Халқы бегімен, бегі халқымен жауласқан ел сорлайды

«Демократия аралы» атанған Қырғыз елі анархияның архипелагына айналды ма?

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

13.10.2020, 09:41

1428

«Халқына – бегі, бегіне халқы сенген ел ұзақ жасайды»  деп еді  көк  түріктің  ұлы  қолбасшысы Күлтегін. Алайда  сол  көк  түріктердің  бір  тармағы қырғыздар   осы  нақылды  еске  алмай  отырған  сынды. Өкініштісі, ер  Манастың  ХХI ғасырдағы  ұрпақтары бабаларындай,  сыртқы  жауға  шаппай, керісінше, ел  билеген  басшыға,  билік  тізгінін  ұстағандар  отыратын ғимаратқа  барып,  ат  ойнатып, күлталқанын  шығарып,  қиратуды әдетке айналдырып  алғандай. Айтқымыз  келгені,  соңғы  бір аптада  болған  қырғыз еліндегі жағдай. «Даудың  басы  – Дайрабайдың  көк  сиыры» демекші, елдегі алас-күлес  жағдайға  түрткі  болған парламент  сайлауы  және  соның  нәтижесі. Парламентке  өтпей  қалған  партиялар  дау  шығарды. Жақтастарын  ертіп  алаңға  шықты, парламент,  президент отыратын ғимаратқа атой  салды. Басып кірді. Талқандады. Тіпті қайсыбірі өздерін  премьер-министр,  одан  қалса,  министр,  Бішкек   мэрі  ретінде  көргісі келді. Әр  топ  өз  лидерлерін  жоғары  басшылыққа  ұсынды. Бір  сөзбен айтқанда,  бірер  күн  қырғыз  жұрты охлократиялық  (тобырдың  басқаруы)  жағдайды  бастан  өткерді. Толқу  болған  алғашқы  үш  күнде ел  көзінен  таса  болған  президент Сооронбай Жээнбеков тек алаңға  шыққандар билікті  бөлісе алмай,   бір-бірімен қырқыса  бастағанда ғана бас  көтерді. Халықты ынтымаққа  шақырды, жағдай  ушыға  берсе,  қырғыз  жұрты  мемлекеттігін  жоғалтып алатынын  айтты. Парламенттік  сайлаудың  нәтижесін  жойып,  қараша  айында  жаңа сайлау  өткізетінін  мәлімдеді.    Іле төтенше  жағдай  жариялады.  Қырғыздың  бас  ордасына   әскер  кіргізді, кешкілік  коменданттық  сағат енгізді. Осылайша,  дүрбелеңді  басқандай  болды. Төңкеріс кезінде  түрмеден  босатылған  бұрынғы  президенті  Алмазбек  Атамбаевты  жақтастарымен  бірге  қайта  қамады.  Ал сол   дүмпу кезінде  түрмеден  босанған екінші  бір  адамды (Садыр  Жапаров)   премьер-министр етті. Әрине,  мұның  өзіне амалсыздан жол беді. Тіпті жағдай  тұрақталған соң,  өзі де  президенттік  орынды босататынын да  айтып, өзіне  қарсы   елдің  күпті  көңілін  сейілтті. Дегенмен, елдегі  жағдай  осымен  тынши  қояды деу  ерте. Әлі де аяқасты дүрбелең  туып,  жаңа  бір төңкерістер болуы  әбден мүмкін. Өйткені партиялар арасындағы парламенттік   орынға  және министрлік лауазымдарға  тартыс  тоқтамай  тұр. Қараша айында  өтетін  парламенттік  қайта  сайлау әділетсіз  болатын  болса, онда  қырғыз  елін жаңа  бір  дүрбелең  күтіп  тұр  дей  беріңіз. Осы жерде көзге  көрініп  тұрған бір  нәрсені  тілге  тиек етпеу  мүмкін емес.  Ол елдің  «оңтүстік»  және  «солтүстік»  деп жікке  бөлінуі. Бұл –трагедия. Түптің  түбі, бүтін елдің  қақ  айрылуына алып келетін қасірет. Мұндағы  партиялардың  өзі  «оппозициялық»   деуден  гөрі,  «оңтүстіктік»  не  болмаса  «солтүстіктік»  деп  жіктеледі. Ал мұндай жерде ынтымақ  бола  ма?  Әрине,  жоқ. Өйткені кешегі  парламенттік сайлаудағы  дауға  себепші  болған  осы жағдай.  Айта кетерлік  тағы бір  жайт,  түрмеден   босап,  алаңға келген  бұрынғы  президент  Алмазбек  Атамбаев Сооранбайды  мұрагер  ретінде  танып,  президент етіп қалдырғанына  өкінетінін айтып,  халықтан кешірім сұраған  еді. Бір  қызығы,  «қызғалдақ  төңкерісі»  кезінде тақтан тайдырылған Асқар  Ақаев та Құрманбек  Бақиевтың  кім екенін  дұрыс  тани алмай,  жақын  тартқанын,  премьер-министр  еткеніне  өкінген  болатын.  Дәл сол  жағдайда,  дәл  сол сөзді айтып,  2010 жылғы  төңкеріс кезінде елден  қуылған Бақиев те  Алмазбек  Атамбаевты  билікке  әкелгеніне,  тіпті  премьер-министр  еткеніне  өкініш  білдірген. Міне, енді  Атамбаев та  қанша  жыл  жанында  жүрген  Жээнбековті премьер етті, артынша,  президентік  орынтағын   беріп кетіп,  енді өкініп  отыр. Әрине, өкініштен  үлкен  қасірет  бар  ма? «Біреуге  ор  қазба,  өзің түсесің»,  деген  осы  шығар.  Жалпы, қырғыздарда  әлсін-әлсін  болып  тұратын мемлекеттік  төңкерістер,  ұлтарлық  қақтығыстар, түрлі мәселені  желеу еткен  шерулер, митинглер  бұл  елге  не  береді?  Не  берді?  Тәуелсіздік  алған  отыз  жылда   бес  президент (Роза  Отынбаева  өтпелі кезеңнің  президенті), отызға  тарта премьер-министр  болды. Бірақ  не  өзгерді?  Қырғыз  елі «демократия  аралы»,  «қырғыздар  нағыз  демократтар, көзсіз батырлар» дегеннен  не  ұтты?  Елде даму  болды  ма? Тұрмыс  түзеліп кетті  ме? Жоқ.  Керісінше,  мешеу  елдердің  біріне айналды. Демек,  қырғыздарды «батыр»  деп өнеге  тұту, олардан  үлгі алу  артық. Сөзіміздің  соңында  ұлы  Күлтегіннің мына  бір  сөзін  тағы да келтіргенді  жөн  көрдік.   «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанының алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан жерде, бегі менен қарашасы дауласқан жерде ел елдігінен айырылады». Бұдан артық  не айтасың?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 24.10.2020, 10:30
Жемқорлық: 9 саяси қызметкер отставкаға кетіп, 33 басшы жауапкершілікке тартылды
Сайт әкімшілігі 24.10.2020, 10:25
"Борат" фильміне қатысты АҚШ-тың Бас консулы алматылықтарға жауап берді
Сайт әкімшілігі 23.10.2020, 10:09
Алда - сайлау! Қамдана беріңіз!
Сайт әкімшілігі 23.10.2020, 09:30
Путин Таулы Қарабақтағы қақтығысқа қатысты пікірін айтты
Әділ АҚЫЛБАЙ 22.10.2020, 10:38
Жириновскийді түсінде шошытқан Жаңа Түрік империясы елес емес
Сайт әкімшілігі 22.10.2020, 09:33
Не тілі, не жері жоқ қазақ қайтіп күн көрер?

Аңдатпа


  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16