Кешірімшіл Қоңыров кімнің сойылын соғып жүр?

Амангелді СЕЙІТХАН

22.09.2020, 10:08

1425

 Парламент аралық «Ғасыр кешіргіші» деген номинация тіркеліп, оған басты үміткерді атау қажет болса, біздің электорат Қоңыров үшін қол көтерер еді. Депутат Айқын Қоңыров ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге сауал жолдап, жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несиелік рақымшылық жүргізуді ұсынды.

 Бұл өзі бұған дейін де саясат дәлізінде жүрген бастама. Қағазға жазып, көшеде тұрғаны бар, ұшақ ішінде айқайлап айтқаны бар, біздің елде аракідік бас көтеріп қалатын ұсыныстың бірі. Әрі адамды рахатқа бөлейтін ұран. Өзіңіз ойлаңызшы, ғайыптан тайып, сіздің несиеңіз кешіріліп кетсе, банктен енді қарыз емес екеніңізді сүйіншілеген шабарман жетсе. Шаттанып шыға келесіз ғой. Ондай мемлекетпен мақтануға да болады. Қисынды іс пе өзі? Ол жағын сол Қоңыровтардың өзіне қалдырдық. Қоңырау жететін қаржыгер, экономист, тіпті, қаржы секторының тірлігіне қызығатындардан сұрадық. Көбі күлді. Күлмегені басын шайқады. Сауал авторы біз емес екенін ұғуға санасы жетіп тұрса да. Тек бірнеше жыл банкте істеп, енді зейнетке шыққан ақсақал ғана айқай салды.

— Әй, несие алғанда, қай жеріңмен ойландың? Сенің жеке меншік Үкіметің бар ма, қарызыңды өтейтін? Өтегең күннің өзінде ұтатын кім? Сен бе? Қанша қарызсың? Он миллион? Жиырма миллион? Ары кетсе, бірер миллион шамасында болар. Жүз миллиондап алғандар ше? Кең ауқымды дейсің, жеке және заңды тұлға дейсің. Әй, оның бәрінің қарызын қайтарса, Үкімет қалай оңады? Жағдайы қалай болады? Несиені Үкіметке төлетіп, банктердің алғысын алғың келіп отыр ма?

— Ақсақал ау, айтқан мен емес. Тек қисын қалай болар екен деген ой ғана еді.

— Ойың неге қисық? Қисын дегенді білесіңдер ме? Ал, өтеп берсін, Үкімет. Сендер ел қазынасын тонаудың тың үлгісін ұсынып отырсыңдар. Әрине, билік ондайға бармайды. Бармайтыны, несие алғанның бәрінің қарызын өтеп беретін шамасы болмауы мүмкін. Болған күннің өзінде, ондай авантюраға алданбайды. Банкпен ымыраға келетін Үкімет саған ойыншық па? Елді дүрліктірмей, тыныш отыр.

— Кешірімшіл басқа еді ғой.

— Шешендер туралы оқып па едің?

— А, Рамзан Қадыровтың несие жабуға қатысты айтқанын ба?

— Мынау не дейді?

— Шешендер туралы дедіңіз ғой...

— Шешендер дегенде, қазақтың шешендерін айтып отырмын. Жиренше шешен ше?

— Иә?

— Иә, болса сол бабаңды сынамаққа бір хан жұмсапты дейді. «Білші, анау қаңбақтан, қайда бара жатыр екен». Шешен шауып барып, қаңбақтың бірін қамшысымен бөгеп, жанында сәл аяңдап, қайтып келіпті. «Иә, қаңбақ не айтты?», — депті хан. Сонда шешен, «Ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі. Соны білмей, сұратқан хан ақымақ па, сұрап келген сен ақымақ па», — деді деген екен...

— Түсіндім ақсақал.

— Түсінсең, банктен несиені бай да алады, бағлан да алады. Балалы әйел де алады. Бай қанша алады, көп балалы әйелге қанша тиеді? Ара салмағын ұғасың ба? Жеңгеңнің жеті жүз мыңын жауып берсін-ақ, ең кемі, жүз миллионға жуықтайтын несиесі бар білегі жуандардың алғанын қайтесің?  Сауалды да байқап бер, балақай!

 Сауатты ақсақалдан алған сабақ осы болды. Шынында да, ҚР азаматтарының мойынындағы несиені Үкіметке жаптырсақ, байлардың бармағына да бал жағып береді екенбіз ғой. Соны Айқын депутат ойламады ма? Әлде Қоңыровтың көздегені басқа ма?

Тегтер: несие кредит кешірім амнистия депутат сауал нарық халық экономика

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:51
Қырғызстанның сыртқы істер министрі Қазақстаннан көмек сұрады
Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ 29.10.2020, 11:11
АЭС салу: пайда ма, әлде зиян ба?
Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 11:08
Лукашенкоға шегінетін жер қалмады
Нұрбол СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ 29.10.2020, 10:29
Сот әділ болсын десек
Әділ КЕМЕҢГЕР 29.10.2020, 09:06
Түркі әлемі дүр сілкінейін деп отыр
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 10:32
Мәжіліс депутаттарына тікелей хат жазуға болатын арнайы сайт ашылды

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04