«Нұр-Сұлтанға» бір қуанып, Астанаға бір қуанып...

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

20.09.2022, 08:40

1104

Сонымен астанамыз қайта Астана болды. Қазақстандағы бар мәселені шешіп, тек осы қалғандай,

бас қаланың атауымен алысып біттік. Рас екінші қайтара оралған Астана атауы да оңып тұрған жоқ, әйтеуір, түпкі түсінік бас қаламыз екенін білдіретіндіктен, Астанаға халықтың аузы тез үйренді. Сондықтан елордамыз Нұр-Сұлтан атанғанымен жалпы халық бұрынғы атауын қолданып жүрген еді. Бір анығы, Нұр-Сұлтан болғанда да, Астана атағанда да халықпен санасқан ешкім болмады. Өздері атап, одан соң қазынаның, халықтың қыруар қаржысын шашып, сол атауларды қалыптастыруға өзді-өзі тырысып жатты.

Негізі, осыған дейін аяқасты бір топ депутат мәлімдеме жасағанда-ақ «желдің қай жақтан соққаны» сезілген еді. Және бұл әңгіменің жайдан-жай айтылмағанын, бұл бастама түбі солардың қалауын орындап тындыратынын байқатқан. Бір қызығы, депутаттар «халықпен кездескенімізде жұрт бізге осындай ұсыныс айтты» деп халық атын жамылып, ойларын іске асыруда. Алайда кеше де халық пікірін сұраған ешкім болмады. Өткен апта халық атын жамылып, депутаттар «қолымен от көселіп», бұл апта Конституциялық заң жобасына енгізіліп жатты.

Ал шын мәнінде, дәл қазір халыққа керегі бас қаланың атауының қалай болғаны емес еді.Халыққа түк пайдасы жоқ, бірақ аяусыз ақша шашылатын осындай нәрселер мәнсіз тірлікпен айналысып, уақыт өткізіп, ұйықтап, миллион алып жүргендерге маңызды шығар, бәлкім. Ал әлеуметтік жағдайы күрделенген халыққа бас қаланың атауының керегі шамалы. Осы орайда, атап өтер жайт, бас қаламыз Астанадан Нұр-Сұлтан болып ауысқан кезде де шамамен, 47 млрд теңге кеткен көрінеді. Бұл ақшаға заманауи үлгідегі жиырма шақты мектеп, отызға жуық балабақша салуға болады екен. Демек, қаланың атауын қайта өзгерту бюджетке тағы осындай салмақ салады. Бірақ халық көңілін тыныштандыру үшін «құжат ауыстырудың қажеті жоқ», «соншалықты көп қаржы кетпейді», – деп халықты тыныштандыруда.

Текетірескендердің ұпайына айналған бас қаланың атауын мың құбылтудан халыққа келер пайда жоқ. Тіпті, билік ұлт мүддесіне шын жаны ашыса, отыз жылдан бері ауыстыра алмай келе жатқан Петропавл, Павлодар, Щучинск секілді басқа қалаларға «бас ауыртса» да болар еді. Айтпақшы, 2019 жылы Астана атауының өзгеруіне қарсы болып, митингіге шыққаны үшін жауапқа тартылғандар да болған. Бүгінгі күні сол атауға қайтып келіп отырып, олардан билік кешірім сұрай ала ма, жоқ па?! Сол кезде «халық айтса, қате айпайды» деп олардың дегеніне құлақ та аспаған еді. Ал бүгінгі күні «халық қалауы осы екен» десуде. Жалпы, Елорда екі рет Ақмола, екі рет Астана болып ауысқан қала ретінде тарихта қалғалы тұр. Тек ертеңгі күні тағы бір жағымпаз шығып, «Бас қаланың атын «Қасым-Жомарт» деп қояйық деп қалуы да әбден мүмкін. Бар жағымпаздың қалауын орындап-ақ ел бюджеті ортаятын болды.

Осы орайда, атап өтер жайт, Астана атауының имиджі үшін де халықтың қаншама қаржысын шашылған еді. «Астана» футбол клубы, Astana pro team, Astana Arlans, Astana Football Club, Нұр-Астана, Astana Ballet, Astana Hub, Astana International Financial Centre, Air Astana, EXPO Astana, «Астана» велокомандасы, «Астана» баскетбол клубына құйылған қаржының бәрі ол Қазақтың ақшасы еді. Астана атауын қалыптастыруға осынша күш жұмсай отырып, көп ұзамай, Нұр-Сұлтан қыла салдық. Одан соң Нұр-Сұлтан атын қалыптастырамыз деп тағы тыраштандық. Барлық нәрсеге «Нұр», «Нұрлы» жалғауын жалғап, тағы күлкі болдық.

Халыққа тиесілі жерасты қазба байлықтарының ақшасы кетті, EXPO көрмесіне кіру үшін мұғалімдерге қинап билет сатып, мыңдаған қарапайым қазақстандықтарды қанады, халықаралық көрме деп қыруар қаржыға шетелдің мықты мамандарын жалдадық. Әйтеуір, осы уақытқа дейін бас қаланың атауын бренд ретінде қалыптастыруға аз қаржы жұмсалмады. Осы тұрғыдан келгенде, Елорданың қарапайым қазаққа бергенінен алғаны көп болған секілді. Астана құрылысына тек 1998 жылдан бері ресми статистика бойынша 50 миллиард доллардай қаржы құйылғанын ескерсек, мешкей қаланың халық несібесін бір адамдай жұтқанын байқаймыз.

Атауының өзін ауыстыруға миллиардтаған қаржы кеткен мешкей қаланы көркейтеміз деп те өңірлерден де талай қаржы құйылды. Түптеп келгенде, сол қаржы сол өңірді дамытып, сол аймақтағы халықтың әлеуметтік жағдайын шешуге жұмсалуы тиіс еді. Алайда осы жылдар ішінде бір қала саламыз деп қаншама қала мен облыс, аудандарды тұралаттық. Мәселен,2018 жылы Шығыс Қазақстан облысы астананың туған күніне орай үлкен фонтан салып беруге  940 миллион теңге жұмсаған көрінеді. Ал кезінде полигонның зардабын тартқан халықтың бүгінде денсаулығы алаңдатарлық жағдайда. Сондықтан аймақта дұрыс медициналық орталық болмағандықтан, шығыстық тұрғындар Алматы мен Астанаға келіп, ем іздеп жүретіні жасырын емес. Бір Шығыс өңірі емес, жалпы, әлеуметтік жағдайы қордаланған, балалары апатты мектепте оқып, тұрғындары ауыз суды тасып ішетін, жыл өткен сайын халқы көшіп жатқан талай өңір Елорданың жыл сайынғы туған күнінде миллиондаған қаржысын шашып сый жасады. Шын мәнінде, өз өңірін көркейтуге тиіс қаржыны әкеліп, атауы ауыса беретін қаланың дамуына, атауының қалыптасуына жұмсады. Ойласаң ішің ашиды.

Бәрін қойшы, жан-жағымыздан да ұят болды ау. Астана атын өзгерткенде, тек біз ғана емес, дүниежүзіндегі барлық мемлекеттер, ұйымдар, фирмалар, карта жасайтындар, интернет іздеу жүйелері тағы басқа атауға байланысты дүниелер өзгеретінін неге ойламаймыз?! Өзіміз атау өзгертуге жұмсаған қаржымыз аздай, олардың да бюджетіне салмақ салып қойдық ау...

Тегтер: Астана Қазақстан Жарлық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 16:22
Қазақстан Абай облысы арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салады
Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 12:00
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды
Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 11:45
«Ұлы дала жорығы»: «AMANAT» партиясының қолдауымен бәйге-додасы мәреге жетті
Әділ КЕМЕҢГЕР 30.09.2022, 08:34
Даниалдар «дань» төлемейді!
Жарас КЕМЕЛЖАН 29.09.2022, 08:37
Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
Еркежан АРЫН 28.09.2022, 12:39
Республика күнінің маңызы зор

Аңдатпа


  • Даниалдар «дань» төлемейді!
    30.09.2022, 08:34
  • Билік халыққа жау ма?!
    30.09.2022, 08:50
  • «Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
    30.09.2022, 08:49
  • Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
    30.09.2022, 08:48
  • Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
    29.09.2022, 08:37