Не істеу керек?

Әділ АҚЫЛБАЙ

24.05.2022, 08:00

1211

«Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымының саммиті өтті. 1992 жылы қол қойылған бұл келісімнің «Ташкент пакті» деген екінші атауы бар екенін көпшілік біле бермейді. 92 жылдың мамырында Өзбекстанда қабылданған құжат. Қазір Өзбекстан бұл ОДКБ-ның қатысушысы емес. 2012-де шығып кетті мүшеліктен. Мұны неге айтып отырмын? Бұл ұйымнан бұған дейін Әзербайжан мен Грузия да шығып кеткен. Бастапқы 9 елден алтауы ғана қалыпты. ОДКБ деген бір кірсең, одан шығуың мүмкін емес болатын темірбетон қапас емес», деген екен саясаттанушы Досым Сәтпаев журналист Вадим Борейкоға берген сұхбатында.

Сарапшының сөзінше, ОДКБ-да, ЕАЭО-да Қазақстанға өте зиянды ұйымдар. Путиннің өзі кешегі саммитте ОДКБ-ның тиімділігінің мысалы ретінде тек Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан басқа ештеңе айта алмады. Тоқаев саммитте Украина тақырыбына жоламай, Ауғанстан тақырыбын көтерді. Бұл негізі – Ауғанстанмен ортақ шекарасы бар Тәжікстан президентінің сөйлейтін тақырыбы болуы керек еді.

– Қазақстан армиясы, ҰҚШҰ-ға мүше боп отырған қалған елдердің де армиясы сияқты совет армиясының қалыбымен құрылған. ҰҚШҰ-да ресейдің әскери моделі, әскерилерді оқытудың ресейлік жүйесі басым. Ресейдің қару-жарағы қаншалықты тиімсіз екенін Украинадағы соғыс көрсетті. Сайып келгенде, Қазақстан өзінің әскери қауіпсіздігі жағынан ХХ ғасырдың армиясымен отыр. Бүгінгі ХХІ ғасырда. 1999 жылы ҰҚШҰ мүшелігінен шығып кеткен Әзербайжан Таулы Қарабақтағы соғыста өзінің әскери әлеуеті қаншалықты мықты екенін байқатты. Түркияның қолдауымен армиясын жаңартып алды. ҰҚШҰ-дан 2012 жылы қашып кеткен Өзбекстан қазір мысалы, әскери күшті бағалайтын Global Firepower рейтингінде ұзақ жылдар бойы Орталық Азияда бірінші орында келеді. Міне, осылай ОДКБ Қазақстанның армиясы мен қаруын артқа сүйреп жатыр, өз қаруына тәуелді етіп қойды. Ендеше, Қазақстан өзінің қарулы күштерін дамыту бағытын қайта қарастыруы керек.

Қазір Қазақстан күрделі проблемаға тап болды. Екі түрлі сыртқы саяси модельдің өзара қақтығысы деген бар. Бірі – Қазақстанның моделі, бірі – Ресейдің моделі. Қазақстан өзінің көпвекторлы саясатымен осы уақытқа дейін белгілі бір геосаяси тепе-теңдік ұстап келді. Ал Ресейдің сыртқы саясаты Украинадағы соғыс басталғалы тым қатаң, тым агрессиялы болып барады. Бұл Қазақстанның сыртқы саяси доктринасына қарама-қайшы. Географиялық тағдыр деген бар. Қазақстан одан ешқайда қаша алмайды. Бір жағымызда Ресей, мына жағымызда Қытай. Империялық тарихы бар, амбициясы аса зор екі мемлекет. Ресей әскери-саяси күшке негізделген классикалық геосаясатқа иек артады. Қытайдың стратегиялық пиғылы Орталық Азияны геоэкономика арқылы бағындырып, түбі әскери-саяси ықпалын орнату. Украинамен соғысы ұзаққа созылғаннан кейін Ресей әбден әлсірейді де, өңірдегі азайған күштің вакуумын Қытай толтыруы мүмкін. Бұл Орталық Азия елдері мен Қазақстан үшін өте қауіпті болмақ. Бұл жағдайда қалай да тепе-теңдік керек. Мұндай геосаяси тепе-теңдікті Түркі мемлекеттерінің ұйымы қамтамасыз ете алуы мүмкін. Орталық Азияның біраз елдері, Әзербайжан осы бірлестікке мүше, Түркіменстан, Венгрия бақылаушы ретінде қатысады. Меніңше, Түркі елдерінің ұйымы біздің аймақта геосаяси, әскери-саяси, экономикалық, мәдени, гуманитарлық және тіпті ақпараттық салада Қытай мен Ресейге тепе-тең күш ретінде қызмет ете алады. Сосын, Қазақстан мен Өзбекстан ядросы болып, біз де Еуроодақтың үлгісімен Орталық Азиядағы көршілерімізбен кооперация құрсақ болады. Біз бірікпесек, мысалы, су мәселесін шеше алмаймыз. Мұның арты су үшін соғысқа ұласуы мүмкін. Орталық Азия өзін сақтап қалуы үшін кооперация құруы тиіс. Бізде кейінге шегеруге болмайтын мәселелер мен тақырыптар бар.

Ердоған да Путин сияқты. Түркия да Ресей сықылды бұрынғы империя, зор геосаяси амбициялары әлі бар. Екеуі де сырттан жау іздегіш. Ердоғанның жауы Гүлен болса, Путиннің Навальный бастаған сала-құлаш тізімі бар. Ердоған билікке қалай келді? Ол Түркияны әлемдік геосаяси ойыншы ретінде танытуға талпынды. Сириядағы соғысқа араласты. Қазір Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер үрдістеріне қатысуға тырысуда. Түркияның түрлі тетіктермен Орталық Азияда өз ықпалын күшейту жағынан да нақты жоспарлары бар. Сондықтан Орталық Азия елдері Анкараның емес, ең алдымен, өз ережелерімен ойнауы керек, – деген екен Досым Сәтпаев.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 25.06.2022, 11:40
Алматыда БАҚ жөніндегі заңды қайта қарау барысында журналистердің мәртебесі талқыланды
Сайт әкімшілігі 25.06.2022, 11:35
«AMANAT» – 2022 медиа сыйлығының жеңімпаздары анықталды
Есбол ҮСЕНҰЛЫ 24.06.2022, 14:10
Елбасыдан – ақсақалдыққа
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.06.2022, 09:10
Тоқаев тарапына ақпараттық соғыс басталғандай...
Әділ КЕМЕҢГЕР 24.06.2022, 09:05
Қазақтар қайда қарап келген?
Секен ЕЛШІБЕК 23.06.2022, 15:20
Біраз «жаңалық»

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33