«Көзсіз» саяси ойындардың көксегені не?

Жарас КЕМЕЛЖАН

24.11.2022, 07:05

2162

Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді ешкімнің алашты,

Қорлығына бермейміз!

Өлең авторы – қазақтың ардақты ұлдарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров. Осыдан бір ғасыр бұрын, яғни 1917 жылы жазылған «Алаш ұраны», бұл. Алаш баласын ешкімнің қорлығына бермейміз деп бастарын бәйгеге тіккен ардақтыларымызды бір ғасырдан кейін сол алаштың ұлдары қорлап жатыр.

Қорлық емей немесе, Алаш қайраткерлерінің суреттерін көзін ойып тұрып жейдеге салып, жаппай базарға шығарса? Қорлық емей немене, асылдарымыздың бейнесін қадірлеудің орнына ақша табудың арзан жолына айналдырса? «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз» деп ұрандаған ұлыларымызды қастерлегеніміз осы ма? Марқұмдарға арнап құран бағыштай алмасақ та, көзін соқыр, мұрнын пұшық қылып қорлау кімге керек еді? Мұндай қорлықтың артында кім немесе қандай тобыр отыр?

Оқырманға түсінікті болу үшін мәселенің мән-жайын таратып алайық. Qulan.kz деген онлайн киім дүкені бар екен. Сол дүкен иелері Алаш арыстары Мағжан Жұмабайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтың бейнелері салынған жейделерді интернет арқылы сатылымға шығарыпты. Айтарға жақсы жоба. Ұрпақ үшін өз ұлтының ұлыларын танып-білгенге не жетсін? Алайда идея авторлары жейдеге салынған асылдарымыздың бейнесін қорлап, көзін ойып алған. Ұлт алдында ауыр қылмыс жасағандарын сезінудің орнына, әлгілер әлдеқандай уәж айтып, өз тірліктерін ақтап әлек.

Malim.kz-тің тілшісі дүкеннің жауапты маманынан сұхбат алған. Өзін Алтынай Қанатпын деп таныстырған қыз көздің хикаясын көне шариғаттарға тіреп тоқтаған көрінеді. Сөзбе-сөз берсек, уәжі мынадай:

«Исламда, шариғатта айтылған. Көзі бар заттар харам болып есептеледі. Ондай көзі бар заттарды салуға болмайды. Сол сияқты адамның беті, көзі бейнеленген суреттерді сатуға болмағандықтан, біз олардың көзін алып тастадық» – депті «данышпандар».

Бұрын «Дүмше молда дін бұзар» деуші еді. Қазіргі жастардың бәрі шетінен дүмше: өздері «діндар», өздері «дінтанушы». Олармен сөз таластырып опа таппайсыз. Жүрген-тұрғаныңыз, күлгеніңіз бен жылағаныңыз да күнә. Алаш қайраткерлерінің көзін ойып, жастар арасында «тренд» жасап, содан мол пайдаға батқысы келгендердің тірлігі, шынында, ұлтты қорлау!

Әңгіме басында даулы жейдеге соқыр сурет салғандарды тобырға теңедік қой. Тобыр дейтін себебіміз, қоғамда бір жаман індет пайда болды қазір. Әсіресе дін атын жамылып, әлдебір ұстаздарының жолын ақиқат санап, адасып жүрген жастар көп бұрынғыдан. Қай елде де, қай ғасырда да тобырлардың тірлігі сол: бір «серке» бастайды, қалғандары қоралы қойдай ере береді. Ондайлардың алдына шығып қайырып көр, таптап өтеді. Өмірден өткен адамның бет-пішінін, жанарын салуға болмайды деген Qulan.kz-тің қылығы – сол тобырлардың тірлігіне көбірек ұқсайтындай.

Qulan-ның қиялынан туған пәтуаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ағабек Қонарбай жедел жауап берді. Мәлімдемеде: «Мұндай киімдер жеке кәсіпкерлердің сату мақсатында жасап жатқан дүниелері болуы мүмкін. Алайда ұлт қайраткерлерін бұлай мансұқтауға болмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алаш арыстарының көзі жасырылған киімдерді шығарып, сатудың дұрыс емес екенін мәлімдейді. Шариғатта тірі жанның көзін салмай, бейнесін ғана салуға болады деген пәтуа жоқ. Мүфтият бұған қатысты пәтуа шығарған емес. Арыстарымызды бұлай «дәріптеуге» жол берілмеуі тиіс. Ел үшін жанын пида еткен Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді қайраткерлеріміздің асыл бейнелерін қорлауға болмайды. Мұндай әрекеттер –  ұлт қаймақтарына деген құрметсіздік» – делінген.

Ұлтшыл депутат Қазыбек Иса ұлт арыстарын қорлағандар заң алдында жауап беруі керек дегенді айтыпты. «Мемлекеттік тиісті органдар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай сауданың көзін Ұлт ұлыларының көзін ойып алумен тапқан пайдакүнемдерге шұғыл тойтарыс беріп, тоқтатып, жауапқа тартуы тиіс!» – деді.

Алаш арыстарын қорғау, атын ұлықтау алаштанушы Тұрсын Жұртбайлардың ғана жеке шаруасы емес. Бұл ұлттың, мемлекеттік органдардың айналысатын ісі. Ұрпақ алдында ұлтты сүюдің озық үлгісі – асылдарымыздың атын қорлау емес, қорғау. Осыны ұмытпайық!..

 Кейде мұндай бассыздықтардың басында саяси ойыншылар отырады. Қазақтың әлсіз жерінен ұстап, қоғамның көңілін басқа жаққа аударудың амалы болуы да мүмкін, бұл. Сайлаудан кейінгі қазақтың саяси жігерін жасытудың амалы – соқыр сурет деген ойын емес пе екен? Не болса да, Қазақстанда «көзсіз» саяси ойындар жүріп жатыр.       

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 08:55
Назарбаев – елдің өткен шағы
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 13:45
Екібастұздағы тұрғындардың шығынын компания өтейді – Серік Жұманғарин
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 12:20
Екібастұздағы жылу орталығын өзге өңірлерден келген бригадалар жөндеуге кірісті
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 09:27
НАТО Украинаға көбірек көмек көрсетуге уәде етті
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 09:04
Серік Жұманғарин мен Юрий Ильин Екібастұзға барды
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 17:42
Тоқаев пен Макрон Елисей сарайында келіссөздер жүргізді

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43