Ләзиза Нұрпейіс: Шетелге кеткен жастар түбінде елге оралады

Бифат ЕЛТАЕВА

18.08.2022, 12:04

1982

Соңғы уақытта еліміздегі жастардың шетелге барып білім алуы жиіледі. Соның ішінде Түркияда білім алғысы келетін жастардың талпынысы жоғары. Ал Түркияда білім алу үшін жастар нені білуі қажет? Әрі қандай мүмкіндіктер бар екендігі жөнінде толық ақпарат алу үшін Сакарья университетінің докторанты, «Сакарья – Қазақстан» студенттер қауымдастығының төрайымы Ләзиза Нұрпейіспен сұхбаттасқан едік.

Ләзиза ханым, сіз көп уақыттан бері Түркиядағы жастардың басын қосып, түрлі шаралар ұйымдастырып жүрсіз. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз?

— Басынан бастап айтар болсам, 2015 жылдан бастап, Түркиядағы Сакария қаласындағы Сакария университетінде оқитын барлық қазақстандық студенттерге топ жетекшісі ретінде төрағалық етіп жүрдім. 2016 жылдары «Сакария – Қазақстан» студенттер қауымдастығын құрдық. Ондағы мақсат – Түркияға білім алуға келіп жатқан жастар өте көп. Бірақ әртүрлі жолмен келеді. Мәселен, біреуі өздері ізденіп келсе, біреуі арнайы жолдамалар арқылы, бірі стипендия, бірі грант бойынша, ал біреуі көшіп келіп жатады. Сол келген қазақ студенттерге кеңес беріп, көмектесеміз. Көмектесіп қана қоймай, жастарды ұйымдастырып, наурыз мерекесін, халықаралық ұлттар достастығы, 8 наурыз секілді мерекелерді өткіземіз. Осындай жұмыстар арқылы кейіннен қауымдастықтың аты шығып, Сакария университеті таныла бастады. Қазақстанға да атағы жетті. Соған орай, талаптары да көбейе түсті. 2016-2017 жылдары Түркияға студенттерді апарып, оқыту істері бойынша компания құрып, сол бойынша жұмыс жасап жатырмыз.

— Қазақстандағы жастардың білім алуына жасалынып жатқан жағдайларға көзқарасыңыз қалай?

— Қазақстандағы жағдайдан бейхабармын. Ал Түркиядағы жағдайды айтар болсам, қаншама қазақ студенттеріне Қазақстан тарапынан еш жағдай жасалмаған. Яғни, ешқандай көмек көрсетілмейді. Көбісі Түркияға екі жағдаймен барады. Бірі – «Түркия бурслары» атты мемлекеттік грантпен барса, бірі осы компания арқылы барады. Мемлекеттік грант бойынша баратындар Түркия тарапынан жатақханамен, үш мезгіл тамағы мен жол-пұлы, т.б студентке жасалынуы тиіс жағдайлармен қамтамасыз етіледі. Ал біздің компаниямен барғандарға ешқандай көмек көрсетілмейді. Әркім өз күшімен, өз қаражатымен оқиды. Біз тек жөн сілтеушіміз. Және қандайда бір жағдайлар орын алса, мәселен, пандемия кезінде Қазақстаннан барған студенттерге Түркия тарапынан азық-түлік пен басқа да жағдайларға қатысты көмекті алып бердік. Бірақ Қазақстан тарапынан еш көмек көрсетілген емес. Карантиннен бөлек, осы қауымдастық құрылғаннан бастап, жылда әкімдік тарапынан студенттерге стипендия берілетін. Университет тарапынан бір жыл тегін тамақ ішуге стипендия бөлінеді. Сондай-ақ жағдайы жоқ студенттерді жаздық жеңіл және қыстық жылы киімдермен қамтамасыз етеді. Одан басқа, жеке университеттерде «Түрік дүниясы», «Түрік халықтары», «Түрксой» ұйымдары бар. Сол ұйымдар өздерінің атынан стипендия тағайындайды да, біз ата-анасы жоқ, не көпбалалы отбасының балаларына, артылып жатқан жағдайда басқа студенттерге таратып береміз. Жалпы Түркияда қазақ студенттеріне көп көмек көрсетіледі. Себебі, олар қазақ халқына өзгеше бауырмалдықпен қарайды.

— Көбіне сіз Түркияда қазақ жастарының білім алуына ықпал жасап жүргендіктен, жастардың көзқарасы мен өзіндік мақсаттарын зерттеп білген шығарсыз. Жалпы, жастардың көбі Түркияға қандай мақсатпен оқуға барады?

— Көбі халықаралық диплом алу үшін барады. Түркияда өмір сүріп жатқаныма он жылдай уақыт болыпты. Бір байқағаным, соңғы жылдары Түркияға оқуға келіп жатқан қазақ студенттерінің легі өте көп. Сол себепті, Түркия сұранысқа ие мемлекеттердің бірі деп білемін. Өйткені біріншіден, Еуропаға шектес мемлекет. Екіншіден, Еуропалық стандартқа сай білімі бар. Үшіншіден, ол жақтың қай университеті болса да халықаралық дипломға ие болғандығынан, барлық мемлекетке дипломы жарамды. Сондай-ақ білім алуға қаржы жағынан қолайлы. Арзан. Яғни, ең арзан оқу 98 мың теңгеден басталса, ең қымбаты 500 мыңнан аспайды. Барлығы да мемлекеттік университеттер. Ал біз – Ыстамбұл, Анкара секілді үлкен қалалармен жұмыс жасамаймыз. Өйткені ол жақтың шығыны Қазақстаннан кем емес. Онда өмір сүріп, тұрудың өзі үлкен шығын. Сол себепті, біз Шымкент, Тараз секілді Түркиядағы кіші қалалардың университеттерімен жұмыс жасаймыз. Кіші қалалар болғанда, Анкара, Ыстамбұлдан қатты алыс та емес. Шамамен 3-4 сағаттық жерлерде орналасқан.

— Түркияда қалай білім алуға болады? Өзіңіздің тәжірибеңізді жастармен бөліссеңіз.

— Түркияда үш жолмен білім алуға болады. Бірінші жолы – мемлекеттік бағдарлама «Түркия бурслары» арқылы. Ол Түркияның арнайы құрылған министрлігі арқылы университеттер бүкіл дүниежүзіне таныстырылады. Сонда Қазақстаннан жылына 36 мың шамасында өтініш түседі екен. Бірақ Қазақстанға көп орын беріледі деп айта алмаймын. Өйткені Қазақстанның экономикалық жағдайы жоғары болғаны үшін берілетін гранттардың саны өте аз. Ал көп грант соғыс болып жатқан мемлекеттер мен экономикалық жағдайы төмен елдерге беріледі. Мысалы, Африка, Арабияға көп көмек көрсетіледі. Сол себепті, «Түркия бурслары» бағдарламасы арқылы әр қалаға Қазақстаннан 3-4 студенттер ғана келеді. «Түркия бурслары» арқылы түсетіндер ешқандай компанияның көмегінсіз оқуға түсе алады. Нақты айтқанда, біреуге жүгінудің қажеті жоқ. Барлығы электронды түрде арнайы сайт арқылы жүзеге асырылады. Екінші этапқа өтсе, әңгімелесуге жіберіледі. Ал әңгімелесуден өткен соң, оқуға түсуге болады. Екінші нұсқа, YÖS арқылы, яғни шетелдік студенттер емтиханы деп аталады. Бұл YÖS математика, геометрия және логикадан тұрады. Ол емтихан жылына бір рет өткізіледі. Қазақстанда да, Түркияда да биыл өткізілді. Егер талапкер YÖS-тан өтіп, белгіленген балдан өтсе, кез келген университетке түсе алады. Бұл үшін де ешқандай компанияға жүгінудің қажеті жоқ. Өздерінің YÖS-тан алған сертификатымен университетке құжат тапсыруына болады. Ал үшінші нұсқа, ешқандай емтихансыз, тек қана атестатпен біздің компанияға жүгіне алады. Тек ақшасын төлесе болды. Бұл бакалаврға да, магистратураға да, доктарантураға да қатысты.

— Түркияда білім алу үшін түрік тілін білу маңызды ма?

— Міндетті түрде түрік тілін білу маңызды. Яғни «Түркия бурслары» мемлекеттік бағдарламасымен түссеңіз де, YÖS-тан сертификат алсаңыз да, компания арқылы оқуға түскенде де бір жылдық түрік тілін оқу қажет. Бірақ оқу орындары түрік тілін бір жыл үйренгенше күтеді. Сертификат та, грант та күйіп кетпейді. Түрік тіліндегі курсты бітіріп, сертификатты алған соң ғана бірінші курстан бастап оқуын жалғастыра беруге болады.

— Не дегенмен, өзге елдің ділі бөлек, тілі бөлек. Осы орайда, өзге шетелге барып, білім ала салу да оңай нәрсе емес. Көп жастарымыз шетелге білім іздеп барып, соңында алданып, опық жеп жатады. Жастарымыз адаспауы үшін оларға айтар кеңесіңіз қандай?

— Оның себебі, Түркияда көп жерде оқу орны арзан. Ал оқудың ақшасы не үшін арзан деген сұраққа келсек, бұл квотамен берілетін білім болғандықтан, арзан.  Яғни оның 80 пайызын мемлекет, қалған 20 пайызын студенттің өзі көтереді. Ал 20 пайыз дегеніңіз, таңдаған мамандық пен қалаға байланысты 98 мың мен 500 мыңның арасы саналады. Көбісі гос пошлинаның барлығын біріктіріп, оның ішінде налогы, сақтандыру қызметі, оқудың ақшасын қосып, толығымен сол сомаға оқи аламыз деп ойлайды. Шын мәнінде, «Түркия бурслары» деген бағдарламадан басқасының  барлығы олай емес. Яғни «Түркия бурсларына» ешқандай компания араласа алмайды. Әрі оны тек бір сайтпен ғана көріп, танысуға болады. Ал YÖS емтихан түрінде өткізіледі. Үшіншісі компаниялар арқылы бара алады. Компанияларда грант деген атымен болмайды, болмаған да. Бірақ грант деп шақырады да, көп студент сол жағынан алданып қалып жатады. Тағы бір айта кететін жайт, көбі оқуға түсірдік, оқуға түстім деп келгенімен, олардың келіп жатқандары подкурсқа түсіп жатады. Бірақ подкурс пен университеттің шақырулары мүлдем бөлек. Ондайдан сақ болған жөн. Тек білетін мамандарға ғана сүйену керек. Ал өзім осыған қатысты кеңес айтар болсам, университеттердің шақыру қағазында QR нөмірі, факультеті, мамандығы, тіркеу күні жазылады. Соған мән берген дұрыс. Ал подкурс жыл он екі ай жүретіндіктен, тіркеу күні жазылмайды. Сол себепті де көп студент оқуға түстім деп кетіп жатады. Біз де оларға түсіндірумен әлек болып келеміз. Бірақ подкурсты бітірген соң, биылғы Түркияда қабылданған заң бойынша подкурсқа тұрғылықты мекендейтін қағазды бермейді. Ол қағаз берілмеген соң, студенттер Түркияға бір кіріп, бір шығып әуреге түседі. Сол үшін біз де подкурсты алып тастадық. Ал өзге компаниялар студенттерге подкурстағы қиындықтарды айтпай, шақыра береді. Осы орайда, талапкерлерге тек университетке түсіп барып, Түркияға келсе деген кеңесімді айтамын.

— Қазақстан мен Түркияның білім беру жүйесінде айтарлықтай айырмашылықтар бар ма?

— Әрине, әр жақтың білім сапасы әртүрлі. Соның ішінде Түркияның білім беру жүйесіне келсек, ол жақта теорияға қарағанда, практика көп. Мәселен, инженерия саласына сұраныс көп. Онда студенттер 2-3 сағат оқиды да, түстен кейін міндетті түрде практикадан өтіп отырады. Қазақстанда практикалық оқу жүйесі 3-курстан басталса, Түркияда 1-курстан бастап, практика жүзінде білім беріледі. Сол жағынан Түркия біраз алда.

— Жастардың білімді алыстан іздеуі Қазақстанның болашағына әсер етпейді ма? Мәселен, көбісі шетелде білім алғандарымен, елге қызмет ететіндер өте аз.

— Менің ойымша, керісінше, шетелде, соның ішінде өзім білетін Түркияда білім алып жүрген жастардан келешекте Түркияда қаламыз деген әңгімені естімеймін. Барлығы дипломдарын алып, елге қызмет етеміз деп қайтып жатады. Бірен-сарандары жұмыс тауып, тәжірибе жинау мақсатында сонда қалып жатқанымен, бәрібір түбінде қайтады. Түркиядағы ірі компанияларда қызмет етіп жүрген кейбір таныстарым да, әбден тәжірибе жинақтаған соң, елге қайтатындарын айтып жатады. Тек Түркия емес, Еуропаға кеткен студенттеріміз де қайтқысы келеді. Себебі, шетелге кеткен соң, кім-кімнің де болсын ұлттық патриоттық сезімі оянады. Әрі туған жерге деген сағыныш та жібермейді. Мүмкін, ол студент елде жүргенде патриот болмаған шығар. Бірақ алыс шетелге кеткен соң, түптің түбінде ұлтшылдық қасиеті оянатыны сөзсіз.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 09:53
Бүгін Қазақстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну басталды
Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 08:57
ҰҚК Қазақстан мен Ресей шекарасында қалыптасқан жағдайды түсіндірді
Әділ АҚЫЛБАЙ 23.09.2022, 08:47
Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 16:16
Прокурор Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:53
Сайлау-2022: бюллетендерде барлығына қарсы дауыс беру мүмкіндігі болады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:48
Қазақстан президенті үміткеріне қойылатын талаптар айтылды

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41