Ким қазақты қайтсін...

Қазақстанның ең бай бизнесмені  жерлестерін алдап соқты ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

12.05.2021, 07:03

4287

Осыдан бір жыл бұрын Өзбекстандағы Сардоба суқоймасының бөгеті бұзылып,  Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекенді су басты. Дәл осы уақытта апаттың салдарын жою жұмыстары қызу жүріп жатқан. Мыңдаған тұрғындар баспаналарынан айырылып, уақытша ғимараттарды паналады. Көмек Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылды.

Осы апаттан кейін бір жыл өтсе де, көпшіліктің көкейінде жауабы әлі айтылмаған сұрақтар қалды. Оның ең біріншісі Сардоба суқоймасына қатысты. Мақтаарал ауданымен іргелес жатқан Өзбекстанның Сырдария облысындағы апатқа не себеп болды?  Сардоба қайта қалпына келтірілді ме? Егер келтірілсе, алдағы уақытта апаттың тағы да қайталанбасына кепілдік берілді ме? Апаттан кейін президент Шавкат Мирзияев кінәлілердің заң алдында қатаң жазаланатынын мәлімдеген еді. Бір жылдан бергі аралықтағы тексеру, тергеу жұмыстарының нәтижесі қайда? Біз бұл мәселеге алдағы уақытта қайта тоқталатын боламыз. Мақтааралға берілген көмектердің бірсыпырасына оралайық.

Ресейде тұратын өзбек миллиардері Әлішер Усманов 5,2 миллион доллар қаржы аударды. Осы қаражат есебінен  зардап шеккен әр отбасыға 1000 АҚШ долларынан үлестірілді.  П.Шодиев, А.Машкеевич, А.Ибрагимов жетекшілік ететін әйгілі Eurasian Resources Group тобы 5 миллион доллар  бөлді. Ал миллиардер Болат Өтемұратов  6 миллион доллар берді. Бұл қаражатқа  150 баспана салынатыны айтылды.  Елбасының бауыры Болат Назарбаевқа тиесілі «Салиқалы ұрпақ» қоры Мақтааралда 20 үйдің құрылысын бастап кетті.

Қалталылар қаражатты осылайша миллиондап аударып жатқан кезде ақпарат құралдарында Мақтааралдың тумасы, Қазақстанның ең бай азаматы Владимир Кимнің көмектен шет қалғаны айтылды. Бұл туралы «Жас Алашта» да мақала жарияланған.  Мақаладан кейін Владимир Ким жетекшілік ететін  KAZ Minerals тобының өкілдері бізбен хабарласып,  компанияның Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде 1 миллиард теңге бөлгенін мәлім етті. «1 миллиард теңге Түркістан облысындағы «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорына жолданған.  Бұл қаражат қордың есепшотына енді түсуі  мүмкін», – деген еді бізге хабарласқан KAZ Minerals тобының менеджерлері.

Алайда аталған қаржының Мақтааралға түскен-түспегені белгісіз күйде қалды. Неге десеңіз, осы кездері Мақтааралда су тасқынына ұшыраған тұрғындарға қаржы аударған кәсіпкерлердің аты-жөндері ақпарат құралдары арқылы жарияланып отырды. Тіпті 1 миллион теңге аударғандардың да аттары аталды. Ал 1 миллиард теңге дегеніңіз (2,3 миллион доллар)  елеусіз, ескерусіз қалатын ақша емес қой. Жоқ, Кимнің көмегі туралы ешқандай мәлімет жарияланбады. Сонда бұл түсініксіздікті неге жоруға болады?

Біз осы жөнінде Мақтаарал ауданы әкімдігінің басшыларымен хабарласқан едік. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков:

— Владимир Кимнің Мақтааралға көмек бергені туралы біздің қолымызда мәлімет жоқ. Бәлкім, қаржы «Түркістан» қорына аударылған шығар. Бізге түскен нақты ақшаны білмейміз. Мақтааралда Кимнің берген ақшасына салынған баспаналар немесе заттай көмектер, жәрдемақылар жоқ. Сондықтан ештеңе айта алмаймыз, – деді.

Әңгіме барысынан байқағанымыз,  Қазақстанның ең дәулетті бизнесменінің туған жеріне ешқандай шарапаты тимеген тәрізді. Осыдан екі  жылдай уақыт бұрын аудан басшысы Кимнің арнайы қабылдауында болыпты. Қабылдау кезінде шенеуніктер Мақтааралда  стадион, спорт кешені  сияқты үлкен жобалардың жасалғанын алға тартып, соған демеушілік көмек беруді сұраныпты. Алайда Кимнің тарапынан бұған ешқандай қызығушылық болмаған.

Сонымен, кімді кім алдап отыр? Елді жаңылыстырып отырған Ким бе, әлде «Түркістан» қоры ма? Атақты миллиардер уәдесінде тұрмады ма, болмаса 1 миллиард теңге өзге мақсатқа жұмсалып кеткен бе? Мұны енді қарапайым халыққа кім түсіндіреді?

Айта кетері,  Владимир Ким Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті де осы жерде бітірген. Жуырда танымал Forbes журналы әлемдегі ең бай деген азаматтардың тізімін жария етті. Оған Қазақстаннан жеті бизнесмен енді. Олардың ішінде «Қазақмыс» компаниясының қожайыны, KAZ Minerals тобының президенті әрі ірі акционері Владимир Кимнің дәулеті 4,6 миллиард долларды құрап, ол «Қазақстанның ең бай адамы» атағын сақтап қалды. Бір жыл ішінде Ким 900 миллион долларға байыған. 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 10.06.2021, 08:49
«Медаль алғыш» Мамин міз бақпай отыра бере ме?
Әділ КЕМЕҢГЕР 10.06.2021, 08:44
Біз бұларға қалай сенеміз?
Батыр ЖАСҰЛАН 08.06.2021, 08:45
Мәскеудің лас ойынына біз неге араласуымыз керек?
Әділ АҚЫЛБАЙ 04.06.2021, 08:57
Әй, «Самұрық-Қазына»! Халықтың ақшасын қашанға дейін шаша бересің?
Сайт әкімшілігі 04.06.2021, 08:44
Сең қозғалған секілді
Батыр ЖАСҰЛАН 03.06.2021, 09:02
Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02