23.01.2023, 07:22
671
Мәжіліс пен мәслихат сайлауы бір күнде өтеді. Бұл қаржыны айтарлықтай үнемдеу үшін қабылданған шешім. Әйтпесе, бөлінген 33 миллиард теңге жетпей қалатын еді дейді Орталық сайлау комиссиясы.
Саяси дода 19 наурызға белгіленген. Мәжіліс пен мәслихаттан мандат алғысы келген үміткерлердің тура екі ай уақыты бар. Ал осы сайлауға жаңадан құрылған саяси партиялар қатыса ала ма? Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны бұрынғыдан өзгерек. Өйткені екі органның сайлауы бір күнде әрі жаңа жүйе бойынша өтеді. Яғни Мәжіліске өтетін 98 депутаттың 69-ын партиялық жүйемен, қалған 29 мандатқа кез келген азамат өзін өзі ұсынып қол жеткізе алады. Мажоритарлық жүйе деген осы. Және төменгі палата депутаттарының саны кемиді.
Нұрлан Әбдіров, ҚР ОСК төрағасы:
- Кеше 7-ші шақырылымдағы Мәжіліс өз жұмысын кешегі күнмен аяқтады. Онда 107 мандат. Оның 9-ы Ассамблеяның дауыс беруімен отыратын. Алдағы 8-шақырылымы халықтың тікелей жасырын дауыс беруіне байланысты құрылады. Ассамблеяның өкілдері енді Сенатта отыратын болады. Бірақ енді Ассамблеядан бес қана өкіл депутаттыққа ие болады. Оны Президент тағайындайды. Мәжіліске мажоритарлы жүйемен өтетін депутат саны да өңірлердегі адам санына қарай реттелмек.
Нұрлан Әбдіров, ҚР ОСК төрағасы:
- Бұл енді адам санына байланысты. Кем дегенде, бір мандат болу керек. Әр өңірден. Мысалы, Ұлытауда адам саны көп емес. Бірақ оларда бір мандат бар. Қостанайды алсақ, онда тұрып жатқан халық Ұлытауға қарағанда екі есе көп. Оларда да бір мандат. Ал Түркістан облысында үш мандат. Алматы қаласы екеуінде үш мандаттан. Өйткені халық саны басым.
Ал мажоритарлық жүйе мәслихаттарға келгенде 50-де 50 жүйесімен қолданылады. Бұл жерде нақты жеке тұлғалар сайлауға көбірек түседі. 20 жасқа толған Қазақстан азаматы мәслихат депутаты бола алады. Сөйтіп депутаттыққа кандидат ұсыну 8 ақпанда аяқталады. Сотталған, сыбайластық жемқорлыққа қатысы болған тұлға үміткер бола алмайды. Жаңа партиялардың да бұл сайлауға қатысып-қатыспайтыны алдағы уақытта Орталық сайлау комиссиясының кеңесінде шешіледі.
ktk.kz
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР