Оралов жауап бермейді, «тапсырма» береді

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

25.05.2023, 09:15

1467

Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дауешов 18 мамыр күні өзінің facebook әлеуметтік желісінде «Кинематографистердің үндеуі туралы» деген жазба жариялады. Онда: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын басшылыққа ала отырып және келіп түскен өтініштерді ескере отырып, Министрдің тапсырмасы бойынша келіп түскен барлық өтінімдерді қайта қарайтын тәуелсіз комиссия құрылады. Бұл объективтілікті қамтамасыз ету үшін жасалады» деді. Оның бұл жазбасы біраз уақыттан бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқан киногерлердің Ұлттық киноны қолдау орталығына қатысты наразылығына нүкте қойғандай сезілді. Наразы топтың басты талаптарының бірі «орталыққа келіп түскен барлық өтінім қайта қаралсын, ол үшін тәуелсіз комиссия құрылсын» емес пе еді? Міне, вице-министр соны айтып отыр. Бірақ киногерлердің қуанышы тым ұзаққа бармады. Көп ұзамай, 20 мамыр күні Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ресми сайтында «2023 жылғы байқау қатысушыларына арналған ақпарат» жарияланды. Онда «Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің 2023 жылғы 19 мамырдағы хатының негізінде қабылданбаған өтінімдерді қарайтын тәуелсіз комиссия құрылады» делінген. Енді қараңыз, Дауешов те, Мәдениет комитеті де мұның бәрі «министрдің тапсырмасы бойынша» дейді. Бірақ біреуі «барлық өтінімдер қайта қаралады» дейді. Енді біреуі: «қабылданбаған өтінімдер қаралады» дейді. Ақыр соңында құрылған комиссия қабылданбаған өтінімдерді қайта қарайтын болды. Сонда Оралов әуелгі айтқанынан қайтты ма, әлде оның тапсырмасы Мәдениет комитетіне жеткенше өзгеріп кетті ме? Біз осы және өзге де сұрақтарды Мәдениет және спорт министрінің баспасөз орталығына жолдадық. Сұрақтарымызды тікелей министрдің өзіне бағыттап едік, жауапты вице-министр Н.Дауешов беріпті. Біздің «бастапқы кезде министрдің тапсырмасымен барлық өтінім қайта қаралады деді, кейіннен не себепті «тек қабылданбаған өтінімдер қаралады» делінді?» деген сұрағымызға: «Питчинге қатысқан азаматтардың жазбаша шағымдары мен кинематографистердің өтініштерін қарастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет комитеті төрағасының 2023 жылғы 22 мамырдағы №25 бұйрығымен жұмыс тобы құрылды.

Жалпы жұмыс тобы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің атына ресми түрде жолданған орталықтың қараусыз қайтарылған өтінімдерін және кинематографистерден келіп түскен өтініштерін қарау үшін Алматы қаласына жіберілді.

Жұмыс тобы 2023 жылғы 23 мамырдан бастап 1 маусымға дейін орталықпен тек қараусыз қайтарылған құжаттарды жан-жақты, толық және объективті қарастырып, оның қорытындысы бойынша ұсыныстарды орталықтың атына ұсынатын болады» деп жауап берді. Мұнда Дауешов мырза 18 мамыр күні өзі айтқан «барлық өтінімдерді қайта қарау» туралы жазбасына түсінік бермеді.

Сондай-ақ вице-министр: «Кейбір киногерлер бірінші іріктеуден өткен 130 жобаның құжаттарына да күмәнмен қарайды. Тіпті «заң бұзушылықпен өткен жобалар бар» деп есептейді. Құрылған комиссия не себепті 130 жобаны да қайта қарап, осындай күдікті сұрақтарға нақты шешім шығармайды?» деген сұрағымыздың жауабы мынадай болды: «Оларға қатысты нақты фактілер көрсетілген ресми өтініш келіп түскен жағдайда ғана жұмыс тобының оларды тексеруге мүмкіндігі болады.

Ал оған дейін жұмыс тобының 130 киножобаның құжаттарын қарастыруға құқығы жоқ».

 Вице-министр «Осы уақытқа шейін наразылық білдірген киногерлер «қайтадан комиссия құрылсын, оның құрамында біз ұсынған тәуелсіз заңгерлер мен бақылаушылар кірсін» деген болатын. Неге наразы топтың бұл талабы ескерілмеді, олар ұсынған тәуелсіз заңгерлердің комиссия құрамына кіруіне не кедергі?» деген сұрағымызға: «Жұмыс тобының құрамына министрліктің заң қызметі департаментінің білікті маманы енгендіктен, тәуелсіз заңгерді тарту қажет етпеді.Бұл ретте, жұмыс тобының құрамына бақылаушыларды енгізу заңсыз болып табылады, себебі наразы топпен ұсынылған бақылаушылар ашық конкурсқа қатысып өтпеген компаниялар өкілдері, яғни мүдделі тарап болып есептеледі» деп жауап берді.

Алайда киногерлер вице-министрдің бұл уәжіне иланбайды. Құрылған комиссияның тек «қайтарылған өтінімдерді қарайтынына» наразы, тіпті тәуелсіз комиссияның құрамымен де келіспейді. Бұл туралы белгілі актер, режиссер Азамат Шарғыннан сұрадық.

«Өздеріңіз білесіздер, Ұлттық киноны қолдау орталығына қатысты даудың шыққанына да біраз уақыт болды. Содан бері бірнеше баспасөз жиынын өткіздік, тиісті орындарға өтініш хат тапсырдық, тіпті митингке де шықтық. Сондағы негізгі талаптарымыздың бірі ретінде «Ұлттық киноны қолдау орталығына келіп түскен 290 жоба түгелдей қайта қаралсын» дегенді айттық. Себебі алғашқы іріктеуден өтті делінген 130 жобаның ішінде де ережеге сай емес, заң бұзушылықпен өткен 3-4 жоба бар. Оған құжаттай дәлеліміз дайын. Біздің осы өтінішіміз ҚР Мәдениет және спорт министрінің құлағына жетіп, Оралов: «290 жобаны түгелдей қайта тексерсін» деген тапсырма береді. Бірақ министрдің орынбасары Нұрғиса Дауешов пен мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәріпжанова бұрмаланған бұйрық шығарады. Онда тек «өтпей қалған жобалар қайта тексерілсін» делінген. Осы жерде мынадай заңды сұрақ туындайды. «Вице-министр мен комитет төрағасы не себепті министрдің тапсырмасын орындамай отыр, немесе олар кімдерді қорғаштағысы келеді? Бұл шешімнің қандай да бір астары бар ма?».

19 мамыр күні біз Астанаға министрдің өзімен кезігуге бардық. Бірақ «министр анда кетті, мында кетті, орнында жоқ» деп бізді кездестірмеді. Ақыры вице-министр Н.Дауешов пен мәдениет комитетінің басшысы Р.Кәріпжановамен жолықтық. Ол кезде мәдениет комитетінің бұйрығы әлі шықпаған, бірақ олардың сөз ләмінен сараптама кеңесінің қарауына жолданған 130 киножобаны қайта қаратпайтынын байқадық.

Біз әу баста «комиссия құрамында бақылаушылар болсын, тәуелсіз заңгерлер кірсін» деп өтініш білдіргенбіз. Бірақ комитет мұны мүлде ескерусіз қалдырды. Біз ұсынған екі заңгерді де кіргізбеді. Оның орнына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан бір заңгер енді. Тек Қ.Исаны комиссия төрағасы етті.

Құрылған комиссия құрамында министрліктен үш адам, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан бір заңгер және Қ.Иса бар. Мұның өзі әділетсіздік, мысалы, бір мәселені дауысқа салып шешетіндей жағдай болса, бізді жақтайтын жалғыз Қ.Иса ғана.

Осы жерде мына бір дүниенің басын ашып айтқан дұрыс. Біз әу баста Ұлттық киноны қолдау орталығының жұмысына наразылық білдіргенде «менің жобам өтпей қалды, соны өткізіңдер» деп шыққамыз жоқ. Біз заң бұзушылықпен, ережеге сай емес өткен жобалардың бар екеніне көзіміз жеткен соң наразылық білдірдік. Осындай әділетсіздікке жол беріп отырған Ұлттық киноны қолдау орталығының қызметкерлері жауапқа тартылсын» деп шықтық.

Министр Оралов әуелгіде «барлық жоба қаралсын» деді. Кейін ол бұрмаланып, мәдениет комитеті не себептен «тек өтпей қалған жобалар қаралсын» деген бұйрық шығарды. Бізге осы мәселе түсініксіз. Тағы бір күдікті жағдай – осы бұйрық шыға салысымен комитет басшысы Р.Кәріпжанова жұмысынан кетті. Осыдан соң: «министрліктің бұл шешіміне біз риза болмай тағы шу шығарсақ, мәселенің бәрін бұрынғы комитет басшысына сыра салып, өздері сытылып кеткелі отырған жоқ па?» деген де ойға қалдық. Қалай айтсақ та осы арада бір шикілік бар.

Осы уақытқа дейін Ұлттық киноны қолдау орталығына қатысты мәселе баспасөз бетінде біраз талқыланды. «Жас Алаш» газеті де мұны үнемі бақылап, үзбей жазып келеді. Сонда бір байқағанымыз – қоғамда осыншалық дау тудырған жағдайға қатысты Мәдениет және спорт министрі А.Оралов жөнді пікір білдірген жоқ. Бүгін де министрдің атына жолданған сауалымызға вице-министр жауап берді. Ал не себепті Ораловтың «тапсырмасы» жол ортадан өзгеріп шыға келеді?

         

         

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:57
Қазақстанда ауа райы бойынша 53 жыл бұрынғы рекорд жаңарды
Сайт әкімшілігі 14:25
Тамара Дүйсенова премьер-министрдің орынбасары болды
Жарас ШӨКЕ 07.06.2023, 15:40
«Үңгірдегі» Абаев Қақпан қапты
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 13:50
Тоқаев: Асыл құндылықтарымызды аяқасты етуге жол бермейміз
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 10:33
Смайылов қазақстандықтардың шағымына үн қатты
Сайт әкімшілігі 02.06.2023, 15:22
"Әртүрлі Қазақстанда тұратын сияқтымыз". Депутат елдегі жалақы туралы айтты

Аңдатпа


  • 100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады
    10:12
  • Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
    09:37
  • «Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
    09:01
  • Біздің жауымыз – жалған статистика
    07.06.2023, 12:30
  • «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»
    07.06.2023, 11:00