Нұрбек «мәселенің қараңғы түрін» біле ме?

Жарас Кемелжан

16.09.2023, 10:20

3393

Қандас терісін жамылған «қасқырлар»

«Qara Shangyrak-7» қоғамдық бірлестігі» деген ұйым бар. Айналысатын шаруасы – шетелден келген қандастар мәселесі. Олардың құжат алу, құқықтық түйткілдері мен оқуға түсу сияқты жұмыстарымен тікелей айналысады. Бұрын мұндай жұмыстарды дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шешетін, қазір қауымдастықтың аты бар да, заты жоқ. Бұл басқа әңгіме...

Жуырда осы «Qara Shangyrak-7» бірлестігі шетелден Қазақстанға оралған, бірақ Қазақстан азаматтығын әлі алып үлгермеген, ұлты қазақ студент жастарға арналған оқу гранттарына шетелден келген өзге ұлт өкілдерінің қабылданып жатқаны туралы дабыл қақты. Бірлестік жетекшісі Бәдигүл Қажыбекқызына хабарласып едік, әңгіме телефон арқылы сөйлесетін шаруа емес екенін ескертіп, кеңсесіне шақырды.

–Шетелден келген қазақ жастары Алматыда қаңғырып жүр. Ал оларға бөлінген гранттарға өзге ұлт өкілдері қабылданып, тегін білім алатын мүмкіндікке қол жеткізіп, қандастарымыздың несібесіне ортақтасуда. Бұл, біріншіден, шетелден келген қандастарымызға жасалған қиянат. Екіншіден, бұған ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап беруі керек. Үшіншіден, бұл мемлекет қаржысын желге ұшыру. Біз не үшін шетелдіктерді тегін оқытуымыз керек? – деп бастады әңгімесін Қажыбекқызы.

Бірлестік жетекшісінің айтуынша, 2020 жылдан бастап шетелде тұратын ұлты қазақ жастарына арнап Қазақстан үкіметі арнайы «балон грант» деп аталатын оқу грантын тағайындаған. Алайда мұндай игіліктің жемісін биыл өзге ұлт өкілдері көріп, қандастардың ырысына ортақтасып жатқан көрінеді. Бәдигүл ханым бізге көтерген мәселе шикі болмау үшін ғылым және жоғары министрлігінің степендиялық бағдарламасын ашып көрсетті. Бағдарламаның ережесі мынадай сөйлеммен басталады.

«Құрметті үміткерлер,

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі шетел азаматтарын, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының тұлғаларын бакалавриат, магистратура мен PhD білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарында білім алуға шақырады. Грант саны: бакалавриат – 490, магистратура – 50, PhD докторантура – 10» деп көрсетілген.

Бұл жерде бәрі тайға таңба басқандай жазылған. «Шетел азаматтары, оның ішінде Қазақстан азаматтығын алмаған ұлты қазақ тұлғалар» деп анық көрсетіліп тұр. Заңның тілі бөлек, әрине. Үтір, нүкте рөл ойнайды мұнда. «Шетел азаматтары» деген анықтауышты шетелден келген кез келген азамат деп түсінуге бола ма? Әлде ұлты қазақ деп қана түсінеміз бе? Осы сұрақты белгілі заңгер Ләззат Ахатоваға қойдық, бағдарламаның мәтінін жібердік. Заңгер мәтінмен танысып алған соң, бізге жұмбақ болып тұрған сөйлемді былай түсіндіріп берді:

«Бұл жерде «Шетел азаматтары» деген сөзді біреулер өз пайдасына бұрмалап отырған сияқты. «Шетел азаматтары» деген жерін ғана бөліп алған. Арғы жағындағы шетелде тұратын этникалық қазақтар деген сөйлемнің жалғасын қоспай тұр. Бізде көп жағдайда заңды осылай бұрмалайды пысықтар. «Толковать» ету дейміз мұны. Заңгер ретінде айтарым, бұл шетелден келген, ұлты қазақ тұлғаларға арналған стипендия».

Биыл осы бағдарлама бойынша 550 студент ғылым және жоғары білім министрлігі тағайындаған стипендия иегері болуы керек еді. Алайда заңгер Бәдигүл Қажыбекқызы стипендия иегерлерінің арасынан 128 қандасымыздың аты-жөнін ғана тапқанын айтады. Стипендия иегерлерінің толық тізімін қолымызға берді. Оның арасында қытай, ауған, тіпті африкалықтар да жүр.

Қажыбекқызының күйініп отырған тағы бір мәселесі – балон оқу грантына түскен студенттердің арасында өте төмен балл алған шетелдіктер бар көрінеді.

– Жоғары балл алған, ұлты қазақ 33 бала оқуға түсе алмай қалды. Ал керісінше, төмен балл алған ұлты басқа шетелдіктер грантқа ілініп кеткен. «Отандастар» қорына осы мәселе туралы министрлік өкілдері «Талапкер қанша төмен балл алса, оқуға түсу мүмкіншілігі сонша жоғары болады. Және бұл жерде мәселенің қараңғы түрі бар» депті. Қараңғы түрі деген не? Бұл сонда қандай конкурс, неге бізге ешкім түсіндіріп бермейді? Ғылым және жоғары білім министрлігіне хат жаздық. «Қараңғы түрі» дегенді де ашып сұрайын деп отырмын. Министрліктің қызметкерлері биыл жиі ауысатын болды, былтыр Айнұр деген қызбен сөйлесетінбіз. Биылғылары балон грантын білмейді. Былтыр осы грантпен ресейліктер, африкалықтар, арабтар түсіп кетті, биыл неге қазақтар түспеуі керек?

Шетелден келген қазақ жастары ҰБТ-ға қатыспайды, оларға министрлік «балон гранты» деп осындай жеңілдік жасағанын айттық. 2020 жылы осы грантпен 1200, 2022 жылы 490, 2023 жылы тағы да 490 студент оқуға түсуі керек еді. Бірақ мәселені майшаммен қарайтын, министрліктегілердің тілімен айтқанда «қараңғы тұсы» болып тұрған сияқты. Қажыбекқызының айтуынша, шетелден келген көптеген қандастарымыз министрліктің балон грантынан мүлде хабарсыз екен. «Ешқандай хабарландыру бермейді, құпия ұстайды, сонысын түсінбедік» деп отыр. Сұхбат соңында Қажыбекқызы: «Бұл мәселені биыл біржолата шешпесек, келер жылы тағы қайталанады. Биыл дайындық бөлімге келген жастар келер жылы тағы да өз несібелерінен қағылмау үшін мұны мәжіліске жеткізіп, шешуіміз керек» – деп сөзін аяқтады.

Ал біз ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарласып едік, сұрағымызға жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы директорының орынбасары Әлібек Серғазыұлы жауап берді. Ол «Бұйрықта, бірінші кезекте «Шетел азаматтары» деп тұр. Содан кейінгі сөйлемнің орысшасы «в том числе» деген сөз. Заңгерлер қалай түсінетінін білмейміз. Біз бұйрықта жазылған бойынша жұмыс жасаймыз. Біз бағдарламаның ұйымдастырушысы болып есептелеміз. Биыл бөлінген 550 гранттың 212-іне қандастарымыз түсті, қалған 338 грантқа шетелден келген өзге ұлт өкілдері қабылданды. Өткен жылғыларын білмеймін, мен биылғы ақпаратты ғана айтып отырмын сіздерге. Қандастарға арналған ҰБТ-ның 4 пайыздық квотасы бар. Балон грантына талапкер студенттер үшін арнайы комиссия жұмыс жасайды, комиссия құрамында «Отандастар» қорынан, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан», қоғамдық ұйым өкілдерінен адамдар болады, солардың шешімі бойынша жасалады бәрі. Комиссияға дейін талапкерлер ереже бойынша үш кезеңнен өтуі керек. Одан өте алмаса, конкурсқа жіберілмейді» деп түсіндірді. Біз министрлік өкілінен әңгіме басында айтылған «Қараңғы түрін» сұрап, соны түсіндіріп беруін өтіндік. Әлібек Серғазыұлы ондай әңгімені бірінші рет естіп отырғанын айтып, «Қараңғы түрі» дегені несі, өзіңіз түсіндіріп беріңізші» деп аң-таң.      

«Мәселенің қараңғы түрін» Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбектің өзі түсіндіріп беріп, қараңғы халықтың көзін ашпаса, біз мұны ұға алмадық.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 16.09.2023, 12:33
Ет туралы ертегі
Айгүл Баба 16.09.2023, 09:30
Сазда жатқан Ким балшықта отырған Путинге келді
Сайт әкімшілігі 15.09.2023, 10:30
Сот Арыстанбек Мұхамедиұлының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 10:30
Ұлттық басылымдарды жабылудан сақтап қалған Алтынбек еді...
Қуаныш Қаппас 14.09.2023, 10:00
Өрісі кең, жолы тар қазақ ураны
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 09:20
АҚШ: Солтүстік Корея мен Ресейдің келіссөздері «қауіпті»

Аңдатпа


  • Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
    16.09.2023, 13:50
  • Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен 2 адам ұсталды
    16.09.2023, 13:15
  • Алматыда Астана алаңы мен Сәтбаев көшесінің бір бөлігі жабылады
    16.09.2023, 12:52
  • Ет туралы ертегі
    16.09.2023, 12:33
  • Біздің қоғам шындықтан қорқады
    16.09.2023, 10:55