Миллиондар түк емес, ең бастысы – келбет

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

08.04.2021, 09:00

1892

Қостанай облысының әкімдігі өзінің жағымды имиджін қалыптастыруға жарты миллиард теңгеден астам қаржы бөліпті

         «Қазақстанның оңтүстік өңірінде Наурыз тойын атқару үшін өңір әкімдігі 572 миллион теңгені шашып тастады, мемлекет қаражаты оңды-солды жұмсалып жатыр» деп жұрт жапа-тармағай шулап еді. Енді, міне, миллиондарды жаратудан Арқадағы Қостанай да қалыс қалмапты. Ол ақша не үшін бөлініп отыр дейсіз ғой? Қостанайдың имиджін жасауға. Архимед Мұхамбетов басқаратын Қостанай облысының әкімдігі өз қызметін БАҚ-та көрсету үшін жыл басынан бері ақпарат құралдарымен 528 774 530 теңгеге келісімшарт жасасқан.     

         Мұндай қомақты сома кімнің қанжығасына байланғанын Ras Aitamyn Telegram-арнасы біраз зерттепті. Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ең үлкен сомадағы тендерді әкімдікке қарасты «Қостанай таңы» газетіне бөлген. Басылымға жыл басынан бері 150 465 906 теңгенің мемлекеттік тапсырысы беріліпті. «Қостанай таңы» газетінің тиражы небәрі 9108 дана, аптасына үш рет шығады. Енді тендер талаптары бойынша аталған қаражатты игеру үшін газетте осы жылдың аяғына дейін президент жолдауы, «Қазақстан 2050» стратегиясы, бес әлеуметтік бастама мен «Бақытты отбасы» бағдарламасы, «100 нақты қадам», білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу мен ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты, облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту саясатын насихаттау т.б. тақырыптардағы материалдар жарық көруі тиіс.    

Тарихы сонау 1922 жылдан бастау алатынына, 1991 жылдан бері «Қостанай таңы» деген атпен шығып отырғанына қарамастан, 9000-нан астам ғана жазылушысы бар газетке әкімдік қалайша мұнша соманы қиып бере салды деген ойға қаласың. Оның өзінде, сол 9000-ның көбі мәжбүрлі түрде газет жаздыртып алатын облыстың педагогтары болуы да ғажап емес. 863 мыңнан аса адам тұратын өлкеде газетті оқитындар саны тұрғындардың неше пайызын құрайтынын шамалай беріңіз.

Қостанай облысы әкімдігінен тендер алған аймақтық БАҚ қатары мұнымен шектелмейді. Әкімдік орыс тілінде тарайтын аймақтық «Костанайские новости» басылымына 84 708 867 теңге, аймақтық «Караван Новостей» радиосына 4 177 200 теңге, «Алау-ТВ» теле-радио компаниясына 58 861 060 теңге бөлген. Бұл үш ақпарат құралының да иесі бір: 32 жастағы Анна Розинова. Ол 2016 жылы Forbes.kz Қазақстандағы ең ықпалды және бай адамдардың тізіміне қосып, дәулетін 105 миллион долларға бағалаған бизнесмен, «Иволга Холдинг» агрохолдингінің иесі Василий Розиновтың қызы.

2020 жылдың наурызында Қостанай облысының соты Василий Розиновты «Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру» бабы бойынша айыпты деп танып, бас бостандығын 2,5 жылға шектеген. Сот отырыстарының бірінде В.Розинов активтердің бір бөлігін, оның ішінде ақпарат құралдарын қасақана балаларының атына аударған деп топшыланды. Ал 2020 жылдың маусымында апелляциялық сот алдыңғы қылмыстың мерзімі өтіп кетуіне байланысты алдыңғы инстанция шығарған үкімнің күшін жойды.  

         Қостанай облысының әкімдігі бұдан бөлек, «Зеленое яблоко» аймақтық балалар басылымына 13 487 200 теңге, «Қостанай-Агро» аграрлық қоғамдық-саяси газетіне 36 234 016 теңге көлемінде мемлекеттік тапсырыс берген. «Қостанай-Агроның» Розинов отбасына қатысы жоқ, ол кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Бiлiмдi ел – Образованная страна» республикалық білім, қоғамдық-саяси газетінің басшысы Ләззат Туркестановаға тиесілі.

         Бұған қатысты Tobyl-Torgai.kz өңірлік сайтын және фейсбук әлеуметтік желісінде  сайттың парақшасын жүргізетін журналист Ғанибет Ғалымбекұлы: «Құдай-ау, не деген ақша?.. Әйтпесе Тобыл-Торғай сайты бес жыл бойы бір тиын алмастан Мұхамбетовтің жұмысын насихаттап-ақ келеді ғой...» деген таңданысын білдірді.

Қостанай әкімдігі сондай-ақ бірқатар республикалық БАҚ-қа да тендер бөліп үлгерді. 10 454 000 теңгеге мемтапсырыс алған «Егемен Қазақстан» жыл аяғына дейін газеттің 10 454 шаршы сантиметрін Қостанай әкімдігінің жағымды имиджіне арнайды. Сонымен қоса, жыл басынан бері «Qazaqstan» ұлттық арнасымен 107 486 886 теңге, «Хабар» агенттігімен 15 750 000 теңге, 24 979 320 теңге, «Время» басылымымен 26 660 000 теңге, nur.kz порталымен 9 013 760 теңге, zakon.kz порталымен 4 049 235 теңге және Adyrna порталымен 950 400 теңге көлемінде мемлекеттік тапсырысқа келісімшарт жасасты.  

Ал осыдан бірнеше күн бұрын Қостанай әкімдігі мемлекетаралық «Мир» теле-радиокомпаниясының Қазақстандағы филиалымен 6 480 000 теңгеге келісімшарт жасасқан. Техникалық сипаттама құжатына сәйкес, мемлекетаралық «Мир» арнасы бұл сомаға Қостанай облысының имиджін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жайлы 1,5 минуттық сегіз телерепортаж және 10 минуттық екі телебағдарлама әзірлейді.  

         Мемлекеттік егемендік алғанына 30 жыл толса да, Қостанай әлі күнге дейін мемлекеттік тілді дамыту қарқыны төмен өңірлердің бірі болып танылып отырғанынан Архимед Мұхамбетов мырза хабардар ма екен? Розинов әулетінің, негізінен, орысша хабар тарататын үш бірдей ақпарат құралын мемлекеттік бюджет қаражатынан жарылқауға не себеп?

         Жалпы, әкімдіктердің мемлекет қазынасына қалай қол салып отырғанын халық білуі тиіс. Өйткені сол қазынаны толтырушы – салық төлеушілер, яғни сіз бен біз. Жалпақ тілмен айтқанда, жалдамалы жұмыс істесеңіз немесе жеке кәсіпкер болсаңыз, табысыңыздың бір бөлігі ел игілігі үшін деп салық төлеуге бағытталады. Одан бөлек, жеке мүлкіңіздің кейбір түрлеріне (үй, көлік, жер, кәсіп, ақшалай капитал т.б.) салық төлейсіз. Ал бүгін сол ақша елдің игілігі үшін тиімді жұмсалып отыр деп ойлайсыз ба?

Тегтер: имидж пиар тендер талап қаражат игеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 12:02
«Nur Otan» партиясы Жас депутаттар корпусын құрды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:45
Шпекбаев қызметінен кетіп, сыбайлас жемқорлыққа жаңа басшы келді
Дос КӨШІМ 16.04.2021, 09:40
Табанының бүрі жоқ Қазақстан парламенті
Сайт әкімшілігі 15.04.2021, 15:43
Жемқорлар да тірі жан
Елеусіз МҰРАТ 15.04.2021, 10:35
Қазыларымыз неге жиі қателеседі?
Батыр ЖАСҰЛАН 15.04.2021, 09:27
Ауыл әкімі: Көз алдау сайлау кімге керек?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24