Келесі президент Жұмағұлов болып жүрмесін...

Әділ КЕМЕҢГЕР

01.04.2021, 08:49

8002

       Ол жағымпаздық пен жемқорлықты қазақтың ұлттық құндылығына кіргізіп жіберуден нақ тайынбас

      Біздің елде баспасөздің бәрі – не биліктікі, не билікпен сыбайлас, оған бағынышты біреудікі. Олар сын сағатта қазақ ұлтының тағдыры, тілі мен жерінің мүддесін емес, өзін ақшамен алдап, асырап отырған қожайынының сөзін сөйледі. Содан болар, ресмиі бар, өтірік бейресмиі бар – баспасөзге халық мүлдем дерлік сенбейді. Ал енді қаптаған фейк пен жалған ақпарат өріп жүрсе де, негізгі шындық пен ең әділ ой-пікір әлеуметтік желілерде айтылады.

       Қазақстан қоғамын құрдымға толық кетірмей тұрғанда билікті шектен шығармай, «тәйт» дей алатын, ресми баспасөз аузын аша алмайтын кездері түрлі былықтың бетін ашып, қоғамдық әділдік балансын сақтап тұрған осы әлеуметтік желілер. Әлеуметтік желілер – халықтың ең жақын досы, ал диктаторлық, дауыс ұрлайтын, «жемқорлығы жарасқан» әділетсіз биліктің қас жауы екенін Белоруссия мен Ресейдегі соңғы жағдайлар анық көрсетті. Жолын тауып, әлеуметтік желілердің көзін құрту – Путин мен Лукашенконың басты арманы. Сөйтсек, әлеуметтік желілердің аузын Қазақстан парламенті сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов та жапқысы келеді екен.

         Әттең, Ким Чен Ын бұларға «мемлекет айырбастайық» демейді

      Біз әжептеуір ғалым деп келген ағамыз, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, білім, ғылым, техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі Бақытжан Жұмағұлов «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» деген кезекті көпірме тақырыпқа арналған парламенттік тыңдауда сөз алып, әлеуметтік желілер туралы заң қабылдау керек деп, ой еркіндігі мен технологияға тұсау салғысы келетінін еш қалжыңсыз айтып тұр.

        Жас ұрпақтың санасы мен ұлттық құндылықтар жайында көсілген Жұмағұлов түптеп келгенде әлеуметтік желіде нені жазуға болады, нені жазуға болмайды деген шектеу енгізілгенін қалайды. «Идеологиялық вирусты», терроризм, сепаратизм мен экстремизмді, еңбекқорлыққа баулу мен балалар тақырыбын тықпалай отырып, әзірге аздаған еркіндігі бар әлеуметтік желілерді бақылауға алу керек дейді.

      «Қазіргі таңда батыс елдерінің кейбір теріс идеологиялық технологияларымен күресу әлдеқайда қиын және ол көзге түспейтін, көрінбейтіндіктен, едәуір басым күші бар екенін мойындауға тиіспіз. Кезінде АҚШ-тың ЦРУ-ын басқарған Аллен Даллестің Кеңестер Одағын ыдырату жөніндегі доктринасы бар еді. Содан үзінді келтірейін: әдебиет, театр, кино – бәрі адамның ең нашар қасиеттерін бейнелейді және дәріптейді. Біз адамның сана-сезіміне зорлық-зомбылық, сатқындық, бір сөзбен айтқанда, рухани құлдыраушылықты дәріптейтін шығармашылық адамдарын көбірек қолдаймыз және қолпаштаймыз. Мемлекетті басқару ісінде түйткілді мәселелерді көбейтеміз. Біз өзімшіл чиновниктердің, парақорлардың, принципсіз адамдардың қатарын молайтамыз. Ұлтсыздық, өтірік пен өсек, азғындық пен нашақорлық, бір-біріне үреймен қарау, сатқындық, ұлтшылдық, ұлтаралық араздық, оның ішінде басқа халыққа деген өшпенділік уытын байқатпай, оңтайлы түрде санаға ендіре береміз.

        Бұл осылай қанатын кең жая береді. Сол доктрина қазір де жетілдіріліп, жалғасын тауып отырғаны күмән келтірмейді. Араб көктемі, ТМД-ның кейбір елдеріндегі әр деңгейдегі ірілі-ұсақты демократия құндылықтары деген желеумен күштеп енгізіліп жатқан революциялар бәрімізге белгілі. Халықаралық сарапшылар Қырғызстанда, Украинада, Арменияда өткен революциялар халыққа ешқандай өзгеріс әкелмегенін айтады. ҚР Жоғарғы сотының шешіміне сәйкес, мемлекетімізде 22 ұйым экстремистік, террористік ұйым ретінде танылып, қызметіне тыйым салынып отыр. Бұл ұйымдар Қазақстанның қоғамдық өміріне араласып, іріткі салып, ішкі тыныштықты, халық бірлігін бұзу үшін жұмыс істеуге тырысты. Олар кейбір жалған идеяларды таратып, Қазақстан азаматтарын Сирия, Ирак жеріндегі соғыс ошақтарына тартуға тырысты. «Жусан» операциясының нәтижесін сіздер жақсы білесіздер. 595 Қазақстан азаматы елімізге қайтарылды. Олардың 406-сы балалар. Бұдан да басқа түрлі діни, басқа да ресми тіркелмеген ұйымдар мен топтар бар емес пе? Шетел саясаткерлері арасында шындыққа жанаспайтын, сепаратистік пиғыл танытып жүрген жеке адамдар да бар.

       Қазақстан жағдайында жаһаннан жетіп жатқан осындай келеңсіздікке жол бермеу үшін өзіміздің заманға сай ұлттық құндылықтарымызды қарсы қоюымыз керек. Біздің ұлттық менталитетті дамыту үшін жаңа көзқарастар, жаңа бағдарламалар қажет. Ұлы Абай: «Адам заманды билемек, заман адамды илемек», – деді. Бұл әлемдік даму жолын түсінуге мүмкіндік береді. ХХІ  ғасырда рухы биік, әлем мәдениетімен бәсекеге түсе алатындай кемел ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Әрі жастарды, ең бастысы – еңбекқорлыққа тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл ең маңызды мәселелердің бірі. Қазір коронавирус індетіне қоса, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да таратыла бастады. Жалған ақпараттар сол вирусты әлеуметтік желілер арқылы шұғыл таратып жібереді. Сондықтан әлеуметтік желілер туралы заң қабылдау қажет деп білеміз. Бұл сөз бостандығын шектеу үшін емес, әлеуметтік желі жүйесін заңнамалық тұрғыда реттеу және олардың құрылтайшыларының заң алдындағы жауапкершілігін көтеру үшін қажет. Жаһандану кезінде кейбір жастар шетелдік жағымсыз құндылықтар ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Мәжбүрліктен емес, сананың улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Осындай жаһандық когнитивті технология бұқаралық санаға әсер ету құралына айналып отыр», – деді жалынды сөзінде Жұмағұлов.

       Біз не дейміз бұған? Бәрі жөн дер едік, егер біздің елімізде жемқорлық болмаса, сайлауы әділ өтетін демократиялық мемлекет болсақ. Ал қазіргі жағдайымызда бұл шектеу қоғамды алға еш жетелей қоймас, тек артқа сүйрейді. Екіншіден, Қазақстанның білім саласының жемқорлыққа былығуы мен тоқырауын бастап берген шенеуніктің енді келіп жастардың тағдырына алаңдап отырғаны қалай?

     Ұмытпасақ, Бәкең білім министрі болған кезде e-learning деген бағдарламаны тықпалап, оған сай, елімізде 2020 жылы мектептердің 90 пайызы электронды білім алу жүйесіне көшуі тиіс болатын.

Сосын, қазіргі күні өршіп тұрған ҚазМУ қалашығының жеріне қатысты дау-дамайдың да бұл кісіні айналып өтпейтін түрі бар секілді. Айта берсек көп, негізі...

Тегтер: билік Ресей Қырғызстан Украина ТМД Араб көктемі демократия

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 09:18
Тілі 7-бапқа байланған ел
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.05.2021, 07:41
Билік транзиті болмады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 12.05.2021, 07:03
Ким қазақты қайтсін...
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 15:28
Өзін «ақпын» деп ресми тілде ақталған Жоламанова қазақ тілін менсінбей ме?!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 11:39
Мұхтар Түменбай: Бұл әзілдейтін нәрсе емес!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 10:08
Риддердегі өрт: полиция тергеу бастады

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06