«Митингіге неге шығасыз, не, ашсыз ба?» - деп сұрады тергеуші...

«Жас Алаш» тілшісінің сайлау күні бастан кешкендері

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

12.01.2021, 09:05

2399

Шымкент мәжіліс пен мәслихат сайлауына өте үлкен дайындықпен келді. Әсіресе үшінші мегаполистің тәртіп сақшылары саяси науқанға алдын ала тас-түйін әзірлік жасағанын байқатты.

Сайлау күні қалада автобустар жолаушыларды тегін тасымалдады. Жұртшылықтың есінде қалған ең басты жаңалық осы болды. Алайда бұл халықтың белсенділігіне ешқандай  әсер етпеген сияқты. Бұған дейін саяси науқандарда сайлау учаскелерінің алды қарақұрым халыққа толып, жұрт тіпті кезекке тұрып жататын еді. Бұл жолы адамның жүрегін елжірететін мұндай жағдайды байқаған жоқпыз.

Таңертеңнен бастап тәртіп сақшылары қаланың орталық көшелерін толығымен бақылауға алды. Республика, Тәуке хан даңғылдарында әрбір 50 метр сайын полицейлер тұрды. Бұған дейін әлеуметтік желіде тіркелмеген Демократиялық партияның 10 қаңтарда Шымкенттегі Ордабасы алаңында митинг өткізетіні жазылған еді. Сайлау күні аталған алаңға алып баратын көшелерде тәртіп сақшылары қаптап жүрді. Әйтеуір, ішкі істер органдарының қызметкерлері өзара абыр-сабыр болып жатты. Рациямен тапсырма беріп, қызметкерлерді жерден алып, жерге салып жатқан бастықтардың дауыстары өтіп бара жатқан жүргіншілерге анық естіліп тұрды.

Сағат 12-лердің шамасында  Ордабасы алаңына  бардық. Алаң толы полицейлер. Сол жерде жүрген әріптестеріммен сөйлестім. Осыдан кейін олармен қоштасып, қайтып бара жатқан бетім еді. Үстіне қара киім киген бір жігіт: «Сіз митингіге келдіңіз бе?» – деп сұрады. «Иә» дегенім сол, «онда бері жүріңіз» деп, қолымнан ұстап сүйрей жөнелді. Тап бір қауіпті қылмыскерді ұстап алғандай, тәртіп сақшылары жан-жақтан қаумалап кетті. Әлгі жігітке өзімнің журналист екенімді, алаңға қызметімді атқару үшін келгенімді түсіндірдім. Қазақстан журналистер одағының мүшесі екенімді білдіретін куәлігімді де ұсындым. Алайда полицей «мынаны бөлімшеге алып барыңдар» деп, сол жерде қызметкерлерге тапсырма берді. Олар мені көлікке апарып отырғызды. Осылайша түкті де түсінбейтін, заңды сыйламайтын, өте тұрпайы, «шаш ал десе, бас алатын»  полицейдің кесірінен біраз әурешілікті бастан кешіруге тура келді.

Абай аудандық полициясына кіреберісте ұялы телефонымды алып қойды. Мені әкелген қызметкер кезекшіге «ДВК бойынша келіп тұрмыз» деді. Алдымен екінші қабаттағы тергеуші қыздың кабинетіне кіргізді. Одан кейін үшінші қабатқа алып кетті. Осылайша есіктен есікке кіріп жүріп, ақыр аяғында бір тергеушінің алдына әкеліп отырғызды. Тергеуші: «Митингіге неге шығасыз, не, ашсыз ба?» – деп дүңк ете қалды  (шамасы, Шымкенттің полицейлері мына өмірде қарын тойғызудан басқа проблема жоқ деп ойлайтын болса керек). Мен  журналист екенімді, алаңға редакция  тапсырмасы бойынша сайлаудан материал әзірлеу үшін барғанымды айтып түсіндірдім. Осыдан кейін полицейлер менің журналист екеніме көз жеткізуге кірісті.

 Бір кезде бір полицей «сіздің суретіңіз келді ғой, жаңа» деді. Аздан кейін «жоқ, суреттегі сіз емес екен» деді (шамасы, сайлау күні белсенділік танытқандарды суретке түсіріп, алдын ала тергеушілерге жіберіп қоятын болса керек). Ақыр аяғында бір полицей «сіздің журналист екеніңізді қалалық әкімдіктегілер растады» деді. Алайда олар осыдан кейін де жіберген жоқ.  Басқа бір тергеушінің кабинетіне апарып отырғызып қойды. Ара-арасында кіріп-шығып, әртүрлі сұрақтар қояды. Мұның бәрі жүйкеме тие бастады. Мен журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру қылмыстық жауапкершілікке апарып соғатынын (Қылмыстық кодекстің 158-бабы)   ескерттім. Тергеуші:

— Журналистік жұмысыңызды неге дәл митинг болатын жерде атқарып жүрсіз? – деп сұрады.

        Оларға журналистің соғыс пен төтенше оқиға болған жерде жүріп те ақпарат жинауға құқығы бар екенін түсіндіруге тура келді. Осыдан кейін тәртіп сақшылары жауап алу хаттамасын жаздырып, босатып жіберді. Осылай сайлау күні біраз сергелдеңге түсуге тура келді. Айтпақшы, сол жексенбіде  ақпарат құралдарына берген сұхбатында ішкі істер вице-министрі Арыстанғали Заппаров митингілерде тек полицейлердің заңды талабына мойынсынбағандардың  ұсталғанын мәлім етті. Алайда Ордабасы алаңында бізден ешкім ештеңені талап еткен жоқ. Бас салып ұстап, бөлімшеге алып келді. Шамасы, ішкі істер министрлігінің нұсқаулары Шымкентке жетпей қалса керек.

Орталық сайлау комиссиясының таратқан мәліметіне қарағанда, бұл жолы Шымкентте сайлаушылардың 56,5 пайызы дауыс берді (мұның өзі де өте күмәнді). Бұл өткен жолғы науқандармен салыстырғанда төмен көрсеткіш. 2019 жылғы президент сайлауында Шымкентте сайлаушылардың 67,6 пайызы өз таңдауларын жасаған еді.

Тегтер: сайлау саясат партия бірлік мәселе оппозиция ішкі саясат реформа

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:31
Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қатысты пікір білдірді
Б.БЕКСҰЛТАНОВ 16:02
Сайлау өтті, ары қарай не болмақ?
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 11:26
"Екіншінің" екпіні Едігедей болмады
Батыр ЖАСҰЛАН 09:32
Мамин мықты премьер ме?
Досым СӘТБАЕВ 20.01.2021, 09:26
Мамин не үшін әлі отыр?
Әділ КЕМЕҢГЕР 19.01.2021, 13:32
Жағымпаздық үшін қылмыстық жаза керек

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15