткілді шешуге неге қауқарсыз? Мұнайға бай елміз дейміз, бірақ бұқара халық бай-қуатты ма? Сол «қара алтынның» пайдасын халық көріп отыр ма? Мәселені қалай шешуге болады?

      – Норвегтердің саны – небары 5 млн, бізден төрт еседей аз. Мұнайды да бізден бірнеше есе аз өндіреді. Соған қарамастан, барлығы бай тұрады. Қазір әрбір норвегтің есепшотында 190 мың доллар бар. Ал біздің мұнайдан түскен пайда, үлесіміз қайда? Бізге мүлдем тәуелсіз парламент керек. Биліктегі Алматы мен Қаскелеңнің тумаларынан құтылып, Қазақстанның барлық өңірлерінен жиналған депутаттардан парламент құру қажет. Ешкімге бағынбайтын, өз позициясы мен принципінен таймайтын парламент құрылғанда ғана ұзақ жыл бойы қордаланған проблемаларды шеше аламыз.  Сонда ғана жаңа парламент ескі жүйе өкілдерінің шетелдегі есепшотында жатқан қисапсыз қаражатты елге қайтару үшін күреседі. Сонда ғана ел байлығы әр тұрғынға әділ бөлініп беріледі, – дейді сыртта жүрген оппозиционер Әкежан Қажыгелдин.

       Ал мұндай халық үшін қажетті, шынайы сценарийді жүзеге асыруға бүгінгі билік мүдделі емес. Өйткені кешеден келген ескі жүйе өз көрін өзі қазғысы келмейді. Авторитарлық жүйе өзін-өзі жерлеуге құштар деу ақылға сыйымсыз.

       Бірақ жалған есеп пен уәдені үйіп-төгіп, биліктің құл-құтандары сценарий бойынша өз жұмысын осылай  жалғастыра береді. Әкімнің есеп беруі кезінде елтаңба құлайды, есіктің топсасы жұлынады. Оқиға қайталана береді. Тағы бір тағылық мысал: кеше республикада есеп беру науқаны өтіп жатқан тұста Алматының орталық көшелерін  екі есек еркін кезіп жүрді. Есеп беру кезінде есек қайдан келді? Кеше тиісті орындар «есектің қала көшелеріне қайдан келгені анықталатын болады» деген ақпарат таратты. Қоғамның бүгінгі көрінісі бұл. Демек, шұғылданатын шаруамыз да осындай болып тұр.

Тақырыпқа тұздық

       Баяғыда бір облыс әкімі шопырынан:

– Осы мен қандай бастықпын? – деп сұрапты.

– Шынымды айтайын ба? – депті шопыры.

– Иә, шыныңды айт.

– Сіз шалқасынан туған жаңа ай сияқтысыз ғой.

– Қалай, сонда?

– Өзіне жайлы, жұртқа жайсыз, – депті сонда шопыры.

Тегтер: әкім арыз шағым қоғам халық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.03.2021, 11:18
Тоқаев Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы туралы айтты
Батыр ЖАСҰЛАН 05.03.2021, 09:23
"Жер кодексіне" түбегейлі өзгерістер қажет
Әділ КЕМЕҢГЕР 04.03.2021, 11:01
Қазақтан келін алған Раудың басы дауға қалды
Күлтегін БЕК 04.03.2021, 09:33
Айырқалпақтылардың «айрықша» президенті
Әділ АҚЫЛБАЙ 04.03.2021, 09:18
Байқа, билік, байқа, полиция! Ертең заңгерлер митингіге шығады
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 15:44
Жомарт Ертаев тағы 9 жылға сотталды

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44