Полиция халықпен соғысуға тас-түйін дайындалып жатыр
23.02.2021, 09:35
1999
Петропавл полициясы көзге түсті. Мемлекеттік сатып алу сайтында №5419874-1 деген реттік нөмірмен жарияланған хабарландыруымен елді елең еткізді. Қысқасы, бір дана автокөлікке тапсырыс берген. Бірақ ол техникаға жарияланған лоттың құны сұмдық – 124 800 000 теңге екен.
Жергілікті «News Петропавловск» басылымының жазуынша, Петропавл полициясы ірі митинг, наразылық шерулері мен ереуілдерге дайындалып жатқан сияқты. Он пәтер алуға болатын ақшаға облыс полициясы сумен ататын водомет құрылғысы орнатылған көлік алғалы отыр.
Секундына кемінде 40 литр су айдайтын водомет алдындағы 55 метр радиустағы халықты қоғадай жапыруы тиіс. Тіпті қызыл және көк түсті екі багы болуы тиіс деген талап қойылған. Сыйымдылығы кемінде 30 литрлік көк түсті бактың ішінде арнайы бояу болады, ол қақтығыс кезінде автокөлікке тым жақын жоламақ болғандарға белгі салады. Кемінде 100 литрлік болуы тиіс қызыл түсті бакта көзден жас шығаратын газ сақталады. Кабина ішіндегі «Периметр» деген арнайы кнопканы басқанда, автокөліктің периметрі бойынша орнатылған бүріккіштер қызыл бактағы улы газды жан-жағына шашады. Көліктің өзі вандалдардан жоғары деңгейде қорғалған болуы тиіс: жанармай багы, дөңгелегі, аккумуляторы деген сияқты бөлшектеріне тас атпақ түгіл, балтамен ұрсаң да былқ етпейтін болуы тиіс.
Иә, митингіні тарқатуға арналған аса қымбат арнайы техника бұл! Егер әлгі улы-сұсты машинаны сатып алса, Петропавл халқы митингіге шықпас бұрын, бұрынғыдан да қаттырақ ойланып алатын болады. Мұздай суық сумен жалп еткізіп, революция мен әділдік деп, қоқаңдауға шығарған қызуыңды тез басады. Енді ереуілдеп алаңға шығып, аттандағандар құнды техниканы алғашқы сынақтан өткізуге ерікті түрде барған құрбан боп кететін сияқты.
Айтпақшы, Петропавл өзі тыныш өңір еді ғой. Ол жақта пәлендей митинг пен елеулі деген ереуіл болғаны есімізде жоқ. Ендеше полицияның бұл тірлігіне не жорық? Айналып келгенде, салық төлеушілердің ақшасы шашылайын деп тұр. Мұны тіпті халыққа қарсы жасалған қылмыс деуге де болады.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР