22.06.2022, 12:10
1659
Өткен аптаның сенбісінде Алматыда Санжар Боқаевтың «Намыс» партиясының алғашқы съезі өтті. Соңғы кездері билікті батыл сынаған көзқарасымен көзге түсіп жүрген Санжар Боқаевтың әрекеті партия құрумен жалғасқанын көріп отырмыз. Съезде Боқаев «қасымдағы азаматтардың барлығы өте қарапайым азаматтар, миллионер ешқайсысы жоқ», деп қалды. Бірақ партияның алғашқы жиынының Алматының төріндегі бай-бағыландардың ордасы — Ритц Паласта өткенін ескерсек, соншалықты қалталары тесік емес екенін байқайсың...
Осы орайда, атап өтер жайт, соңғы жылдары қазақтың жанына батқан мәселелері қордаланып қалғанын ескерсек, соларды батыл айту арқылы халықтың сүйкіміне ие болып, саясаттан өз орнын табуға ұмтылу – билікке жетудің «жеделсатысына» айналғандай. Дұрыс қой, күрмеуі күрделенген мәселелердің шешімін тапқан қажет, Жаңа Қазақстан құру жолында да қоғамда бәсекелестік артып, партия көбейіп, бет-бейнесінен қоғам жалыққан тұлғалардың өзгеріп, билікте халық сенетіндей, жаңа азаматтар легі қалыптасқаны керек-ақ!
Бірақ Боқаев халық сенімін қаншалықты ақтай алады? Бір кездері еліміздің ең жас шенеуніктерінің тізіміне енген Санжар Боқаевтың мемлекеттік қызметкер ретінде Nur Otan ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары болғаны есте. Одан соң, Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының басшысы бола жүріп, 2014 жылдың күзінде Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына дейін көтерілген болатын-ды.
Ал 2015 жылдың тамызында бұл қызметінен босатылды. Тіпті, 2020 жылдың шілдесінде Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалында «партияның әдеп кодексі мен жарғысын елемеді және нұротандықтардың өміріне немқұрайлы қарады», деген айыппен Санжар Боқаев партия қатарынан шеттетілді. Саяси бюро мүшелері мұның себебін «Боқаевтың жариялаған жазбалары шындыққа сәйкес келмейді» және «партия беделіне нұқсан келтіреді», деп түсіндірген болатын-ды. Осы бір шеттету билікке өкпелеген Боқаевтың бүгінгі партия құруы қайтадан биліктің көзіне түсу үшін жасап жатқан тірлігі емес пе, деген күдік ұялатады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, халықтың жанды жерін жиі айтып, ел төбесіне көтерген соң, партиялық жолмен билікке жетіп, одан әрі үні шықпай қалған талай шендіні бүгінгі күні халықтың жоғалтып алғанын ескерсек, бұрынғы мемлекеттік қызметкерге де күдікпен қараймыз.
Съезде Боқаевтың жиналғандарға қарата айтқан жалынды сөздері де ойымызды нақтылай түскендей.
«Біздің миссиямыз – халық үшін жұмыс істейтін мықты мемлекет қалыптастыру. Кез келген мемлекет оны өзі жасай алмайды. Оған қоғам белсенді қатыса отырып, мақсатқа бірге жеткен жөн. Біздің құндылығымыз – адам және оның құқығы...», «Утилалым мәселесін, ең алдымен, біз көтеріп, жеңіске жеттік, енді басқа мәселелерде де бірге жеңіске жетеміз...», «Ең алдымен, халықпен шынайы болуымыз керек. Барлық шенеуніктер мен қызмет бабындағы тұлғалардың халыққа беретін ақпараты үшін жауапты болуын заң жүзінде бекітуіміз қажет...», «Бізде бәрі бар екенін түсінеміз, бірақ бізде ең бастысы – шындық жоқ. Билік көп жерде айла-шарғы жасап, алдап соғып жатыр. Ал біздің бұған үйреніп кеткеніміз сонша, бәрі қалыпты жағдайға айналды.
Біз еркіндігімізді жоғалттық, құқықтарымыз бен мүмкіндіктерімізден айрыла бастадық...», «Неге инфляция деңгейі 25 пайызды көрсетіп отырса да біз инфляция деңгейі 8-10 пайыз деген шенеуніктер сөзіне сенуіміз керек?», «Халық қант жоқ деп жатса да шенеуніктер қант тапшылығы жоқ», деген өтірік сөзінен неге танбайды? Қантты күнделікті 750 теңгеден сатып алып жатсақ та шенеуніктердің қант бағасы 400 теңге деген сөзін неге тыңдап отыруымыз керек? Бұл олардың өзін қорғауы ма, жоқ әлде халықтың шынайы жағдайын білмеуі ме?..», «Әйелдердің зейнет жасын төмендетуге тырысу да біздің күресіп жатқан бір бағытымыз», «Әрбір мемлекеттік бағдарламаның дұрыс жүзеге асуы үшін министрлерді заңмен жауапты етуіміз керек, ал әкімдер өзі басқарып отырған өңірінің әлеуметтік жағдайына басымен жауап беруі қажет. Қазір рахат, ешкім ешнәрсе үшін жауапты емес», деген сөздер жиналған көпшіліктің көңілінен шығып жатқанын соққан шапалақтарынан аңғаруға болатындай.
Жиналғандар демекші, кіреберісте келгендерді тіркеп отырған қыздардан съезге келгендердің саны 400-дің айналасында екенін білдік. Кейбір телеграмм каналдар да нақ осы адам санын сынға алып, «Санжарға келген адамдардың саны той деңгейіне «әрең» жетті, сан жағынан, тіпті мыңдаған адам оңай жиналатын ауыл әкімдерінің әдеттегі сайлауындағы көрсеткіштерге де жете алмады», – деп жатты.
Жиналғандардың санының аздығына орай, қойған сұрағымызға Боқаев мырза: «Партияны тіркеудің алғашқы талабына сәйкес, мың адам жинап бердік. Екінші этапқа сай, біз съез өткізіп, делегаттарды жинауымыз керек. Бүгінгі съез заң жүзінде талапқа сай, деп айта аламын, еліміздің 17 өңірінен делегаттар жиналды. Үшінші этапта біз жиырма мың адамның қолын жинап беруіміз керек. Бірақ біз ол талаптан да қорқып отырғанымыз жоқ. Қолдаушыларымыз көп. Жинап береміз», – деді.
Боқаевтың сөзінен өзіне сенімділігі байқалады. Ал ол артынан ерген халық сенімін ақтай ала ма? Оны уақыт көрсетеді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР