Мәскеудің лас ойынына біз неге араласуымыз керек?

Батыр ЖАСҰЛАН

08.06.2021, 08:45

1461

Екі алып ел – Қытай мен Ресейдің ортасында орналасқан Қазақстанға оңай емес. Осал болсаң, кез келгені қыр көрсетіп, мінез танытады. Қоқан-лоқы жасайды. Дәл қазір бұл әрекет Ресей тарапынан жиі байқалып тұр. Федоров, Никонов, Жириновский, Мединский сияқтылар Қазақстан территориясына қарап, қабағын шытып қояды. Оған қатысты Қазақстан халқы мен ресми билік нақты жауап бергенімен, Ресейдің базбір сарапшылары империялық пиғылын әлі де тоқтатпай отыр. Осыдан бірнеше күн бұрын Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин Еуразия экономика одағына мүше елдер батыс санкцияларына қарсы бірігіп жауап беру қажеттігін айтты. «Үшінші елдердің Еуразиялық экономика одағына қатысты дос пейілді емес санкциялары күн тәртібіне қойылды, бұл мәселе қарастырылатын болады», – деді Панкин.

      Алайда бұл күрделі мәселеге біздің ресми биліктің жауабы бастапқыда нақты болған жоқ. Әлеуметтік желіде Қазақстан халқы мен бірқатар сарапшылар ғана үн қатты. «Ресей үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер неге зардап шегуі тиіс немесе батыс елдерінің санкцияларына қатысты одаққа мүше елдер неге жауап беруі керек? АҚШ немесе Еуроодақ елдері тек Ресейге санкция қолданып жатыр, ал оған Қазақстанның қатысы қанша?» деген сауалдар көпшілікті толғандырды. Алаңдатқан бұл сауалдарға биліктің нақты жауабы ресми түрде 3-4 күннен кейін ғана мәлім етілді. Мамин үкіметінің бұқараның даусын еститініне куә болдық. Халықтың талап-тілегінен кейін ғана әрекет етті ме, ол жағы белгісіз. Бірақ, анығында,  Ресей үшін Қазақстан неге зардап шегуі керек? Саяси және экономикалық тұрғыдан Ресейге жасалатын қысымға Қазақстан неге араласуы қажет? Керексіз және  қажетсіз ойынға Қазақстанды қатыстырғысы келіп отырған Ресейдің бұл позициясы өзімбілемдікке салыну емес пе? Расында да, солай. Империялық пиғылдың соңы игі қадамға әкелмейді.

        Көпшіліктің наразылығынан кейін ғана Қазақстанның сыртқы істер министрлігі үш-төрт күн өткен соң, Панкиннің пікіріне қатысты түсініктеме берді.  Министрлік Еуразиялық экономикалық одақ тек қана экономикалық сипатта болатынын айта келіп,  «бірлестікті саясиландыруға қарсымыз» деп жауап берді. «2014 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес, бірлестікті құрудың мақсаты – тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, өз халықтарының әл-ауқатын арттыру мүддесінде мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақты дамуы үшін жағдайлар жасау. Қазақстан бұл ретте ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық процестер тек экономикалық сипатқа ие деген ұстанымды қолдайды. Еуразиялық интеграция органдарына тән емес функцияларды беруді қабылдауға болмайтынын дәстүрлі түрде атап өтеміз және бірлестікті саясиландыруға қарсымыз.

         ЕАЭО туралы шартты реттеу мәселесінің шеңберінен шығатын, оның ішінде үшінші елдердің санкциялық әрекеттеріне жауап шараларын қолдану жөніндегі бастамаларды талқылау мән-мәтінінде батыстың санкциялары өзінің негізінде, ең алдымен, саяси себептері бар және бүкіл ЕАЭО-ға емес, жекелеген мемлекеттерге қарсы бағытталғанын атап өтеміз.

         Қазақстан Республикасы ЕАЭО елдерінің «шоғырландырылған шаралары» туралы басқа мемлекеттердің санкцияларына жауап ретінде ешқандай келіссөздер жүргізбейтінін атап өтеміз. Еуразиялық интеграция бойынша әріптестермен жүргізілетін жұмыста мұндай санкциялардың біздің мемлекеттеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсерін болдырмау бойынша бірлескен іс-қимылдар туралы ғана айтуға болады», – деді Қазақстанның  сыртқы істер министрлігі өзінің түсініктемесінде. Демек, министрлік бұл жолы Панкиннің пікіріне қатысты Қазақстан тарапының позициясының айқын екенін айта келіп, батыс санкциялары жекелеген мемлекетке ғана қатысты болып отырғанын  атап көрсетті. Солай болуы керек те.

       Расы керек, соңғы бес-алты жылдан бері Ресей санкция құрсауында қалды. Жалпы, Қазақстан Ресеймен бірнеше экономикалық және қауіпсіздік жөніндегі одаққа мүше. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей мен батыс елдері арасындағы жағдай ушыққанда, сол кездегі Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты ұйымының (ОДКБ) төрағасы  Николай Бардюжа да осы ұйымға мүше елдерді НАТО-ға қарсы ұйымдасуға шақырған еді. Алайда Ресейдің лас ойынына ешкім араласпады. Расында да, Ресейдің былығының басқа елге әкелер еш пайдасы жоқ.

      Жалпы, кейінгі кезде Ресей сарапшылары тарапынан Қазақстанға қатысты қоқан-лоқы жасау әрекеті неге жиілеп кетті? Екі елдің қарым-қатынасы салқындап бара ма? Неге ресми Мәскеу лас ойындарға Қазақстанды араластырғысы келеді? Мұның астарында не жатыр? Бұл ретте, сарапшы Асхат Қасенғали жанды пікір айтты және мұның бірнеше себебі бар екенін атап көрсетті. Шындығында, сарапшының пікірі назар аударарлық.

     1. Өткен жылы Ресейдің бізге жасаған идеологиялық шабуылы орасан болды. Путин бастап, Никонов, Жирик, Федоров, Мединский қостап, еліміздің тұтастығына қауіпті біраз сөздер айтылды. Бұл, сөзсіз, біздің истеблишментті ойландырып тастады.

     2. Қазақстан «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастап, латын әліпбиі негізінде жасалған әліпбиге көшу процесін бастады. 2025 жылы бірінші класс балалары сол әліпбимен оқи бастайды. Біз оны «тілді дамыту үшін» деп атаймыз, ал Мәскеу «кириллицадан бас тарту – бізге қарсылық» деп түсінуде.

     3. Қазақстан көше, елді мекен аттарын қазақ тіліне ауыстырып, тарихи атауларын беріп жатыр. Оны Ресей мемдумасы үлкен күйзеліспен қабылдауда. Баж-бұж етуде.

     4. Ресей Қазақстандағы геноцид жайлы айтуды ұнатпайды. «Тақырып жабық қалса» дейді. Бірақ соңғы уақытта билік ақырындап бұл тақырыпқа назар аудара бастады. Ескерткіштер қойып, зерттеулер жасап, комиссиялар құрып, фильмдер түсіріп жатырмыз. Аз, бірақ жылжу бар. Архивтер ашылуда, ақиқатқа сәулe түсуде. Мәскеуге бұл ұнамайды. Неге екені де белгілі.

     5. Қазақстанда түркі елдерімен әскери және экономикалық одақтар құру идеясы айтылуда. Әрине, оның жақын арада болуы неғайбыл, бірақ сондай көптеген ұсыныстардың өзі ресми Кремльді тітіркендіреді.

        Қазақ елінде Ресейдің ықпалы жоғары. Өте. Бірақ біз ол ықпалды қаламайтынымызды, қарсы екенімізді көрсетіп сигнал жіберудеміз. Не нәрсе де сигналдан бастау алады. Бұл түбі болатын процесс. Түбі ҚазақстанРесей экономикалық, сауда қатынасында болатын, саяси-әскери одақтастық әлсірейтін сәт келуі мүмкін. Қазақ билігіне қанша сын айтылса да, қазіргі қадамы дұрыс деп ойлаймын. Бұл қатты бассаң, морт сынатын тақырып. Ақырындап, майдан қыл суырғандай мәселені байыппен шешу керек. Ең бастысы процесті тоқтатпау», – деп жазды Асхат Қасенғали өз жазбасында.

        Демек, сарапшы айтып отырғандай, Қазақстанда болып жатқан халыққа жағымды кейбір процестер Мәскеуге ұнамай отыр. Сондықтан қанден сияқты шәуілдеп, белгілі бір мәселелерге қатысты сарапшыларын алдын ала айтақтап отыратынының себебі де сол. Бұдан шығатын тұжырым не? Қазақстан осылай позициясы айқын, астарлы және соңы нәтиже беретін байыпты саясатты ақырындап жүргізе беруі қажет. Қазақстанға осалдық танытуға болмайды. Сонда ғана біз ұтамыз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 10.06.2021, 08:49
«Медаль алғыш» Мамин міз бақпай отыра бере ме?
Әділ КЕМЕҢГЕР 10.06.2021, 08:44
Біз бұларға қалай сенеміз?
Әділ АҚЫЛБАЙ 04.06.2021, 08:57
Әй, «Самұрық-Қазына»! Халықтың ақшасын қашанға дейін шаша бересің?
Сайт әкімшілігі 04.06.2021, 08:44
Сең қозғалған секілді
Батыр ЖАСҰЛАН 03.06.2021, 09:02
Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
Қылыш СЛАМЖАН 02.06.2021, 09:12
Сенат ашаршылыққа арнап кітап шығарды

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02