«Медаль алғыш» Мамин міз бақпай отыра бере ме?

Батыр ЖАСҰЛАН

10.06.2021, 08:49

3768

Міз бақпайтын, жер қозғалса да, орнынан қозғалмайтын Мамин медаль алды. Медаль емес, орден. Ресейдің ақпараттық-құқықтық ресми порталында Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминнің Ресей президенті В.Путиннің жарлығымен «Достық» орденімен марапатталғаны жазылған. Қуанатын тірлік пе? Қол шапалақтайтын іс пе?

Ендеше сабырмен, асықпай тағы бір оқыңыз. «Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану, халықтар арасындағы достықты нығайту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының премьер-министрі Мамин Асқар Ұзақбайұлы «Достық» орденімен марапатталсын», – делінген жазба қазақстандықтарды әрі-сәрі ойға қалдырды. Неге?

Қазақстанның премьерлер тарихында Ресей президентінің ыстық ықыласына бөленген мұндай үкіметбасы жоқ шығар. Әлеуметтік желідегі жазбаларға қарасақ, санын шапаттап, алақайлап жатқан ешкімді көрмедік. Алайда «премьер-министр» деген сөздегі П мен М-ны бас әріппен ғана жазатын және солай жазуды талап ететін үкіметбасының маңайындағы жандайшаптардың қуанышында шек жоқ. Енді ше, Қазақстанның премьері Путиннің назарына ілігіп жатса… Осы жерде айта кетейік, Асқар Маминге «Достық» ордені Адыгей Республикасы «Родина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің тракторисі Сергей Пашковпен қатар берілген. Екеуі тізімде бірге тұр. Дұрыс, трактористікі нағыз еңбек, жер жыртады, тұқым себеді, шөп шабады, әйтеуір, терлеп-тепшіп тыным таппайды. Ал Маминнің премьерлік еңбегі ел алдында елеулі ме? Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану, халықтар арасындағы достықты нығайту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қандай үлес қосты? «Достық» орденіне дейін Қазақстанға қандай пайда әкелді? Төгіп-шашылған гиптел ме? Оның зардабын Қазақстан тұрғындары тартты, әлі төленбеген өтемақысы бар. Қазақ баласын толғандыратын сауал да осы.

Бірақ Маминнің жолы болды. Сонда бұл марапат оған не үшін берілді? Бұл жерде бір-ақ нәрсе, биылғы 12 мамырда Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалдау туралы шарттың 4-бабына өзгеріс енгізіліп, ғарыш айлағын көрші мемлекетке жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. Маминнің омырауында жарқырап көрінетін «достықтың» түп-төркіні осында жатыр. Әрине, бұл ынтымақтастықтың бәрін Кремль Ақорда және экс-президентпен кеңесіп, келісіп жасаған болар. Бірақ басқа емес, Маминнің осы орденмен марапатталуын қазақ қоғамы қабылдай алған жоқ.

Ал Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беруден қандай пайда көріп отыр? Жақында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Ресей Байқоңыр үшін 115 миллион доллар көлемінде қаржы төлейді» деген дерек келтірді. Бұл жыл сайынғы төленетін қаржы. Ал есепке жүгінсек, жалға алынған 30 жылға жуық мерзім ішінде 3 миллиард АҚШ долларынан астам ақша түскен. Қазынаға түсті ме, бұл ақша қайда кетті? Қайда жұмсалды? Сол Байқоңырдың маңайындағы

Төретам, Ақай ауылдары әлі күнге дейін ауызсуға жарымай отыр. Тек енді ғана елді мекендерді дамытудың 2019-21 жылдарға арналған жол картасы жасалды. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан кейін ғана аталған ауылдар тікелей Байқожа топтық су құбырына қосылады деген болжам бар.

«Медаль алғыш» Мамин ауызсуды ғана емес, қазақ баласы үшін көкейкесті болып отырған тағы бір мәселені осы уақытқа дейін реттеуі керек еді. Бүгінге дейін Байқоңырдағы қазақ мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы оқытылмайды. Қаракөз бала бүгін Ресей тарихын оқиды және бұл мәселе әлі де шешімін тапқан жоқ. Ұят. Енді айта кетейік, мектеп бағдарламасына аталған пәндерді енгізу үшін Ресей білім министрлігінің рұқсаты қажет екен. Премьер мырза орден алғанға дейін осы түйткілді мәселелерді неге шешпеді? Шеше алмайды. Демек, мұнан шығатын қорытынды: соңғы 30 жылда Байқоңырдағы қазақ мектебін бітірген қаракөз бала өз тарихын білмей өсті. Сөйтіп, мектеп бітірді. Оған кім кінәлі? Әрине, қазақ баласын өз тілінде сөйлете алмай, өз тарихын оқыта алмаған Мамин сияқты премьерлер кінәлі.

Мамин мырзаның үкімет басына келгеніне екі жылдан астам уақыт өтсе де, проблема азаймай отыр және шешімін де тапқан жоқ. Былтыр індет шарықтау шегіне жетіп, жағдай күрделенген уақытта мемлекет басшысы Тоқаев үкімет басшысына екі апта уақыт бергені белгілі. Сонда жалпақ жұртшылық «Мамин кетеді» деп болжаған. Олай болмай шықты. Осыдан бір ай бұрын Қазақстандағы бірқатар ақпарат құралдары «жақын уақытта үкімет ауысады, Мамин кетеді» деп жорамалға тағы ерік берген. Бірақ болжам кейде шындыққа айнала бермейді. Мамин әлі отыр. Бірқатар сарапшылар «дәл осы Мамин үкіметті басқарған уақытта, әсіресе пандемия кезінде қазынадан орасан зор қаржы шашылды» деген пайым жасады. Денсаулық саласында алыпсатарлық, жемқорлық өршіді.

Расында да, індет уақытында Мамин үкіметі маңызды шешім қабылдай алған жоқ. Жұмыссыздардың саны артты. Дерекке жүгінсек, 2021 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздар саны 451,3 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға артты. Елдегі шағын және орта бизнестің әлеуеті әлсіз. Бұл ғана емес, проблеманың алаңдатарлығы – сол Байқоңырда. «РИА Новости» ақпарат агенттігінің хабарлауына қарағанда, биыл Байқоңыр ғарыш айлағынан федералдық және коммерциялық мақсатта 12 ұшырылым жоспарланып отыр. Құдай бетін аулақ қылсын, «Союз-2», «Прогресс-МС-16» ракеталары мен жүк тасығыш жер серіктері қазақ даласына тағы гиптелін шашып кетпей ме? «Медаль алғыш» Маминді бұл мәселе ойлантпай ма?

Ал елде қымбатшылық. Баға болса шарықтап барады. Ресми дерек бойынша, мамыр айында қияр – 36,3, қызылша – 26,8, картоп 10,6 пайызға өсті. Картоп бағасы кей аймақтарда 350 теңгеге дейін жетті. Сүт өнімдері –11,3, сиыр еті – 8,3, балық 8,4 пайызға қымбаттады. Ал жалақы жарытымсыз. Міне, Маминді алаңдататын мәселелер осы болуы керек.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:32
Түркиядағы өрт: террористік ұйым жауапкершілікті өз мойнына алды
Сайт әкімшілігі 09:16
Қазақстанда өткен тәулікте COVID-19 жұқтырудың 7 573 жағдайы тіркелді
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 15:38
Мемлекет басшысы Қалмұхамбет Қасымовты қызметінен босатты
Ақтоты АҚҚОЗЫҚЫЗЫ 30.07.2021, 08:55
Балаеваға сұрақ көп...
Әділ КЕМЕҢГЕР 29.07.2021, 08:45
Халық санағын тоқтатыңдар!
Сайт әкімшілігі 28.07.2021, 15:11
Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламасын бастау ұсынылды

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15