Халық санағы: «қолбала» мұғалімдерге жұмыс табылды

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

22.10.2021, 09:08

787

Мәртебесін заңмен бекітіп, ұстаздың уақытын ұрлап, түрлі жұмысқа жеккендерде заң жүзінде жазаға тарту туралы айтылғанымен, әлі күнге дейін ұстаздарымыз дедектеп санақ жүргізіп, дірдектеп көше сыпырып жүр. Екі жыл бұрын қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, елімізде ұстаздың мәртебесі артып, оның міндетіне кірмейтін басы артық жұмыстардан арашалап, тіпті қағазбастылығын жою да  қарастырылған. Бірақ әлі күнге бұл заң өз күшінде жұмыс істеп жатқан жоқ.

Өткен аптада білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында: «2019 жылдың желтоқсанында қабылданған Заң шеңберінде педагогтерді өзіне тән емес функцияларға тартуға тыйым салынады. Содан бері мұғалімдер тек тікелей функционалдық міндеттермен айналысуы керек екенін түсіну үшін уақыт жеткілікті болды. Мұндай бұзушылықтар үшін екі жүзге жуық басшы жазаланды. Олар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті жұмыстан шығарылды. Семей қаласындағы оқиғаға байланысты білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті әкімшілік іс қозғап, тексеру жүргізіліп жатыр. Қала әкімі орынбасарының бұл жағдайға қатыстылығы расталған жағдайда: аталған лауазымды тұлға және өзге тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Біз сондай-ақ қажетті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүгінеміз. Сонымен қатар қалалық білім бөлімінің басшысы да жауапкершілікке тартылады», – деген жазба қалдырды.

         Семейде сенбілікте көше сыпырған ұстаздар оқиғасынан соң бас мұғалім осылай ақталған болатын. Алайда бүгінгі күні ұстаздардың көшені де сыпырып, санақты да жүргізіп, тіпті мектепте ұйымдастырылған сайлауға да белсене араласып жүргені рас. Тек ұстаздар қызметінен айырылып қалмас үшін үнін шығармайды. Семейдегі сенбілік те көше сыпырған ұстаздар наразылығынан емес, ұстаздар көше сыпырып кетіп, оқушыларға сабақ өтілмей қалғаннан кейін ата-аналардың шағымынан соң ғана бәрі әшкере болған.

Атап өтер жайт, биыл Ұлттық санаққа бюджеттен 9,1 миллиард теңге бөлдік. Бірақ санақтың қызметін қазан айы басталғалы мұғалімдер атқарып жүр. Бір ай бұрын баламыздың сынып жетекшілері: «Екпе алдыңыздар ма, алыңыздаршы. Екпе алған ата-аналар екпе паспортын суретке түсіріп,  жекеме жіберіңіздерші», – деп мазаласа, енді «санақтан өткен кодтарыңызды жіберіңіздерші» деп әр ата-ананың ізінде жүр.

Ақтөбе облысынан хабарласқан, алайда аты-жөнін, мектебінің нөмірін көрсетуден өлердей қорыққан ұстаздардың бірі: «Бүгін сенбі сабағым жоқ екеніне қарамастан жұмыста отырмын. Оқушыларымның санаққа тіркелмеген ата-аналарының атынан сайтқа кіріп, санағын толтырып отырмын. Мектеп әкімшілігі өз сыныбымның ата-аналарын санаққа тартуды талап еткен. Бірақ көп ата-аналар оны электронды істей алмағандықтан өзім толтырып отырмын. Санақтан өткені туралы кодты жинап беруіміз керек», – дейді.

Биыл санақта сұрақ көп. Мәселен оқушының отбасылық жағдайына қатысты сұрақтарды қалай толтырасың деген таңданысымызға: «Бәрін бір стандартқа салып ұра береміз ғой», – деп күлді. Демек ұлттық санақта көзбояушылыққа жол беріліп жатыр деген сөз. Ал жалғандыққа толы санақ үшін мемлекеттің бюджетінен неге миллиардтар бөлдік?! Тіпті айналып келгенде бұл жұмысқа ұстаздар жегілетін болса, сонша ақшаны неге шашып жатырмыз?! Әлде санақты ұстаздар жүргізіп, бөлінген қаржы басқалардың қалтасын қампайтпақ па? Тағы санақ біткен соң талан-таражға түскен ақша үшін тағы біреуді темір торға қамап, құрбан етеміз бе?!

Айтпақшы Семейдегі сенбіліктен соң Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысы Сайрангүл Жұмәділова: «Көше сыпыруға мұғалімдерді ешкім мәжбүрлеген жоқ. Олардың барлығы өз еркімен шыққан. Бір білсе, Семей қаласының әкімдігі біледі. Біздің тарапымыздан ешқандай тапсырма берілген жоқ. Тазарту жұмыстары туралы тапсырма әкімдіктен келген. Егер заңсыздық дәлелденетін болса, білім сапасын қамтамасыз ету департаменті шешімімен әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, мектеп директорына айыппұл салынады», – дейді басқарма басшысы.

Ал Семей қаласы қала әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков: «Мұғалімдерді сенбілікке шығаруға ешкім нұсқау берген жоқ. Бұл – әр адамның жеке таңдауы. Сенбілік туралы хат меншік нысанына қарамастан барлық ұйымға жіберілді. Өйткені мұндай шараларды өткізу кезінде барлық жерде солай жасалады. Келуді міндеттейтін және бұл күні сабақ өткізбеу туралы сөз болған жоқ», – дейді.

Жергілікті басқарушы орындардың сөзіне сенсек, ұстаздар сабақты тастай сала, көше сыпыруға өздері асығыпты...

Ата Заңымыздың 24-бабында: «Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі», – деп жазылған. Ал артық жұмысқа салса, айыппұл қарастырылған. Ендеше айдың күні аманында ұстаздарды төтенше жағдайсыз-ақ, соғыссыз-ақ, мәртебесіз мамандық иесіндей көше сыпыртып, неге «қолбала» қылып қойдық?!

Тегтер: демография статистика ана-бала

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ АҚЫЛБАЙ 15:46
Назарбаев дұрыс істеді!
Сайт әкімшілігі 13:15
Тоқаев үкіметке жаңа кадрлар даярлау жөнінде тапсырма берді
Сайт әкімшілігі 11:35
Алматыда жылу жүйесі жарылып, Рысқұлов даңғылын қалың бу басып қалды
Еңлік АБАҒАН 09:16
Ырымшыл Бозымбаев һәм Баталовтан қалған аутсайдер облыс
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:15
Сталин өлтірді, Ақсақалов күресінге тастады
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:08
30 градус аяз болады

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14