Мұңалбаева, кітапхана һәм GOOGLE

        «… оның чиновник баласын қайтейін деп едің?»

Олжас ҚЫЛЫШ

29.09.2021, 09:01

1276

Күздің жайма-шуақ күнінде маужырап отырған қазақтың ұйқысын ашайын деді ме екен, күтпеген жерден әлеуметтік желінің беті астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана мен оның директоры Үмітхан Мұңалбаева туралы әңгімеге толып кетті.

Сөз Түркияда оқып жүрген жас ғалым Елдос Тоқтарбайдың жазбасынан шықты. Елдос өз жазбасында «зейнеткер, бүкіл атақ-дәрежені иемденіп алған Үмітхан Мұңалбаеваның» жыл сайын мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен шетелдерде орталық ашып жататынын айта келіп, Ұлттық кітапхананың өзге мемлекетке «ешкімге керегі жоқ, ешкім ешқашан оқымайтын кітаптар» алып баратынына қынжылыпты.

 «Алдына қазақ зиялысын салып алып, бақырып-шақырып жүретін осы кісіні алмастырар 19 миллион қазақ ішінен біреу құрып қалды ма? Зейнеткер неге орнын босатпайды? Елордамыздағы ұлттық деген аты бар руханият ордасы парасатты басшыға жарымады ғой, тегі. Түркиядағы оқырман қауым көзбояушылықпен айналысатын осы «орталық» ашу ісінің мастері болған апамыздың жұмысына наразы», – дейді ол.

Осы жазбаны негіз еткен өзге жазбалар да бұл бас кітапханашының жұмысына оңған баға бере қоймады. Соның бірі – жазушы Роза Мұқанова. Ол мұндай адам киелі орданың кілтін ұстауға лайық емес дейді: «Әкім Тарази жеке қорындағы кітапханасын Ұлттық кітапханаға сыйға тарту еткен еді. Ақыры құнды кітаптары қолды болды. Абайдың екі томдығына өз қолымен жазған жазбалары, ойлары бар еді, таппай қалдық. Осы күнге дейін өкінеміз… Алақандай мың кітапқа ие бола алмаған кітапхана қорындағы миллионнан асатын кітаптарға қалай ие болып отыр? Жалпы, кітапхана қорына қол сұғу дәстүрге айналып кеткен сияқты».

Анау-мынау емес, Әкім Таразидың өз қолымен табыс еткен мыңға тарта кітабының да тоз-тозын шығарған бас кітапханашының тағы бір қызық әдеті бар екен – қолы боста қарап отырмай, GOOGLE ақтарады. Бұл туралы Азаттық радиосының журналисі Асылхан Мамашұлы жазды. Ол да былтыр қыркүйекте астанадағы Ұлттық кітапхананың қорынан өзі іздеген материалдарын таппай, пұшайман болыпты. Қайрат Келімбетовтің сұхбаттарын іздей барған журналист бүкіл кітапханашы қыздармен жабылып іздеп түк таппаған соң, «бір кілтипан барын директорына айтып кетейін» деп, зейнеткер Мұңалбаеваға кіреді.

«–Бұл кітапханада бәрі бар. Саған керегі Келімбетов пе?

– Иә.

– Бері жақында!

Жақындадым.

– Компьютермен жұмыс істей аласың ба?

–… былай… аздап істей аламын.

– Мынаны гугл дейді!

– Гуглге бүйтіп Ке-лім-бе-тов деп жазсаң, міне, мынадай мақалалар шыға келеді, соны да білмейсің бе? Кітапханадан іздеп әуре болудың түкке керегі жоқ, – деп, уикипедияның мақаласын көрсетті.

–Апай, сіз Немат Келімбетов туралы мақаланы көрсетіп тұрсыз ғой.

– Әй, профессор, тарих ғылымының докторы, атақты ғалым Немат Келімбетов тұрғанда оның чиновник баласын қайтейін деп едің? Кітапханада ондай чиновниктер туралы емес, нағыз ұлт жанашыры, еңбек сіңірген адамдар туралы материал тұрады!»

Жазбалардың астындағы пікірлерде «чиновниктерді» көзге ілмейтін Мұңалбаева туралы сөздің бір ұшы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға барып тіреліп жатты. Өстіп есіміз екеу, түсіміз төртеу болып отырғанда әдебиетші Оңайгүл Тұржанның бұрынырақта жазған Instagram-дағы жазбасы пайда болды. Онда: «100 қазақ ақынының және осынша жазушының бір-бір өлеңдері мен бір-бір қысқа прозалық шығармалары әлемнің алты тіліне аударылып жарық көрді. Бүгін – Халықаралық жазушылар күні – Ұлттық академиялық кітапханада осы кітаптың таныстырылымы болды. Осы кітапты қолға алған ісін тастай қылатын, әр ісіне аса жауапты қарайтын бас директоры Үмітхан Мұңалбаева ханымға алғысымыз шексіз», – депті.

Ісіне аса (!) жауапты қарайтын зейнеткер директордың бастамасымен, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қолдай отырып шығарған бұл алты қанат көк кітапты суреттен көргеніміз болмаса, көрдім, оқыдым деген адамды кездестірмеппіз. Бұл енді басқа бір тақырып...

«Чиновниктерді» менсінбейтін, олардың руханиятқа қызмет еткен әкелерін ғана мойындайтын Мұңалбаеваның Ұлттық кітапханадағы зейнеткерлігі енді қаншаға созылар екен? Бейнетінің зейнетін кітапханада көретіндер қандай бақытты дейсің де қоясың мұндайда...

Тегтер: шенеуніктер әдеп мемлекеттік қызмет қоғам пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жеңіс ТЕМІРХАН 03.12.2021, 08:49
Деміккен демократия: Қалай қазақыланамыз?
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 15:50
14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 10:05
Сауранда бірнеше жүк көліктері соқтығысты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 02.12.2021, 09:05
Тәуелсіздік күнін неге үреймен күтеміз?
Әділ АҚЫЛБАЙ 02.12.2021, 09:02
«Оператор РОП» халықтың «үнін өшірді»
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 08:26
30 жылдың қорытындысы: Қарағандылық археологтар қазақ даласының қандай құпияларын ашты

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00