Гена мен Димаш

          инвестиция салмаған жоба

Жарас КЕМЕЛЖАН

20.09.2022, 08:42

1283

Коллаж Марат Сәбдікен

Қазақстан отыз жылда бір Геннадий Головкин шығара алмады. Жексенбінің таңындағы ой. Алты құрлықты көгілдір экранға телмірткен күрзі жұдырық Генаны АҚШ танытты. Сол шаршы алаңда Қазақстанның әнұранын шырқаған Димаш Құдайбергеннің бағын Қытай жақты. Ал біз ше?..

          Біз отыз жылда закон құжаты қолында бар үлкен-үлкен ұры-қарылар мен нән-нән парақорларды өсірдік. Отыз жыл жемдеп, қылмыстарына көз жұма қарадық. Қазақстанда жүріп, алтын алмаған алтын ұл Гена Америкаға барып жарқырады. Біз сол үшін оған бес тиын бердік пе? Қазақстанда жүріп, әншісымақтардың табасына қалған Құдайберген Қытайға барып, Dimashi атанды. Енді келіп: «Біздің Гена, біздің Димаш!» деп, кеуде керіп, езуіміз көпіріп, мақтануға хақымыз бар ма?!

Өткен жексенбі күні сол қос жұлдызымыз қазақтың көк туын көтеріп, қазақтың оюлы шапанын жамылып, күллі әлемнің алдында Қазақстан атын сан мәрте қайталатты. Бірақ біз оларға бір тиын салған жоқпыз. Ақша салмаған алтыннан қымбат инвестиция.

          Біз ақшаны неге салдық? Біз тұңғыш президенттің әртүрлі жолдармен шетел асырған, ішкен-жеген байлығынан қалған ақшаға жалғыз қала салдық. Оны қазақтың қамы үшін емес, тағы да Назарбаевтың атақ-даңқы үшін салдық. Аты ауысқыш Nur-Sultan қаласын, қазіргі Астананы айтып отырмыз. Одан кейін қазақтың қара алтынын құбыр салып, қытайға қарай өзендей ағызып, өлгенде әрең ЭКСПО өткіздік. Оны да қазақтың қамы үшін емес, Назарбаевтың аты үшін жасадық. ЭКСПО-ны өткізген Қазақстанды сонда да әлем танып кеткен жоқ. Жұмыр жердің көгілдір картасынан шетелдіктер күні бүгінге дейін Қазақстанды мынау деп тауып бере алмайды. Бірақ GGG мен Dimashi десе, «GOOD kazakhstan» деп, шолақ бармақтарын шошайтады.  

          Біз отыз жыл Қарағандының тас көмірін сатып, қаңғып келген қайдағы бір үндістандықты байыттық. Бірақ сол қалада туған, сол қалада өскен Генаның жұлдызы жансын деп, Головкин үшін инвестиция салған жоқпыз. Миттал деген дәу бар Қазақстанды теспей, сорып, кеспей, қанын ішкен. Сол миллиардер Миттал қазақтың темірдей ұлдарына Теміртаудан бір спорт залын салып берсе, қара темірдің алдында алғаны адал болар еді ғой. Біз Ақтөбеге Қытайдың CNPC деген алпауыт мұнай компаниясын кіргізіп, қара алтынды оңды-солды саттық. Бірақ сол қалада туып-өскен, әлі де сонда тұратын Димашқа мұнайдан түскен қаржыдан соқыр жармақ бердік пе? Бере алмадық. Қазақстанның атын шығарсын дедік пе? Дей алмадық. Жер басып жүрген қазақтың баласына тиесілі байлықтың бәрі назарбаевтардың үрім-бұтағына шашылды, құдды құмға құйған судай.   

          Біз отыз жылда ауыз толтырып айтар ешнәрсе жасамаған екенбіз. Тіпті, Астана мен ЭКСПО-дан басқа тілге түртіп алар түк ілінбейді. Өзбек құрлы болмаппыз. Олар Nexia шығарды, қазір ауыр техникаларға ауыз салған. Ұшақ та құрастырып жатыр. Ұшақ жасап, ұшпаққа ұшпасақ та, отыз жылда бір трактор зауытын салып алуға болар еді ғой. Трактор түгілі, машинаның дөңгелегін ұялмай-қызармай көрші Қытайдан, теңіз тамағындағы тоқымдай Жапониядан тасимыз. Теңізінен басқа түгі жоқ жапондықтар бізге қарап күлетін шығар? Күледі ғой, көк тиын салмаған Гена мен Димашымыздан басқа біздің кіміміз бар, неміз бар? Айналып келгенде, сол екі жігітіміз қазақтың атын асқақтатып жатыр.

          Зауыт демекші, біз отыз жылда шеге шығаратын да зауыт салмаппыз. Есесіне, зәулім-зәулім тойханаларымыз бар деп мақтанамыз. Алматының шығысы мен батысындағы, тау бөктеріндегі қымбат тойханаларға кеткен қаржы – ешбір зауыттан кем емес. Тіпті, артық. Бір қызығы, сол мейрамханалардың көбінің қожайыны – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Әбішұлы екен. Осындайда «Қазақстанда Болаттан басқа ешкім жұмыс істемей ме?» деген әлдебір қисық әзіл еске түсе береді. Отыз жылда инвестиция салмай дамыған, бірақ түскен қаржы назарбаевтарды дамытқан тағы бір сала болса, ол – қара базарлар. Алматының «Алтын Ордасы», ел аузындағы «Барахолка» базары, «Қорғас кедені» – бәрі Болат пен Әнипаның «нан зауыттары».

Бұрынғы президентіміз Қазақстанды әлемге танытуға, өзін Ататүрік сияқты ұлы тұлға ретінде көрсетуге қатты құштар болғанын жұрт жақсы біледі. Қаржының бәрін сол жолға шаштық. Оның есебін сұрап жатқан ешкім жоқ қазір. Алайда қанша тыраштансақ та, әлем Назарбаевты бейбітшілік көсемі ретінде қабылдамады. Сол жолдағы Нобель де көзден бұл-бұл ұшты. «Мәңгілік ел», «Ұлы дала елі», «Астана саммитін өткізу», «ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету» деген сияқты идеялардың да болашағы нұрлы бола қойған жоқ. Осының бәрі тұңғыш президенттің қазаққа түкке қажеті жоқ, қара басының қамы үшін жасаған ысырапшылығы еді. Егер сол қаржының бәрін қазақ баласының болашағы үшін инвестиция ретінде салғанда, осы күні жемісін жеп отырар ма едік?               

Мәшекең айтты ма, айтпады ма? «Қазақстанды отыз жыл ұры-қары билейді, одан кейін келген басшы қазақты көгертіп-көктетеді», деген әңгіме бар. Адам-Жүсіптің айтқаны рас болса, қазақтың күні енді туатын шығар

Тегтер: спорт бокс футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру. Олимпиада

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 16:22
Қазақстан Абай облысы арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салады
Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 12:00
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды
Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 11:45
«Ұлы дала жорығы»: «AMANAT» партиясының қолдауымен бәйге-додасы мәреге жетті
Әділ КЕМЕҢГЕР 30.09.2022, 08:34
Даниалдар «дань» төлемейді!
Жарас КЕМЕЛЖАН 29.09.2022, 08:37
Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
Еркежан АРЫН 28.09.2022, 12:39
Республика күнінің маңызы зор

Аңдатпа


  • Даниалдар «дань» төлемейді!
    30.09.2022, 08:34
  • Билік халыққа жау ма?!
    30.09.2022, 08:50
  • «Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
    30.09.2022, 08:49
  • Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
    30.09.2022, 08:48
  • Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
    29.09.2022, 08:37