Имидж қалыпастыруға кеткен ақшаны әлеуметтік саланы дамытуға жұмсаса ғой ...

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ

20.10.2020, 04:09

524

Осы мақаланы жазуыма «Жас Алаштың» биылғы №78 санында жарияланған «Көлгіновке кеткен көл-көсір миллиондар»  мақаласы себеп болды. Бүгінде билік басындағылар құнттылық туралы жиі айтады. Бірақ құнтсыздық кімнен шығып жатыр? Сонда жоғары биліктің өзі құнтты ма? Бүгінде мұнайдан және тағы да басқа пайдалы қазбалардан түскен ақша қоғамның ең өзекті мәселелерін шешуге емес, қажетсіз, шығыны көп шараларға жұмсалуда. Қарапайым халық мұқтаж дүниеге азғантай қаржы бөлуге қатты қиналатын біздің Үкімет миллиардтаған қаржыны жалаң, бос сөзге толы жиындар, саммит, форумдар, ЭКСПО дейсіз бе, шашып жіберуге бар.

Ел экономикасының қысқа жібі күрмеуге келмей жатқан, халықтың жағдайы күрт төмендеп, тіпті мектептегі балалардың тамағын аузынан жырып алып жатқан тұста, бар қаржыны кешегі ЭКСПО-ға шаштық. Ал бүгінгідей дағдарыстан-дағдарысқа ұрынып, еліміз ауыр індетпен арпалысып жатқанда, «Жас Алаш» жазғандай, бас қаланың басшысы өз имиджімен бас қатырып әлек болған. Осы орайда, еріксіз еске түседі. Қайсыбір жылдары Сыртқы істер министрлігі Вашингтондағы бір компаниямен құны 1,5 миллиард долларлық келісімшартқа қол қойған. Келісімшарт бойынша әлгі компания Қазақстанның шетелдегі бет-бейнесі мен беделін жақсы етіп көрсетеді.

Неткен бей-берекет ақша шашу? «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп бүгінгінің әкімі елімізде өзінің беделін жақсы етіп көрсету үшін жағымды жақтан жарнамалауға жарты миллиард көлемінде қаржы жұмсаған. Құр пиар үшін қыруар қаржы жұмсайтындай елдің жағдайы келісіп тұр ма? Астанада басына пана болатын баспана таппай сабылғандар саны қаншама? «Бұл тым көп қаржы ғой, одан да бұл миллиардтарға Астанада қаншама баспанасыз тұрғындарды жылы орынмен қамтамасыз етуге болар еді. Шектен шыққан даңғазалық, дарақылықты қашан қоямыз?» деп жұртшылықтың наразылық танытуы тегін бе?

Боямалы бастамашылдыққа бейім, дүниежүзілік, әлемдік жиындар өткізуге, имидж қалыптастыруға шебер билік тағы да бір даңғаза шаралар ойлап табар. Бұдан қарапайым адамдарға жылушылық пен тоқшылық келер деймісіз. Қыруар қаржыны қажет ететін шаралар халықтың қалтасына түскеннен басқа не береді? Елімізде қаражаттың тапшылығынан шешілмей жатқан проблемалар аз ба? Туберкулез, онкологиялық ауру, бүгінгі коронавирус індеті – қазақ халқын жеп бара жатқан дерт. Қандастарымыз осындай диагноздан өліп жатқанда, керексіз форум, жиындарға, имидж қалыптастыруға ақша шашып не керек? Осындай қажетсіз шараларды өткізгенше, еліміздегі өзекті проблемаларды шешуге неге ат салыспаймыз? Құр пиар әкімнің өзіне болмаса, елге түкке де пайдасы жоқ. Ол өзінің тұлғасын қалыптастыруға ғана қаржы жұмсап жатыр. Одан да басшылардың имидж қалыптастыруға кеткен ақшаға ағарту, білім беру, әлеуметтік саланы дамытуға жұмсау халыққа пайдалырақ болар еді. Жалпы, әкім имиджі, басшы ретінде қалыптасуы оның өзі басқарған ауылдың, қаланың, аймақтың өркендеуінен көруге болады. «Кімде-кім өзінің неге тұратынын дәл білгісі келсе, мұны ол тек қана халықтан біле алады. Демек, ол халықтың төрелігіне жүгінуге тиіс (К.Гельвеций).

Бүгінгінің әкімі халыққа адал қызмет етіп, халықтың ойынан, үдесінен шыға білсе, еңбегінің жемісі ешбір қаржысыз, жарнамасыз беделін қалыптастырып береді. Ал жалған атақ, өтірік мақтау жинап беделін ойсыратып алған әкімнің жұмысын жарнамалауға тендерге бөлінген теңгенің де шамасы келмесі анық. Қ.Тоқаевтың «Дағдарыс кезінде керексіз шығынды қысқартамыз» деген сөзін қаперіне алмаған шенді шенеуніктер мемлекет қалтасына қол сұғуын тоқтатар емес. «Басшы өзінің қалай басқарып отырғанына ғана емес, сонымен қатар өзінің басқаруындағы адамдардың не істеп отырғанына да жауап береді» деп кезінде күнкөсем В.Ленин айтқан еді. Президент өз қарамағындағы басшылардың ерекше жағдайлармен пайдаланатын артықшылығы жоқ екеніне, мемлекеттік шенеуніктердің қызмет этикасына баса назар аударып, қатаң талап етіп отырса, қазіргідей қолыңнан келсе, қонышынан басу болмас еді. Қазақстанда бай мен кедейдің арасындағы айырмашылықты былай қойғанда, халық пен биліктің арасындағы алшақтықтың өзі үлкен проблемаға айналып бара жатыр. Өйткені біздің билік халыққа тәуелді емес. Ақиқаты сол – ойына не келсе, соны істейді.

Мұнайлы елміз, қойнауымыз толған байлық. Осының барлығын игеріп, 29 жыл ішінде экономикамызды көтеруге толықтай мүмкіндігіміз бар еді. Өкінішке орай, олай болмады. Биліктегілер тәуелсіздік алған жылдар ішінде қазба байлыққа қалай ие болмаудың үлгісін көрсетті. Біз мемлекет меншігіне өз меншігіміздей жауапкершілікпен қарап, ұрламай-жырламай, ақшаны оңды-солды шашпай, қолда бар байлықты ұқсатып, тиімді етіп пайдалана білгенде дамыған Еуропа елдерінің алдында тұрар ма едік? Бүгінде мұнай бағасының құлдырағанынан жапа шегіп отырған мемлекеттер некен-саяқ. Біздегі дағдарыс қаржылық-экономикалық дағдарыс емес, саяси дағдарыс, мемлекеттік басқару жүйесінің дағдарысы. Бұл – мемлекет пен қоғамның арасындағы байланыстың үзілуі. Басшы біреу болуы керек, қалғаны оған тіреу болуы керек. Бірақ сол тіреулер былқ-сылқ етеді. Біздің көгермей отырғанымыз содан.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 09:07
Билік тәуелсіз партияларды парламентке жібермейді
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 13:01
Мамин мен Назарбаева Мәжіліс сайлауына қатыспақ
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 12:25
Әлеуметтік төлемдерді индекстеуге 3 триллион теңге бөлінеді
Әділ КЕМЕҢГЕР 24.11.2020, 09:13
Қазақ мемлекеттігіне жаһандық қауіп төніп тұр
Қайнар ОЛЖАЙ 24.11.2020, 09:05
Тіл комитетінің тісі қышып бара жатса...
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 18:42
Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42