16.01.2019, 17:09
495
«Бір өте ірі компания, инвестор
Асқар МЫРЗАХМЕТОВТІҢ соңынан
үш жыл бойы жүгірді. Ол одан қашты.
Негізі, әрбір министр «істеймін, ақша төлеймін,
маған кел» деп айтуы керек емес пе?
Яғни олардың келуі үшін бар күш-жігерімізді
салуымыз керек».
ҚР Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Өткен жылдың қаңтар айының басында, яғни жұрт жаңа жылды тойлап болып, есін енді жинай бастаған шақта ойда-жоқта Жамбыл облысының әкімі ауысты. Жаңа жылдан жарты ай бұрын атап өтілетін Тәуелсіздік мерекесі күні аяқастынан премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі қызметімен қош айтысып, үш аптадай үн-түнсіз кетіп, жұрттың біртүрлі жорамалдар жасауына себепкер болған Асқар МЫРЗАХМЕТОВ осылайша Жамбыл жәкемнің кіндік қаны тамған аймаққа әкім болып тағайындалды. Жалпы алғанда, Асқар Мырзахметовтің негізгі мамандығы – зооинженер, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты. Еңбек жолын Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылыми академиясының шығыс бөлімінде қарапайым қызметкер болып бастаған ол ауыл шаруашылығы министріне дейін көтерілді. Осы лауазымды қызметті әр жылдарда екі мәрте атқарды. Міне, осымен екі облысты басқарып отыр. Бір жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметін атқару бақыты да бұйырды. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы маманы Асқар Исабекұлы 2014 жылы президент жарлығымен Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тарихи-монументалдық саябақ кешені үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл марапатқа ие болған кезде ол бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметінде жүрген еді.«Тәшкен көрген» Асқар Мырзахметов саябақ салғыш, ескерткіш орнатқыш, көше жөндегіш, әйтеуір, көзге көрінетін осындай абаттандыру жұмыстарына оң иығын беріп тұратынын Әулиеата жеріне келгенде де анық байқатты. Сөйтіп, Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағына даңқты батыр Бауыржан Момышұлының ескерткіші қойылды, Ұлы Отан соғысының құрбандары мен қатысушыларына арналған обелискілер, «Мәңгілік алау» отсауыты орнатылып, Жеңіс мерекесі күні пайдаланылуға берілді. Одан соң, ескі көк базарда домбырасын құшақтап жалғыз қалған жыр алыбы Жамбылдың ескерткіші орталыққа, облыстық әкімдіктің қарсы алдына қойылды. «Үшбұлақ» жағалауы демалыс аймағы, Қайрат Рысқұлбеков саябағы қайта жаңғыртылды. Мұның бәрі облыс орталығында атқарылған шаруалар.Әрине, осынау тірліктерден кейін көне қаланың тынысы ашылып, ажары бұрынғыдан да жарқырай түскені анық. Бір кездері Шымқаланың шырайын ашқан Асқар Исабекұлы енді Таразды да талайлар тамсанатын шаһарға айналдыру үшін бар күш-жігерін салып жатыр. Әкімнің бұл әрекетін жөнсіз, артық деп айта алмайтының да анық. Өйткені Тараз облыстың айнасы емес пе? Таразға қыдырып келгендер облыс орталығының тотыдай таранып тұрғанын көріп, өңірдің бүкіл тыныс-тіршілігіне баға бере салатынын, басқа – басқа, жаңа әкім жақсы білсе керек.Бірақ Асқар Мырзахметовтен жұрттың күткені осы ғана ма еді? Жалпы, о баста Асқар Мырзахметовті осы өңірге басшы етіп тағайындауда оның талай жылғы тәжірибесінен бөлек, оның ауыл шаруашылығы маманы екені, екі рет ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарғаны, осы саланың жұмысын бес саусағындай білетіні басты назарға алынғаны анық. Ал Асқар Исабекұлының бар есіл-дерті облыс орталығына ауып кетіп, ауыл-аудандарға аса мән бермейтіні бірден байқалды. Яғни осы қызметіне тағайындалған күннен бастап аудандарды аралауға анау айтқандай құлшыныс білдірмеді. Өткен жылдың сәуір айында «Жас Алаш» газетінде «Мойынқұмдықтар Мырзахметовті күтіп жүр» деген мақала жарияланды. Сонда қаңтар айының басында әкім болып тағайындалған А.Мырзахметов сәуір айының соңына дейін Мойынқұм ауданына бірде-бір мәрте бармапты. Халқы аз болғанымен, Мойынқұм ауданы Жамбыл облысы жерінің 42 пайызын алып жатыр. Қойнауында Менделеев ақсақалдың әйгілі кестесіндегі элементтердің барлығы дерлік бар Мойынқұмда қаншама кәсіпорын, қаншама инвестор жұмыс істейді. Салықты да ең көп төлейтіндердің қатарынан. Әншейінде қызметке жаңадан келген әкімдер жұмысты ауыл-аймақпен танысудан бастап, күндіз-түні ел аралап, қызметтік көліктен түспеуші еді. Неге екенін қайдам, Асқар Мырзахметов ауылдағы ағайын мен оның тыныс-тіршілігімен танысуға еш асықпады. Басқа да аудандарды үзіліп-созылып жүріп әрең аралап шықты. Рас, Әулиеатаға ат ауыстырып келген Асқар Мырзахметов алғашында жамбылдық шенеуніктердің жандарын шүберекке түйіп қойған болатын. Сол күндері жаңа әкімнің қабағы қату, анау-мынауыңа ыңғай бере қоймады. Көп нәрсеге көңілі толмай, басын қайта-қайта шайқай берген. Сөйтіп, Жамбыл ауданына барған сапарында біраз кемшіліктің бетін ашып тастап еді. – Мысалы, былтыр осы ауданда 43 мың тонна қант қызылшасы өткізілуі тиіс болған, бірақ оның орнына 15 мың тонна ғана өткерілген. Жоба басында неге дұрыс жасалмады? Шағын шаруа қожалықтарының жұмысы тиімді ме? Ауданда 2000 гектар қант қызылшасын өсіреміз бе, әлде оны жоғарылатуға мүмкіндік бар ма? Ол үшін қанша техника, қаражат керек? Жамбыл ауданында күнбағыс өсіріледі, ол неге өзімізде өңделмейді? – деп ашуланған облыс әкімі сол жолы. Одан бері де жаз, күз өтіп, қызылшаны тағы да жинап алдық. Бірақ қызылша жинаудан ешқандай рекорд жасалынған жоқ. Жылдағы жағдай тағы да қайталанып, «сол баяғы жартас» күйінде қалды. Қазір әкімнің өзі де қызылша туралы алақайлап ештеңе айтпайтын болды. Жыл басында өткен үкімет отырысының бірінде ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары А.ЕВНИЕВ ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту туралы айта келіп, бұл саладағы жұмысты «саны бар да, сапасы жоқ» деп ашық сынаған болатын. Бұл Асқар Мырзахметовтің ауыл шаруашылығы министрі қызметінен кетіп, облысқа жаңадан әкім болып тағайындалған кезі еді.Баяндама біткен соң, премьер-министр Б.Сағынтаев алғашқы сөзді онлайн жүйесі арқылы аймақтардан қосылып отырған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке берді. А.Евниев өз баяндамасында айтылған кемшіліктердің барлығы дерлік Мырзахметовтің кезінде орын алды дегенді меңзеп отырғандықтан, бұл сын оның шамына қатты тисе керек.– Бақытжан Әбдірұлы, кооперативтер мәселесін маңызды деп есептеймін, – деді сол жолы Асқар Мырзахметов. – Осыған байланысты өз ойымды айтқым келеді. Министрліктің баяндамасында «саны бар да, сапасы жоқ» деген пікір айтылды. Меніңше, мұндай пікірді ойланып барып айтқан дұрыс сияқты. Өйткені кооперативтерді құру дүкеннен сатып ала салатын зат емес. Алдымен оның бәрін қағаз жүзінде рәсімдеу керек. Рәсімдегеннен кейін өтінім беріледі. Содан кейін барып ол қондырғыларды орнату үшін кемінде 3-4 ай керек болады. Сондықтан өткен жыл алғашқы пилоттық жыл болды. Оның үстіне баяндамада айтылды, қаржыландыру негізінен екінші жартыжылдықта басталды. Кооперативтердің барлығына қондырғылар орнатылмағандықтан, «саны бар да, сапасы жоқ» деп айту әлі ерте. Бұл дұрыс емес. Сол қондырғының бәрін алып беру керек. Бір ғана Жамбыл облысында осы кооперативтердің арқасында бір жылда 32 мың тонна сүт дайындалды. «Саны бар да, сапасы жоқ» деп айтқаннан гөрі сол кооперативтерді қондырғылармен қамтамасыз ету қажет. Осы бағдарлама іске асқалы бері ауылшаруашылық өнімдері 4-5 есеге артты.Асқар Мырзахметовтің бұл уәжіне үкімет жетекшісі екі-ақ ауыз сөзбен жауап қатты:– Жақсы, Асқар Исабекұлы, өзіңіздің ойыңызды Жамбыл облысында үлкен дәрежеде көрсетіңіз. Бәріне сабақ болсын, – деген Бақытжан САҒЫНТАЕВ.Одан бері де, міне, бір жылға жуық уақыт өтті. Әрине, бұл қолынан іс келетін әкімдерге өз-өзін танытуға молынан жететін уақыт. Әзірге Асқар Мырзахметовтің тірлігін басқаларға үлгі қылып, барлық өңірге мақтап тарататындай нәтижелі болмай тұр. Тіпті бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі басқарып отырған облыстағы ауыл шаруашылығы саласы да жарқ етіп көзге түсіп, басқалардан ерекшеленіп бара жатқаны байқалмады. Ауыл-аймақта сол баяғы көрініс, сол баяғы өгізаяң тіршілік.Айтпақшы, президент Н.НАЗАРБАЕВ Өмірзақ ШӨКЕЕВТІ ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындап жатқанда мынандай бір әңгіме айтқан болатын: «Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу үшін стратегиялық инвесторлар тарту керек. Уақыт өтіп жатыр, бірақ стратегиялық инвестордың қатысуымен бірде-бір жоба іске асқан жоқ. Сен әрі жас, әрі ескіден келе жатқан тәжірибелі министрсің… Уақыт өтіп жатыр. Бір өте ірі компания, инвестор Асқар Мырзахметовтің соңынан үш жыл бойы жүгірді. Ол одан қашты. Негізі, әрбір министр «істеймін, ақша төлеймін, маған кел» деп айтуы керек емес пе? Яғни олардың келуі үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Ал біз, керісінше, оларға жұмыс бермейміз. Мен сені өте тәжірибелі мемлекет қайраткері ретінде үлкен үмітпен осы қызметке тағайындап отырмын», – деп еді сол жолы президент.Статистикалық мәліметтерге қарасақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысында инвестиция көлемі азайып кетіпті. Айталық, Шу ауданында инвестиция тарту 74,9 пайыз көлемінде ғана орындалса, Қордайдағы құрылыс жұмыстары 70 пайызға да жетпеген. Нәтижесінде облыс бойынша негізгі капиталдағы инвестиция 2018 жылы 222 044,6 миллион теңгеге төмендеп, 93,7 пайызды ғана құраған. Осыдан кейін «президент те бір нәрсені біліп айтқан екен-ау» демеске лажың жоқ.(Мақаланың газеттегі тақырыбы «Тәшкен көрген» Мырзахметовтің тірлігі тастай ма?")
Фото: otyrar.kzМАҚАЛАНЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР