Мамин мықты премьер ме?

Батыр ЖАСҰЛАН

21.01.2021, 09:32

1944

(фото ашық ақпарат көздерінен)

      Ескі де жаңа үкімет билікке қайта оралды. Сарапшылардың «парламенттік сайлаудан кейін Асқар Мамин үкімет басшысы лауазымын тапсырады да, билікпен қоштасады» деген болжамы іске аспай қалды. Тіпті, Маминнің орнына президенттің көмекшісі Қанат Бозымбаевты әкеп қойғандар да болды. Бірақ қазіргі уақытта сарапшының емес, елбасының дегені болып тұр ғой.

        Ал бұлай деп айтуымыздың жөні бар. Елбасы «Nur Otan» партиясы фракциясы мүшелерімен кездесуде үкімет басшысы Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынған. «Нұротандықтарға» егер Маминнің кандидатурасы ұсынылған жағдайда оны қолдау керектігі де айтылған. Қысқасы, Мамин Қазақстан үкімет басы тарихында осымен премьер -министр лауазымына екінші рет қайта келген адам болайын деп тұр. Бірақ жер қозғалса да, қозғала қоймайтын Асқар Маминнің премьерлікке қайта оралуының астарында не жатыр? Мамин шын мәнінде мықты премьер ме?

        Сарапшылар мұның ең басты себебін мына бір болжаммен түсіндіреді. Асқар Мамин халықтың көңіліне жаға қоймағанымен, ең алдымен елбасының көңілінен шығып отыр. Екіншіден, сарапшылар «Қазақстанның саяси басқару менеджментінде тұрақты болатын кланаралық кадрлық тартыста Асқар Маминнің ешкімге бүйрегі бұрылмағанын айтады. Олармен тепе-тең жағдайда жұмыс істеді» деген әңгіме келтіріледі. Үшіншіден, көптеген қаржы шығыны болғанына қарамастан, Мамин үкіметінің пандемия кезінде негізінен жұмыс тетігі халықты індеттен қорғауға жұмылдырылды. Төртіншіден, соңғы бір жылда індетке қарамастан, экономиканың бірқатар салаларында сәл де болса алға жылжу байқалды. Негізінен, аталған осы себептер Маминнің ғана емес, басқа да  үкімет мүшелерінің орнында қалуына әсер еткен сияқты. Бесіншіден, сөйлеген сөздерінде «Nur Otan» партиясының жоспарын басшылыққа аламыз» деп, үнемі еліміздегі билеуші партияны аузынан тастамайтын Асқар Ұзақбайұлын бұдан кейін кім үкімет үйі ғимаратынан алыстата  алады? Барлық үкімет мүшелерін орнында қалдырып, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ұлттық экономика министрін ғана ауыстырған Тоқаевтың бұл әрекетін түсінуге болар.

        Рас, экономика үкіметтің негізгі даму бағытын айқындайды. Сондықтан да президент Тоқаев жаңа экономика министрін тағайындады. Қазіргі уақытта Әсет Ерғалиев – үкімет мүшелерінің арасындағы ең жас министр. Ұлттық экономика министрі ел экономикасы үшін ұтымды жүріс жасай ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып бір жыл ғана жұмыс істеген Нұрымбетов пандемия кезінде нағыз ұлтқа жақын министр болды. Халықты қолдау бағытындағы жұмыстарды жілікше шағып түсіндіретін Нұрымбетовтей лауазымды тұлға болған жоқ. Сөйте тұра, ол неге қызметінен кетті? Бұл бір ғана нәрсеге байланысты. Сонау Жамбылдағы ағасының істі болуы министр Біржан Нұрымбетовтің министрлік лауазымда қалуына мүмкіндік бермеді. Бар себебі осы ғана. Егер қандай да бір лауазым иесі жемқорлыққа былғанса, оның басшысын немесе туысқанын орнында қалдыра қоймайтын саясатты ұстанған бүгінгі билік осылай жұмысына немқұрайды қарамаған Нұрымбетовті құрбандыққа шала салды.

       Алайда үкімет басшылығына ұсынылған Асқар Мамин халықты былай қойғанда, парламенттегі екі партия мүшелерінің де көңілінен шыға қойған жоқ. Қазақстан  халықтық партиясы мен «Ақ жол» дауыс беру сәтінде қалыс қалды. Олдар Маминді қолдаған жоқ. Бұл шын мәнінде солай болды ма, жоқ әлде жасанды әрекет пе? Қалыс қалу – қарсылық па?  Әлде билік оларға осылай жымысқы әрекет қалыптастыруды жүктеді ме? Расы керек, Асқар Маминді   парламенттегі «Nur Otan» фракциясы қолдағанымен, ол халықтың шын ықыласына бөленді деп айту қате. Пандемия кезінде ел жұмыссыз қалды. Білім және денсаулық саласының олқылықтары көзге айқын көрінді. Шағын және орта бизнес тұралап қалды. Жұмыссыздық көбейді.

Алайда соған қарамастан, Асқар Мамин президенттік және парламенттік сайлауды қатар өткізіп, өз орнына екінші рет қайта келген лауазымды тұлға болып тарихта қалады. Бұған дейін Кәрім Мәсімов  пен Даниал Ахметовте де осындай жағдай қайталанған.

        2003 жылы үкімет басына келген Даниал Ахметов бір жылдан кейінгі парламенттік сайлау болғаннан соң, премьерлікке қайта тағайындалған. Ол осы қызметте 2007 жылдың 10 қаңтарына дейін отырды. Тіпті Даниал Ахметов президенттік сайлауды да табысты өткізді. Халық Назарбаевтың президенттік сайлауда айқын басымдылықпен жеңіске жеткенін ұмыта қойған жоқ.

       Одан кейін премьерлік қызметке екі рет келген және ұзақ жыл отырған тұлға ретінде Кәрім Мәсімовтің есімі аталады. Ол  екі рет парламенттің кезекті және кезектен тыс сайлауында үкімет басында болды. Назарбаев  әлемде қаржы дағдарысы басталған уақытта мықты менеджер ретінде Мәсімовті үкімет басына қайта әкелгенін де білеміз. 2016 жылдың қыркүйегінен кейін Мәсімов  Ұлттық қауіпсіздік қызметіне кетті. Міне, Қазақстанның үкімет басына екі рет бекітілген  Даниал Ахметов пен Кәрім Мәсімовтен кейін бұл әрекетті Мамин ғана қайталап отыр. Мәсімов пен Ахметовтің тұсында елдің жалпы ішкі өнімі өсті. Бірақ Маминнің қайта оралуынан халыққа қайыр бар ма? Тәуелсіздік алған 30 жылда өз тілінде еркін сөйлей алмаған Мәсімовтен кейінгі премьер де – осы Мамин. Премьер Мамин кімге «пример» бола алады? Әңгіме осында.

       Өткен жылдың жазында президент Тоқаев пандемия кезінде елдегі қалыптасқан қиын жағдайды түзеуге Маминге екі апта уақыт бергені белгілі. Президент «егер жағдай түзелмесе, онда бұл үкімет құрамымен жұмыс істеудің тиімділігі өте төмен болады» деп атап көрсеткен. Сарапшылардың бірсыпырасы  парламенттік сайлаудан кейін Асқар Маминнің қызметтен кететініне толық сенген. Бірақ оны орнында «Nur Otan» партиясының белді мүшесі екендігі сақтап қалса, екіншіден, елбасының ұсынысын ешкім де кері қайтарғысы келмеген.  Бірақ премьерлік қызметке қайта оралған Асқар Маминдей үкіметбасыдан үміт бар ма? Қайта оралған үкімет мүшелерінен халыққа қайыр бола ма? Оны уақыт көрсетер.

       Бірақ дәл қазір басқа адамды тағайындайтындай тұлға да жоқ. Маминнің премьерлікке қайта келуінің астарында осындай  мәселе жатқанын да ұмытпауымыз қажет. Ұлттық экономика министрі етіп Әсет Ерғалиевті тағайындаған Мамин енді  не істей алады? 34 жастағы үкіметтегі ең жас министр Әсет Ерғалиев пандемиядан кейін елді тығырықтан шығару жобасын ұсына ала ма? Алдына жазылып қойылған антты да дұрыстап қазақша оқи алмаған Ерғалиевке ел сене ме? Көкейде қалған күмән көп. Өйткені әңгіме саясаттанушы Дос Көшім айтқан уәжге тіреліп тұр: «Маминнің орнында қалғаны немесе кеткені маңызды емес. Мәселе – жеке адамдарда емес, билік жүйесінде. Жүйе – нан жабатын қалып сияқты. Қалыпқа қамырды қалай салсаң да, бірдей болып шығады».

Тегтер: сайлау саясат партия бірлік мәселе оппозиция ішкі саясат реформа

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.03.2021, 11:18
Тоқаев Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы туралы айтты
Батыр ЖАСҰЛАН 05.03.2021, 09:23
"Жер кодексіне" түбегейлі өзгерістер қажет
Әділ КЕМЕҢГЕР 04.03.2021, 11:01
Қазақтан келін алған Раудың басы дауға қалды
Күлтегін БЕК 04.03.2021, 09:33
Айырқалпақтылардың «айрықша» президенті
Әділ АҚЫЛБАЙ 04.03.2021, 09:18
Байқа, билік, байқа, полиция! Ертең заңгерлер митингіге шығады
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 15:44
Жомарт Ертаев тағы 9 жылға сотталды

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44