Нұржігітов басшысын кетіріп, қосшысын өсірді

Нұрболат ӘЛДИБЕК

27.05.2022, 08:40

1390

Жамбыл облысының жаңа әкімі Нұржан Нұржігітов өткен аптада кадрлық ауыс-түйісті бастады. Қолына билік тізгіні тигелі тұп-тура қырық күн өткенде бірінші бұйрығымен бұрынырақта өзінің басшысы болған Меркі ауданының әкімі Руслан Нұрсипатовты қызметінен алды. Ал екінші бұйрығымен «сары үрпек» кезінен танитын, мемлекеттік қызметтің әліппесін өзі үйреткен Мәди Мәтенді қасына алып, облыс әкімі аппаратының басшысы етті. Осылайша, Нұржігітов ауыс-түйісті «бісміллә» деп басшысын кетіріп, қосшысын өсіруден бастады.

Тарқатып айтар болсақ, Руслан Нұрсипатов 2004-2009-шы жылдары Жуалы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған кезде, Нұржан Нұржігітов сол ауданда кәсіпкерлік бөлімінің басшысы болған. «Дүние-кезек» деген бар емес пе, енді, міне, бұрынғы басшысын бірінші бұйрығымен «құйрығынан бір теуіп» отыр. Мұнысын біреулер «Платон менің досым, бірақ шындық қымбатырақ» дұрыс істеді десе, енді біреулер «екеуінің арасы жақсы емес екенімен» байланыстырады.

Дегенмен Нұрсипатовты қызметінен босатқанына Меркі жұртшылығы қуанбаса, қайғырып жүрмегенін аңғарамыз. Ру жағынан Назарбаевтың туысы болып келетін оның әкім болуына біреулер Болат Назарбаев ықпал еткен десе, біреулер Дариға Назарбаеваның көмегі тиген дейді. Әйтеуір Қордай ауданында мәслихат хатшысы болып жүрген жерінен оны Сапарбаев Меркіге әкім қойған еді. Алайда, Нұрсипатов әкім болғанымен, халқына жақын бола алған жоқ. Біресе базарында, келесі де құрылысында, әйтеуір жиі дау туып, шу шығып, оны тиімді шешудің орнына, шиеленістірумен болды. Ал қаңтардағы қасірет кезінде жиналған ашулы жұртшылыққа «сендерге менің қызметім керек болса, жақсы мен кеттім» деп екі қолын төбесіне қойып, безіп жөнелгені бар. Бірақ бұрынғы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осының бәріне көз жұма отырып, оны қызметінде қалдырған еді.

Нұржігітов Меркіге Жорабек Баубековты әкім етіп тағайындады. Бұған дейін облыстық әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болған Баубеков Меркіде «екі қолға бір күрек таппай жүргендерді» азайтып, жердің көркі аталатын мекенді көркейте ме, әлде алдыңғы әріптесі секілді басқан ізі білінбей, у-шумен кете ме, оны енді уақыт көрсетеді.

Ал облыстық аппаратқа басшы болған, Жамбылдың жаңа әкімімен Жуалыда бір кабинетте отырып, бір салада қызмет істеген, тәлім-тәрбиесін көрген Мәди Мәтен артылған сенім үдесінен шықса, қанеки. 

Ендігі кезекте облыс әкімінің орынбасарлары жөнінде. Өзі де орынбасар болған Нұржігітов бірінші кезекте оларға артылар жүк пен атқарар тірлікті жеделдетіп жүйелеуі керек сияқты. Әрі облыс әкімінің бірінші орынбасары деген қызметті қайта қалпына келтіру керек пе дейсің. Әйтпесе, қазір бірінші орынбасардың кабинетінде (облыс әкіміне жақын әрі ең үлкен кабинет) Т.Мамаев отырса, бұрынғы бірінші орынбасарға тиесілі қызметтік джиппен Р.Дәулет жүр. Ал бірінші орынбасар атқаруы тиіс жұмыстармен Н.Календеров айналысып жүрген сияқты.

Біз газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде: «Жамбыл облысының тізгіні қолына тигелі жиырма күн болған Нұржан Нұржігітов көмекшісі мен кеңесшісі болмаса, әзірге ауыс-түйіс жасаған жоқ. Молдиярұлының шыдамы қанша уақытқа жететінін қайдам, елдің сөзіне сенсек, жақын күндері облыс әкімінің бір орынбасары, аппарат басшысы, Тараз қаласының әкімі және бірлі-жарым аудан әкімі, басқарма басшылары жаңаруы мүмкін» деп жазған едік. Жоғарыда жазғанымыздай, Нұржігітов 40 күн өткенде барып қимылдай бастады. Тараз қаласы әкімі жайында қазіргі таңда сөз көбейіп тұр, десе де әріптестеріміздің бірі жазғандай «Жылқыбаев жалтақ-жалтақ етіп жұртта қалғандай жүріп жатыр»...

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 25.06.2022, 11:40
Алматыда БАҚ жөніндегі заңды қайта қарау барысында журналистердің мәртебесі талқыланды
Сайт әкімшілігі 25.06.2022, 11:35
«AMANAT» – 2022 медиа сыйлығының жеңімпаздары анықталды
Есбол ҮСЕНҰЛЫ 24.06.2022, 14:10
Елбасыдан – ақсақалдыққа
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.06.2022, 09:10
Тоқаев тарапына ақпараттық соғыс басталғандай...
Әділ КЕМЕҢГЕР 24.06.2022, 09:05
Қазақтар қайда қарап келген?
Секен ЕЛШІБЕК 23.06.2022, 15:20
Біраз «жаңалық»

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33