Назарбаевты «шектеп», Тоқаевты «көктетеміз» бе?

Жарас КЕМЕЛЖАН

07.06.2022, 08:34

1669

– Тоқаевқа дауыс бердің бе? – дейді, қызара «бөртіп» жүретін көршім. Жолай ұшыраса қалсаң, соғатыны ылғи саясат. «Тоқаевқа дауыс бергені несі?» деп тұруға уақыт, қані.

– Көрші, бұл президенттік сайлау емес. Бұл Ата заңға енгізілетін  өзгертулер мен толықтырулар туралы референдум ғой, – деп түсіндірген болдым. Саясатты шемішкеше, шағатын адамның референдумды түсінбегеніне іштей қапа болады екенсің. Бірақ оның түсінбей тұрғанына күмәнім бар. Көршімнің сөзінің астарында «ит өліп» жатқанын аңғал басым байқамай қалған болуым керек. Ол білмей айтып тұрған жоқ, біліп сұрады.

Мұны білмей, түсінбей сұрайтындар да көп. Ондайларды осы науқан басталғалы бері кездестіріп жүрміз. «Кімге дауыс берген дұрыс?» деп қарап тұрады көбі. Соған қарағанда, халықтың көбі референдумның мәнін өздері дауыс бергенге дейін түсінбеген сияқты.

          Оның да жөні бар. Бұдан бұрынғы екі рет өткен референдум Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуға арналған болатын. Оның екеуі де 1995 жылы өтті. Біріншісі, сәуір айында өткізіліп, президенттің өкілеттігін ұзартуға арналды. Екіншісі 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Мұның екеуі де Назарбаев үшін жасалды деуіміздің себебі, экс-елбасы сол 1995 жылдан бастап, өзінің президенттік ғұмырын баянды ету үшін, алдымен, өзіне, содан кейін Ата заңға арнап референдум өткізген екен ғой. Оның бәрін бірнеше жылдан кейін ғана саясаттанушылар сараптап айтатын болды.

          Бұл жолғы референдумда Ата заңның 33 бабына 56 түрлі өзгертулер енгізілді. Конституцияның үштен бірі өзгереді деген сөз. Былай қарағанда, әділетсіздіктердің жолы жабылып, демократиялық қоғам құруға жасалған жақсы қадам сияқты. Бірақ Қаулымен танысқан саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар үшінші рет өткелі жатқан бүкілхалықтық референдумның көп түйткілді шешпейтінін ашық айтып отыр. Яғни, ескі супер президенттік жүйеден президенттік жүйеге ауысады. Бұл «Құрттың атын жаңылып, малта қойыпты» дегеннің кері.  

          Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, бұл референдум Ақорда үшін тактикалық жеңіс болғанымен, халық үшін стратегиялық жеңіліс. Референдум болсын, Президенттік немесе парламент сайлауы болсын, бізде әлі күнге дейін науқаншылық басым. Елге белгілі азаматтарды сайлауға шақырып суретке түсіру, телеарналарға сұхбат бергізу деген сияқты жасанды технология қолданамыз. 100 жастан асқан қарияларды сайлау учаскелеріне дедектетіп әкліп, дауыс бергізу, енді күлкілі жағдай ғой. Одан кейін комиссияға жарымай-ақ қойдық. Бұрынғы сайлау комиссияларының өкілдері де, бұл жолғы референдум комиссиясының өкілдері де «жалдамалы» жұмысшылар сияқты. Өздерінің қай партиядан екендерін білмейді, тіпті, партия жетекшілерінің кім екенінен де бейхабар. Осы жағынан, билік театрландырылған «қойылым» қоя алмай жүр…  

Бұл жолғы референдумның ең үлкен кемшілігі, өзгерулер мен толықтырулар енгізілетін заңдар қоғам талқысына түскен жоқ. Құжат бір ай бұрын ғана жарияланды. Тіпті, қарапайым халық қандай заңға қандай өзгерту енгізіліп жатқанынан бүгінгі күнге дейін бейхабар деуге болады. Бейнелеп айтқанда, азаматтарымыз өз құқықтарын өздері шектеп жатқан заң жобасына өздері қол қойып жатқан болуы да мүмкін ғой. Осы жағынан, халыққа түсіндіру жүргізілуі керек еді, өзгертілетін заңдар халықтың талқысына түсіп, апталап, айлап талқыланып: заңгер мен қойшы, депутат пен құрылысшы да өзгертілетін баптарды өз көздерімен көріп, түсініп, пікірлерін айтуы керек еді. Дамыған Еуропа елдерінде ит пен мысыққа қатысты заңның өзі қоғам талқысына түседі, әбден піскеннен кейін ғана қабылданады.

          Жас саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің айтуынша, әлгі 33 бапқа енгізілетін 56 түрлі өзгерту мен толықтыру Жаңа Қазақстанды құрушылар мен соның айналасындағылар үшін ғана жасалып жатқан шаруа көрінеді. Түсінікті тілмен айтқанда, косметикалық өзгертулер ғана. Мысалы, «Президенттің жақындары мен туыстары мемлекеттік саяси қызметте болмайды, квази мемлекеттік секторда басшы болуға құқығы болмайды», деген өзгерту бар. Назарбаевтан жүрегі шайылып қалған қазақ үшін екі аяқ, екі қолды көтеріп, қолдайтын заң. Бірақ Конституциямызда: «Шығу тегіне қарамастан, Қазақстанда барлық азаматтың құқықтары тең», деген тармақ бар. Онда жаңадан енгізіліп жатқан өзгертулер мен толықтырулар Ата заңның өзінің әуелгі тармақтарына қайшы деген сөз. Осы жағынан келгенде, популизм басымдау сияқты. Мұндай кереғар дүние әлгі атан түйе сұрап, сүйіншілеген 33 баптың бәрінен кездеседі.

Президентке абсолюттік билік беретін қазіргі Конституциядан Н.Назарбаевтың статусы жайлы норманы алып тастау — конституцияны реформалау немесе «Екінші республиканы» құру емес. Шалқар Нұрсейіттің айтуынша, Қазақстанға дәл қазір керегі тек «деелбасизация» ғана емес, атқарушы биліктің саяси күшін конституция арқылы шектеу қажет. Референдумда ұсынылған өзгерістердің ішінде президенттің құзіреттерін шектейтін, парламентке өз билігін қайтаратын, сот билігін тәуелсіз институт ретінде құруды көздейтін бірде бір пункт жоқ көрінеді.

Ш.Нұрсейіт: «Біріншіден, Н.Назарбаевтың кезіндегідей, Қ.Тоқаевтың кезінде де үкіметті парламент емес, президент құрады. Президент қалаған уақытында премьер-министр мен министрлерді тағайындап, қызметтен алып тастай алады. Заң шығару процесінде де президенттің басымдығы сақталады. Мәжіліс пен сенат президент әкімшілігі қалаған заң жобасын қабылдайтын палата болып қала береді. Екіншіден, сот билігі атқарушы билікке, яғни, президентке тәуелді биліктің тармағы болып қала бермек. Тіпті, жаңадан құрылатын Конституциялық соттың 11 мүшесінің 4-еуін президент тағайындайды. Конституциялық соттың төрағасы мен орынбасарын президент тағайындайды. Үшіншіден, биліктің децентрализациясы болмайды. Президенттің әкімдердің актілерінің күшін жоятын құзіретінен бас тартуы ешнәрсені өзгертпейді. Себебі президент әкімдерді қалаған уақытында тағайындап, қызметтен алып тастай алады. Облыс, қала әкімдерін сайлауды енгізбей, тәуелсіз мәслихаттарды қалыптастырмай, биліктің децентрализациясы жайлы сөз қозғау мүмкін емес. Сондықтан дәл қазір эксперттер, активистер азаматтардың назарын Назарбаевтың статусы жайлы норманы алып тастауға емес, президент институтының билігін шектемей, жаңа «елбасылардың» пайда болуына кедергі келтіре алмайтынымызға аударуы тиіс деп есептеймін», — дейді.

          Бізде осындай сарапшы, саясаттанушылар кемшін. Әйтпесе, 16 млрд 460 млн теңге бөліп өткізген референдум халыққа пайдасынан гөрі, кесірін көп тигізсе, ондай өзгертулер мен толықтырулардан не қайыр? Еуропа сияқты ит пен мысықтың құқын қорғайтын, Америка сияқты аң мен адамның құқығын тең қарайтын өркениетті елге жетуге дейін әлі талай референдум өткізерміз. Оған дейін сайлау мен дауыс беруді айыра алмайтын қазаққа референдум деп, биліктегілер өз ұпайларын түгендеп, білгендерін істей тұрсын...

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 14:15
Алматы тұрғыны Әл-Фараби бойындағы тұрғын үй құрылысына шағымданды
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 10:38
Смайылов қант монополисінің қызметін тексеруді тапсырды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 15:56
Назарбаев елордада жаңа мешіттің ашылуына қатысты
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 13:39
Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Нигерия күдіктіні Қазақстанға экстрадициялауға әлі жауап берген жоқ
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 11:37
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы тағайындалды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 09:09
Бақытжан Сағынтаев жаңа қызметке сайланды

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49