Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті

Алмас НҮСІП

21.10.2021, 08:56

3643

Бұрындары әртүрлі отырыстарда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев министрлер мен әкімдерді жинап алып, ұрысып-ұрысып шығарып жіберуші еді. Ол кісі «зейнетке» кеткелі бұл міндетті енді мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин атқарғысы келіп жүргендей. Әйтеуір, соңғы кезде жиі-жиі көзге түсіп қалып жүр.

Біздің мәжілістің отырысы да қызық қой, бір депутат сұрақ қояды. Ол сұрағы анау айтқандай күрделі болмайтыны айтпаса да түсінікті (депутаттар сұрақ қоярдан бұрын, спикер өзі арнайы қарап, жарайтынын бекітіп береді екен деген сыбыс бар). Міне, біздің үкімет мүшелері осы қарапайым сұраққа да жауап бере алмай пұшайман болады ғой. Әлде шынымен не істеп, не қойып жүргенін білмейді, не «отырысты» көңілдірек ету үшін шатасқан болады. Немесе «грозный» Нығматулиннің алдында білгенінен жаңылып қалады.

Нығматулин бұған дейін жастау министрлерге көп шүйлігетін. Мұнысын «старая гвардияның» «молодойларды» сергітіп алу үшін көрсеткен сесі деп қарайтынбыз да қоятынбыз. Қазір өз қатарластарын да ұмытпай, ара-тұра бір нұқып алатын болып жүр. Сірә, өзінің «бірінші атаман» екенін естеріне салып қойғысы келе ме екен...

Бүгінгі мәжілістің ашық отырысында бұл шырмауға вице-премьер Ералы Тоғжанов түсіп қалды. Былай қарағанда үп-үлкен адамның өзінің қатарласынан (екеуінің арасы бір-ақ жас) соншама сөз естіп жатқаны ыңғайсыздау көрінеді. Ақсақал – тұңғыш президенттің жөні бөлек қой, қанша ұрысса да, ар жағында аталық мейірім көрініп тұрады. Оның үстіне «егер керек болса, кез келгеніңді қолыңнан жетелеп апарып түрмеге қамай аламын» деген атақты сөзі тағы бар. Демек, ол кісі кешірімді деген сөз. Сонысы үшін де ол кісіден ұрыс есту былай қарағанда тиісті сыбағаңды алумен пара-пар. Ал мына мәжіліс спикерінің тап-тап беретіні, қалай десеңіз де, бой үйренбеген нәрсе.

Былтыр бір рет «ұрысқан». Ол кезде халық 42 500 теңге береді деп, жаппай ЭЦҚ ашып кеткен кездегі дүрбелең үшін. Бірақ ол кезде түсіністік таныта сөйлегендей көрінген. Ал бұл жолы қаттырақ кетті. Депутат Жәмилә Нұрманбетова ревакцинация жасауға бөлінетін ақшаны қайдан алатынын сұраған. Қарапайым ғана сұрақ. Бірақ тісқаққан Тоғжановты не қара басқанын қайдам, «Бұл мәселе ведомствоаралық комиссияда арнайы қаралды. Біріншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен, екіншіден, 20-дан аса елдің тәжірибесін ескере отырып, қарашаның үшінші онкүндігінен Қазақстанда ревакцинацияны бастауға шешім қабылдадық», – деп бастап, ревакцинация жасаудың кезеңдерін айтып, шалғайға кетіп қалды. Әлбетте, шамшыл спикер Маминнің орынбасарын бірден тыйып тастады: «Ералы Лұқпанұлы, басқа сұрақ қойылды ғой. Комиссия қалай жұмыс істеп жатқанын біз ақпарат көздерінен естіп-біліп отырмыз», – деді алдымен.

       Ақпарат көздері  деп нақты нені айтқанын білмедік, не де болса БАҚ жайлы айтқан шығар деп үміттенеміз. Қанша дегенмен «еститін мемлекеттің» заң шығарушы органының бір құлағын ұстап отырған адам елде не болып, не қойып жатқанын тек министрліктердің құрғақ есептері арқылы ғана емес, БАҚ арқылы да біліп отыратынын білдіргісі келген болар. «Нақты сұрақ қойылды. Ревакцинация жасау үшін вакцина сатып алуға 2022-24 жылдарға арналған бюджетте қаражат қарастырылмаған. Қай қаражатқа сатып аласыз?» – деді ары қарай.

Бір қызығы, депутаттың сауалына алыстан орағыта жауап берген Ералы Тоғжанов бірден жөнге келді:

– Резервтен алынады.

   – Кімнің резервінен? Асқар Ұзақбайұлының ба?

–Жоқ, үкіметтің резервінен алынады.

Міне, осындай диалог. Бұл екеуара аңдысу кезінде бір нәзік моментті байқамай қалу мүмкін емес. Нығматулин «Кімнің резервінен? Асқар Ұзақбайұлының ба?» деп сұрайды ғой, сол кезде Тоғжанов «жоқ, үкіметтің резервінен» деп нақтылайды. Анығы, Нығматулинді түзетеді. Түзетпесе де, қай резерв туралы сөз болып жатқаны түсінікті болған. Яғни жөпелдемеде (ашу қысып отырып?) спикер үкіметтің резервін Асқар Маминнің резерві деп есептейтінін білдіріп алды. Абырой болғанда, Тоғжанов «иә» дей салмай, нақтылай кетті. Осынысы үшін де Нығматулин Тоғжановқа алғыс айтуы керек еді. Бірақ Нығматулин ақыры бастан қан шықты деді ме екен, сөзінің соңын тіпті үдетті: «Солай айту керек қой. Комиссия қалай жұмыс істеді, неше вакцина, оның бәрін біз білеміз.… Лекцияны басқа аудиторияда оқисыз. Түсінікті ме?» – деді студентін тергеген профессор сияқты.

Бұл отырыста Нығматулин тек Тоғжановқа ғана емес, өзге де үкімет мүшелеріне бірнеше ескерту білдірді. Әдеттегідей ұрысып, жекіп отырып бірнеше «комментарий» айтты.

Бір қызығы, қазіргі мәжілістің отырысы Нығматулиннің жеке тергеуі сияқты әсер қалдырады. Бұрындары, сонау аңсарға айналған 2000 жылдары депутаттар мен министрлер қызылкеңірдек болып жатқанда спикер болған кісілер олардың аптығын баса алмай, әуре болып жататын деуші еді, қазіргі спикер, керісінше, тым бұйығы қалыпқа түскен отырысқа жан бітіру үшін «тамада» болуға мәжбүр сияқты. Бір жағынан, Нығматулинді де түсінуге болады, өзінің кімнің мектебінен өткенін білдіріп, кімге еліктейтінін ісімен дәлелдеп отырмаса, былайғы әріптестері тыңдамай кетуі мүмкін ғой...

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ АҚЫЛБАЙ 15:46
Назарбаев дұрыс істеді!
Сайт әкімшілігі 13:15
Тоқаев үкіметке жаңа кадрлар даярлау жөнінде тапсырма берді
Сайт әкімшілігі 11:35
Алматыда жылу жүйесі жарылып, Рысқұлов даңғылын қалың бу басып қалды
Еңлік АБАҒАН 09:16
Ырымшыл Бозымбаев һәм Баталовтан қалған аутсайдер облыс
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:15
Сталин өлтірді, Ақсақалов күресінге тастады
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:08
30 градус аяз болады

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14