Мусин Тәуелсіздігімізді Ресейге сыйлады ма?

Батыр ЖАСҰЛАН

16.09.2021, 07:54

1328

      Цифрлық даму, инновация, аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат  Мусин әлі де бастапқы көзқарасынан қайтпай отыр. Министр кешегі пікірінде СБЕР компаниясына сенетінін тағы да мәлімдеді. Ол «барлық деректер Ресейге қолжетімді болады» деген түсінік мүлде қисынсыз екенін айтты. Бірақ министрдің жауабы қаншалықты сенімді?  

  

 – Еgov порталы тек қана Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді. Неліктен? Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері шетелдік құрылымдарда жұмыс істейтін көптеген мекемелер бар. Десе де, олардың бәрі біздің мәліметтерді алады деген сөз емес. Электрондық үкіметке келетін болсақ, бұл жерде «біреу біреуге ақпарат береді» деген сұрақ туындамауы керек. Бұл базаларға немесе жүйеге ешкім ешқашан қол жеткізе алмайды.

       Платформалық модельді енгізуге Қазақстанның IT компаниялары міндетті түрде қатысады. Платформалық модельді енгізудің таныстырылымы мен талқылауы қоғам белсенділері мен IT нарық өкілдерінен тұратын сараптамалық комиссиямен бірлесіп өтетін болады. СБЕР платформаның жұмыс істеуін көрсетіп, оқытатын сарапшылармен сессиялар ұйымдастырады, содан кейін ғана біз платформада жұмыс істейміз. Бұл жобаны іске асыруға отандық IT компаниялар жұмылдырылады, – деді Бағдат Мусин.

        Алайда министрдің бұл мәлімдемесі әлі де болса қазақстандықтарды алаңдатып отыр. Мусиннің әңгімесіне халық сеніп отырған жоқ. Әлеуметтік желіде қарсы пікір айтып жатқандар жетерлік. Тіпті, күннен-күнге көбейіп келеді десе де болады. Халық айтса, қалт айтпайды.

      Расында,  сұрақ көп. Неге Ресейдің СБЕР компаниясы ғана таңдалды? Неге ашық конкурс өткізілмеді? Мұның өзі бізді Ресейдің қол астына апарып, мәжбүрлеп тығу болып саналмай ма? Отандық базалық деректер сақталған egov порталын қайтадан ресейлік «Сбер» компаниялар тобының мамандары жасаса, жеке құжаттардың барлығы да қолды болып кетпей ме?

«Аталған  платформалық модельді енгізуге Қазақстанның IT компаниялары міндетті түрде қатысады. СБЕР барлық қолжетімділікті бере отырып, барлық компоненттердің бастапқы кодтарын көрсетеді және бәрін Қазақстандағы серверлерге орналастырады. Біздің жақтан да сарапшылар кеңесі құрылады».Бұл – министр Мусиннің ел тұрғындары мен отандық  IT мамандарын алаңдатқан сауалға берген жауабы.

      Алайда мұндай меморандум жасаудың салдары Қазақстан үшін ауыр соққы болып шықпай ма? Бұл тағы да Ресейге тәуелділікке апаратыны ашық ақиқат емес пе? Негізі, ұлттық қауіпсіздікті ойласақ,  ең алдымен, мұндай ірі жобаларға Қазақстанда геосаяси мүдделері бар Ресей, Қытай, АҚШ сияқты алпауыт елдерді жақындатпау керек. Бірақ Қазақстан үкіметі Айды аспанға бір-ақ шығарды. Мусин бастама көтеріп, Мамин қолдап, меморандумға қол қойды. Қазір Мусин бастаған шенеуніктер «меморандум келісім емес» деп, мәселені айналып өтуге тырысуда. Кеше халыққа жасаған мәлімдемесінде ашып ештеңе айта алған жоқ. Бірақ Ресейдің СБЕР компаниялар тобымен жасалған меморандумнан бас тартпайтынын тағы айтты.

        Қазір әлеуметтік желіде Қазақстан халқы петицияға қол қойып, президент Тоқаевқа арнайы хат дайындауда. Онда Ресей мен Қазақстан арасындағы меморандумнан бас тарту туралы талап қойылған. Петицияда «Бұл біздің ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіреді. Мемлекетке сатқындық болып есептеледі», деген жолдар бар. Тіпті, азаматтық белсенді Санавар Зәкірова қауіпті меморандумға қол қойғаны үшін үкімет басшысы Асқар Маминді сотқа берді. Әрине, қашанда билікті жақтайтын біздің сот Зәкірованың пайдасына шешім шығарады, деп айту қиын. Бірақ бұл қазіргі  уақытта халықты  алаңдатқан ең шиеленісті мәселе болып тұр. Бұл – бір. Екіншіден, ең басты сауал – неге әлемнің ең үздік IT компаниялары емес, бірден СБЕР компаниялар тобы таңдалды? Тіпті, аталған компанияның басшысы Герман Грефтің өзі  СБЕР-дің  IT саласы сапалылығы жағынан басқалардан  төмен екенін де мойындаған жоқ па? «Бұдан шығатын  қорытынды, СБЕР-мен жасалған меморандумның артында саяси мүдде ғана бар. Нақтырақ айтсақ, Ресей тарапынан Қазақстан үкіметіне жасалған қысым болуы мүмкін», – дейді қоғам белсендісі Руслан Түсіпбеков.

      Енді тағы бір сенімді дерекке назар аударайық. Әлемдік рейтингке сәйкес, қазіргі уақытта цифрлық даму бойынша Қазақстан 36-орында тұр. Ал Ресей 43-орында. Украина рейтинг тізімінде 58-орында. Онда Қазақстан үкіметі неге артта қалған, яғни 43-орында тұрған Ресейдің бір компаниясымен меморандумға қол қояды? Түсініксіз нәрсе. Демек, бұл жерде қандай да бір қысымның болуы заңдылық.

    – Бұл жобаны өзіміздегі айтишниктердің іске асыра алатынына сенемін. Бастапқыда кемшілік болуы мүмкін, кейін жетілдіреді. Біздің айтишниктердің қолынан келмегеннің өзінде, Ресейге тікелей беруі ақылға қонбайды. Тендерді әлемге жариялау қажет. Барлық ел қатыса алатындай болуы керек. Солардың ішінен СБЕР ұтып шықса, бөлек әңгіме. Миллиардтаған ақшаны Бағдат Мусин неге өздері ұнатқан компанияға «бір көзден» бере салуы керек?  Бес жылда келісілген соманы игеріп болғасын, СБЕР жаңа талап қояды. Яғни техникалық қолдаудың бағасын өздері қояды. Өйткені өздері жасаған системаға өздерінен басқа ешкім қызмет көрсете алмайтынын біледі. Біздің айтишниктер де көмекке бармайды. Тіпті, АҚШ-тан шақырсаң да келмейді. Жұмыс барысы осылай өрбитінін кез келген айтишник түсінеді. Әлі де кеш емес, уақыт аз демей, өзіміздің IT мамандарының әлеуетін сынайық. Қай қызметі де арзанға түседі. Аз болсын, көп болсын, қаржы өз компаниямызда, өз елімізде қалады. Экономикаға плюс. СБЕР-ге кеткен қаражат ешқашан бізге қайтпайды. Мұны Бағдат Мусин біледі, білсе де, Ресейдің лоббиін ілгерілетіп, өз рөлін сомдап отыра береді. Бағдат Мусиннің «ақпарат ешқайда шықпайды», деп кепілдік бергені күлкілі. Тағы құрғақ уәде. Әлемде ешқандай айтишник ақпараттың ұрланбайтынына кепілдік бере алмайды. Бұған 100 пайыз сенімдімін. Пентагонның сайты бұзылып жатқанда, Бағдат Мусиннің бұлай деуі ұят. Бұл – сауатсыздықтың белгісі. Әңгіменің қысқасы, халық қарсы шығып отырған жобаны ары қарай үкіметтің ілгерілете беруі, халықпен санаспауы  сорақылық, – дейді Sambob IT компаниясының басшысы Сәкен Кенжеев.

       Демек, тағы сауал туады: ертең министрліктен кеткен кезде Мусин мырза халықтың талабын тыңдамай, шала жасаған бүгінгі ісіне жауап бере ала ма? Ал бізге қай уақытта болса да, тәуелсіздігіміз, жеке құпия дерегіміз бен қауіпсіздігіміз қымбат.

Тегтер: министр реформа халық пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.10.2021, 09:08
Халық санағы: «қолбала» мұғалімдерге жұмыс табылды
Олжас ҚЫЛЫШ 21.10.2021, 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 21.10.2021, 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Алмас НҮСІП 21.10.2021, 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31